2006 ж. 5 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған 42-баптың редакциясы
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертiлдi
42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу және
қайта тiркеу
1. Заңды тұлға әдiлет органдарында мемлекеттік тiркеуден өтуге тиiс. Мемлекеттік тiркеу тәртібі заңдарда белгiленедi.
2. Мемлекеттік тiркеу деректерi, соның iшiнде коммерциялық ұйымдар үшiн фирмалық атауы заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттік регистрiне енгiзiледi.
3. Заңды тұлға мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заң құжаттарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.
Филиалдар мен өкiлдiктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тiркелуге жатады.
5. Заңды тұлға құрудың заңда белгiленген тәртібін бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуi заңды тұлғаның мемлекеттік тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиiмсiздiгiн желеу етiп тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
Мемлекеттік тiркеуден бас тартқаны, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтарғаны үшiн сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:
1) жарғылық капиталының мөлшерi азайтылған;
2) атауы өзгергенде;
3) шаруашылық серiктестiктерiндегi қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерiн қоспағанда) қайта тiркелуге тиiс.
Аталған негiздер бойынша құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерістер заңды тұлға қайта тiркелмейiнше жарамсыз болып табылады.
Құрылтай құжаттарына басқа өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген ретте заңды тұлға бұл туралы тiркеушi органды бiр айлық мерзiмде хабардар етедi.