Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру
жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қазандағы № 1012 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 18 шілдедегі № 607 Қаулысымен күші жойылды
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 20 қазандағы
№ 1012 қаулысымен
Бекітілген
Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі
қызметті лицензиялау ережесi
Осы теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі «Лицензиялау туралы», 1999 жылғы 23 шілдедегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», 2004 жылғы 5 шілдедегі «Байланыс туралы» заңдарына сәйкес әзірленген және теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі - лицензиаттар) қызметін мемлекеттік реттеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін теледидар және радио бағдарламаларымен қанықтыру үшін жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялауды бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.
3. Лицензияға лицензиардың басшысы не оған уәкілеттендірілген тұлға қол қояды және лицензиардың мөрімен бекітіледі.
4. Лицензия - бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган жеке және заңды тұлғаға теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға беретін рұқсат.
5. Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке берілетін лицензиядан басқа теледидар және радио хабарларын тарату саласындағы қызметті радиожиілік спектрін пайдаланып жүзеге асыру кезінде лицензиат байланыс саласындағы уәкілетті органнан радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алады.
6. Лицензиялар иеліктен алынбайтын, яғни, егер заңнамалық кесімдерде өзгеше көзделмесе, лицензиат оларды басқа жеке немесе заңды тұлғаларға бере алмайтын болып табылады.
2. Лицензия беру тәртібi
7. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін белгіленген үлгідегі өтініш;
2) лицензиялау кезінде теледидар және (немесе) радио хабарларын тарату саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарына өтініш берушінің сәйкестігін растайтын құжаттар;
3) қызметтің лицензияланатын түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат.
Бұдан басқа заңды тұлғалар үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.
8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде өзгеше мерзім белгіленбесе, лицензия барлық қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзімнен, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он күн мерзімнен кешіктірмей беріледі.
9. Қызметтің лицензияланатын түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның ставкалары, оны есептеу мен бюджетке төлеу және төленген сомаларды қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының салық кодексіне сәйкес айқындалады.
Радиожиілік спектрін пайдалануға байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде алынады.
10. Лицензияны өтініш иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беру сенім хат негізінде жүргізіледі.
11. Өтініш пен оған қоса берілген құжаттарды лицензиар тіркейді, өтініш иесіне оның тіркелу нөмірі және тіркелген уақыты жазбаша түрде хабарланады.
12. Лицензияны беруден бас тарту, қайта ресімдеу, лицензияны кері қайтарып алу, лицензияның қолданысын тоқтата тұру және тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
13. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия алу үшін ұсынылған құжаттарда көрсетілген ақпараттың дұрыстығы, толықтығы және уақтылығы үшін жауап береді.
14. Лицензиясын жоғалтқан жағдайда лицензиаттың телнұсқа алуға құқығы бар. Лицензиар жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензияның телнұсқасын беруді жүргізеді. Бұл ретте лицензиат лицензияланатын қызмет түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым төлейді.
3. Лицензия беруден бас тарту
15. Егер:
1) субъектілердің осы санаты үшін белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға заңнамалық кесімдерде тыйым салынса;
2) осы Ереженің 7-тармағына не басқа заңнамалық кесімдерге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар ұсынылмаса. Өтініш иесі көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздемелер бойынша қаралады;
3) қызметтің лицензияланатын түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмесе;
4) өтініш иесі заңнамада белгіленген біліктілік талаптарына жауап бермесе;
5) өтініш иесіне қатысты оған осы қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын сот шешімі болса лицензия берілмейді.
16. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда өтініш иесіне лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
4. Лицензияларды есепке алу және лицензияланатын қызметті бақылау
17. Лицензияларды есепке алуды, сондай-ақ осы Ереженің сақталуын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
18. Біліктілік талаптары мен белгіленген ережелердің сақталуын тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиар жүргізеді.
5. Дауларды шешу
19. Егер лицензия «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында немесе басқа да заңнамалық кесімдерде белгіленген мерзімде берілмесе немесе өтініш иесіне бас тарту негізсіз болып көрінсе, ол бір ай мерзімде бұл әрекеттерге сот тәртібімен шағымдана алады.
Лицензиат лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешімді сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың заңдылығы туралы сот шешімі болған кезде, оны тоқтата тұру мерзімі лицензиар мұндай шешім қабылдаған күннен бастап есептеледі.
20. Лицензиарлар және олардың лауазымды тұлғалары лицензиялау туралы заңнаманы бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.
21. Лицензия беруден негізсіз бас тартудан немесе лицензиаттың құқықтарын бұзудан туындаған залалды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.