2. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу iсiн түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде техникалық құралдар қолданылуы және қылмыс iздерi мен заттай дәлелдердi анықтаудың, бекіту мен алудың ғылыми негiзделген әдiстерi қолданылуы мүмкiн.
4. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде күш қолдануға, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды қолдануға, сонымен қатар оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызуға жол берiлмейдi.
5. Тергеушi тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға анықтау органының қызметкерiн тартуға құқылы.
202-бап. Алдын ала тергеу барысында шығарылатын қаулылар
Алдын ала тергеу процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр iс жүргiзу шешiмiн қабылдау кезiнде тергеушi қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, тергеушiнiң аты-жөнi мен лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнiсi мен негiздерi, қаулының осы Кодекстiң қай бабына негiзделiп шығарылатыны көрсетiледi. Қаулыға тергеушi қол қояды.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 203-бап өзгертілді
203-бап. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасы
1. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасы тергеу iс-әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталғаннан кейiн бiрден жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинка жазбасы не компьютер арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс және бейнежазба материалдары iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу iс-әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiн дәл; тергеушiнiң лауазымы мен аты-жөнi; тергеу iс-әрекетiне қатысқан әрбiр адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, ал қажет болған жағдайда оның мекен-жайы көрсетiледi. Хаттамада iс жүргiзу әрекеттерi олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу барысында iс үшiн мәнi бар анықталған жағдайлар, сондай-ақ тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Егер тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба қолданылса не iздiң көшiрме бедерi мен таңбасы жасалса, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану жағдайлары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған қоса ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi көрсетiлуге тиiс.
5. Танысу үшiн хаттама тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертпе жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертпелер, толықтырулар, түзетулер көрсетiлуге және олар осы адамдардың қол қоюымен куәландырылуға тиiс.
6. Хаттамаға тергеушi, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан барлық адамдар қол қояды. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 126-бабының сегiзiншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
7. Хаттамаға тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң көшiрме бедерлерi мен таңбалары қоса тiркеледi.
8. Егер тергеу iс-әрекетiн жүргiзу барысында маман зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, онда бұл құжат хаттамаға қоса тiркеледi, ол туралы хаттамаға тиiстi жазу жазылады.
9. Жәбiрленушiнiң, оның өкiлiнiң, куәнiң және олардың жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет деп санауға негiздер болған кезде тергеушi аталған адамдар қатысып отырған тергеу iс-әрекетi хаттамасында олардың жеке басы туралы деректердi жазбауға құқылы. Бұл жағдайда тергеушi жеке басы туралы деректердi құпия сақтау туралы қабылданған шешiмнiң себептерi жазылған, олардың бүркеншiк аттары көрсетiлген және ол қатысқан тергеу iс-әрекетiнiң хаттамаларында ол қолданатын қол қоюдың үлгiлерi келтiрiлген қаулыны шығаруға мiндеттi. Қаулы бұдан әрі қылмыстық істі тергеген органда сақталатын конвертке салынып, желiмделедi, оның iшіндегілермен тергеушiден басқа прокурор және сот таныса алады.
204-бап. Қылмыс жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға
ықпал еткен жағдайларды жою жөніндегі ұйғарым
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтаған тергеушi тиiстi мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе оларда басқару қызметiн атқаратын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа заң бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолдану туралы ұйғарым ұсынуға құқылы.
2. Ұйғарым қабылданған шаралар туралы бiр ай мерзiм iшiнде мiндеттi түрде хабарлай отырып қаралуға тиiс.
205-бап. Алдын ала тергеу мен анықтау деректерiн жария
етуге жол бермеу
1. Алдын ала тергеу деректерi жария етiлмеуге тиiс. Олар, егер бұл тергеу мүдделерiне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзумен байланысты болмаса, онда тек тергеушiнiң, анықтаушының, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сондай көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Тергеушi қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы аталған адамдардан олардың жауапкершiлiгiн ескерте отырып, қолхат алынады.
25-тарау. Айыпталушы ретінде жауапқа тарту
206-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту
1. Қылмыс жасады деп айыптау үшiн негiз беретiн жеткiлiктi дәлелдемелер болған кезде тергеушi адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы дәлелдi қаулы шығарады.
2. Тергеушi айыпталушыға айып тағылған күн туралы хабарлайды және сонымен бiр мезгiлде оған қорғаушыны шақыру не тергеушiден қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтiну құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы мiндеттi болып табылатын iстер бойынша тергеушi, егер қорғаушыны айыпталушының өзi, оның заңды өкiлi не оның тапсырмасы немесе келісімi бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының келуiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады.
207-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы
1. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кiм жасаған; айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның тегi, аты мен әкесiнiң аты, оның туған күнi, айы, жылы және жерi;
2) айыпталушы айыпталып отырған қылмыстың оның жасалған уақыты, орны көрсетiлген сипаттамасы, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабына сәйкес дәлелденуге тиiстi өзге де жағдайлардың сипаттамасы; 3) аталған қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ).
2. Бiрнеше қылмыс бойынша айыпталған кездегi айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қылмыстық заңның әрбiр бабы (бөлiктер, тармақтар) бойынша айыпталушыға қандай нақты iс-әрекеттер танылатыны көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулыда адамды тергелiп отырған iс бойынша айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы шешiм болуға тиiс.
4. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi ол шығарылғаннан кейiн жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 208-бап өзгертілді
208-бап. Айыпталушының келу мiндеттілігi
1. Бостандықта жүрген айыпталушы жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында айыпталушы ретiнде кiм, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күн мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс.
3. Шақыру қағазы айыпталушыдан қолхат алып тапсырылады, ал ол уақытша болмаған жағдайда айыпталушыға беруi үшiн шақыру қағазы кәмелетке толған отбасы мүшесiне тапсырылады немесе тұрғылықты жеріндегі тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орнындағы әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған айыпталушыға шақыру қағазын беруге мiндеттi. Айыпталушы басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған және ол тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайда, алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететін телекоммуникация желілерінде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда айыпталушының тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялауға құқылы.
4. Бостандықта жүрген айыпталушы тергеушiнiң шақыртуы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндеттi.
5. Тергеушiнiң шақыртуы бойынша айыпталушының келмей қалуына мыналар дәлелдi себеп деп танылады:
1) айыпталушының келуiне мүмкiндiк бермейтiн ауру;
2) жақын туыстарының қайтыс болуы;
3) дүлей апаттар;
4) шақыру қағазының /хабарламаның/ қолына тимеуi;
5) айыпталушының белгiленген мерзiмде келуiне мүмкiндiк бермейтiн өзге жағдайлар.
6. Айыпталушы белгiленген мерзiмде келмей қалу себептерi туралы тергеушiге хабарлауға мiндеттi.
7. Дәлелсiз себептермен келмей қалған жағдайда айыпталушы айдап әкелiнуi мүмкiн.
8. Күзетпен ұстауда жүрген айыпталушы қамау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
ҚР 16.03.01 ж. N 163-II Заңымен 209-бап өзгертілді
209-бап. Айып тағу
1. Айып, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болса немесе бұл туралы айыпталушы өтiнiм бiлдiрген болса, қорғаушының көзiнше және адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей тағылады. Айыпталушы немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда айып үш тәулiк өткеннен кейiн де тағылады.
2. Айдап әкелiнген айыпталушыға айып айдап әкелiнген күнi тағылады. Бұл ретте тергеушi айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Тергеушi айыпталушының жеке басын анықтағаннан және қорғаушының қорғауды жүргiзу тапсырмасын тексергеннен кейiн айыпталушыға және оның қорғаушысына айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыны хабарлайды.
4. Тергеушi айыпталушыға тағылып отырған айыптың мәнiсiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындау айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыға айып тағудың күнi мен сағатын көрсете отырып айыпталушының, қорғаушының және тергеушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
6. Айыпталушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда, егер ол айып тағылған кезде қатысқан болса, тергеушi және қорғаушы айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қаулының мәтiнi айыпталушыға жарияланғанын куәландырады.
7. Айыпталушыға оны айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi тапсырылады.
8. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған және ол алдын ала тергеу органына келуден жалтарған жағдайда - тергеуші, ал қорғаушы келген жағдайда қорғаушы да, айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болуына және алдын ала тергеу органына келуден жалтаруына байланысты айыпталушыға айыпты жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер айыпталушының тұрып жатқан жері алдын ала тергеу органына белгілі болса, айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулының көшірмесі оған байланыс құралдары пайдаланыла отырып, соның ішінде почта арқылы жіберіледі. Қажет болған жағдайда алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, айыпталушының тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететін телекоммуникация желілерінде айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы хабарлама жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
210-бап. Айып тағуды өзгерту мен толықтыру. Қылмыстық
iзге түсудi айып тағу бөлiгiнде қысқарту
1. Егер алдын-ала тергеу кезiнде тағылған айыпты өзгертуге немесе оны толықтыруға негiздер пайда болса, тергеушi осы Кодекстiң 207-бабының талаптарын сақтай отырып, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы жаңа қаулы шығаруға және оны айыпталушыға осы Кодекстiң 208-209-баптарында белгiленген тәртiп бойынша ұсынуға мiндеттi.
2. Егер алдын ала тергеу барысында тағылған айыптың әлде бiр бөлiгi расталмаса, тергеушi өзiнiң қаулысы арқылы осы бөлiк бойынша қылмыстық iзге түсудi қысқартады, қабылданған шешiмнiң көшiрмелерiн тапсыра отырып, бұл туралы айыпталушыға және процестiң басқа да қатысушыларына хабарлайды.
26-тарау. Жауап алу және беттестіру
211-бап. Жауап алуға шақыру тәртібі
1. Куә, жәбiрленушi, сондай-ақ бостандықта жүрген сезiктi, айыпталушы жауап алуға олардан қолхат ала отырып тапсырылатын хабарлау қағазы арқылы шақыртылады, ал олар болмаған жағдайда кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң, көршiлерiнiң, жергiлiктi атқарушы орган өкiлдерiнiң бiрi арқылы немесе олардың жұмыс немесе оқу орындарының әкiмшiлiгi арқылы тапсырылады. Жауап алынатын адам өзге да байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн.
2. Хабарлау қағазында кiмнiң және кiм ретiнде, кiмге және қандай мекен жай бойынша шақыртылатыны, жауап алуға келетiн уақыт (күнi, сағаты), сондай-ақ дәлелсiз себептермен келмеудiң салдары көрсетiледi.
3. Кәмелетке толмаған адам оның ата-анасы немесе өзге заңды өкiлдерi арқылы шақыртылады.
4. Күзетпен ұстаудағы сезiктi және айыпталушы жауап алуға ол күзетте ұсталып отырған орынның әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
212-бап. Жауап алудың орны мен уақыты
1. Жауап алу алдын ала тергеу өтетiн жерде жүргiзiледi. Тергеушi қажет деп тапқан жағдайда жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайлардан басқасында күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол берiледi, мұның өзiнде жауап алудың бiр күн iшіндегі жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық дәлелдер болған жағдайда жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
213-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Жауап алудың алдында тергеушi жауап алынатын адамның жеке басын анықтауға тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлетiндiгiне күмән туса, оның қай тiлде жауап бергiсi келетiнi анықталады.
2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамаға белгi қойылады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iс бойынша өзiне белгiлi мән-жайларды айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылау мен толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетектеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтау қиын өзге мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе оның келісімiмен хаттамаға қоса тiркелуi мүмкiн құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы.
6. Жауап алу барысында тергеушi жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсете алады, ал еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн қылмыстық iс материалдарындағы айғақтарды жария ете алады, дыбыс және бейнежазбаларды немесе кино түсiру материалдарын тыңдатып, көрсете алады.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу оның белгiлерiн түсiнетiн және онымен белгiлер арқылы сөйлесе алатын адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болғанда одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Тергелетiн iстiң мән-жайлары бойынша бұрын берiлген айғақтарды нақтылау немесе толықтыру қажеттілігi пайда болған жағдайда қайтадан (қосымша) жауап алу жүргiзiлуi мүмкiн.
214-бап. Куә мен жәбiрленушiден жауап алу
1. Бiр iс бойынша шақырылған куәлардан, жәбiрленушiлерден басқа куәлардан және жәбiрленушiлерден бөлек жауап алынады. Тергеушi бiр iс бойынша шақырылған куәлар, жәбiрленушілер жауап алу басталғанға дейiн өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
2. Жауап алу алдында тергеушi куәнiң, жәбiрленушiнiң айыпталушыға немесе сезiктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақ беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiгi туралы ескертедi. Бұл ретте тергеушi куәгерге, жәбiрленушiге өзiнiң, ерiнiң (зайыбының), жақын туыстарының, қылмыс жасағанын ашатын, сондай-ақ дiни қызметшiге тәубе үстiнде оған iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқығы бар екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куә, жәбiрленушi көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi.
3. Басқа жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден
жауап алудың ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн, ал тергеушiнiң қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн педагог шақыртылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алу кезiнде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейiнгi куәлар мен жәбiрленушiлерге айғақ беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауапкершiлiк туралы ескертiлмейдi. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiлген кезде оларға тек шындықты ғана айтудың қажет екенi атап көрсетiледi. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге өздерiнiң немесе жақын туыстарының қылмыс жасағанын ашатын айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жауап алуға қатысушы адамдарға хаттамаға енгiзiлуге тиiстi жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы ескертпелер беру, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Тергеушi сұрақ қоюды қабылдамауға құқылы, бiрақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиiс.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 216-бап өзгертілді
216-бап. Сезiктiден жауап алу
1. Сезiктiден жауап алу ол ұсталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде осы Кодекстiң 134-бабында көзделген тәртiппен немесе оған бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулы жарияланған кезден бастап жүргiзiледi.
2. Егер сезiктi ұсталған немесе күзетпен қамауға алынған болса, ол өз айғақтарын қорғаушының қатысуымен баяндауға құқылы. Қорғаушының қатысуын тез арада қамтамасыз ету мүмкiн болмаған жағдайда тергеушi оның қатысуын сезiктi ұсталғаннан немесе ол күзетпен қамауға алынғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жауап алу басталар алдында тергеушi сезiктiге сезiк келтiрудiң мәнiсiн хабарлайды, сондай-ақ оған айғақ беруден бас тарту құқығын қоса, құқықтарын түсiндiредi.
4. Жауап алу сезiктiге күмән туралы және өзiнiң пiкiрiнше iс үшiн маңызы бар басқа барлық мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
5. Қалған жағдайларда сезiктiден жауап алу осы Кодексте айыпталушыдан жауап алу үшiн көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
217-бап. Айыпталушыдан жауап алу
1. Айыпталушыдан жауап алуды тергеушi айып тағылғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, ал айыпталушы келуден жалтарған жағдайда немесе оған iздеу салынған жағдайда ол айдап әкелiнгеннен немесе ұсталғаннан кейiн дереу жүргiзедi.
2. Жауап алу басталар алдында тергеушi айыпталушыға оның айғақ беруден бас тарту құқығын түсiндiредi және айыпталушының айтқандары оның өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн хабарлайды. Айыпталушы айғақ беруден бас тартқан жағдайда одан жауап алу хаттамасында бұл туралы белгi қойылады.
3. Бiр iс бойынша шақырылған айыпталушылардан жеке-жеке жауап алынады, бұл орайда тергеушi олар өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
4. Осы Кодекстiң 71-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi болады.
5. Жауап алудың басында тергеушi оған тағылған айыптың мәнiсiн түсiндiре отырып, ол тағылған айып бойынша өзiнiң толық немесе iшiнара кiнәлi екенiн мойындайтынын не өз кiнәсiн терiске шығаратынын анықтайды. Егер айыпталушы жауап бермесе, онда ол өзiнiң кiнәлi екенiн мойындамады деп есептеледi.
6. Айыпталушының тағылған айыпқа көзқарасын анықтағаннан кейiн оған тергеушi тағылған айып пен iс үшiн маңызы болуы мүмкiн басқа жағдайлар бойынша айғақтар берудi ұсынады.
7. Қалған жағдайда айыпталушыдан жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
218-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып жасалған хаттамада көрсетiледi. Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Ондағы сұрақтар мен жауаптар жауап алу кезіндегі ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың тергеушi қабылдамаған сұрақтары да немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтар да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, көрiнiс табуға тиiс.
2. Бiрiншi жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, соның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты, туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, білімi, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, жұмысының түрi немесе лауазымы, тұратын жерi, сондай-ақ iстiң мән-жайы бойынша қажет болатын басқа мәлiметтер көрсетiледi. Сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу хаттамасында бұрын сотталғаны немесе сотталмағаны туралы көрсетiледi. Бұдан кейiнгi жауап алуларда жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның аты-жөнiн көрсетумен шектеуге болады.
3. Заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсету, хаттамаларды жариялау және тергеу iс-әрекеттерiнiң дыбыс және бейнежазбаларын, киноға түсiрiлуiн, сондай-ақ осыған байланысты жауап алынушы берген айғақтарды көрсету мiндеттi түрде хаттамада жазылуға тиiс.
4. Жауап алынып отырған адам тергеу iс-әрекетi барысында схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiгiлiп, хаттамада ол туралы белгi қойылады.
5. Еркiн баяндаудан кейiн жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынатын адам өз қолымен жазып, оған қол қойғаннан кейiн тергеушi толықтыратын және нақтылайтын сұрақтар қоя алады.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнiшi бойынша дауыстап оқылады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгізу туралы талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.
7. Айғақтармен таныстыру фактiсi және олардың дұрыс жазылғанын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда тергеушi бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзi қол қойып куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам тән кемiстiгiне немесе өзге себептерге байланысты хаттамаға өзi қол қоя алмайтын болса, оның өтiнiшi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Егер жауап алуға аудармашы қатысса, онда ол да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Ол жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
10. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адам көрсетiледi. Олардың әрқайсысы хаттамаға қол қоюға тиiс.
219-бап. Жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазбаны қолдану
1. Тергеушiнiң шешiмi бойынша, сондай-ақ айыпталушының, сезiктiнiң, куәнiң немесе жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазба қолданылуы мүмкiн.
2. Тергеушi дыбыс және бейне жазба туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы жауап алынатын адамға жауап алу басталғанға дейiн хабарлайды.