“Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1359 қаулысы
(2007.16.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Салымшылардың және алушылардың құқықтарын қорғауға, зейнетақы активтерiн басқару тиiмділігін арттыруға бағытталған жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Орталық және жергіліктi атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттік органдар (келісім бойынша) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне жарты жылдың қорытындылары бойынша жылына eкі рет 15 қаңтарға және 15 шілдеге Бағдарламаны iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (келісім бойынша) Қазақстан Республикасының Үкiметіне жарты жылдың қорытындылары бойынша жылына екi рет 30 қаңтарға және 30 шілдеге Бағдарламаны iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
4. Бағдарламаның орындалуын бақылау және қамтамасыз етудi үйлестiру Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне (келісім бойынша) жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 1359 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн
дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы
ҚР Үкіметінің 2006.13.01. № 40 қаулысымен бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы Қазақстан Республикасының жинақтаушы
зейнетақы жүйесi дамытудың 2005-2007
жылдарға арналған бағдарламасы
Әзiрлеушілер Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және
қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігi, Қазақстан Республикасы Еңбек
және халықты әлеуметтiк қорғау
министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы
министрлігі және Қазақстан Республикасы
Экономика және бюджетті жоспарлау
министрлігі
Әзiрлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің негіздеме 2004 жылғы 12 тамыздағы № 3274 және
2004 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан Қаржыгерлерi IV конгресіндегі
тапсырмалары, сондай-ақ
Премьер-Министрдiң 2004 жылғы
27 қыркүйектегi № 281-ө өкімі
Басты мақсаты Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiн
одан әрi дамыту, салымшылар мен
алушылардың құқықтарын қорғау, ұзақ
мерзiмдi iшкi инвестициялардың көзi
ретiнде зейнетақы активтерін басқару
тиімділігін арттыру
Міндеттер Халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесiне
қатысуын кеңейту, міндеттi зейнетақы
жарналары бойынша "бір салымшы - бір қор"
талабын iске асыру жолымен мiндетті
зейнетақы жарналарын төлеу тиiмділігін
арттыруды қамтамасыз ету және мiндеттi
зейнетақы жарналары бойынша агенттердiң
берешегiн азайту, алушының зейнетақы
алуға құқығына ие болған сәтiндегі
инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізiлген міндетті зейнетақы
жарналарының мөлшерiнде жинақтаушы
зейнетақы қорларындағы мiндетті зейнетақы
жарналарының сақталуы жөніндегі
кепiлдiктердi мемлекеттің орындауы
тәртібiн белгілеу, жинақтаушы зейнетақы
қорларының зейнетақы активтерiн
инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын
ұйымдардың жауапкершілiгiн айқындау және
салымшылардың (алушылардың) мүдделерін
қорғау, зейнетақы активтерiн басқарудың тиімдiлігін арттыру, зейнетақы
активтерінің көлеміндегі ұзақ мерзiмдi
қаржы құралдарының үлесiн ұлғайту,
жинақтаушы зейнетақы қорларының
портфельдеріндегi қаржы құралдарының
бағалық және валюталық тәуекелдерiн
азайту, ұзақ мерзімдi индекстелген
мемлекеттік бағалы қағаздар шығару,
жобалық инвестицияларды дамыту мен
акциялар нарығын жандандыру, жинақтаушы
зейнетақы жүйесі субъектілерін
қадағалауды дамыту әрі оның тиімділігiн
арттыру және Халықаралық Зейнетақы
реттеуiштерi Қауымдастығының (INRS) Жеке
зейнетақы қорларын реттеу қағидаттарын
енгізу
Қаржыландыру көлемi Болжамды қаржы шығындары 2006 жылғы
мен көздерi 35,7 млн. теңгенi және 2007 жылғы
182,5 млн. теңге құрайды, олардың
мөлшерi тиiстi жылғы республикалық
бюджетте нақтыланатын болады
Күтiлетiн нәтиже Бағдарламаның iске асырылуы:
халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесімен
қамтылуын кеңейтуге, жинақтаушы зейнетақы
қорларының, зейнетақы активтерiн
инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын
ұйымдардың қаржылық тиiмдiлігін және
ашықтығын арттыруға, зейнетақы активтерiн
инвестициялауға арналған қаржы құралдарын
ұсынуды ұлғайтуы, зейнетақы активтерiн
инвестициялаудан түсетiн кiрiстердi
тұрақтандыруға, жинақтаушы зейнетақы
жүйесiнiң субъектiлерiн қадағалау мен
реттеу тиімдiлiгiн арттыруға
жәрдемдеседi.
Iске асыру мерзімі 2005 - 2007 жылдар
2. Кіріспе
Жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 12 тамыздағы № 3274 және 2004 жылғы 15 қарашада IV Қазақстан қаржыгерлерi конгресiнде берiлген тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінiң 2004 жылғы 27 қыркүйектегі № 281-ө өкімiн орындау үшiн Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі және Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзiрлеген.
Қазақстан - халықты әлеуметтік қамсыздандыру реформасын жүзеге асырған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерінiң ішіндегі алғашқы ел. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қайта құру Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 12 мамырдағы № 819 қаулысымен бекiтілген Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылды.
Зейнетақы реформасының басты стратегиялық бағыты ұрпақтар сабақтастығына негiзделген әлеуметтік қамсыздандырудың жүйесінен жинақтаушы зейнетақы қорларында дербес зейнетақы жинақтауды көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне біртіндеп көшуi болды.
Реформа жүргізу сәтiнен қазіргі уақытқа дейiнгi жинақтаушы зейнетақы жүйесiнің негiзгi қағидаттары:
зейнетақы жүйесiн мемлекеттік реттеу;
зейнетақы жинақталымын қалыптастыру үшін азаматтарға жинақтаушы зейнетақы қорларын таңдау құқығын қамтамасыз ету;
азаматтарға белгiленген ең төменгi зейнетақыны қамтамасыз ету жөніндегі тiкелей мемлекеттік кепiлдiктер;
зейнетақыны және әлеуметтік қамсыздандырудың басқа да нысандарын ажырату;
еңбек етуге қабiлеттi жастағы әрбір азаматтың жинақталған зейнетақы жинақталымын қалыптастыруға мiндетті түрде қатысуы;
еңбек етуге қабiлеттi азаматтардың қартайғанда өздерiн зейнетақымен қамтамасыз етуге жеке жауапкершiлiгi;
халықтың жинақтаушы зейнетақы қорларындағы ақшасының қауіпсіздігін және сақталуын ұштастырып, зейнетақы жинақталымдарын инвестициялаудың тиiмдiлiгi;
азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жинақтарды мұраға алу құқығын қамтамасыз ету;
әрбір азаматтың қосымша ерiктi зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы;
азаматтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау арқылы экономикаға үлес қосуы болып табылады.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының енгiзілуімен 1998 жылдан өз есебiн бастаған жинақтаушы зейнетақы жүйесі, құрылған құқықтық инфрақұрылым арқасында, қазiргi заманғы даму кезеңінде өзінің қарқынды өсуiн бастан кешіп отыр.
Ұзақ мерзiмдi перспективада жинақтаушы зейнетақы жүйесi мынадай әлеуметтік-экономикалық мiндеттердiң шешiлуін қамтамасыз етедi:
жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының (алушыларының) жалақы мөлшерiне, зейнетақы жарналарын төлеу ұзақтығына және зейнетақы жинақтарын инвестициялау тиімділігіне қарай кiрiстерiн қолдауды неғұрлым тиiмдi әрi әдiл ұйымдастыру;
нашарлап жатқан демографиялық жағдайда зейнеткерлік жасқа келген азаматтарды толық әлеуметтiк қамсыздандыру жөніндегі мiндеттемелердiң бір бөлiгiн мемлекеттен және салық төлеушіден алу;
ұлттық экономиканың өндiрiстік базасын жаңғырту және оның бәсекелiк қабілетін арттыру үшін ұзақ мерзiмдi инвестициялар ұсыну
6 жыл 8 айда зейнетақы қорларында бiздiң ел азаматтарының 436 миллиард теңгеден астам жинақтары шоғырландырылды, бұл ішкі жалпы өнiмнiң 9% құрайды. Осы ақшаны ұлттық экономикада қолдану аясы сан алуан - қаржы құралдарын шығару және екiншi деңгейдегі банктерге салымдар салу арқылы мемлекеттік бюджет тапшылығы мен нақты сектордың қажеттілiктерiн қаржыландыру.
Сонымен бірге, жүйенің негізгi көрсеткiштерінің серпіндi өсiмi ел экономикасының даму деңгейiне, мемлекеттік бюджет тапшылығының төмендеуiне және тиiсiнше мемлекеттік қарыз алу көлемiне, теңгенiң ревальвациясына, сондай-ақ сыртқы экономикалық факторларға байланысты жинақталған зейнетақы жинақтарын басқару тиiмділігінің төмендеуiмен қатар жүруде.
Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы жүйесін мемлекеттік әлеуметтiк-экономикалық саясаттың бір бөлiгi ретiнде дамытудың негiзгі басымдықтарын айқындау және мемлекеттік органдардың осы саладағы орташа мерзiмдi перспективаға күш-жiгерін үйлестiру қажеттілігі осы Бағдарламаны әзiрлеудiң алғышарты болды.
3. Қазіргі жай-күйді талдау
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс iстеуi үшін нормативтік құқықтық база жасалған.
Зейнетақы жинақтарын дербес есепке алуды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретін, мемлекеттік органдармен, салымшылармен (алушылармен), міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттермен және екiншi деңгейдегi банктермен өзара қатынастар жүйесi айқындалған.
2004 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жарналарын қабылдау және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметпен айналысу лицензиясына 16 жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрi - ЖЗҚ) ие, олардың республика өңiрлерінде 72 филиалы мен 73 өкiлдігі бар.
ЖЗҚ-ның, олардың филиалдары мен өкiлдiктерінің саны ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалып отыр, бұл олардың салымшыларға қызмет көрсетуi үшін зейнетақы қызметі нарығында жеткiлiктiгi екендiгi туралы айғақтайды.
Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі - ЗАИБЖҰ) саны 9, оның iшiнде 2 ЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін дербес басқаруға лицензиясы бар - "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" (бұдан әрi - "МЖЗҚ") акционерлік қоғамы (бұдан әрі - АҚ) және "Қазақстанның Халық Жинақ Банкі" ЖЗҚ" АҚ.
Екінші деңгейдегі банктердiң 7-уi зейнетақы активтерiн сақтау әрi олардың есебін жүргізуді жүзеге асыруда, бұл ретте екiншi деңгейдегi банктердің 9-ның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кастодиандық қызметпен айналысуға лицензиясы бар.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесi (бұдан әрi - ЖЗЖ) жұмыс iстеген кезең ішінде зейнетақы жинақтарының және тиiсiнше салымшылардың (алушылардың), зейнетақы жарналарының, таза инвестициялық кірiстiң, зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ зейнетақы жинақтары аударымдарының негiзгі бөлігі үш аса ірі ЖЗҚ-да шоғырланды: "Қазақстан Халық Жинақ Банкі ЖЗҚ" АҚ, "МЖЗҚ" АҚ және "Ұлар Үміт" ЖЗҚ" АҚ, олардың ЖЗЖ жалпы көрсеткіштеріндегі үлесінің азаюы үрдісі байқалуда.
3.1 ЖЗҚ-ның салымшылары (алушылары)
Міндетті зейнетақы, ерікті зейнетақы және ерікті кәсіби зейнетақы жарналарын аударушы салымшылардың (алушылардың) дербес зейнетақы шоттары (бұдан әрі - ДЗШ) санының өсуi мынадай деректермен сипатталады:
№ 1 кесте
Күні | Зейнетақы жарналарының (шоттарының) түрлері бойынша ДЗШ-ның саны | Қамтылған халық саны (мың адам) |
міндетті бойынша | ерікті бойынша | ерікті кәсіби бойынша | үш ең ірі қордың үлесі* (%) |
1998 | 3752386 | 26 | - | 95 | 6128 |
1999 | 2994513 | 7363 | - | 85 | 6105 |
2000 | 3715535 | 16934 | - | 81 | 6201 |
2001 | 4630205 | 22071 | - | 79 | 6699 |
2002 | 5399313 | 25084 | - | 75 | 6709 |
2003 | 6164316 | 27364 | - | 69 | 6968 |
01.09.04 | 6642793 | 29507 | 1359 | 68 | 7893 |
* - "Қазақстан Халық Банкі ЖЗҚ" АҚ, "МЖЗҚ" АҚ және "Ұлар Үміт" ЖЗҚ" АҚ
№ 1 кестеден көріп отырғанымыздай, 2004 жылғы 1 қыркүйекке ДЗШ-ның саны елдегi қамтылған халықтың 84% құрайды.
Сонымен бірге, бір салымшының бірнеше ДЗШ-мен екi немесе одан да көп зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуынан, 2000 жылға дейiн салымшылардың әлеуметтік жеке кодтарының (бұдан әрі - ӘЖК), сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі салымшылардың деректемелерін (тегiн, атын, әкесінің атын, туған күнін) көрсетуде және олардың мiндеттi зейнетақы жарналарын аударуы кезіндегі төлеу жөніндегі агенттер міндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуы кезiндегі ЖЗҚ деректемелерін көрсетуде агенттердiң жіберген қателерінен туындаған себептерге байланысты ДЗШ-ның саны салымшылардың нақты санына сәйкес келмейді.
Қазiргі уақытта салымшының ӘЖК тiркемеген жинақтарының жалпы сомасы 3,5 млрд. теңге ДЗШ-ның саны 710 318 құрайды, бұдан басқа, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарты бекітілмеген ДЗШ-ның саны 663 358 құрайды, олардың iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналары түсіп жатқан ДЗШ-ның үлесі 16% құрайды және тиiсiнше міндеттi зейнетақы жарналары түспегендері - 84%.
Сөйтiп, меншiк құқығы анықталмаған салымшылардың зейнетақы жинақтарының сомасы жалпы зейнетақы жинақтарының 1 % жуығын құрайды.
3.2 ЖЗҚ-дағы халықтың зейнетақы жинақтары Жарналар
ЖЗЖ дамуының жоғары қарқыны халықтың жұмыспен қамтылуының және жалақының өсуiмен және тиiсінше мiндеттi зейнетақы жарналары аударымдарының ұлғаюымен қамтамасыз eтілуде.
Зейнетақы жарналарының ЖЗҚ-ға жалпы түсiмi мынаны құрады:
№ 2 кесте
(млн.теңге)
Күні | Мынадай түрлері бойынша зейнетақы жарналары | ҚР бойынша орташа жалақы (теңге) |
Барлығы | Міндетті | Ерікті | Ерікті кәсіби |
1998 | 22332 | 22331 | 0,3 | - | 9683 |
1999 | 47864 | 47856 | 7 | - | 11864 |
2000 | 85438 | 85354 | 84 | - | 14374 |
2001 | 129561 | 129422 | 139 | - | 17303 |
2002 | 195454 | 195243 | 211 | - | 20305 |
2003 | 276172 | 275872 | 301 | 0,5 | 23128 |
01.09.04 | 340426 | 331918 | 342 | 0,9 | 27092 |
№ 2 кестеде келтiрiлген деректерге сәйкес зейнетақы жарналарының өсу қарқыны алғашқы жылдары жеткiлiктi түрде жоғары болды және 1999 жылғы 114%-дан 2003 жылы 41%-ға дейін құрады. ЖЗЖ-ның жұмыс істеуi кезеңінде epікті зейнетақы жарналарының, ал 2004 жылы ерiктi кәсiби зейнетақы жарналары түсiмнің болмашы ұлғаюы байқалады.
Зейнетақы жарналарын төлеудің қарқыны төмендеуі мен тұрақтануы зейнетақы шарттарын жасаған және ЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аударған азаматтар санының өсуіне, сондай-ақ міндеттi зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегi агенттер берешегінің азаюына байланысты.
Сонымен бірге, қазiргi уақытта мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеудің қолданыстағы тәртібiнде бірнеше негiзгi проблеманы баса көрсетуге болады:
1) міндетті зейнетақы жарналарын екі және одан да көп ЖЗҚ-ға төлеу және соның салдарындай екi және одан көп ДЗШ-ның болуы;
2) "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық" республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны (бұдан әрi - "ЗТЖМО" РМҚК) жеке адамдар тізімінде тым болмаса бір ғана салымшының деректемелерінде қателер анықталған кезде міндетті зейнетақы жарналары төлемiнің бүкiл сомасын агентке қайтаруы;
3) салымшы құпиясының болмауы, яғни ЖЗҚ-ның арасындағы терiс пиғылды бәсекелестікке соқтыратын белгiлi бір ЖЗҚ-да салымшының болуы туралы ақпарат міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер болуы.