2. Кепiл прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша ғана қабылданады.
3. Кепiлдiң мөлшерi: шағын ауырлықты қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң жүз еселенген мөлшерiнен; орта ауырлықтағы байқаусызда жасалған қылмысқа айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң үш жүз еселенген мөлшерiнен; орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүз еселенген мөлшерiнен; ауыр қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен кем болмайды.
4. Кепiл берушiге, егер оның өзi сезiктi немесе айыпталушы болмаса, оған қатысты осы бұлтартпау шарасы қолданылатын адамның айыбының мәнi түсiндiрiледi. Кепiлдiң қабылданғандығы туралы сезiктiге, айыпталушыға осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттерi түсiндiрiлгендiгi, ал кепiл берушiге сезiктi, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналатындығы туралы ескертiлгендiгi атап өтiлген хаттама жасалады. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдап алған лауазымды адам, сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ басқа адам болса кепiл берушi қол қояды. Соттың депозитiне кепiл енгiзiлгендiгi туралы хаттама мен құжат iстiң материалдарына қосылады, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi тапсырылады.
5. Сезiктi, айыпталушы қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келмеген жағдайда бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаңырақ етiп өзгертiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайда прокурор сотқа кепiлдi мемлекеттiң кiрiсiне айналдыру туралы ұсыныс жолдайды. Сот кепiл берушi жоғары тұрған сотқа шағымдануы мүмкiн болатын тиiстi шешiм қабылдайды.
7. Қалған жағдайларда сот iстi тоқтату туралы үкiм немесе қаулы шығарған кезде кепiлдi кепiл берушiге қайтару туралы мәселенi шешедi.
8. Қылмыстық iс алдын ала тергеуде тоқтатылған кезде кепiл анықтау немесе алдын ала тергеу органының қаулысы бойынша кепiл берушiге қайтарылады.
149-бап. Үйде қамап ұстау
1. Үйде қамап ұстау сезiктiге, айыпталушыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға мүмкiндiк беретiн шарттар болған, бiрақ адамды толықтай оқшаулау қажет бола қоймайтын немесе жасы, денсаулық жағдайы, отбасылық жағдайы және басқа да мән-жайлар ескерiле отырып, дұрыс емес деп ұйғарылған кезде осы Кодекстiң 150-бабында көзделген тәртiппен прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша қолданылады.
2. Бұлтартпаудың аталған шарасын таңдау туралы қаулыда қамауға алынған адамға қолданылатын бостандығын нақты шектеу және белгiленген шектеулердiң сақталуына қадағалауды жүзеге асыру жүктелген орган немесе лауазымды адам көрсетiледi. Қамап ұсталатын адамға белгiлi бiр адамдармен қарым-қатынас жасауға, хат-хабар алуға және жөнелтуге, кез келген байланыс құралдарын пайдалану арқылы сөйлесуге тыйым салынуы, сондай-ақ тұрғын үйден шығуға шектеу белгiленуi мүмкiн. Қамап ұсталатын адамның тұрғылықты жерi күзетiлуi мүмкiн. Қажет болған кезде оның мiнез-құлқын қадағалау белгiленедi.
3. Үйде қамауда ұстаудың мерзiмi, оны ұзартудың және оған шағымданудың тәртібі осы Кодекстiң 110, 153-баптарында белгiленген ережелермен айқындалады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 150-бап өзгертілді
150-бап. Қамауға алу
1. Қамауға алу бұлтартпау шарасы ретiнде прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша ғана және тек заңмен екi жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс жасалғандығына айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қолданылады. Ерекше жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы заңмен екі жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген әдейі қылмыс жасалғандығы және заңмен үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда қылмыс жасалғандығы үшін айыпталушыға (сезiктiге) қатысты, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жерi болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға тырысса немесе жасырынса, қолданылуы мүмкiн.
2. Тергеушi, анықтаушы бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау қажет болған кезде осы бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарады. Қаулыда айыпталушыны (сезiктiнi) күзетпен ұстау қажеттiгi туындаған себептер мен негiздер баяндалуы тиiс. Қаулымен бiрге аталған бұлтартпау шарасын таңдаудың негiздiлiгiн растайтын материалдар қоса берiледi. Егер бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау туралы қаулы сезiктiге, ұсталған адамға қатысты осы Кодекстiң 132, 134-баптарына орай шығарылса, ол ұстау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi алты сағаттан кешiктiрiлмей прокурорға ұсынылуы тиiс.
3. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау туралы қаулы материалдары прокуратураға түскен кезден бастап алты сағаттың iшiнде прокурордың кiдiрiссiз қарауына жатады.
4. Қамауға алуға санкция беру құқығы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Бас әскери прокурорға, олардың орынбасарларына, облыстардың прокурорларына, олардың орынбасарларына, аудандық және қалалық прокурорларға, сондай-ақ облыстардың, аудандық немесе қалалық прокурорлардың құқығында әрекет ететiн әскери, көлiктiк және басқа да прокурорларға және облыстар прокурорларының құқықтарында әрекет ететiн прокурорлардың орынбасарларына берiледi.
5. Прокурор заңмен көзделген негiздер болған кезде және осы Кодекстiң 139-бабында көзделген зардаптарды болдырмау мүмкiндiгi болмаған жағдайда басқа неғұрлым жұмсақ бұлтартпау шарасын таңдау жолымен айыпталушыны (сезiктiнi) қамауға алуға санкция бередi. Прокурор қамауға алуға санкция туралы мәселенi шешу кезiнде күзетпен ұстау үшiн негiз бар барлық материалдармен мұқият танысуға және айыпталушыдан (сезiктiден) жеке жауап алуға мiндеттi. Жауап алу кезiнде тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, егер ол iске қатысатын болса, кәмелетке толмаған айыпталушының (сезiктiнiң) заңды өкiлдерi қатыса алады және қаралатын мәселе бойынша өзiнiң пiкiрiн айта алады.
6. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы мен қамауға алу үшiн негiздер бар материалдарды қарап және айыпталушыдан (сезiктiден) жауап алып, прокурор айыпталушыға (сезiктiге) бұлтартпау шарасы түрiнде қамауға алуды қолдану туралы санкция бередi немесе санкция беруден бас тартады. Прокурордың санкциясы немесе санкция беруден бас тарту туралы белгiсi бар қаулы тергеушiге, анықтаушыға, айыпталушыға (сезiктiге) жолданады және жедел атқаруға жатады.
7. Прокурордың қамауға алуға санкция беруден бас тартуына жоғары тұрған прокурорға шағым берілуi мүмкiн. Прокурор осы бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беруден бас тартқаннан кейiн, сондай-ақ осы Кодекстiң 110-бабында көзделген тәртiппен судья бұл бұлтартпау шарасын бұзғаннан кейiн нақ сол адамды, нақ сол iс бойынша қамауға алу жөнiнде санкция берудi сұрап, прокурорға қайталап өтiнiш жасау сол адамды қамауға алу қажеттілігiн негiздейтiн жаңа мән-жайлар пайда болған кезде ғана мүмкiн болады.
8. Егер сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды қолдану туралы мәселе сотта туындаса, ол туралы шешiмдi тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот қабылдап, ол туралы қаулы шығарылады.
9. Егер сезiктiге, айыпталушыға қамауға ұстау түрiнде бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтiнiштi қанағаттандыруға жеткiлiктi негiздер болмаса, прокурор мен сот неғұрлым жеңiлiрек бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы. Прокурор мен сот айыпталушыға (сезiктiге) қолданылған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын немесе үйде қамап ұстауды кепiлге алмастыруға құқылы. Бұл жағдайда айыпталушы (сезiктi) келісілген сома iс жүзiнде соттың депозиттiк шотына енгiзiлгенге дейiн қамауда немесе үйде қамауда ұстауда қалады. Осыдан кейiн прокурордың, соттың қаулысы атқарылуға берiледi.
10. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот осы Кодекстiң 138-бабында белгiленген тәртiппен бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылатындығы туралы сезiктiнiң, айыпталушының туыстарына хабарлауға мiндеттi. Тергеудiң алғашқы кезеңдегi құпиясын сақтауды тиiсiнше қамтамасыз ету мақсатында iстiң ерекше сипаты мәжбүр ететiн айрықша мән-жайларда хабарлау прокурордың санкциясымен, аталған бұлтартпау шарасы кәмелетке толмағанға қолданылатын жағдайды қоспағанда, iс жүзiнде ұсталған кезден бастап он тәулiктен аспайтын мерзiмге кешiктiрiлуi мүмкiн.
151-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған
сезiктiлер мен айыпталушыларды ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiлер мен айыпталушылар тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртібі мен ережелерi заңдармен белгiленедi.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 152-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
152-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған
сезiктiлер мен айыпталушыларды, ұсталғандарды ұстау
орындарында ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны тергеу изоляторларына әкелу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауына байланысты мүмкiн болмаған жағдайда мұндай адамдар прокурордың қаулысы бойынша, сондай-ақ прокурор, оның орынбасары санкцияландырған анықтаушының немесе тергеушiнiң қаулысы бойынша отыз тәулiкке дейiн уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Осындай тәртiппен ол адамда тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi соттың қарауы үшiн аталған мерзiмге тергеу изоляторларынан уақытша ұстау изоляторларына ауыстырылуы мүмкiн. Мұндай адамдарды қамауда ұстаудың тәртібі мен шарттары заңдармен айқындалады.
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан басқа тергеу изоляторына ауыстыру (этаптау) прокурордың қаулысы бойынша немесе анықтаушының, тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 153-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
153-бап. Қамауға алудың мерзiмдерi мен оларды
ұзартудың тәртібі
1. Iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде қамауға алудың мерзiмi осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, екi айдан аспайды.
2. Тергеудi екi айға дейiнгi мерзiмде аяқтау мүмкiн болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе тоқтату үшiн негiз болмаған кезде бұл мерзiмдi аудандық, қалалық прокурор және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар тергеушiнiң дәлелдi өтiнiшi бойынша - үш айға дейiн, ал облыс прокуроры және оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарлары тергеушiнiң аудандық, қалалық прокурорлар мен олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнiшi бойынша - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
3. Қамауға алу мерзiмiн алты айдан астам мерзiмге ұзартуды тек iстiң ерекше күрделiлiгiне орай тергеу бөлiмi бастығының облыс прокуроры және олармен теңестiрiлген прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнішi бойынша Бас прокурордың орынбасары, Бас әскери прокурор тоғыз айға дейiн жүзеге асыра алады.
4. Қамауға алу мерзiмiн тоғыз айдан астам уақытқа ұзартуға облыс прокурорының және онымен теңестiрiлген прокурорлардың дәлелдi өтiнiшi бойынша ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағандығына айыпталған адамдарға қатысты ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - он екi айға дейiн рұқсат етедi. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзiмге ұзарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының алқасында алдын ала қаралады.
5. Қамауға алу мерзiмiн одан әрi ұзартуға жол берiлмейдi, қамауға алынған айыпталушы дереу босатылуға жатады. Қамауға алу мерзiмi айыпталушыға айып тағылған қылмысты жасағандығы үшiн қылмыстық заңда көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмiнен аспауға тиiс.
6. Қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш аудандық, қалалық прокурорға және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорларға, облыс прокурорына және онымен теңестiрiлген прокурорларға қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, оның орынбасарларына және бас әскери прокурорға - қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi он бес тәулiктен кешiктiрiлмей табыс етiледi.
7. Қамау мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш он тәулiктен аспайтын мерзiмде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, оның орынбасарларының және Бас әскери прокурордың, ал өтiнiш келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен аспайтын мерзiмде - төмен тұрған прокурорлардың қарауына жатады.
8. Прокурор өтiнiштi қарап, айыпталушыны қамауға алу мерзiмiн ұзартуды санкцияландырады немесе өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартады. Егер ол ұзартылмаған болса, айыпталушы қамау мерзiмi аяқталғаннан кейiн дереу босатылуға жатады.
9. Күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы айыпталушыны қамауға алу мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлайды. Егер бұлтартпау шарасы ретiнде заңмен белгiленген қамауға алу мерзiмi аяқталғанда айыпталушыны босату туралы не бұлтартпау шарасы ретiнде оны қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы тиiстi шешiм немесе осы шешiм туралы хабар келiп түспесе, қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы оның көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен босатады.
10. Қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың тоғызыншы бөлiгiнiң талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленген жауапты болады.
11. Қамауға алудың мерзiмi айыпталушы (сезiктi) қамауда ұсталған кезден бастап прокурор iстi сотқа жолдағанға дейiн саналады. Адамды сезiктi ретiнде ұстау уақыты, соттың шешiмi бойынша үйде қамауда ұстау және психиатриялық немесе өзге медициналық мекемеде мәжбүрлi түрде болу уақыты қамауға алу мерзiмiне есептеледi. Айыпталушының және оның қорғаушысының қылмыстық iстiң материалдарымен танысу уақыты қамауға алу мерзiмiн есептеу кезiнде есепке алынбайды.
12. Айыпталушыны (сезiктiнi) сол iс бойынша, сондай-ақ онымен бiрiктiрiлген немесе одан бөлектелiнген қылмысты iс бойынша қайта қамау жағдайында қамау мерзiмi қамауда ұсталған уақыты ескерiле отырып есептеледi.
12-1. Iздестiрiлудегi адамды шет мемлекет Қазақстан Республикасына берген жағдайда қамауға алу мерзiмi оның Қазақстан Республикасы аумағына келген күнiнен бастан есептеледi. Бұл ретте адамды шет мемлекеттiң аумағында экстрадициялық қамау тәртібімен қамауда ұстау уақыты оны берген жағдайда жазаны тағайындау кезiнде жалпы қамауда ұстау мерзiмiне есептеледi.";
13. Сот ол бойынша айыпталушыны қамаудың шектi мерзiмi аяқталмаған, ал бұлтартпау шарасын өзгерту үшiн негiзi жоқ iстi қосымша тергеу үшiн қайтарған кезде тергеудi қадағалауды жүзеге асыратын прокурор қылмыстық iс прокуратураға түскен күннен бастап қамау мерзiмiн бiр айдың шегiнде ұзартады.
14. Осы баптың сегiзiншi, он бiрiншi және он екiншi бөлiктерiнде белгiленген айыпталушыны қамау мерзiмiн есептеу мен ұзартудың тәртібі қадағалау сатыларында iс жүргiзудiң нәтижесiнде немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмдi тоқтату және соттың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануы арқылы iстi жаңа тергеуге бағыттау кезiнде де қолданылады.
154-бап. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту
Бұлтартпау шарасы оған қажеттілік болмаған кезде тоқтатылады немесе мұның өзi iстiң мән-жайы туғызған неғұрлым қатаң немесе жұмсақ шараға өзгертiледi. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның дәлелдi қаулысы бойынша не соттың дәлелдi қаулысы бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте прокурор санкцияландырған, немесе қолданған, немесе оның жазбаша нұсқауы бойынша, сондай-ақ алдын ала тергеуде соттың шешiмi бойынша таңдалған бұлтартпау шарасы прокурордың келісімiмен ғана тоқтатылуы немесе өзгертiлуi мүмкiн.
155-бап. Қорғаншылыққа құқық және мүлiктi қарау
1. Ата-анасының немесе асыраушысының қамауға алынуының, сонымен бiрдей қылмыстық процестi жүргiзушi органның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күн көру қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың аталған орган оларды республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi қорғаншылыққа құқығы бар. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттік әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық мекемелерге уақытша орналастыру жөніндегі тапсырмасы қамқоршылық және қорғаншылық органы, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сондай-ақ кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқорлық жасауды олардың келісімiмен туыстарына сенiп тапсыруға құқылы.
2. Қамауға алынуының, сонымен бiрдей қылмыстық процестi жүргiзушi органның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның аталған орган оның өтiнiшi бойынша және оның есебiнен осы адамды қамтамасыз етуге мiндеттi оның мүлкiнiң және оған тиесiлi жануарларының қаралуына құқығы бар. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарларды қарауды ұйымдастыруға тапсырмасы тиiстi мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қабылданған шаралар туралы кешiктiрмей хабарлайды.
19-тарау. Iс жүргізушілік мәжбүрлеудің өзге де
шаралары
156-бап. Iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеудiң өзге де шараларын
қолдану үшiн негiздемелер
1. Осы Кодекспен көзделген қылмыстық iс бойынша тергеудiң және сотта iс қараудың, үкiмнiң ойдағыдай атқарылуының тәртібін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктiге, айыпталушыға осы Кодекстiң 18-тарауында көзделген бұлтартпау шараларының орнына немесе сонымен бiрге iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеудiң өзге де шараларын: келу туралы мiндеттеменi, алып келудi, қызметiнен уақытша шеттетудi, мүлкiне тыйым салуды қолдануға құқылы.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган жәбiрленушiге, куәға және басқа да iске қатысушы адамдарға iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шараларын: келуi туралы мiндеттеменi, алып келудi, ақшадай жазаны қолдануға құқылы.
157-бап. Анықтаушыға, тергеушiге, сотқа келу туралы мiндеттеме
Мәжбүрлеу шарасы қолданылмаған сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә немесе жәбiрленушi тергеу iс-әрекеттерiне немесе сотта iс қарауға қатысудан жалтаруы мүмкiн деп ұйғаруға жеткiлiктi негiздемелер болған жағдайда не олар дәлелдi себептерсiз шақыру бойынша iс жүзiнде келмеген кезде аталған адамдардан анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың шақыруы бойынша уақтылы келуге жазбаша мiндеттеме қайтарып алынуы мүмкiн, ал тұратын жерi өзгерген жағдайда бұл туралы кешiктiрмей хабарлауы керек.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 158-бап өзгертілді
158-бап. Алып келу
1. Сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә мен жәбiрленушi дәлелдi себептерсiз шақыру бойынша келмеген жағдайда анықтаушының, тергеушiнiң, соттың дәлелдi қаулысы бойынша алып келуге (мәжбүрлеп әкелуге) ұшыратылуы мүмкiн.
2. Шақырту туралы тиiсiнше хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi: адамды келу мүмкiндiгiнен айыратын сырқат, жақын туыстарының қайтыс болуы, кездейсоқ апат, адамды тағайындалған уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер болып танылады. Сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә мен жәбiрленушi шақыру бойынша тағайындалған мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы олар өздерi шақырылған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Алып келу туралы қаулы сезiктiге, айыпталушыға, сондай-ақ куә мен жәбiрленушiге оның атқарылуы алдында жарияланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Алып келу түнгi уақыттарда жүргiзiлмейдi.
5. Олардың заңды өкiлдерiне хабарламастан он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, он сегiз жасқа толмаған адамдар, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнын тастап келе алмайтын немесе тастап кетпеуi тиiс науқас адамдар алып келуге жатпайды.
6. Алып келу туралы сот қаулысын сот приставы немесе iшкi iстер органы; анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы атқарады.
159-бап. Қызметiнен уақытша шеттету
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер осы қызметте қала отырып, ол тергеуге және iстi сотта қарауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтiредi немесе осы қызметте болуымен байланысты қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiз болса, айыпталушыны қызметiнен шеттетуге құқылы.
2. Айыпталушыны қызметiнен уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол оны алғаннан кейiнгi үш тәулiк iшiнде қаулыны орындауға және ол туралы сол адамға немесе қызметiнен шеттету туралы шешiм қабылдаған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Қызметiнен шеттетiлген айыпталушының, егер ол оған қатысты емес жағдайлар бойынша басқа қызметте iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, еңбекке ақы төлеудiң бiр ең төменгi мөлшерiнен кем емес сомада ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға құқығы бар.
4. Қызметiнен уақытша шеттету бұл шараға қажеттілік болмаған кезде судьяның немесе прокурордың қаулысымен, сондай-ақ тергеушiнiң немесе анықтаушының қаулысымен тоқтатылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 160-бап өзгертілді
160-бап. Ақша өндiрiп алу
Осы Кодекстің 75, 82, 84, 85, 86, 145, 147-баптарында көзделген іс жүргізу міндеттерін орындамағаны және сот отырысында тәртіп бүзғаны үшін жәбірленушіден, куәдан, маманнан, аудармашыдан және өзге де адамдардан ақша өндіріліп алынуы мүмкін. Ақша өндiрiп алу туралы мәселе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес шешiледi.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 161-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
1. Үкiмдi азаматтық талап, басқа да мүлiктiк жазалар немесе мүмкiн болатын мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде орындауды қамтамасыз ету мақсатында прокурордың санкциясымен анықтаушы, тергеушi немесе сот сезiктiнiң айыпталушының немесе заң бойынша олардың әрекетi үшiн материалдық жауаптылықта болатын адамдардың мүлкiне тыйым салуға құқылы. Осы Koдекстiң 232-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда мүлiкке тыйым салу прокурордың санкциясынсыз, бiрақ жиырма төрт сағаттың iшiнде оған мүлiкке тыйым салу жүргiзiлгенi туралы хабарлама жiберу арқылы жүзеге асырылады.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне оған билiк етуге, ал қажет жағдайларда бұл мүлiктi пайдалануға тыйым салуды жариялаудан не мүлiктi алудан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Азаматтық талапкер немесе прокурор ұсынған азаматтық талапты қамтамасыз етуге тыйым салынған мүлiктiң құны талаптың құнынан аспауға тиiс.
4. Бiрнеше айыпталушылардың немесе олардың әрекетiне жауап беретiн адамдардың әрқайсысынан тыйым салуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде айыпталушыға таңылған қылмысты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда азаматтық талапты қамтамасыз ету үшiн толық мөлшерде тиiстi адамдардың бiрiнiң мүлкiне де тыйым салынуы мүмкiн.
5. Тiзбесi заңдармен айқындалатын, бiрiншi қажеттілік заттары болып табылатын мүлiкке тыйым салынбайды.
6. Мүлiкке тыйым салу туралы дәлелдi қаулы шығарылады. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салуға жататын мүлiк, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында ол қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талапты қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны көрсетiлуi тиiс.
7. Анықтаушы, тергеушi меншiк иесiне немесе мүлiктi иеленушiге мүлiкке тыйым салынғаны туралы қаулыны қолхат ала отырып тапсырады және оны берудi талап етедi. Бұл талапты өз еркiмен орындаудан бас тартылған жағдайда мүлiкке тыйым салу мәжбүрлеу жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi оның меншiк иесi немесе иеленушi жасырып қалды деп ойлауға негiз бар қажеттi жағдайда қылмыстық iзге түсу органы осы Кодекстiң 232-бабында көзделген тәртiппен тiнту жүргiзуi не алып қоюы мүмкiн.
8. Iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған соттың шешiмi бойынша мүлiкке тыйым салуды соттың атқарушысы жүргiзедi.
9. Мүлiкке тыйым салу кезiнде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатыса алады.
10. Меншiк иесi немесе мүлiктi иеленушi бiрiншi кезекте қандай затқа тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Анықтаушы, тергеушi мүлiкке тыйым салу жүргiзiлгенi туралы хаттаманы, ал соттың атқарушысы - мүлiк тiзiмiн жасайды.