Мемлекеттік материалдық резерв туралы 2000 жылғы 27 қарашадағы
№ 106-II Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы ред. қара
1-тарау. Жалпы ережелер (1-7 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік резерв жүйесін қалыптастыру (8-12 баптар)
3-тарау. Мемлекеттік резервті пайдалану (13-15 баптар)
4-тарау. Мемлекеттік резервтің сақталуын қамтамасыз ету (16-19 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резервiн қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласында мемлекет пен шаруашылық жүргiзушi субъектiлер арасындағы құқықтық және экономикалық қатынастарды реттейдi және оларды басқарудың негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығару материалдық құндылықтарды жаңарту, ауыстыру, қарызға беру, броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік резервтен алынуы;
2) мемлекеттік материалдық резерв (бұдан әрi - мемлекеттік резерв) жұмылдыру мұқтаждарына және төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде бiрiншi кезектегi жұмыстарды қамтамасыз етуге, iзгiлiк көмегiн көрсетуге және рынокқа реттеушiлiк ықпал жасауға арналған, ?кімет шешiмдерiмен айқындалған материалдық құндылықтардың жалпымемлекеттік ерекше қоры;
3) мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру мөлшерi мен сапасы бiрдей, тақiлеттес материалдық құндылықтарды белгiлi бiр шарттармен мемлекеттік резервке кейiннен қайтара отырып, материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығару;
4) материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке салу - мемлекеттік резервте сақтау үшiн материалдық құндылықтарды қабылдап алу;
5) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын ауыстыру мемлекеттік резервке салуға жататын материалдық құндылықтар стандарттары талаптарының және (немесе) номенклатурасының өзгеруiне байланысты солар тақiлеттес немесе бiр үлгiдегi басқа, мөлшерi бiрдей материалдық құндылықтарды оған бiр мезгiлде немесе уақыт өткiзiп сала отырып мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
6) материалдық құндылықтар - номенклатурасын (тiзбесiн) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкiлеттi органның алдына қойылған мiндеттердi қамтамасыз ету үшiн қажет өнiм;
7) жұмылдыру резервi - Қарулы Күштердің, басқа әскерлердiң және әскери құралымдардың қажеттерiн неғұрлым толық және тұрақты қамтамасыз етуге мемлекет экономикасын алдын ала дайындауға, жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытында, табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайларда шаруашылық кешенiнiң және халықтың кезек күттiрмейтiн мұқтаждарына арналған материалдық құндылықтар қоры;
8) азайтылмайтын қор - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары қорының тұрақты сақталатын көлемi;
9) операция жасау - материалдық құндылықтарды шығару және оларды мемлекеттік резервке жеткiзiп беру;
10) мемлекеттік резервтi жаңарту - материалдық құндылықтарды сақтаудың белгiленген мерзiмдерi аяқталғанға дейiн мөлшерi бiрдей және сапасы ұқсас материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке бiр мезгiлде немесе уақыт өткiзiп сала отырып, мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
11) материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке жеткiзiп беру материалдық құндылықтарды сатып алу және (немесе) оларды мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiне жөнелту (жеткiзу);
12) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi - сақтау шарттарында айтылған ережелерге орай, мемлекеттік резервке қойылған материалдық құндылықтарды сақтауды жүзеге асыратын, заңдарда белгiленген талаптарға сай келетiн заңды тұлғалар;
13) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын броньнан шығару - материалдық құндылықтарды кейiннен қайтарып алмайтын етiп мемлекеттік резервтен шығару;
14) тапсырысты орналастыру - республикалық бюджет қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған рәсiмдер негiзiнде немесе уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен тендерлiк негiзде материалдық құндылықтарды сатудан алынған қаражат есебiнен мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын жеткiзу және шығару үшiн жеткiзушiлер мен тұтынушыларды таңдау;
15) уәкiлеттi орган - атқару және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік резерв жүйесiне басшылықты жүзеге асырушы мемлекеттік орган.
2-бап. Мемлекеттік резерв туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік резерв туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының мемлекеттік резерв туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік резервтiң мақсаты
Қазақстан Республикасының мемлекеттік резервi:
1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мұқтаждарын қамтамасыз ету;
2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі бiрiншi кезектегi жұмыстарды қамтамасыз ету;
3) iзгiлiк көмегiн көрсету;
4) рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау мақсаттарында құрылады және пайдаланылады.
4-бап. Мемлекеттік резерв органдарының жүйесi
Мемлекеттік резервтi басқару жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкілеттi орган) және оған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мемлекеттік резервтiң бiрыңғай жүйесiн құрады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік резервке жалпы басшылықты жүзеге асырады және оны дамытудың бiрыңғай саясатын айқындайды;
2) мемлекеттік резервтi құрады;
3) мемлекеттік резерв органдары жүйесiнiң құрылымын ұсынады;
4) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын броньнан шығару және қарызға беру тәртібімен шығару туралы шешiм қабылдайды;
5) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының номенклатурасын және сақтау көлемiн бекiтедi;
6) қажет болған жағдайда мемлекеттік резервке белгiленген мөлшердiң үстiне материалдық құндылықтарды республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша салу туралы шешiм қабылдайды;
7) республикалық бюджеттiң жобасын әзiрлеуге қатысқан кезде мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сатып алу және сақтау жөніндегі шығыстарды қаржыландыруға қажет қаражатты айқындайды;
8) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен операция жасаудың тиiстi ережелерiн бекiтедi;
9) ұйымдардың жұмылдыру тапсырмаларын орындауы туралы және осы тапсырмаларды материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету туралы шарттар жасасу тәртібін белгiлейдi;
10) орталық атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау үшiн ұйымдардың тiзбесiн бекiтедi;
11) жұмылдыру резервiн сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге шығындарды өтеудiң, сондай-ақ төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау және iзгiлiк көмек көрсету үшiн шығарылатын мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары үшiн залалдарды өтеудің тәртібін айқындайды;
12) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауға арналған объектiлердi орналастыру және салу жөнiнде шешімдер қабылдайды.
6-бап. Орталық атқарушы органдардың мемлекеттік резерв
саласындағы өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік резерв саласындағы нормативтiк құқықтық актілерінiң орындалуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау үшiн ұйымдардың тiзбесi жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, олармен мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткiзу және сақтау үшiн шарттар жасасуға жәрдемдеседi;
3) материалдық құндылықтарды жеткiзу мен салуға және оларды сақтауға ұйымдарға ұйымдастырушылық көмек көрсетедi;
4) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын қарызға беру және броньнан шығару туралы уәкiлеттi органмен келiсе отырып, белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Yкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
7-бап. Уәкiлеттi орган
Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде:
1) мемлекеттік резерв жүйесiн басқаруды жүзеге асырады, мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын орналастыру, сақтау, толықтыру, алмастыру, жаңарту және нысаналы пайдалану кезiнде осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен операция жасаудың тиiстi ережелерiн әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекiтуге ұсынады;
3) мүдделi мемлекеттік органдардың қатысуымен мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау нормалары жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекiтуге енгiзедi;
4) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сатып алу және сақтау жөніндегі шығыстардың мөлшерi мен құрылымы бойынша заңдарда белгiленген тәртiппен Үкiметке ұсыныстар енгiзедi;
5) мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткiзуге тапсырыстарды орналастырады;
6) материалдық құндылықтарды (жаңарту және алмастыру тәртібімен) мемлекеттік резервтен шығару және оған жеткiзу туралы шешiм қабылдайды;
7) төтенше резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiнiң тiзбесiн жасайды;
8) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының сан және сапа жағынан сақталуына бақылау жасайды; сақтау пункттерiнде сақталатын материалдық құндылықтардың сақталуына тексеру (ревизия) жүргiзу туралы шешiм қабылдайды; тиiстi мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мамандарын заңдарда белгiленген тәртiппен тексеру (ревизия) жүргiзуге тартады; мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау және пайдалану тәртібінiң бұзылуына кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тексерудiң (ревизияның) материалдарын құқық қорғау органдарына жiбередi;
9) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын орналастырудың, сақтаудың, толықтырудың, жаңартудың және пайдаланудың шарттарда көзделген ережелерiн сақтау жөніндегі шарттық мiндеттемелердi сақтау пункттерiнiң дәлме-дәл орындауын бақылауды өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырады;
10) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен жасалатын операцияларға қатысушылармен шарттардан туындайтын талаптар бойынша борыш пен тұрақсыздық айыбын өндiрiп алуды заңдарға сәйкес жүзеге асырады;
11) заң актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінiң және Үкіметінiң актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2-тарау. Мемлекеттік резерв жүйесін қалыптастыру
8-бап. Мемлекеттік резервтi қаржыландыру
1. Мемлекеттік резерв жүйесiн ұстау және дамыту, мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен операциялар жүргiзу шығыстарын қаржыландыру:
1) республикалық бюджет қаражаты;
2) мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынатын қаражат;
3) уәкiлеттi органға бағынышты ұйымдардың заңдармен тыйым салынбаған қызметiнен алынған табыстар есебiнен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауға және олармен операциялар жасауға, сондай-ақ мемлекеттік резервтiң алдына қойылған мiндеттердi орындауға жыл сайын бөлiнетiн қаражат мөлшерi тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледi.
9-бап. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының
құқықтық мәртебесi
1. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының қорлары, олардың орналасқан жерiне қарамастан, республикалық меншiк болып табылады.
2. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi болып табылатын ұйымдарды шетел қатысатын ұйымдардың сенiмгерлiк басқаруына берген немесе оларды шетел қатысатын ұйымдар жекешелендiрген жағдайда материалдық құндылықтар Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен құпиялылық режимi сақтала отырып, басқа ұйымдарға орналастырылады.
10-бап. Мемлекеттік резервтiң азайтылмайтын қоры
Мемлекеттік резервтiң құрамында материалдық құндылықтардың азайтылмайтын қоры (оларды сақтаудың тұрақты өзгертiлмейтiн көлемi) жасалады. Мемлекеттік резервтiң азайтылмайтын қорында сақталуға тиiс материалдық құндылықтардың мөлшерiн, сондай-ақ оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
11-бап. Мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткiзiп
беруге тапсырыстарды орналастыру
1. Негiзiнен отандық өндiрiсте шығарылған материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке жеткiзiп беруге тапсырыстар оларды жеткiзiп берушiлер арасында:
1) республикалық бюджет қаражаты есебiнен, мемлекеттік сатып алу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен;
2) заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органның қойған шарттарына сәйкес тендер нысанында мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражат есебiнен орналастырылады.
2. Материалдық құндылықтарды сатудан алынған қаражат есебiнен мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткiзiп беруге уәкілеттi орган немесе оған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар тапсырыс берушi болады.
3. Мемлекеттік резервке жеткiзiлiп берiлетiн материалдық құндылықтар бүкiл сақтау мерзiмiнде сертификаттау және стандарттау туралы заңдардың талаптарына сәйкес келуге тиiс.
12-бап. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын
орналастыру
1. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда және мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiнде орналастырылады және сақталады.
2. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi сақтауға берiлген мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының сапасы мен саны жағынан сақталуына жауапты болады.
3. Жұмылдыру резервiнiң материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асырушы ұйымдардың тiзбесi, осы құндылықтардың номенклатурасы мен сақталу көлемi жұмылдыру жоспарында айқындалады.
4. Жұмылдыру тапсырмалары белгiленген ұйымдар мемлекеттік резервтегi материалдық құндылықтарды орналастыруды, сақтауды, уақтылы жаңартуды, алмастыруды, сондай-ақ шығаруды жұмылдыру тапсырмаларына сәйкес қамтамасыз етуге мiндеттi.
3-тарау. МемлекеттІк резервтI пайдалану
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды
шығарудың негiздерi мен тәртібі
1. Мемлекеттік резервтi пайдалану:
1) жұмылдыру мұқтаждары үшiн - Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың тиiстi жоспарлары негiзiнде;
2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі бiрiншi кезектегi жұмыстарды қамтамасыз ету, iзгiлiк көмек көрсету және рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығару:
1) оларды жаңартуға және ауыстыруға байланысты;
2) уақытша қарызға беру тәртібімен;
3) броньнан шығару тәртібімен;
4) төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшiн;
5) рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн;
6) iзгiлiк көмек көрсету үшiн жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен жаңарту және ауыстыру тәртібімен шығару уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Сақтауды жүзеге асырушы ұйымдардағы мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын жаңартуды, сондай-ақ оларды ауыстыруды ұйымдар қосымша бюджет қаражатын жұмсамай жүргiзедi.
5. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен қарызға беру тәртібімен шығару кезiнде қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган айқындайтын тәртiппен екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiк беруi осылай шығарудың мiндеттi шарты болып табылады.
6. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары, егер материалдық құндылықтарды алушы:
1) мемлекеттік бюджет алдында қарыздар болса;
2) мемлекеттік резервтiң өзi бұдан бұрын алған материалдық құндылықтарын қайтармаған болса;
3) банкротқа ұшырау кезеңiнде тұрса, қарызға беру тәртібімен шығарылмайды.
7. Материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығарған кезде уәкiлеттi орган алушымен тиiстi шарт (келісім-шарт) жасасады.
8. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту, алмастыру не броньнан шығару тәртібімен шығару уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тендерлiк нысанда жүргiзiледi.
9. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды иелiктен айыру олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған, не осы баптың 5-тармағына сәйкес екiнші деңгейдегi банктердiң кепiлдiгi берiлген жағдайда жүргiзiледi.
10. Мемлекеттік резервтен шығарылатын материалдық құндылықтар үшiн есеп айырысу ақшалай немесе айырбасқа тауарлар жеткiзiп беру арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
11. Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде пайдаланылған мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары алты ай мерзiмнен кешiктiрiлмей мемлекеттік бюджеттiң қаражаты есебiнен заттай түрде өтелуге тиiс.
14-бап. Мемлекеттік резервтiң қорларын рынокқа реттеушiлiк
ықпал жасау үшiн пайдалану
Ішкi рынокта сұраным мен ұсыным арасында дағдарысты құбылыстар мен қауiптi сәйкессiздiктер туындаған жағдайда мемлекеттік резервтiң ресурстары Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерi негiзiнде және заңдарға сәйкес рынокқа реттеушілiк ықпал жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
15-бап. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын тасымалдауды қамтамасыз ету
1. Төтенше жағдайлар туындаған немесе төтенше жағдай енгiзiлген реттерде мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарын тасымалдауды көлiк ұйымдары бiрiншi кезекте жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерi негiзiнде, онысы iшiнде зiлзалалардың, авариялардың, апаттар мен басқа да табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшiн мемлекеттік резервтен шығарылатын материалдық құндылықтарды меншiк нысандарына қарамастан көлiк ұйымдары жүктi тасымалдауға ұсыну бойынша алдын ала төлемсiз қабылдайды.
4-тарау. Мемлекеттік резервтің сақталуын
қамтамасыз ету
16-бап. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының мөлшерi мен қозғалысы туралы есеп беру
Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының мөлшерi мен қозғалысы туралы есеп беру заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Бұл орайда мемлекеттік резерв жүйесiнiң ұйымдарында және сақтау пункттерiнде мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарының қозғалысы бойынша есепке алу мен есеп беру мемлекеттік резервтi сақтау жөніндегі қызметтердi және ұйым жарғысында көзделген өзге қызметтi есепке алудан және олар бойынша есеп беруден бөлек жүргiзіледi.
17-бап. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргiзiлетiн операциялар бойынша мүлiктiк жауапкершiлiк
1. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргiзiлетiн операциялар бойынша мүлiктiк жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
2. Мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргiзiлетiн операцияларға қатысушылар арасындағы шартта мүлiктiк жауапкершiлiктiң қосымша шаралары көзделуi мүмкiн.
18-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттік резервтi қалыптастыру және пайдалану процесiне қатысушылар арасында туындайтын даулардың барлығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шешiледi.
19-бап. Мемлекеттік резерв туралы заңды бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк
Мемлекеттік резерв туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының