Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы қызметтің
жекелеген түрлерiн лицензиялау ережесін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 7 шілдедегі № 667 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 29.05.04 ж. № 600 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 9 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы қызметтің жекелеген түрлерiн лицензиялау ережесi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын:
1) "Жолаушылар мен жүктердi әуе көлiгімен тасымалдауды және Қазақстан Республикасының әуежайларында әуе кемелерiне, жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты әуежайлық қызметтердi лицензиялау туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 23 шiлдедегі № 1150 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 34, 310-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 23 шiлдедегi № 1150 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 1 сәуірдегі № 279 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 10, 73-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
?кіметінің
2003 жылғы 7 шілдедегі
№ 667 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы
саласындағы қызметтің жекелеген түрлерiн лицензиялау
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы қызметтің жекелеген түрлерiн лицензиялау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына, "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының әуe кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы заң күшi бар Жарлығына сәйкес әзiрленген.
2. Осы Ереже азаматтық авиация саласындағы қызметтің лицензияланатын түрлерiне біліктiлiк талаптарын белгiлейдi және уәкiлеттi органның лицензия беру тәртібін анықтайды.
2. Мiндеттi лицензиялауға жататын қызмет түрлерi
3. Азаматтық авиация саласында мiндеттi лицензиялауға қызметтің мынадай түрлерi жатады:
1) әуе көлiгiмен жолаушылар мен жүктердi тасымалдау;
2) авиациялық жұмыстар;
3) қауiптi жүктердi тасымалдау;
4) әуежай қызметi, соның iшiнде:
а) азаматтық әуе кемелерiн, жолаушыларды қабылдау, шығарып салу және оларға қызмет көрсету, қолжүкті, жүктердi, почтаны өңдеу, оларды тексеру және бақылау;
б) әуеайлақ, әуежай, аэронавигация объектiлерiн ұстау, жөндеу және пайдалану;
в) әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметi, бақылауға алынған аймақта бақылау-өткізу режимiн қамтамасыз ету және өрт қауiпсiздігін қамта масыз ету;
г) азаматтық әуе кемелерiнің ұшуларын жарық техникасымен қамтамасыз ету және әуежай, әуеайлақ, аэронавигация объектілерiн энергиямен жабдықтау;
д) азаматтық әуе кемелерiн, әуежай объектілерi мен қызметтерін жанар-жағар май материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;
e) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларға және басқа да тұтынушыларға арнайы автокөлiк құралдарын ұсыну;
ж) әуежайларда және азаматтық әуе кемелерінде экипажды, жолаушыларды тамақпен қамтамасыз ету;
з) жолаушыларға, экипажға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректермен ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету;
5) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегi қызметтер.
3. Қызметтің лицензияланатын
түрлерiне қойылатын біліктiлiк талаптары
4. Әуе көлiгiмен жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру құқығына лицензия:
1) уәкiлетті орган берген қолданылып жүрген азаматтық әуе кемесi пайдаланушысының сертификаты болуы.
Шетел азаматтарына немесе заңды тұлғаларға қатысты шетелдiк мемлекеттiң құзыреттi билiк органдары беретiн және Қазақстан Республикасында белгіленген талаптарға жауап беретiн пайдаланушының сертификаттары немесе оларға ұқсас құжаттар танылады;
2) Қазақстан Республикасында немесе басқа мемлекетте мемлекеттік тiркеуден өткен және уәкілетті орган немесе шетелдік мемлекет берген Қазақстан Республикасында жарамды деп танылған қолданыстағы ұшу жарамдылығы сертификаттары бар әуе кемелерiн пайдалануы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен мiндеттi сақтандырудың түрлерiн қамтамасыз етуi;
4) санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы болуы;
5) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшiн тұлғаның қосымша:
а) Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ICAO) авиакомпанияның тiркелгенi туралы куәлiгi;
б) пайдалану мақсаты үшiн үш әрiптi (ICAO) коды;
в) халықаралық жолаушылар және жүк тасымалдарын ресiмдеу үшiн тасымалдау құжаттамасының белгiленген тiзбесi болуы тиiс тұлғаға беріледi.
ҚР Үкіметінің 29.05.04 ж. № 600 қаулысымен 5-тармақ толықтырылды
5. Авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру құқығына лицензия осы Ереженің 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес болуы тиiс тұлғаға берiледi.
Авиациялық-химиялық жұмыстарды жүзеге асыру үшiн тұлғада қосымша санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы болуға тиiс.
6. Қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру құқығына лицензия осы Ереженің 4-тармағының 1)-4) тармақшаларында көрсетiлген талаптарға сәйкес болуы тиiс тұлғаға берiледi.
7. Әуежай қызметiмен айналысу құқығына лицензия:
1) мәлiмделген жұмыстар мен қызмет түрлерiн орындау қабiлеттігiн растайтын тиiстi сертификаты, куәлiгi немесе құжаттары бар әуежай (әуеайлақ) пайдаланушысы немесе басқа тұлға болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен мiндеттi сақтандырудың түрлерiн қамтамасыз етуі;
3) санитарлық және экологиялық қадағалау органдарының қорытындысы болуы;
4) аэровокзал ғимаратына, жер бетiндегi және әуе көлiгi құралдарын мүгедектердiң қауіпсіздік кіруін қамтамасыз ететін мүліктерi, жабдықтары, құралдары болуы тиiс тұлғаға беріледi.
8. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегi қызметтердi жүзеге асыру құқығына лицензия:
1) уәкiлеттi орган немесе шетел мемлекетi берген Қазақстан Республикасында жарамды деп танылған авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегi қызметтерге арналған сертификаты болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен мiндеттi сақтандырудың түрлерiн қамтамасыз етуi тиiс тұлғаға беріледi.
4. Қызметтiң лицензияланатын түрлерiн жүзеге
асыру құқығына лицензия алу үшін қажетті құжаттар
9. Қызметтің лицензияланатын түрлерiн жүзеге асыру құқығына лицензияны ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілеттi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген нысан бойынша өтінішті;
2) осы Ереженің 4-8-тармақтарында көрсетiлген қызметтің осы түрiне арналған біліктілiк талаптарына өтiнiш берушiнің сәйкестiгiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн;
3) лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың көшiрмесi.
5. Лицензияны беру туралы өтiнiштi қарау мерзiмдерi
10. Егер заңнамалық кесiмдерде өзгеше мерзiм белгіленбесе, лицензияны барлық қажеттi құжаттарымен өтiнiштi берген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектiлерi үшiн - он күндiк мерзiмнен кешiктiрмей азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілеттi орган бередi.
6. Лицензиялық алым
11. Азаматтық авиация саласындағы қызметтердiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымдар ставкасы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес белгiленедi. Лицензиялық қызметпен айналысудың барлық кезеңiне берiлетiн лицензия лицензияны беру сәтіндегi лицензиялық алымның бір жолғы төлемiмен жүзеге асырылады.
7. Лицензияның әрекет ету шарттары
12. Лицензияның әрекет ету шарттары, соның iшінде лицензия беруден бас тарту, лицензияның әрекетiн тоқтату, лицензияны қайтарып алу және оның қолданылуын тоқтата тұру тәртібі "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.