15-бөлім. Арнаулы салық режимдері
63-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңымен 368-бап толықтырылды
368-бап. Жалпы ережелер
1. Мыналарға:
1) шағын бизнес субъектiлерiне;
2) шаруа (фермер) қожалықтарына;
3) ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға;
4) кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерiне қатысты арнаулы салық режимдерi көзделедi.
2. Бiржолғы талон - арнаулы салық режимiн қолдану құқығын куәландыратын және төлем көзiнен ұсталатын жеке табыс салығын қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша бюджетпен есеп айырысу фактiсiн растайтын құжат.
3. Патент - арнаулы салық режимiн қолдану құқығын куәландыратын және салық сомаларының бюджетке төленген фактiсiн растайтын құжат.
4. Белгiлi бiр арнаулы салық режимiн қолдануға арналған патент нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
5. Патент жоғалған немесе бүлiнген жағдайда салық төлеушiнің өтiнiшi бойынша дубликат берiледi. Салық төлеушi бүлiнген патенттi салық органына тапсыруға тиiс.
6. Берiлген патенттердi тiркеудi салық органдары патенттердi тiркеу (беру) журналында жүргiзедi.
Тiркеу журналдарының нысандарын және оларды толтыру тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
7. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк, бiржолғы талон және патент бланкiлерi қатаң есептілік бланкiлерi болып табылады және ақша алынбай берiледi. Оларды басқа адамдарға беруге тыйым салынады.
8. Арнайы салық режимдері қолданылатын тұлғаларға салық салу мақсатында салық төлеушінің өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, орналасқан жері бойынша тұрақты жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол тұрақты болып есептеледі.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 369-бап өзгертілді
369-бап. Арнаулы салық режимдерiн қолдану ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстің 378 және 385-баптарында көзделмеген қызметтер бойынша ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi шаруа (фермер) қожалықтары мен заңды тұлғалар бюджетпен есеп айырысуды шағын бизнес субъектілерiне арналған арнаулы салық режимiнде жүзеге асыра алады.
2. Базарларда тауар сату бойынша (жалдау шарттары бойынша базарлар аумағындағы киоскілерде, тұрақты үй-жайларда (тұрақты үлгі бөлімдерде) өткізудi қоспағанда) бюджетпен есеп айырысу, осы Кодекстің 392-бабының 1-тармағында айқындалған тұлғалардан басқа, осы Кодекстiң 373-бабында белгiленген тәртiппен бiржолғы талон негiзiнде шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимi бойынша ғана жүргiзiледi.
Бұл ретте, рыноктарда өткізу бойынша бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын тұлғаларға осы Кодекстің 370, 371 және 379-баптарының ережелері қолданылмайды.
3. 392-баптың 1-тармағында белгiленген тұлғалар бюджетпен есеп айырысуды осы Кодекстің 391-397-баптарында көзделген кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерiне арналған арнаулы салық режимiнде ғана жүзеге асырады.
64-тарау. Шағын бизнес субъектілеріне арналған
арнаулы салық режимі
§ 1. Жалпы ережелер
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 370-бап өзгертілді
370-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстiң 371, 372, 374, 376-баптарында белгiленген талаптарға сай келетiн жеке кәсiпкерлер және заңды тұлғалар осы Кодекстiң мақсаттары үшiн шағын бизнес субъектiлерi деп танылады.
2. Арнаулы салық режимi шағын бизнес субъектiлерi үшiн, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, әлеуметтiк салықты және корпорациялық немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудiң оңайлатылған тәртібін белгiлейдi. Бұл орайда, осы Кодекстiң 146-162-баптарын қоспағанда, жоғарыда аталған салықтарды есептеу, төлеу және салық есептілігiн табыс ету тәртібі 77-140, 315-322, сондай-ақ 141-174-баптарда белгiленген шағын бизнес субъектiлерiне қолданылмайды.
Осы тармақта аталмаған салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша есептеу, төлеу және салық есептілігiн табыс ету жалпыға бiрдей белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған салықты есептеудiң оңайлатылған тәртібі салық салу объектiсiне осы Кодекстiң 375, 377-баптарында белгiленген ставканы қолдану жолымен жүргiзiледi.
4. Төлем көзiнен салық ұсталғанын растайтын құжаттар және (немесе) бiржолғы талон болған кезде, бұрын салық салынған табыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегiнен тыс жерлерде алынған (алынуға тиiс) табыстардың барлық түрлерiнен тұратын салық кезеңi iшіндегі табыс салық салу объектiсi болып табылады.
Осы Кодекстің 163-бабына сәйкес жеке кәсiпкердiң , мүлiктi жалға беруден түскен табыстарды қоспағанда, төлем көзiнен салық салынбайтын мүлiктiк табысы мен өзге де табыстары салық салу объектiсi болып табылмайды.
5. Бюджетпен есеп айырысуды патент негiзiнде жүзеге асыратын жеке кәсiпкер үшiн - күнтiзбелiк жыл, бюджетпен есеп айырысуды оңайлатылған декларация негiзiнде жүзеге асыратын шағын бизнес субъектiсi үшiн - тоқсан, салық кезеңi болып табылады.
6. Арнаулы салық режимiн қолданатын шағын бизнес субъектiлерi кәсiпкерлiк қызметтiң бiрнеше түрiн жүзеге асырған жағдайда табыс қызметтiң барлық түрлерiн жүзеге асырудың жиынтығымен айқындалады.
7. Арнаулы салық режимiн қолданатын және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылатын шағын бизнес субъектiлерi үшiн салық кезеңi iшiнде қосылған құн салығының сомасы табысқа қосылмайды.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 371-бап өзгертілд; 2005.15.04. № 45-III ҚР Заңымен 371-бап өзгертілді (бұр. ред. қара
371-бап. Арнаулы салық режимiн қолдану талаптары
1. Шағын бизнес субъектiлерi салықтарды есептеу мен төлеудiң, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігiн тапсырудың төменде аталған тәртiптерiнің бiреуiн ғана дербес таңдауға құқылы:
1) жалпыға бiрдей белгiленген тәртiп;
2) бiржолғы талон негiзіндегi арнаулы салық режимi;
3) патент негiзіндегі арнаулы салық режимi;
4) оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимi.
Бұл талап базарларда (жалдау шарттары бойынша базарлар аумағындағы тұрақты үй-жайларда сауда жасайтындарды қоспағанда) тауарлар өткiзетiн адамдарға қолданылмайды.
2. Салықтарды есептеу мен төлеудiң жалпыға бiрдей белгiленген тәртібіне ауысқан кезде жалпыға бiрдей белгiленген тәртiп екi жыл қолданылғаннан кейiн ғана арнаулы салық режимiне қайта ауысуға болады.
3. Мыналардың:
1) филиалдары, өкiлдiктерi бар заңды тұлғалардың;
2) филиалдардың, өкiлдiктердiң;
3) заңды тұлғалардың еншiлес ұйымдарының және тәуелдi акционерлік қоғамдардың;
4) әртүрлi елдi мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерi бар салық төлеушiлердiң арнаулы салық режимiн қолдануға құқығы жоқ.
4. Арнаулы салық режимi:
1) акцизделетiн өнiмдi өндiретiн;
2) консультациялық, қаржы, бухгалтерлiк қызмет көрсететiн;
3) мұнай өнiмдерiн өткiзетiн;
4) шыны ыдыстарды жинайтын және қабылдайтын;
5) жер қойнауын пайдаланатын;
6) мыналарды:
медициналық, дәрiгерлiк қызметтi, мал дәрiгерлiк саласындағы қызметтердi: мал дәрiгерлiк мақсаттағы препараттарды өндiру және өткізудi; мал дәрiгерлiк мақсаттарға арналған дәрi-дәрмек құралдарды, биологиялық препараттарды өткізудi; жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарға мал дәрiгерлiк-санитарлық сараптама жүргiзудi; мал дәрiгерлiк емдеу-профилактикалық қызметтерiн;
тұрғын үй коммуналдық-тұрмыстық объектiлердi газбен жабдықтау жөніндегі өндiру, жөндеу және құрылыс жұмыстарын;
күзет, өрт сигналы мен өрт сөндіру автоматикасы құралдарын жобалауды, монтаждауды, жөнге келтiрудi және оларға техникалық қызмет көрсетудi;
өртке қарсы қолданылатын техниканы, жабдықтарды және өрттен қорғау құралдарын өндiрудi;
жолаушылар лифтiлерiн монтаждауды, жөндеудi және оларға қызмет көрсетудi;
автомобиль көлiгiмен халықаралық жолаушылар және жүк тасымалын;
емдiк препараттар дайындау мен сатуды;
жобалау-iздестiру, сараптау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөніндегі жұмыстарын;
алкоголь өнiмдерiн бөлшек саудада сатуды;
пошта байланысы және телекоммуникациялар саласындағы қызметті, теледидарлық және дыбыстық (радио-хабарларын тарату) бағдарламаларды тарату жөніндегі қызметті жасау мен көрсетуді, жалпыреспубликалық магистральды, халықаралық байланыс желілерін жобалауды, салуды, іске қосуды және радиожиілік спектрін пайдалануды;
жолаушылар мен жүкті өзен көлігімен тасымалдауды;
жерге орналастыру, топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзудi;
өлшеу құралдарын жасауды және жөндеуді;
тарих және мәдениет ескерткіштерін археологиялық және жаңғырту жұмыстарын;
жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен байланысты қызметтердi: жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын орнатуды, монтаждауды, жөндеудi, пайдалануды;
іздестіру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтан атқылауға қарсы жұмыстарды;
пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі қызметті;
жалпы бастауыш, негізгі жалпы немесе жалпы орта; бастауыш кәсіптік білім, оның ішінде кәсіптер бойынша; орта кәсіптік, жоғары кәсіптік, жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіптік, оның ішінде мамандықтар бойынша білім беретін заңды тұлғалардың білім беру қызметін, сондай-ақ мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдардың қызметін;
жеке және заңды тұлғалардың күзет қызметін жүзеге асыруын;
электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді және таратуды;
өнеркәсіптік жарылыс-өрт қаупі бар және тау-кен өндірістерін, электр станцияларын, электр желілері мен қосалқы станцияларды, гидротехникалық құрылыстарды, магистральды газ-мұнай өнімдері құбырларын, көтергіш құралдарды, сондай-ақ қысыммен жұмыс істейтін қазандықтар, ыдыстар мен құбырларды жобалауды және пайдалануды;
химиялық, бұрғылау, мұнай-газ кәсіпшілігі, геологиялық барлау, кен-шахта, металлургия, энергетика жабдықтарын, жарылыстан қорғалған электротехникалық жабдықтарды, көтергіш құрылғыларды, сондай-ақ қысыммен жұмыс істейтін қазандықтарды, ыдыстар мен құбырларды бақылау, аварияға қарсы және дабыл беру аппаратуралары мен жүйелерін жобалауды, жасауды, монтаждауды және жөндеуді;
астық қабылдауды, өлшеуді, кептіруді, тазалауды, сақтауды және тиеуді;
темір жолдың жылжымалы құрамын жасау мен жөндеудi; қауiптi жүктерді тасымалдау үшiн қолданылатын арнаулы контейнерлерді жасау мен жөндеудi;
шетелдік валютамен қолма-қол бөлшек сауда жасауды және қызмет көрсетуді жүзеге асыруды;
ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, ақпаратты өңдеудің қорғалған техникалық құралдарын әзірлеуді, дайындауды, монтаждауды, реттеуді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және оларға сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметтің барлық түрiн;
экологиялық сараптама саласындағы табиғат қорғауды жобалауды, нормалауды және табиғат қорғау жұмыстарын қоспағанда, лицензияланатын қызмет түрлерiне қолданылмайды.
§ 2. Бiржолғы талон негiзіндегі арнаулы салық режимi
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 372-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
372-бап. Жалпы ережелер
1. Бiржолғы талон негiзіндегі арнаулы салық режимiн қызметi ара-тұра сипатта болатын жеке тұлғалар, сондай-ақ осы Кодекстiң 369-бабының 2-тармағында айқындалған тұлғалар қолданады.
2. Салық агенттерiмен жасалатын шарттар негiзiнде жүзеге асырылатын қызметтi қоспағанда, күнтiзбелiк жылда бәрiн жинақтағанда тоқсан күннен аспайтын қызмет ара-тұра сипаттағы кәсiпкерлiк қызмет деп ұғынылады.
373-бап. Бiржолғы талон негiзiнде бюджетпен есеп айырысу
тәртібі
1. Қызмет түрлерiнiң тiзбесiн, бiржолғы талондардың нысаны мен берiлу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
2. Бiржолғы талондардың құны кiрiс алынатын объектiнiң орналасқан жерiн, түрiн, қызметтi жүзеге асыру жағдайларын, сапасы мен көлемiн, сондай-ақ қызметпен шұғылдану тиiмдiлiгiне ықпал ететiн басқа да факторларды ескере отырып, салық органы жүргiзген орташа күндiк хронометраждық қадағалау мен зерттеу деректерi негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмiмен белгiленедi.
3. Жалдамалы еңбектi қолданбай бiржолғы талон негiзiнде ара-тұра сипаттағы қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылмайды және жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттік тiркеуден босатылады.
§ 3. Патент негiзiндегі арнаулы салық режимi
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 374-бап өзгертілді
374-бап. Жалпы ережелер
1. Патент негiзіндегі арнаулы салық режимiн мынадай талаптарға сай келетiн:
1) жалдамалы қызметкерлердiң еңбегiн пайдаланбайтын;
2) жеке кәсiпкерлiк нысанындағы қызметтi жүзеге асыратын;
3) жыл iшіндегі табысы 2,0 миллион теңгеден аспайтын жеке кәсiпкерлер қолданады.
2. Патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға мүмкiндiк бермейтiн жағдайлар туындаған ретте салық төлеушi оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiне не салықты есептеу мен төлеудiң жалпыға бiрдей белгiленген тәртібіне өтiнiш негiзiнде ауысады.
Аталған өтініш патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға мүмкіндік бермейтін жағдайлар туындаған кезде беріледі.
3. Патент жеке кәсiпкерге бiр күнтiзбелiк жыл шегiнде кемiнде бiр ай мерзiмге берiледi.
4. Жеке кәсiпкер патент алу үшiн кәсіпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жерi бойынша салық органына қызмет түрiн көрсете отырып, уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысанда өтiнiш және Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктi табыс етедi.
Кезектi патент алу үшiн патент алуға өтiнiш алдыңғы патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн ұсынылады.
Жеке кәсіпкер лицензиялауға жататын қызметтi жүзеге асырған жағдайда ол мұндай қызметтi жүзеге асыруға құқық беретiн лицензиясын көрсетуге мiндеттi. Бұл орайда патент лицензияның қолданылу мерзiмiнен аспайтын мерзiмге берiледi.
Жеке кәсіпкер жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асырған жағдайда, ол патент алуға берген өтінішінде тасымалдау түрін (жүйелі немесе жүйесіз тасымалдаулар) көрсетуге міндетті. Автомобильмен тасымалдаулар түрінің Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуін бақылауды автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
5. Салық төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын орны бойынша салық органына, кәсiпкерлiк қызметтi уақытша тоқтата тұру туралы өтiнiш берiлген жағдайды қоспағанда, патент алуға өтiнiшiн бермеуi оның салықты жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен есептеуге және төлеуге келісiмi деп саналады.
6. Салық органдары өтініш берілгеннен және бюджетке патенттің құны, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың төленгенін растайтын құжаттар көрсетілгеннен кейін бір күн ішінде патент беруді жүргізеді.
7. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк көрсетiлмейiнше, патент жарамсыз болады.
8. Патент негiзiнде арнайы салық режимiн қолданатын салық төлеушi салық органдарына Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар мен жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша есептемелердi ұсынбайды.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 375-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
375-бап. Патент негiзiнде бюджетпен есеп айырысу тәртібі
1. Патенттің құнын есептеудi жеке кәсiпкер мәлiмделген кiрiстiң 3 процентi мөлшеріндегі ставканы қолдану жолымен жүзеге асырады.
2. Патенттiң құны бюджетке мынадай түрде:
1) жеке табыс салығы - патент құнының 1/2 бөлiгi мөлшерiнде;
2) әлеуметтiк салық - Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына есептелген әлеуметтiк аударымдар сомасын алып тастағаннан кейiнгi патент құнының 1/2 бөлiгi мөлшерiнде төленуге тиiс.
3. Жеке кәсiпкердi iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған жағдайды қоспағанда, патенттiң күшi жойылған мерзiмге дейiн кәсіпкерлiк қызмет тоқтатылған кезде салықтың енгiзiлген сомасы қайтарылуға және қайта есептеуге жатпайды.
4. Нақты табыс патент алған кезде мәлiмделген табыстан асып кеткен жағдайда, салық төлеушi бес жұмыс күнi iшiнде асып кеткен соманы мәлiмдейдi және осы сомадан салық төлейдi. Салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша бұрын берiлген патенттiң орнына оған нақты табысы көрсетiлген жаңа патент берiледi.
Нақты табыс патент алған кезде мәлiмделген табыстан төмен болған жағдайда, артық төленген патенттiң құны салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша салық органы жүргiзген хронометраждық зерттеуден кейiн қайтарылады.
§ 4. Оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимi
23.11.02 ж. № 358-II; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 376 - бап өзгертілді
376-бап. Жалпы ережелер
1. Оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимiне салық кезеңi басталғанға дейiн көшу үшiн шағын бизнес субъектілерi өз қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша салық органына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысанда өтiнiш бередi.
Жаңадан құрылған заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға өтiнiштi заңды тұлға мемлекеттік тiркелгеннен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органына бередi.
Жаңадан құрылған жеке кәсiпкерлер оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға өз қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша тiркеуге қойылған күнi өтiнiш береді.
Қызметiн бір елді мекен шегіндегі деген әртүрлi аумақтық-әкiмшiлiк бiрлiктерде орналасқан бiрнеше объектiлерде жүзеге асырған кезде салық төлеушi оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға өтiнiш беру үшiн салық органын дербес анықтайды.
2. Мынадай талаптарға сай келетiн шағын бизнес субъектiлерi:
1) жеке кәсіпкерлер үшiн:
жеке кәсiпкердің өзiн қоса алғанда, қызметкерлердің шектi орташа тiзiмдiк саны салық кезеңi iшiнде жиырма бес адам болса;
салық кезеңi iшiнде шектi табысы 4500,0 мың теңге болса;
2) заңды тұлғалар үшiн:
қызметкерлердiң шектi орташа тiзiмдiк саны салық кезеңi iшiнде елу адам болса;
салық кезеңi iшiнде шектi табысы 25000,0 мың теңге болса, оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимiн қолданады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген талаптарға сай келмеген жағдайларда немесе арнаулы салық режимiнен өз еркiмен шыққан кезде шағын бизнес субъектiсi есептi тоқсаннан кейiнгi тоқсаннан бастап өтiнiш негiзiнде салықты есептеу мен төлеудiң жалпыға бiрдей белгiленген тәртібіне көшедi.
Жеке кәсiпкер осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында белгiленген талаптар өзгерген жағдайда (көрсеткiштер асып кетсе) ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген кездегі заңды тұлға ретінде оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы.
4. Салықты есептеу мен төлеудiң жалпыға бiрдей белгiленген тәртібінен оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимiне көшкен кезде әлеуметтiк, корпорациялық салық немесе жеке табыс салығын төлеу және олар бойынша есептіліктi тапсыру жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 377 - бап өзгертілді
377-бап. Оңайлатылған декларация негiзiнде бюджетпен есеп айырысу тәртібі
1. Салықты оңайлатылған декларация негiзiнде есептеудi шағын бизнес субъектiсi салық салу объектiсiне есептi салық кезеңiне тиiстi салық ставкасын қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
2. Жеке кәсіпкердің табысына мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиіс:
Тоқсандық табысы | Ставкасы |
3000,0 мың теңгеге дейін қоса алғанда | табыс сомасының 3 проценті |
3000,0 мың теңгеден жоғары - 6000,0 мың теңгеге дейін қоса алғанда | 90,0 мың теңге + 3000,0 мың теңгеден асатын табыс сомасынан 4 процент |
6000,0 теңгеден жоғары | 210,0 мың теңге + 6000,0 теңгеден асатын табыс сомасынан 5 процент |
3. Заңды тұлғаның табысына мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиіс:
Тоқсандық табысы | Ставкасы |
3000,0 мың теңгеге дейін қоса алғанда | табыс сомасынан 3 проценті |
3000,0 мың теңгеден жоғары - 10000,0 мың теңгеге дейін қоса алғанда | 90,0 мың теңге + 3000,0 мың теңгеден асатын табыс сомасынан 4 процент |
10000,0 теңгеден жоғары - 18000,0 мың теңгені қоса алғанда | 370,0 мың теңге + 10000,0 теңгеден асатын табыс сомасынан 5 процент |
18000,0 теңгеден жоғары | 770,0 мың теңге + 18000,0 теңгеден асатын табыс сомасынан 7 процент |
4. Егер есептi кезеңнiң қорытындысы бойынша жалдамалы қызметкерлердiң
орташа айлық жалақысы Қазақстан Республикасының заң актілерінде
белгiленген ең төменгi айлық жалақының жеке кәсіпкерлердің кемiнде 2 еселенген, заңды тұлғалардың кемiнде 2,5 еселенген мөлшерiндей
болса, онда осы баптың 2 немесе 3-тармағына сәйкес салық кезеңi iшiнде есептелген салық сомасы, қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк санын негiзге ала отырып, әрбiр қызметкер үшiн салық сомасының 1,5 процентi мөлшеріндегі сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге тиiс.
5. Табыстың шектi мөлшерi осы Кодекстiң 376-бабының 2-тармағында белгiленгеннен асып кеткен жағдайда, салық сомаларын есептеу табыстың шектi сомасынан және нақты алынған табыс сомасынан жеке-жеке жүргiзiледi. Салықтың осы сомаларының арасындағы айырма осы баптың 4-тармағында көзделген түзетусiз бюджетке төленуге тиiс.
Осы баптың 4-тармағында көзделген түзетуге табыстың шектi сомасынан есептелген салық сомасы ғана жатады.
6. Шектi орташа тiзiмдiк сан осы Кодекстiң 376-бабының 2-тармағында белгiленгеннен асып кеткен жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген түзету осы Кодекстiң 376-бабының 2-тармағында белгiленген шектi орташа тiзiмдiк санға ғана жүргiзiледi.
7. Оңайлатылған декларация тоқсан сайын, есептi салық кезеңiнен кейiнгi айдың 10-ынан кешiктiрiлмей, салық органына табыс етiледi.
8. Оңайлатылған декларация бойынша есептелген салықты бюджетке төлеу жеке (корпорациялық) табыс салығы және әлеуметтiк салық түрiнде салық есептілігi кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзiледi.
Бұл ретте жеке (корпорациялық) табыс салығы оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде, әлеуметтiк салық - Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заң актiсiне сәйкес Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандырудың қорына есептелген әлеуметтiк аударымдар сомасын алып тастағаннан кейiнгi оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 бөлiгi мөлшерiнде төленуге тиiс.
9. Оңайлатылған декларацияны табыс ету және салықтарды төлеу оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға өтiнiш берген жерi бойынша салық органында жүргiзiледi.
65-тарау. Шаруа (фермер) қожалықтарына арналған
арнаулы салық режимI
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 378-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
378-бап. Жалпы ережелер
1. Шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимi бiрыңғай жер салығын төлеу негiзiнде бюджетпен есеп айырысудың айрықша тәртібін көздейдi және акцизделетiн өнiмдердi өндiру, ұқсату және сату жөніндегі қызметтi қоспағанда, ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру, өзi өндiрген ауыл шаруашылық өнiмдерiн ұқсату және оны өткізу жөніндегі шаруа (фермер) қожалықтары қызметiне қолданылады.
2. Жеке меншiк құқығымен және (немесе) жер пайдалану құқығымен (кейiнгi жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелерi болған кезде шаруа (фермер) қожалықтарына арнаулы салық режимiн қолдану құқығы берiледi.
3. Шаруа (фермер) қожалықтары осы арнаулы салық режимiн немесе салық салудың жалпыға бiрдей белгiленген тәртібін дербес таңдауға құқылы.
4. Шаруа (фермер) қожалықтары арнаулы салық режимiн қолдану үшiн жыл сайын 20 ақпаннан кешiктiрмей жер учаскесi орналасқан жердегi салық органына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша өтiнiш бередi.
Салық төлеушiнiң аталған мерзiмде өтiнiш бермеуi оның бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға келісімi деп есептеледi.
20 ақпаннан кейiн құрылған шаруа (фермер) қожалықтары Жеке кәсіпкердi мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін алған күнi арнаулы салық режимiн қолдану құқығына өтiнiш бередi.
20 ақпаннан кейiн басқа әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағындағы жер учаскесiне құқық туындаған жағдайда шаруа (фермер) қожалығы осы жер учаскесi орналасқан жерi бойынша тiркеу есебiне қойылған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде салық органына арнайы салық режимiн қолдану құқығына өтiнiш бередi.
Осы арнайы салық режимi қолданылмайтын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiлер де 20 ақпаннан кейiн жер учаскесiне құқық туындаған жағдайда арнайы салық режимiн қолдану құқығына өтiнiштi салық органына осы жер учаскесi орналасқан жерi бойынша тiркеу есебiне қойылған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде бередi.