§ 2. Консулдық алым
509-бап. Жалпы ережелер
Консулдық алым - Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерiнiң консулдық iс-әрекеттер жасағаны және заңдық маңызы бар құжаттарды бергенi үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларынан, сондай-ақ шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан, шетелдiк заңды тұлғалардан алатын мемлекеттік баж түрi.
510-бап. Консулдық алым төлеушiлер
Өз мүдделерi үшiн консулдық iс-әрекеттер жасалып, заңдық маңызы бар құжаттар берiлетiн Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, шетелдiк заңды тұлғалар консулдық алым төлеушiлер болып табылады.
511-бап. Консулдық алым ставкалары
1. Консулдық алымдардың ең төменгi және барынша жоғары базалық мөлшерлерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі консулдық алымдардың базалық ставкалары шегiнде нақты ставка мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
512-бап. Жүзеге асырылғаны үшiн консулдық алым алынатын iс-әрекеттер
1. Консулдық алым мынадай консулдық iс-әрекеттер жасау:
1) қызметтiк паспортты, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресiмдеу және Қазақстан Республикасының визаларын беру;
2) шетелде болу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiштерiн ресiмдеу;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөніндегі құжаттарды ресiмдеу;
4) азаматтық хал актілерін тiркеу;
5) құжаттарды талап ету;
6) құжаттарды заңдастыру;
7) нотариаттық iс-әрекеттер жасау;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген өзге де iс-әрекеттер үшiн алынады.
513-бап. Жекелеген жағдайларда консулдық алым төлеуден босату
Консулдық алым:
1) осы Кодекстің 502-506-баптарында көзделген жағдайларда;
2) консулдық алымдар алудан өзара бас тарту туралы Қазақстан Республикасымен келісімдерi бар елдердiң жеке және заңды тұлғаларынан;
3) Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы шарттар жасасқан елдердің өкiмет орындары мен жекелеген азаматтарының сұрау салуы бойынша отбасылық, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша, алименттер туралы, мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақылар, бала асырап алу туралы құжаттар сұратып алдырғаны үшiн;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген өзге де жағдайларда алынбайды.
514-бап. Консулдық алымды төлеу тәртібі
1. Консулдық алым консулдық iс-әрекеттер жасалғанға дейiн төленедi.
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi консулдық iс-әрекеттер төлеушi консулдық алымды төлегеннен кейiн жүзеге асырады.
3. Консулдық алымды төлеу аумағында консулдық iс-әрекеттер жасалатын елдiң валютасымен немесе кез келген еркiн айналыстағы басқа да валютамен жүргiзіледi.
4. Ставкасы АҚШ долларымен белгiленген консулдық алымдарды Қазақстан Республикасының аумағында төлеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi алымды төлеу сәтiне белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен жүргiзiледi.
5. Консулдық алым:
1) Қазақстан Республикасының аумағында - банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен консулдық iс-әрекеттер жүзеге асырылатын жердiң бюджетiне немесе қатаң есептілік бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шаруашылық пайдалану құқығынсыз дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменiң арнаулы (транзиттiк) банк шотына банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен немесе қатаң есептілік бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленедi.
6. Қатаң есептілік бланкiлерiнiң нысанын уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгiлейдi.
7. Консулдық алымдар сомасын бюджетке есептеу тәртібін, сондай-ақ шетелде қолма-қол ақшамен төленген консулдық алымдарды дипломатиялық өкiлдiктiң немесе консулдық мекеменiң арнаулы (транзиттiк) банк шотына есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгiлейдi.
8. Төленген консулдық алымдар сомасы қайтарылуға тиiс емес.
91-тарау. Кеден төлемдері
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 515-бап өзгертілді
515-бап. Жалпы ережелер
1. Кеден iсiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген кеден төлемдерiн алады.
2. Кеден төлемдерi бойынша төлеушiлер, есептеулердiң, төлеудiң, қайтарып берудiң және кеден төлемдерiн өндiрiп алудың тәртібі, сондай-ақ жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен анықталады.
3. Кеден төлемдерiнiң ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 516-бап жаңа редакцияда; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 516 - бап өзгертілді
516-бап. Кедендiк төлемдердiң түрлерi
1. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар алып өткен кезде және Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген басқа да жағдайларда кедендiк төлемдердiң мынадай түрлерi төленедi:
1) кедендiк баж;
2) кедендiк ресiмдеу үшiн кедендiк алым;
3) тауарларды сақтау үшiн кедендiк алым;
4) кедендiк iлесiп алып жүру үшiн кедендiк алым;
5) Қазақстан Республикасы кеден органдарының лицензия бергенi үшiн алым;
6) кедендiк ресiмдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергенi үшiн алым;
7) алдын ала шешiм үшiн төлемақы.
2. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген оңайлатылған тәртiппен тауарлар алып өткен кезде, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген кедендiк төлемдер және салықтар жиынтық кедендік төлем түрінде төленуі мүмкін.
3. Акцизделген тауарлардың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына еркін айналым үшін шығарған кезде кеден бажы мен акциз жиынтық төлем түрінде төленуі мүмкін.
3. Салық әкімшілігін жүргізу
17-бөлім. Жалпы ережелер
92-тарау. Негізгі ережелер
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 517-бап өзгертілді
517-бап. Салық бақылауы
1. Салық бақылауы - салық қызметi органдарының салық заңдарының орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақтылы аударылуын бақылауы.
2. Салық бақылауы:
1) салық төлеушiлердi тiркеу есебi;
2) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi есепке алу;
3) бюджетке түсiмдердi есепке алу;
4) қосылған құн салығын төлеушiлердi есепке алу;
5) салық тексерiстерi;
6) камералдық бақылау;
7) салық төлеушiлердiң қаржы-шаруашылық қызметi мониторингi;
8) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану ережелерi;
9) акцизделетiн тауарлардың кейбір түрлерiн таңбалау және акциздiк постыларды белгiлеу;
10) мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алу, бағалау және сату тәртібін сақтауды, сондай-ақ мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктiң толық және уақтылы берiлуiн тексеру;
11) уәкiлеттi органдарға бақылау жасау нысандарында жүзеге асырылады.
3. Кеден органдары өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлардың өтуiмен байланысты төленуге тиiс салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алу жөніндегі салық бақылауын осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 518-бап өзгертілді; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 518-бап жаңа редакцияда; 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 518-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
518-бап. Салық құпиясы
1. Мына мәліметтерді:
1) салық төлеушінің тіркеу нөмірі туралы;
2) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) салық кезеңінде бюджетке төлеген салықтар және басқа да міндетті төлемдер туралы;
3) салық төлеушіге салық жылында бюджеттен нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының қайтарылатын сомалары туралы;
4) салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаған тұлғаларды заң бойынша қудалау мақсатында құқық қорғау органдарына; салық төлеушінің салық міндеттемелерін айқындау туралы істерді және салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін жауапкершілікті қарау барысында соттарға; прокурордың санкциясымен атқару құжаттарын орындау кезінде сот орындаушыларына; мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткішін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға берілетін;
5) Қазақстан Республикасы тараптардың бірі болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық және құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға берілетін мәліметтерді қоспағанда, салық қызметі органы салық төлеуші туралы алған кез келген мәліметтер салық құпиясы болып табылады.
2. Салық төлеушіге қатысты ақпаратты салық төлеушінің жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға беруге болмайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық қызметі органдары, олардың лауазымды тұлғалары, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары салық құпиясын жария етпеуге тиіс. Мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды тұлғалардың тізбесін бекітеді.
4. Салық қызметінің және мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары аталған органдарда жұмыс істеген кезеңде де, сондай-ақ өзі қызметтен босағаннан кейін де салық құпиясы болып табылатын деректерді жария етуге құқылы емес.
5. Салық құпиясы болып табылатын мәліметтері бар құжаттарды жоғалту не осындай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
519-бап. Бюджетке түсiмдердi есепке алу
1. Бюджетке түсiмдердi есепке алуды салық органдары салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, сондай-ақ өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген және түскен сомалары бойынша салық мiндеттемелерiнiң орындалуын салық төлеушiнiң жеке шотында көрсету жолымен жүзеге асырады.
2. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн есептеу бiрыңғай бюджет сыныптамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жеке шоттарды жүргiзу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
93-тарау. Салық төлеушілерді тіркеу
23.11.02 ж. № 358-ІІ; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 520-бап өзгертілді
520-бап. Осы тарауда қолданылатын терминдер мен анықтамалар
1. Қазақстан Республикасы салық төлеушiлерiнiң мемлекеттік тiзiлiмi - салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң дұрыс есептелуi мен уақтылы төленуiн бақылауды жүзеге асыру мақсатымен уәкiлетті мемлекеттік орган жүргізетін салық төлеушілердi есепке алудың мемлекеттік деректер базасының жүйесi.
2. Салық төлеушiлердi мемлекеттік тiркеу - салық төлеушi туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Салық төлеушiлерінiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгізу.
3. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi - салық төлеушi ретiнде оны мемлекеттік тiркеу және Қазақстан Республикасы салық төлеушiлерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiне ол туралы мәлiметтердi енгізу кезiнде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерi бойынша салық төлеушiге берiлетiн бiрыңғай нөмiр.
4. Тiркеу есебi - салық төлеушiнi салық органында есепке қою, соның нәтижесiнде салық төлеушiнiң тіркеу деректері, оның ішінде салық төлеушінің тұрған жерi, оған салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң тиесiлілiгi; салық төлеушiнiң тіркеу деректерінің ағымдағы өзгерістерін тіркеу; есептен шығару белгіленеді. Салық төлеушінің тіркеу деректері салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу (тіркеу есебіне алу) кезінде оның салық органына берген мәліметтері.
5. Салық төлеушiнiң куәлiгi - қатаң есептілік бланкiсi болып табылатын және салық төлеушiге оны Қазақстан Республикасы Салық төлеушілерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркеу кезiнде тiркеу нөмiрi берiлгенi туралы құжат.
Салық төлеушiнiң куәлiк нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 520-1-баппен толықтырылды; ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен 520-1-бап толықтырылды
520-1-бап. Жалпы ережелер
1. Салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу, осы баптың 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, және тіркеу есебіне алу тіркеу туралы (мемлекеттік тіркеу туралы, тіркеу есебіне қою туралы, тіркеу деректерінің өзгеруі туралы) өтініш, есептен шығару туралы өтініш негізінде жүргізіледі, олар:
1) уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жасалады;
2) қол қойылады, куәландырылады және салық есептілігі үшін осы Кодекстің 69-бабында көзделген тәртіппен салық органына беріледі.
1-1. Салық төлеушiлердi - заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi мемлекеттік тіркеуді статистика жөніндегi уәкiлетті орган ұсынатын хабарламалардың негiзiнде салық төлеушiнің тіркеу нөмірін бере отырып, уәкілетті мемлекеттік орган аталған хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
Хабарламаның нысанын және оны статистика жөніндегі уәкiлеттi органның ұсыну тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган мен статистика жөніндегі уәкiлетті органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі бекітедi.
Салық төлеушiнiң куәлігін тiркелген заңды тұлғаға, филиалға және өкілдiкке салық төлеушiнің тіркеу нөмірін берген күннен бастап бір жұмыс күнi iшiнде беру үшін оны салық органы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігімен келісiм бойынша уәкiлетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әдiлет органына жіберуге тиiс.
2. Салық төлеушілерді мемлекеттік тіркеу және тіркеу есебіне алу тәртібін, сондай-ақ тіркеу және есептен шығару туралы өтініштерге қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
3. Салық салу объектілерінің есебін жүргізу тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 521-бап өзгертілді
521-бап. Салық төлеушiлердi мемлекеттік тiркеу
1. Қазақстан Республикасында мыналар:
1) орналасқан жері бойынша - тұрақты мекеме құру арқылы қызметiн Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлiмшелерi, оның iшiнде резидент еместер;
2) қызметін жүзеге асыратын жері бойынша - тұрақты мекеме құрмай қызметiн Қазақстан Республикасында жүзеге асыра бастаған күннен бастап отыз жұмыс күнiнен астам кез келген он екi айлық кезеңнiң шегiнде қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;
3) Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңдарында айқындалған уәкiлеттi тұлғаның тұрғылықты жерi бойынша бiрлескен жеке кәсiпкерлiк;
4) тұрғылықты жерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын резидент жеке тұлғалар;
5) Қазақстан Республикасында болатын жері бойынша - осы Кодекстің 191-бабының 1-тармағында көрсетілген резидент емес жеке тұлғалар;
6) салық салу объектiлерi орналасқан және (немесе) тiркелген жер бойынша Қазақстан Республикасында салық салу объектілерін иеленетiн резидент еместер;
7) резидент банк орналасқан жері бойынша осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 1)-3), 5) және 6) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік тіркеуге жатпайтын, резидент банктерде ағымдық шоттарын ашатын резидент еместер салық төлеушiлер ретiнде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Салық төлеушiлердің мемлекеттік тiзiлiмiн уәкiлеттi мемлекеттік орган жүргiзедi.
3. Салық төлеушiлердiң мемлекеттік тiзiлiмiн жасау және жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 18.03.04 ж. № 537-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 522-бап өзгертілді
522-бап. Салық төлеушiлердің мемлекеттік тiркеуден өту мерзiмдерi
1. Жеке тұлғалар осы Кодексте көзделген салық мiндеттемелерi туындаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттік тiркеуден өту және салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн алу үшiн салық органына өтiнiш жасауға мiндеттi.
2. 18.03.04 ж. № 537-II ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
3. алып тасталды
4. Осы Кодекстің 522-бабы 1-тармағының ережелері мемлекеттік тіркеуден өту мерзімі осы Кодекстің 527-бабымен белгіленген резидент еместерге қолданылмайды.
ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен 523-бап толықтырылды
523-бап. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi
1. Салық төлеушiлердi, осы Кодекстiң 520-1 бабының 1-1-тармағында көрсетiлген салық төлеушiлердi қоспағанда, мемлекеттік тiркеудi уәкiлеттi мемлекеттік орган салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн берiп және салық төлеушi салық органына мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш бергеннен кейiнгi екi жұмыс күнi iшiнде оған салық төлеушiнiң куәлiгiн бере отырып жүзеге асырады.
2. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi салық төлеушi ұсынатын салық есеп-қисабы құжаттарында, сондай-ақ салық мiндеттемелерiнiң орындалуына байланысты өзге де құжаттарда көрсетiлуге тиiс.
3. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн салық органы оның салық мiндеттемелерiне қатысты жiберiлетiн салық төлеушiнің барлық құжаттарында көрсетуге тиiс.
4. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн беру, өзгерту және оны жарамсыз деп тану тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган айқындайды.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-ІІ; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 18.03.04 ж. № 537-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 524-бап өзгертілді
524-бап. Салық төлеушiлердi тiркеу есебi
1. Салық төлеушiлердi тiркеу есебi салық төлеушi салық органдарында салық төлеушiлердi мемлекеттік тiркеу рәсiмiнен өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
2. Салық төлеушi:
1) заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға үшiн:
заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлiмшесiнiң орналасқан орны бойынша;
қызметтi жүзеге асыру орны бойынша;
салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң орналасқан және (немесе) тiркеу орны бойынша;
2) жеке тұлға, соның ішінде жеке кәсіпкер үшiн:
резидентке - тұрғылықты жерi бойынша;
резидент емеске келген орны бойынша;
салық салу объектілерінің, салық салуға байланысты объектiлердің орналасқан және (немесе) тiркеу орны бойынша;
кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру орны бойынша салық органдарында тiркеу есебiне тұруға мiндеттi.
3. Салық органы жеке тұлғаларды салық салу объектілерінің орналасқан жерi бойынша тiркеу есебiн осы Кодекстің 530-бабына сәйкес салық салу объектілерін есепке алуды және (немесе) тiркеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар беретiн мәлiметтер негiзiнде жүргiзедi. Осы баптың мақсаты үшiн мыналар:
1) жылжымайтын мүлiк (жер) үшiн - олардың нақты орналасқан жерi;
2) көлiк құралдары үшiн - көлiк құралдарының мемлекеттік тiркелген жерi, ал ондай жоқ болған жағдайда - мүлiк иесiнiң орналасқан (тұрғылықты) жерi салық салу объектiсiнiң орналасқан жерi болып танылады.
4. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiгi бар және өз қызметін заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлға тұрғылықты жерi бойынша тiркеу есебiне қойылуға тиiс.
5. Құрылымдық бөлiмшенi тiркеу есебiне қою кезiнде есепке қою туралы өтiнiште осы құрылымдық бөлiмшенi құрған салық төлеушi заңды тұлғаның тiркеу нөмiрi көрсетiледi.
6. Салық төлеуші салық органына тіркеу туралы өтінішті тіркеу есебіне қою орны бойынша:
тіркеу есебіне қою үшін тіркеу есебіне қою туралы талаптар туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде;
тіркеу деректерінің өзгерістерін енгізу үшін осындай өзгерістер туындаған кезден бастап он жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
7. Тіркеуге алу есебі салық төлеушіге бұрын берілген тіркеу нөмірі өзгертілмей жүргізіледі.
8. Салық органы тіркеуге алу есебіне қоюды салық төлеушінің өтініші берілген кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
9. Салық төлеушінің қалауы бойынша салық органы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша тіркеуге алу есебіне қойылғандық туралы растайды.
10. Салық төлеушінің куәлігінде көрсетілген тіркеу деректері өзгерген жағдайда, салық органы осы Кодекстің 521-524-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, салық төлеушінің бұрынғы тіркеу нөмірі сақталған және салық төлеушінің бұрын берілген куәлігі жойылған жағдайда, салық төлеушінің деректері өзгертілген куәлігін беруді жүзеге асырады.
11. Жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға орналасқан жерiн, қызметiн жүзеге асыратын орнын, тұрғылықты жерiн, келген жерiн немесе салық салу объектілерінiң орналасқан және (немесе) тiркеу орнын өзгерткен жағдайда, салық төлеушi өзi тiркеу есебiнде тұрған салық органына он жұмыс күнi iшiнде есептен шығару туралы өтiнiш беруге және салық төлеушiнiң бұрын берiлген тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, жаңадан орналасқан жерi, қызметiн жүзеге асыратын орны, тұрғылықты жерi, келген жерi немесе салық салу объектілерінiң орналасқан жерi және (немесе) тiркеу орны бойынша тiркеу есебiне тұруға мiндеттi.
12. Салық салу объектілерінiң есебiн жүргiзу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
23.11.02 ж. № 358-ІІ; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 525-бап өзгертілді
525-бап. Салық төлеушiлердің мемлекеттік тiзiлiмiнен шығарып тастау
1. Салық төлеушiнi Салық төлеушiлердiң мемлекеттік тiзiлiмiнен шығарып тастау осы Кодекстiң 57, 58-баптары негiзiнде салық мiндеттемелерiнiң тоқтатылуына байланысты уәкiлеттi органдар беретiн мәлiметтер бойынша және (немесе) салық төлеушiнiң немесе оның өкiлiнiң есептен шығару туралы өтiнiшiмен жүзеге асырылады.
1-1. Қазақстан Республикасының салық төлеушілерінің мемлекеттік тізілімінен:
1) осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған резидент еместерді шығару, Қазақстан Республикасында салық салу объектілеріне және салық міндеттемелерін орындауға (меншік, жерді пайдалану, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығы) қатысты осы Кодексте белгіленген құқық тоқтатылғанда жүзеге асырылады;
2) осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында аталған резидент еместерді шығару, банктегі шоты жабылған жағдайда жүзеге асырылады;
3) осы Кодекстің 525-бабы 1-1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталғандардан басқа, осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын резидент еместерді шығару, Қазақстан Республикасынан кеткен және осындай резидент емес Қазақстан Республикасындағы салық міндеттемелерін орындаған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Салық төлеушiнi Қазақстан Республикасы Салық төлеушілерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiнен шартты түрде шығарып тастау салық төлеушi әрекетсiз заңды тұлға белгiлерiне сәйкес келген және салық берешегi болмаған жағдайда тiркеу нөмiрi сақтала отырып жүргiзiледi.
Әрекетсiз заңды тұлға болып корпорациялық табыс салығы туралы декларацияны немесе жеңiлдетiлген декларацияны осы Кодексте белгiленген оларды беру мерзiмiнен бiр жыл өткеннен кейiн бермеген заңды тұлға танылады, бұған аталған декларацияларды беру жөніндегі талаптар қолданылмайтын салық төлеушiлер қосылмайды.
23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 526-бап өзгертілді
526-бап. Банктердiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың мiндеттерi
Банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар:
1) салық төлеушіге резидент еместердің жинақ шоттарынан және (немесе) шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттарынан басқа банк шоттарын ашу кезінде, салық төлеушінің тіркелу нөмірін ескеру, салық төлеуші заңды тұлғаға және жеке кәсіпкерге аталған шоттардың ашылғандығы туралы салық органдарын үш жұмыс күні ішінде хабардар ету;
2) вексельді және банк соның негізінде қолма-қол ақшаны қабылдау мен беру жүргізетін төлем құжаттарын қоспағанда, төлем құжаттарында салық төлеушінің тіркеу нөмірін қоймай, резидент еместердің шоттарынан және (немесе) шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттарынан басқа банк шоттары бойынша операцияларды жүргізбеуге;
3) төлем құжаттарын өңдеу кезiнде салық төлеушінің тiркеу нөмiрiн тiркеу нөмiрiнiң құрылымына (қалыптастыру алгоритмiне) сәйкес көрсетуiнiң дұрыстығын бақылауға;