12. Тыйым салынған мүлiк алынуы не тыйым салған адамның қалауы бойынша мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылығы ескертiлуi тиiс жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғын үй-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктi иеленушiге немесе өзге адамға сақтауға берiлуi мүмкiн, ол туралы қолхат алынады.
13. Банктердегi және несие мекемелеріндегі шоттар мен салымдардағы ақша қаражаты мен өзге де бағалы заттарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
14. Мүлiкке тыйым салу бұл шара бойынша қажеттілік жойылған кезде iстi жүргiзушi адамның немесе органның қаулысымен тоқтатылады.
5-бөлім. Қылмыстық процестегі мүліктік мәселелер
20-тарау. Қылмыстық процестегі азаматтық талап
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 162-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
162-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талаптар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың есi кiресiлi-шығасылы адамның тiкелей қылмысымен немесе қоғамға қауiптi әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жерлеуге, зардап шеккен адамды емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтем ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны, сондай-ақ өкiлдiкке шыққан шығыстарды қоса алғанда анықтау, алдын ала тергеу iсiне және сотқа қатысуымен байланысты шыққан шығыстарды өтеу туралы азаматтық талаптары қаралады.
2. Азаматтық талап айыпталушыға немесе айыпталушының әрекетi үшiн материалдық жауап беретiн адамдарға қойылады және қылмыстық iспен бiрге қаралады.
3. Талапкер қылмыстық iсте азаматтық талап қойған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
4. Қылмыстық iстен туындайтын азаматтық талаптың соттылығы ол талап қойылған қылмыстық iстiң соттылығымен айқындалады.
5. Қылмыстық iс бойынша қойылған азаматтық талапты дәлелдеу осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша жүргiзiледi.
6. Егер азаматтық талапқа байланысты туындайтын iс жүргiзу қатынастары осы Кодекспен реттелмеген болса, азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
163-бап. Азаматтық талап қою
1. Есi кiресiлi-шығасылы адамның қылмысы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекетi нәтижесiнде зиян шеккен адам не оның өкiлi қылмыстық iс қозғалған кезден бастап, бiрақ сот тергеуi басталғанға дейiн кез келген уақытта азаматтық талап қоюға құқылы.
2. Азаматтық талап жазбаша нысанда берiледi. Талапта қандай қылмыстық iс бойынша, кiм, кiмге, қандай негiзде және қандай мөлшерде азаматтық талап қоятыны көрсетiледi, сондай-ақ зиянды өтеу үшiн нақтылы ақша сомасын немесе мүлiктi өндiру туралы өтiнiш жазылады.
3. Азаматтық талаптың негiзiн және талаптың мөлшерiн нақтылау қажет болған кезде ол адам қосымша азаматтық талап қоюға құқылы.
4. Айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға бөгет болмайды.
5. Қылмыстық процесте азаматтық талап қоймаған адам, сондай-ақ талабын сот қарамай қалдырған адам оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қоюға құқылы.
6. Қылмыстық iзге түсу иммунитетiнiң болуына байланысты айыпкер ретiнде жауапқа тартуға болмайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қойылуы мүмкiн.
7. Осы Кодекстiң 62-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыстық iсте прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
164-бап. Азаматтық талапкер деп тану
1. Егер қылмыстық iс материалдарынан ақыл-есiнен айырылған адам қылмысы арқылы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетiмен азаматқа немесе заңды тұлғаға зиян келтiрген деп қаралса, анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот оларға немесе олардың өкiлдерiне азаматтық талап қою құқығы бар екенiн түсiндiредi.
2. Талап қойған жеке немесе заңды тұлға осы Кодекстiң 77-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiппен азаматтық талапкер деп танылады. Талап қойған адамға, оның өкiлiне азаматтық талапкер деп тану туралы қаулы хабарланады және осы Кодекстiң 77-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген құқықтары түсiндiрiледi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 165-бап өзгертілді
165-бап. Азаматтық талапкер деп танудан бас тарту
Азаматтық талап қою үшiн осы Кодекстiң 164-бабында көзделген негiздер болмаған жағдайда талап қойған азаматқа немесе заңды тұлғаға азаматтық талапкер деп танудан бас тартылуы мүмкiн, бұл туралы дәлелдi қаулы шығарылып, оған шағымдану құқығы түсiндiрiледi. Қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында тұлғаны азаматтық талапкер деп танудан бас тарту оны сотта сот тергеуi басталғанға дейiн азаматтық талап қою және азаматтық талапкер деп тану туралы өтiнiш бiлдiру құқығынан айырмайды.
166-бап. Iске азаматтық жауапкер ретiнде қатысуға тарту
Ақыл-есiнен айырылған адамның қылмысымен немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиян үшiн жауапты адамды анықтағаннан кейiн, қылмыстық iске азаматтық талап қойылған жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұл адамды осы Кодекстiң 78-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiп бойынша азаматтық жауапкер ретiнде тартады. Азаматтық жауапкерге немесе оның өкiлiне азаматтық жауапкер ретiнде iске тарту туралы қаулы хабарланады және осы Кодекстiң 78-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген құқықтары түсiндiрiледi.
167-бап. Зиянды өтеудiң негiздемелерi, шарттары, көлемi және
әдiсi туралы ережелердi қолдану
Қылмыстық iске қойылған азаматтық талапты қарау кезiнде зиянды өтеу негiздемелерi, шарттары, көлемi және әдiсi азаматтық, еңбек және басқа заңдардың нормаларына сәйкес белгiленедi. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда халықаралық-құқықтық нормалар мен шет мемлекеттердiң заңдары қолданылады.
168-бап. Азаматтық талаптан бас тарту
1. Азаматтық талапкер өзi қойған азаматтық талаптан бас тартуға құқылы.
2. Азаматтық талапкердiң қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында талаптан бас тарту туралы өтiнiшi жазбаша түрде берiлiп, қылмыстық iске қоса тiркеледi. Егер азаматтық талапкердiң талаптан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Талаптан бас тартуды анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыстық iс бойынша тергеу жүргiзудiң кез келген сәтiнде қабылдайды, бұл туралы қаулы шығарылады. Талаптан бас тартуды сот қаулы шығара отырып, сотта iс қараудың кез келген сәтiнде, бiрақ сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн қабылдай алады.
4. Талаптан бас тартуды қабылдау ол бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға әкеп соғады.
5. Талаптан бас тартуды қабылдағанға дейiн қылмыстың процестi жүргiзушi орган азаматтық талапкерге осы баптың төртiншi бөлiгiнде белгiлеген бас тартудың салдарын түсiндiруге мiндеттi.
6. Қылмыстық процестi жүргiзетiн орган, егер азаматтық талапкердiң талаптан бас тартуы заңға қайшы келсе немесе кiмнiң де болсын құқығын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзатын болса, онда бас тартуды қабылдамайды, бұл туралы дәлелдi қаулы шығарады.
169-бап. Азаматтық талап бойынша шешiм шығару
1. Айыптау үкімі шығарылғанда немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарылғанда, сот азаматтық талапты толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады.
2. Азаматтық талап толық немесе iшiнара қанағаттандырылған жағдайда сот үкiмде үкiмнiң азаматтық талап бөлiгiнде ерiктi түрде орындау үшiн арналған мерзiмiн көрсетедi. Мәжбүрлеп орындау атқарушы iс жүргiзу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Азаматтық талап бойынша жан-жақты есептi қылмыстық iстi тергеудi кейiнгi қалдырмай жүргiзу мүмкiн болмаған кезде сот азаматтық талапкердiң талабын қанағаттандыру құқығын танып, оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен соттың қарауына бере алады.
4. Белгiлi бiр ақтау үкімі шығарылған кезде, сонымен қатар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі iстi тоқтату туралы қаулы шығарылғанда сот:
1) егер қылмыс оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекет анықталмаса не сотталушы адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселесi шешiлген адамның қылмыс жасауға немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетке қатысқаны дәлелденбесе, азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тартады;
2) сотталушы қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталған жағдайда не өзi жасаған әрекеттiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздердiң болмауына байланысты iс тоқтатылғанда талапты қарамайды.
5. Осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-5, 7, 8-тармақтарында және 38-бабында көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде сот азаматтық талапты қарамайды.
6. Егер осы баптың төртiншi бөлiгiнiң 2-тармағында және бесiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша қылмыстық iс сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында тоқтатылса, азамат немесе заңды тұлға не олардың өкiлдерi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен талап қоюға құқылы.
170-бап. Азаматтық талапты қамтамасыз ету
Қылмыс арқылы моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлгенi туралы деректер болған кезде қылмыстық iзге түсу органы азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қолдануға мiндеттi. Егер мұндай шаралар қабылданбаған болса, сот үкiм заңды күшiне енгенге дейiн оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы.
171-бап. Сот үкімінiң және қаулысының азаматтық талап
бөлiгiнде орындалуы
Сот азаматтық талапты қанағаттандырған кезде үкiм, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы азаматтық талап бөлiгiнде атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген тәртiппен орындалады.
21-тарау. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу
барысындағы еңбекке ақы төлеу және
шығындарды өтеу
172-бап. Қорғаушының заң көмегiне ақы төлеу
1. Қорғаушының заң көмегiне ақы төлеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзетiн орган, бұған негiз болған жағдайда сезiктiнi, айыпталушыны заң көмегiне ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл ретте адвокаттың еңбегiне ақы төлеу республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
3. Адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөніндегі шығындар осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделгендей адвокат анықтауға, алдын ала тергеуге немесе сотқа клиентпен келісім жасамай, тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да республикалық бюджет қаражатының есебiне жатқызылуы мүмкiн.
173-бап. Аудармашының, маманның, сарапшының орындаған
жұмысы үшiн сыйақы алуы
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын аудармашы, маман, сарапшы:
1) егер жұмысты қызметтiк тапсырма тәртібімен орындаса - жұмыс iстеген орнында жалақы;
2) егер орындалған жұмыс олардың лауазымдық мiндеттерiнiң аясына кiрмесе және жұмыстан тыс уақытта орындалса - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген ставкалардың шегiнде республикалық бюджет қаражатының есебiнен сыйақы;
3) егер жұмысты осы тараппен уағдаластық бойынша орындаса тараппен жасалған шартта белгiленген мөлшерде сыйақы алады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген жағдайда сыйақы қылмыстық процестi жүргiзiп отырған органның аудармашы, маман, сарапшы шотты ұсынғаннан кейiн шығарған қаулысының негiзiнде төленедi.
174-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысқан
адамдардың шыққан шығындарын өтеу
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртібімен жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң, олардың заңды өкiлдерiнiң, қорғалушы мен сенiп тапсырушы үшiн тегiн заң көмегiн көрсететiн қорғаушы мен жеке айыптаушы өкiлiнiң, куәнiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердiң мынадай шығындары республикалық бюджет қаражатының есебiнен өтелуге жатады:
1) қылмыстық iстi жүргiзу органының шақыртуы бойынша келуге байланысты шығыстар:
- темір жол, су, автомобиль (таксидi қоспағанда) көлiгiмен және сол жерде бар басқа да көлiк түрлерiмен жол жүру құны, ал қылмыстық процестi жүргiзушi органның келiсуiмен - әуе көлiгiмен жол жүру құны;
- қызметтiк iссапарларға ақы төлеу үшiн қабылданған норма бойынша бұл шығындарды ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн реттегi тұрғын үйдi жалдау құны;
2) бұл адамдар үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тұрғылықты тұратын жерiнен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәулiктiк ақыны ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн кездегi - тәулiктiк ақы;
3) олар үшiн орташа жалақысын ұйым, жұмыс берушi сақтайтын жағдайлардан басқа, қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшiн орташа жалақы;
4) сол адамның қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тергеу iсiне немесе басқа да iс жүргiзу әрекетiне қатысуы нәтижесiнде сапасынан айырылған немесе жоғалған мүлiктi қалпына келтiруге немесе сатып алуға арналған шығындары.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар жәбiрленушiнiң, оның заңды өкiлiнiң, куәнiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердiң қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыты iшіндегі орташа жалақысын сақтауға мiндеттi.
3. Маман мен сарапшыға сондай-ақ оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшiн олардың құрал-жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызмет көрсетулер және машина уақытын тұтынғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шыққан шығындар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың өтiнiшi бойынша, қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысының негiзiнде, заңдарда белгiленген мөлшерде өтелуге жатады. Аталған шығыстар сонымен қатар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды тергеу iсiне қатысуға тартқан тараптың есебiнен не осы Кодексте көзделген басқа жағдайларда өтелуi мүмкiн. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2 және 4-тармақтарында көзделген шығындар заңдарға сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi органның өз бастамашылығымен өтелуi мүмкiн.
22-тарау. Iс жүргізу шығындары
175-бап. Iс жүргiзу шығындары
Iс жүргiзу шығындары:
1) куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға, куәгерлерге осы Кодекстiң 173, 174-баптары тәртібімен төленетiн сомалардан;
2) тұрақты жалақысы жоқ куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, куәгерлерге оларды қалыпты жұмыстарынан қол үздiргенi үшiн төленетiн сомалардан;
3) жұмыс iстейтiн және тұрақты жалақысы бар куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың заңды өкiлдерiне, куәгерлерге олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органға шақыртылуына байланысты кеткен барлық уақыты үшiн толық алмаған жалақысын өтеу үшiн төленетiн сомалардан;
4) мiндеттер қызметтiк тапсырма тәртібімен орындалғаннан басқа жағдайларда сарапшыларға, аудармашыларға, мамандарға олардың анықтау, алдын ала тергеу процесiнде немесе сотта өз мiндеттерiн орындағаны үшiн төленетiн сыйақыдан;
5) қорғаушының заң көмегiн көрсеткенi үшiн төленетiн сомалардан, сезiктi, айыпталушы немесе сотталушы адам оны төлеуден босатылған не адвокат анықтауға, алдын-ала тергеуге немесе сотқа клиентпен келісім жасамай, тағайындау бойынша қатысқан жағдайда;
6) заттай дәлелдемелердi сақтау мен жөнелтуге жұмсалған сомалардан;
7) сот сараптамасы органдарында сараптама жүргiзуге жұмсалған сомалардан;
8) тергеуден немесе соттан жасырынған айыпталушыны iздестiруге байланысты жұмсалған сомалардан;
9) айыпталушыны тергеушiге немесе сотқа ол дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда алып келуге байланысты, сондай-ақ сотталушының дәлелсiз себептермен келмеуiне не оның сотқа мас болып келуiне байланысты сот қарауын басқа уақытқа қалдыруға байланысты жұмсалған сомалардан;
10) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде келтiрiлген өзге шығындардан құралады.
176-бап. Iс жүргiзу шығындарын төлеттiру
1. Iс жүргiзу шығындарын сот сотталушыға жүктеуi мүмкiн немесе олар мемлекет есебiне жатқызылады.
2. Аудармашыға, сондай-ақ осы баптың төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда қорғаушыға төленген сомаларды қоспағанда, сот сотталушыдан iс жүргiзу шығындарын төлеттiруге құқылы. Iс жүргiзу шығындары жазадан босатылған сотталушыға да жүктелуi мүмкiн.
3. Iске аудармашының қатысуына байланысты iс жүргiзу шығындары мемлекет есебiне жатқызылады. Егер аудармашы өз функцияларын қызметтiк тапсырма тәртібімен орындаған болса, онда оның еңбегiне ақы төлеудi мемлекет аудармашы жұмыс iстейтiн ұйымға өтейдi.
4. Егер сезiктi немесе айыпталушы қорғаушыдан бас тартатынын мәлiмдесе, бiрақ ол қанағаттандырылмай, қорғаушы iске тағайындау бойынша қатысса, онда адвокаттың еңбегiне ақы төлеу жөніндегі шығындар мемлекет есебiне қабылданады.
5. Сотталушы ақталған немесе iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2-тармақтарына және 269-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес қысқартылған жағдайда iс жүргiзу шығындары мемлекет есебiне жатқызылады. Егер сотталушы iшiнара ғана ақталса, сот оны ол кiнәлi деп танылған айыппен байланысты iс жүргiзу шығындарын төлеуге мiндеттейдi.
6. Iс жүргiзу шығындары оны төлеуге тиiс адам мүлiктiк жағынан дәрменсiз болған жағдайда мемлекет есебiне жатқызылады. Егер iс жүргiзу шығындарын төлеттiру сотталушының асырауындағы адамдардың материалдық жағдайына айтарлықтай әсер ететiн болса, сот сотталушыны iс жүргiзу шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы.
7. Iс бойынша бiрнеше сотталушыны кiнәлi деп тани отырып, сот iс жүргiзу шығындары олардың әрқайсысынан қандай мөлшерде төлеттiрiлуге тиiс екенiн белгiлейдi. Бұл ретте сот сотталушы кiнәсiнiң сипатын, қылмыс үшiн жауапкершiлiк дәрежесiн және мүлiктiк жағдайын есепке алады.
8. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша сот iс жүргiзу шығындарын кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға жүктей алады.
9. Сотталушы жеке айыптау iсi бойынша ақталған кезде сот iс жүргiзу шығындарын шағымы бойынша iс жүргiзу басталған адамға толық немесе iшiнара төлеттiруге құқылы. Тараптардың бiтiмге келуiне байланысты iс қысқартылған кезде iс жүргiзу шығындары бiр немесе екi тараптан де төлеттiрiледi.
10. Айыпталушы қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi iс жүргiзу шығындарына байланысты мiндеттемелер бойынша жауап бермейдi.
11. Iс жүргiзу шығындарын төлеттiру құқығы соттың тиiстi шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл өткен соң ескіруiне байланысты тоқтатылады.
Ерекше бөлім
6-бөлім. Қылмыстық іс бойынша сотқа
дейінгі іс жүргізу
23-тарау. Қылмыстық іс қозғау
177-бап. Қылмыстық iс қозғауға себептер мен негiздер
1. Қылмыстық iс қозғауға мыналар себеп болады:
1) азаматтардың арыздары;
2) кiнәсiн мойындап келу;
3) мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқарып отырған адамның хабарламасы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар;
5) лауазымды адамдардың және қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген органдардың қылмыс туралы мәлiметтердi тiкелей анықтауы.
2. Қылмыстық iс қозғауға қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар болмай, қылмыс белгiлерiн көрсететiн жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.
178-бап. Азаматтардың арыздары
1. Азаматтардың қылмыс туралы арыздары ауызша немесе жазбаша болуы мүмкiн. Жазбаша арызға оны берiп отырған адам қол қоюға тиiс.
2. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде немесе сот талқылауы барысында жасалған қылмыс туралы ауызша арыз тиiсiнше тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгiзiледi. Өзге жағдайларда жеке хаттама жасалады. Хаттама арыз берушi, оның тұратын жерi немесе жұмыс орны, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс. Хаттамаға арыз берушi және арызды қабылдаған лауазымды адам қол қояды.
3. Арыз берушiге әдейi жалған сөз жеткiзгенi үшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 351-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, ол арыз берушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
4. "Домалақ арыздар" тек олар алдын-ала тексерiлгеннен кейiн, егер оларда осы Кодекстiң 177-бабының екiншi бөлiгiнде аталған жеткiлiктi деректер болғанда ғана қылмыстық iс қозғауға себеп бола алады.
179-бап. Кiнәсiн мойындап келу
1. Кiнәсiн мойындап келу - адамның оған қатысты әлi күмән келтiрiлмегенде немесе аталған қылмысты жасағанына айып тағылмағанда өзi жасаған қылмысы туралы ерiктi мәлiмдеуi.
2. Аталған мәлiмдеменi жазбаша да және ауызша да нысанда жасауға болады және оны мәлiмдеушi қылмыстық процестi жүргiзетiн органға беруге тиiс. Ауызша мәлiмдеме хаттамаға енгiзiледi, хаттамада жасалған мәлiмдеме егжей-тегжейлi жазылады. Хаттамаға кiнәсiн мойындап келген адам және мәлiмдеменi қабылдаған лауазымды адам қол қояды.
3. Кiнәсiн мойындап келген кездегi мәлiмдемеде қылмысқа бiрге қатысқан адамдар аталған жағдайда мәлiмдеушiге әдейi жалған хабар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi.
180-бап. Мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда
басқару функцияларын атқаратын адамның хабарлауы
Мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқаратын адамның қылмыс туралы хабарлауы жазбаша түрде жасалуға тиiс. Оған қылмыс туралы жасалған хабарды растайтын құжаттар мен өзге де материалдар қоса тiркеледi.
181-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар
1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар газетте немесе журналда жарияланғанда не радио немесе теледидар арқылы таратылғанда қылмыстық iс қозғауға себеп бола алады.
2. Қылмыс туралы хабарды жариялаған немесе таратқан бұқаралық ақпарат құралдарында басқару функцияларын атқаратын адамдар қылмыстық iс қозғауға құқығы бар адамның талап етуi бойынша жасалған мәлiмдеменi растайтын өз қолындағы құжаттар мен өзге де материалдарды беруге, сондай-ақ мәлiметтердi ақпарат көзiн құпия ұстау шартымен берген жағдайларды қоспағанда, сол мәлiметтердi берген адамның атын атауға мiндеттi.
182-бап. Қылмыстық iстi қозғауға құқық берiлген лауазымды
адамдардың және органдардың қылмыс туралы
мәлiметтердi тiкелей анықтауы
Қылмыс туралы мәлiметтердi анықтау қылмыстық iстi қозғауға мынадай жағдайларда:
1) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде анықтау органының қызметкерi, тергеушi, прокурор қылмыстың куәлары болғанда не қылмыстың iзiн немесе салдарын ол жасалғаннан кейiн бiрден байқағанда;
2) анықтау органы мен анықтаушы қылмыс туралы мәлiметтердi өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде немесе басқа бiр қылмыс туралы iс бойынша анықтауды жүргiзу кезiнде алғанда;
3) тергеушi қылмыс туралы мәлiметтердi басқа қылмыс туралы қылмыстық iс бойынша тергеу кезiнде алғанда;
4) прокурор қылмыс туралы мәлiметтердi заңдардың орындалуына қадағалау жасаған кезде алғанда себеп болады.
183-бап. Қылмыс туралы арыздар мен хабарларды
қабылдау мен қараудың мiндеттілігi
1. Қылмыстық iзге түсу органы кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдауға, тiркеуге және қарауға мiндеттi. Арыз берушiге арызды немесе хабарды қабылдаған адамды, оны тiркеген уақыт пен арыз немесе хабар бойынша шешiм қабылдануға тиiстi уақытты көрсете отырып, қылмыс туралы қабылданған арыздың немесе хабардың тiркелгенi туралы құжат берiледi.
2. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдаудан негiзсiз бас тартуға прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады.
3. Сотқа түскен қылмыс туралы арыз немесе хабар, жеке айып тағу iсiн қозғау жағдайларын қоспағанда, прокурорға жiберiледi, бұл туралы арыз берушiге хабарланады.
4. Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк iстi талқылау кезiнде қылмыс белгiлерiн байқағанда ол туралы жеке қаулы арқылы прокурорға хабарлауға мiндеттi.
Қазақ тілінің өзгешіліктеріне байланысты орыс тіліндегі мәтін мемлекеттік тілдегі мәтіннен айрықша (орысша мәтінді қара)