“Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергiлiктi атқарушы
органдарының Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын
дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын
iске асыру шеңберiнде салынған тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының
азаматтарына сату ережесін бекіту туралы”
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 923 қаулысы
(2005.29.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 9 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекiтілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергілiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде салынған тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының азаматтарына сату ережесi бекітілсiн.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) осы Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үйдi сатуды жүргiзсiн;
2) тоқсан сайын, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей тұрғын үйдi сату туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне берсiн.
3. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлiкке меншiк құқықтарын тiркеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын.
4. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 923 қаулысымен
бекітілген
Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергiлiктi
атқарушы органдарының Қазақстан Республикасында тұрғын
үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде салынған
тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының азаматтарына сату
ережесi
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекiтілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде республикалық бюджеттен қайтарымды негiзде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілiктi атқарушы органдарына бөлiнетiн қаражат есебiнен салынған тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының азаматтарына сату тәртібін анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Тұрғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі уәкілетті жергілікті мемлекеттік органдар (бұдан әрі - Уәкілетті орган) тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін төрт ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен тұрғын үйді сату, оның ішінде құжаттарды қабылдау орны, құжаттарды қабылдаудың аяқталу күні туралы ақпаратты таратады және жарияланған күнінен бастап екі айдың ішінде құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Жарияланғаннан кейiн Қазақстан Республикасының азаматтары Уәкілеттi органға осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтiнiштер, отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, отбасы құрамы туралы анықтаманы, өтілін, оның ішінде мемлекеттік қызмет өтілін көрсете отырып, жұмыс орнынан анықтаманы, неке туралы куәліктің көшірмесін (ондай болған жағдайда), жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтаманы береді.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Уәкілеттi орган тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін екі ай бұрын тиiстi екiншi деңгейдегi банкке не банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға (бұдан әрi - қарыз берушi) өтiнiштер берген Қазақстан Республикасы азаматтарының аты-жөнiн және осы азаматтар үмiткер тұрғын үй туралы ақпаратты ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қарыз берушi тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін бір ай бұрын Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілiгiн анықтайды және Уәкiлеттi органға қарыз берушi қарыз берудi жоспарлап отырған азаматтардың аты-жөнiн бередi.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Төлем қабілеттілігі расталған азаматтар туралы ақпаратты қарыз берушілерден алғаннан кейін уәкілетті орган осы Ереженің 3-тармағында көзделген құжаттарда көрсетілген деректерді көрсете отырып, азаматтардың бірыңғай тізімін жасайды және құрамына қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін, облыс әкімдерінің (қалалардың, аудандардың) басшылығымен жергілікті атқарушы орган құрған комиссия шешімінің негізінде тұрғын үй сату туралы шешім қабылдайды.
Тұрғын үй сатып алуға басым құқық мыналарға:
1) балалары бар жас отбасыларға;
2) мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердiң қызметкерлерiне;
3) әлеуметтiк сала мемлекеттік кәсiпорындарының қызметкерлерiне беріледi.
Басқа да тең жағдайлар болғанда жас отбасыларына тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде ең көп бала саны бар өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
Басқа да тең жағдайлар болғанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне және басқа да өтініш берушілерге тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде ең көп жұмыс өтілі бар өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
Басқа да тең жағдайлар болғанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде зайыбы (жұбайы) да аталған ұйымдардың қызметкері болып табылатын өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
Тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығарған кезде, сондай-ақ өтініш берушінің ағымдағы тұрғын үй жағдайы, атап айтқанда тұрғын үйінің жоқтығы, егер алып отырған пайдалы алаңның мөлшері бір адамға шаққанда кемінде 15 (он бес) шаршы метрден аз болған жағдайда тұрғын үй жағдайын жақсарту қажеттігі және 2004 жылдан бастап тұрғын үйді иеліктен шығару фактілері назарға алынады.
Бұл ретте төлем қабілеттілігін қарыз беруші растаған және олардың қаралуы бұрынғы тұрғын үйді сатуды аяқтаумен байланысты кейінге қалдырылған азаматтардың өтініштері төлем қабілеттілігін екінші рет растаған жағдайда бірінші кезектегі тәртіппен қаралады.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Уәкілетті орган тұрғын үйге меншік құқығын мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматымен шартты жасасу сәтіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген АҚШ долларына шаққандағы теңгенің ресми бағамы бойынша бағасы анықталатын тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жасасады.
Қазақстан Республикасының азаматы бюджетке жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым сомасын төлегенін растайтын құжатты ұсынғаннан кейін Уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен азаматқа тұрғын үйге меншік құқығын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады, ал азамат Уәкілетті орган көрсеткен деректемелер бойынша бастапқы жарнаның сомасын енгізеді.
Тұрғын үйге меншік құқығын тіркегеннен кейін Уәкілетті орган қарыз берушіге құқығын белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын береді.
ҚР Үкіметінің 2005.29.06. № 649 қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8. Қарыз беруші және тұрғын үй иесі банктік қарыз бен ипотека шарттарын жасасады. Тұрғын үй иесі шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде сатып алынған тұрғын үйді Қарыз берушіге кепілге береді.
Бұл ретте банктік қарыз шарты Қазақстан Республикасының азаматында үш жыл ішінде мерзімінен бұрын өтеу құқығының болмауы туралы шартты қамтуы тиіс.
Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде қарыз беруші Уәкілетті орган көрсеткен шотқа қарыз сомасын аударады.
9. Мыналар қаржыландыру көзi бола алады:
1) мынадай параметрлерi бар ипотекалық қарыздар:
сыйақы ставкасы қарыздың бүкiл мерзiмiне жылдық 10 (он) пайызға дейiн;
қарыз мерзiмi 20 (жиырма) жылға дейiн;
бастапқы жарнасы кемiнде 10 (он) пайыз;
2) тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесiнiң тұрғын үй қарыздары.
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 29 шілдедегі № 792 Қаулысымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) Астана, Алматы және Атырау қалаларында салынған тұрғын үйлердi сатып алу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке қаражаты.
Ережеге қосымша
Өтiнiш
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес
маған───────────────────── (туған жылын көрсете отырып, Т.А.Ә.)
алаңы───────────────────── ш.м. тұрғын үй сатуыңызды сұраймын
──────────────────────────────────────────────────────────────────
──────────────────────────────────────────────────────────────────
──────────────────────────────────────────────────────────────────
(тұрғын үйдiң сипаттамасы (бөлмелердiң саны, қабаты және өзгелер)
көрсетілген ақпарат), сондай-ақ жұмыс орны, атқаратын қызметi
және т.б. туралы қысқаша ақпарат)
Отбасы ___ адамнан тұрады:
───────────────────────────────────────────────────────────────────
───────────────────────────────────────────────────────────────────
Жұмыс стажы ─── жыл (мемлекеттік бюджеттiң қаражаты есебiнен
ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердiң, әлеуметтiк сала
мемлекеттік кәсiпорындарының қызметкерлерi ғана толтырады)
Болжамды қарыз беруші (лер): ───────────────────────────────
──────────────────────────────────────────────────────────────────
200──── жылғы "───" ────────────────
─────────────
(қолы)
Өтініштi қабылдаған:
──────────────────── (Т.А.Ә., лауазымы)
───────────────────── (қолы)