334. АҰЕ бойынша ұшу үшiн, егер әуеайлақта ұшып келетiн уақытқа:
1) бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi 50 м-ге және көру мүмкiндiгi 500 м-ге минимумнан жоғары;
2) егер әуеайлақ санатталған минимум бойынша пайдалануға рұқсат етiлген, ал ұшқыш пен әуе кемесi тиiстi санат бойынша ұшуға жiберiлген болса, бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi кемiнде 90 м және көру мүмкiндiгi кемiнде 1000 м;
3) таңдап алынған қосалқы әуеайлақ ұшып баратын әуеайлақтан 50 км-ден аспайтын жерде орналасқан жағдайда бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi 100 м-ге және көру мүмкiндiгi 1000 м-ге минимумнан жоғары деп болжанса ол қосалқы әуеайлақ ретiнде таңдалады.
335. Таудағы әуеайлақ, егер әуеайлақ алдын ала дайындық кезiнде зерттелсе және онда төмендеу және қонуға беттелу схемасы бойынша тренажерде жаттығу жүргiзiлген болса, ал әуе кемесiнiң командирi 1-сыныпты ұшқыш болса алдын ала тексерiлмей-ақ қосалқы әуеайлақ ретiнде таңдап алынады.
336. Қолайсыз аэронавигациялық және (немесе) метеорологиялық жағдай, сондай-ақ жанармай құю қосалқы әуеайлақ таңдауға мүмкiндiк бермесе, әуе кемесiнiң командирiне (ұшқышына) қосалқы әуеайлаққа немесе ұшып шығу әуеайлағына арналған шептi есептеу арқылы, ұшуға шешiм қабылдау құқығы берiледi, егер:
1) кететiн межеден ұшып баратын әуеайлаққа және қосалқы әуеайлаққа дейiн ұшу ұзақтығы есеп бойынша 2 сағаттан аспаса;
2) ұшып баратын және қосалқы әуеайлақтарда нақты ауа райы минимумнан төмен емес (ұшу ұзақтығы есеп бойынша 2 сағаттан аспаса - нақты ауа райына байланысты емес);
3) ұшып баратын және қосалқы әуеайлақтарға ұшып келген уақытқа ауа райының болжамы осы Ережеде белгiленген талаптарға сай келсе, бұл ретте қосалқы әуеайлаққа немесе ұшып шыққан әуеайлаққа ұшып жету жағын ескерiп шешiм қабылдауға құқық берiлген, ал әуе кемесiнiң бортындағы жанармайдың есептiк шамасы ұшып баратын әуеайлаққа ұшып келген кезде айналу биiгiнде кемiнде 1 сағат ұшуға жететiн болу керек. Кету межесiн қосалқы әуеайлаққа ұшып келудiң есептiк уақытына алғанда, әуе кемесiнiң бортындағы жанармай мөлшерi айналу биiгiнде кемiнде 30 минут ұшуға жететiндей қалған жағдайда анықталады.
337. Әуе кемесiнiң командирi, егер:
1) ұшып баратын әуеайлақта бiрiн-бiрi қиып өтпейтiн, осы үлгiдегi әуе кемелерiнiң қонуына жарамды ҰҚЖ, оның iшiнде осы ӘК үлгiдегi қонуға жарамды қара жол ҰҚЖ болса;
2) ұшып баратын әуеайлақта ұшып келетiн кезге алғандағы нақты және болжамды көру мүмкiндiгi 2000 м-ге және бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi 150 м-ге, осы екi ҰҚЖ үшiн белгiленген ең көп минимумнан жоғары болса (қону кезiнде пайдаланылатын жүйе бойынша);
3) ұшып баратын әуеайлаққа ұшып келген кездегi әуе кемесiнiң бортындағы жанармайдың есептiк қалдығы айналу биiктiгiнде кемiнде 1 сағат ұшуға жететiн болса, аспаптар бойынша ұшу ережесiмен қосалқы аэродромсыз ұшуға шешiм қабылдауға құқылы.
338. КҰЕ бойынша ұшуды орындау үшiн әуе кемесiнiң командирi (ұшқыш) мынадай жағдайларда:
1) ұшып шығатын, ұшып баратын және қосалқы әуеайлақтарда нақты ауа райы әуе кемесi командирiнiң минимумына сай келедi және КҰЕ бойынша ұшу үшiн көзделгеннен төмен емес болса;
2) бағыт (авиациялық жұмыстар ауданы), ұшып баратын және қосалқы әуеайлақтар бойынша болжамды көру мүмкiндiгi мен бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi әуе кемесi командирiнiң және КҰЕ бойынша ұшу үшiн көзделген минимумнан төмен болмаса;
3) ұшу бағыты бойынша (авиациялық жұмыстар ауданында) айналып өту мүмкiн емес қауiптi метеорологиялық құбылыстар болжанбайтын болса ұшуға шешiм қабылдайды.
339. Қосалқы әуеайлақ болмаған жағдайда, егер ұшып баратын әуеайлаққа ұшып келетiн уақытқа сол әуеайлақта көру мүмкiндiгi 500 м және бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi 50 м белгiленген минимумнан жоғары болады деп болжамданса, КҰЕ бойынша ұшып шығуға шешiм қабылдау рұқсат етiледi.
КҰЕ бойынша ұшып шығуға шешiм қабылдағанда көру мүмкiндiгiнiң және/немесе бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi олардың болжамдағы бiртiндеп және тез, уақытша және қысқа уақытқа өзгеруiнiң ең аз шамасы алынады.
340. КҰЕ бойынша ұшып шығуға шешiм қабылдағанда ұшу бағыты бойындағы, ұшып шығатын, ұшып баратын және қосалқы әуеайлақтардағы бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi, егер нақты және болжамды мөлшерi ұшу биiктiгiнiң астында 2 октанттан аспаса және ұшу бұлттардың жоғарғы шекарасынан кемiнде 300 м биiктiкте қамтамасыз етiлсе есепке алынбайды.
341. Ұшып шығатын әуе кемелерiне диспетчерлiк қызмет көрсетiлгенде әуе кемелерiн ұшыру рәсiмi ұшқыштың (экипаж) ӘҚҚ диспетчерлiк пункттен қозғалтқышты iске қосу алдында немесе от алдырғаннан кейiн алдын ала стартқа дейiн ұшу шарттарын және диспетчердiң рұқсатын алуды көздейдi.
342. Диспетчердiң рұқсаты:
ӘК шақыру белгiсiн, пайдаланылатын ҰҚЖ, ұшып баратын әуеайлаққа дейiн немесе пунктке дейiн баруға рұқсатты, ұшу бағыты немесе аспаптар бойынша ұшып шығудың стандартты сызбасын, ұшып шыққаннан кейiн алуға рұқсат етiлген эшелонды, СКВОК (ҚШРЛ радиолокациялық тану коды) және әуе қозғалысына қызмет ететiн келесi диспетчерлiк пунктпен және қажеттілігiне қарай басқалармен байланыс жиiлiгiн қамтиды.
Диспетчерлiк рұқсатты әуе кемесiнiң экипажы толық растауға тиiс.
343. Ұшу шарты мыналарды қамтиды:
1) жердегi желдiң бағыты мен жылдамдығы туралы мәлiметтердi (оның екпiнi), көру мүмкiндiгiнiң шамасын (ҰҚЖ көру қашықтығы), егер ол 2000 м-ден аз болса;
2) атмосфералық қысымның шамасын, QNH немесе QFE биiктiк өлшеу құрылғысы үшін;
3) ауа температурасын (ГТҚ үшiн шық тұру нүктесi) немесе экипаждың сұрауы бойынша.
344. Ұшар алдында ұшқышқа (экипажға) диспетчер:
1) жердегi желдiң бағыты мен жылдамдығының кез келген елеулi өзгерiсiн, көру мүмкiндiгiнiң шамасын, егер 2000 м-ден кем болса, ҰҚЖ көру мүмкiндiгiнiң ара қашықтығын;
2) ұшып шығатын және биiктiк алатын аймақтағы ерекше метеорологиялық жағдайларын;
3) ұшу сызбасының (траекториясының) стандарттан өзгеше және ААТЖ кiрмеген кез келген өзгерiсiн қосымша хабарлайды.
Қозғалтқыш iске қосылғаннан кейiн РДП (Мұнараның) диспетчерi алдын ала старт алуға және СДП (Мұнараның) диспетчерi атқарушы стартқа нұсқау бередi.
Ұшып шығатын әуе кемелерiнiң экипаждары үшiн ААТЖ бойынша берiлетiн мiндеттi хабарлардың және ӘҚҚ әуеайлақ пунктiнiң диспетчерiнен берiлетiн қосымша ақпараттардың тiзбесi ИКАО-ның 11-қосымшасына сәйкес анықталады.
345. Iс жүзіндегі әуе жағдайларын ескере отырып, ӘҚҚ диспетчерi ұшу үшiн экипажға "слот-тайм" тағайындауы мүмкiн. Ұшу уақыты не тіркелген не анықталған ара қашықтықта көрсетiледi. Ұшу үшiн тағайындалған "слот-тайм" алғаннан кейiн ұшқыш (экипаж) тағайындалған уақытта ұшуға дайын болуы үшiн қозғалтқыштарды (қозғалтқышты) iске қосудың уақытын дербес есептейдi.
346. Атқарушы стартта тоқтаусыз ұшқан кезде пилот (экипаж) ұшуға рұқсат сұрайды және оны рульдеу процесiнде немесе әуе кемесiнiң ҰҚЖ шыққан сәтiнде диспетчерден алады.
347. Егер ұшуға рұқсат алғаннан кейiн ӘК экипажы 40 секунд өткеннен кейiн ұшуды бастамаса, экипаж жаңадан рұқсат сұрауға немесе ұшудың жаңа уақытын хабарлауға мiндеттi.
26-тарау. Ұшу-қону операцияларының ең аз аралығы
348. Әуе кемелерiнiң ұшатын үшін ұшуға және қонуға бет алған әуе кемелерiнiң орналасқан жерiн ескере отырып, рұқсат етiлген ең аз (қауiпсiз) аралық белгiленедi.
349. Әуе кемелерiнiң ұшуы мен қонуы арасындағы ең аз уақыттық ара қашықтық:
1) бiр ҰҚЖ-нан және остерiнiң аралығы 760 метрден аз болатын қатарлас ҰҚЖ-нан ұшқанда - 45 секунд;
2) остерiнiң арасындағы қашықтығы 760 метр және одан көп болатын қатарлас ҰҚЖ-нан ұшқанда - 30 секунд;
3) қалған жағдайлардың барлығында - 1 минуттан кем емес.
350. ҰҚЖ және остерiнiң арасындағы қашықтығы 760 метрден аз болатын қатарлас ҰҚЖ ұшқанда ең аз уақыттық аралық:
1) орта және ауыр әуе кемелерiнiң соңынан ұшатын жеңiл және аса жеңiл әуе кемелерi үшiн - 3 минут;
2) ауыр әуе кемелерiнiң соңынан ұшатын ауыр, сондай-ақ ауыр әуе кемелерiнiң соңынан ұшатын орта әуе кемелерi үшiн - 2 минут болып белгiленген.
351. Бiр және остерiнiң арасындағы қашықтығы 760 метрден аз болатын қатарлас ҰҚЖ қонғанда ең аз уақыттық аралық:
1) орта және ауыр әуе кемелерiнiң соңынан ұшатын жеңiл және аса тыс жеңiл әуе кемелерi үшiн - 3 минут;
2) ауыр әуе кемелерiнiң соңынан ұшатын орта және ауыр әуе кемелерi үшiн - 2 минут;
3) қалған жағдайлардың барлығында - 1 минуттан кем емес.
27-тарау. Биiктiк өлшегiштерiн орнату ережесi
352. Әуе кемелерi ұшуының барометрлiк биiктiгiн есептеу мынадай ұшу кезiнде жүргiзiледi:
1) әуеайлақ ауданында ұшудың әуеайлақтық шеңберi шегiнде, ауысу биiктiгiнде және одан төменде - әуеайлақтағы атмосфералық қысымның шамасы бойынша;
2) төменгi эшелонның биiктiгіндегі бағыт бойынша - теңiз деңгейiне келтiрiлген бағытта (бағыт телiмiнде) ең аз атмосфералық қысым бойынша;
3) ауысу эшелонында және одан жоғарыда - 760 мм сынап бағанасының (1013,2 мб) стандартты атмосфералық қысымы бойынша.
353. Алдын ала стартта экипаж барометрлiк биiктiк өлшегiшiнiң стрелкасын "нөл" деген биiктiкке қоюға және қысым шкаласының көрсеткенiн әуеайлақтағы атмосфералық қысым шамасымен салыстыруға мiндеттi.
354. Эшелонда ұшу үшiн биiктiк алғанда барометрлiк биiктiк өлшегiшiнiң қысым шкаласын әуеайлақтағы атмосфералық қысымға сәйкес келетiн көрсеткiштен "760" деген көрсеткiшке ауыстыру өтудiң биiктiгiнен қиып өткен кезде жүргiзiледi.
355. Қонуға бағыт алар алдында барометрлiк биiктiк өлшегiштiң қысым шкаласын 760 мм сынап бағанасының (1013,2 мб) көрсеткiшiнен қону әуеайлағындағы атмосфералық қысымның шамасына сәйкес келетiн көрсеткiшке ауыстыру, диспетчер одан әрi төмендеуге рұқсат бергеннен кейiн өту эшелонында көлбей ұшқанда мына ретпен орындалады: 229-тармақта айтылған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесiнiң командирі, екiншi ұшқыш, штурман.
356. Төменгi эшелоннан төменгi биiктiктегi бағыт бойынша ұшқанда барометрлiк биiктiк өлшегiштiң қысым шкаласын әуеайлақтағы атмосфералық қысымға сәйкес келетiн көрсеткiштен теңiз деңгейiне келтiрiлген бағыт бойынша ең аз атмосфералық қысымға сәйкес келетiн көрсеткiшке ауыстыру ұшу және қону аймағынан (ұшудың әуеайлақтық шеңберiнен) шыққан кезде жүргiзiледi.
357. Төменгi эшелоннан төмен биiктiкте әуеайлаққа жақындаған кезде барометрлiк биiктiк өлшегiштiң қысым шкаласын теңiз деңгейiне келтiрiлген бағыт бойынша ең аз атмосфералық қысымға сәйкес келетiн көрсеткiштен әуеайлақтағы қысымға сәйкес келетiн көрсеткiшке ауыстыру ұшу және қону аймағына (жергiлiктi әуе қатынасының әуеайлағында - ұшудың әуеайлақтық шеңберiне) шыққан кезде жүргiзiледi.
358. Тегiс немесе қыратты жерлерге орналасқан, АМСА жоқ әуеайлақтардан ұшудың алдында келтiрiлген қысымды экипаж барометрлiк биiктiк өлшегiштiң қысым шкаласы бойынша анықтайды, оның стрелкасы әуеайлақтың абсолюттiк биiктiгiне тең биiктiк шамасында белгiленуi тиiс.
359. ҰҚЖ деңгейіндегі атмосфералық қысым кезiңде таулы жерлердегi әуеайлақтарда барометрлiк биiктiк өлшегiштiң қысым шкаласында белгiленетiн шектi шамадан аз атмосфералық қысымда мыналар қажет:
1) ұшу алдында әуеайлақ қысымының мәнi теңiз деңгейiне келтiрiлген шамада белгiленуi керек. Бұл жағдайда биiктiк өлшегiшiнiң көрсеткiшi "шартты нөл" деп алынады, соған қарап берiлген биiктiк алынады;
2) қону алдында диспетчер экипажға әуеайлақтың абсолюттiк биiктiгiн және әуеайлақтың атмосфералық қысымының теңiз деңгейiне келтiрiлген мәнiн хабарлайды, биiктiк өлшегiшiнiң ұшудың абсолюттiк биiктiгiн, ал қону кезiнде - әуеайлақтың теңiз деңгейiнен биiктiгiн көрсететiндiгiн ескере отырып, экипаж оны биiктiк өлшегiшiнде белгiлейдi және қонуға бағыт алады.
360. Ұшу кезiнде қысымды тексеру және белгiлеу тәртібі ӘК ҰПЕ сәйкес жүзеге асырылады.
28-тарау. Өту эшелонын анықтау
361. Жақын келетiн диспетчерлiк пункттерi немесе әуеайлақтық аймақтың диспетчерлiк пункттерi, қажет болған жағдайда, QNH туралы хабарлардың және теңiздiң орташа деңгейіндегі болжанған қысымның негiзiнде тиiстi уақыт аралығына өту эшелонын белгiлейдi, ол тиiстi әуеайлаққа (аэроторапқа) жақын жерде пайдаланылады.
362. Өтудiң тиiстi әуеайлақ (аэроторап) үшiн белгiленген абсолюттiк биiктiгiнен жоғары пайдаланылатын ең төменгi ұшу эшелоны өту эшелоны болып табылады. Бiрiне-бiрi жақын орналасқан екi және одан көп әуеайлақтар үшiн өтудiң жалпы абсолюттiк биiктiгi белгiленедi. ӘҚҚ тиiстi органдар өтудiң тиiстi әуеайлақтарға жақын жерде кез келген уақытта пайдаланылатын жалпы эшелонды белгiлейдi.
363. Ұшуда пайдаланылатын ең төменгi эшелон - ұшудың белгiленген ең аз абсолюттiк биiктiгiне сәйкес келетiн немесе тiкелей оның үстіндегі эшелон.
Ұшуда пайдаланылатын нақты ең төменгi эшелон қолданылатын диспетчерлiк ауданның бөлiгi әуе қозғалысына қызмет көрсетудiң мұқтаждығына сәйкес анықталады.
364. ӘҚҚ тиiстi органдар кез келген уақытта ұшудың ең төменгi эшелоны үшiн қажеттi ақпарат иелiк етедi, олар бағыттарда немесе бағыттар телiмдерiнде жер бетiнен жеткiлiктi биiктiк қорын қамтамасыз етедi, оларға қатысты бұл ақпарат қажет болады және ұшқыштардың сұрауы бойынша әуе кемесiнiң бортына берiледi.
365. ӘҚҚ тиiстi өкiлеттi орган мiндеттеген жағдайда немесе ұшқыштың сұрауы бойынша өту эшелоны қону үшiн берiлетiн диспетчердiң рұқсатына қосылады.
366. Ұшу ақпарат орталықтарында және аудандық диспетчерлiк орталықтарда әуе кемесiнiң бортына беру үшiн (сұрау бойынша) тиiстi мөлшерде QNH туралы хабарлар немесе атмосфералық қысымның ұшу ақпарат аудандарына және олар қамтитын диспетчерлiк аудандарға қатысты болжамдар болады.
29-тарау. Ұшудың қауiпсiз биiктiгiн анықтау және ұстау
367. АҰЕ, КҰЕ және арнайы КҰЕ бойынша ұшудың ақиқат қауiпсiз биiктiгi жердiң бедерiне және ондағы жасанды кедергiлердiң биiктiгiне, ӘК ұшу жылдамдығына, ұшуда және навигацияда жiберiлетiн ауытқулар ескерiле отырып қолданылатын ережеге және ұшу ауданына биiктiк өлшегiшi жiберетiн қателiктерге, атмосфераның турбуленттiгi жағдайында ұшу траекториясынан тiгiнен алған бағытта ауытқуы мүмкiн екендiгiне және орнитологиялық жағдайға байланысты белгiленедi.
Ұшудың ақиқат қауiпсiз биiктiгi 5-кестеде көрсетiлген.
368. Ақиқат қауiпсiз биiктiктен төмен емес биiктiктегi ұшуды қамтамасыз ету үшiн ұшудың аспаптық қауiпсiз биiктiгiне есептеме жасалады.
369. АҰЕ бойынша әр ұшу алдында:
1) аэронавигациялық ақпараттар жинағы бойынша (әуеайлақтар аудандарында ұшуды жүзеге асырудың нұсқаулықтары) әуеайлақ шеңберi бойымен ұшу биiктiгi (шеңбер биiктiгi), әуеайлақ ауданындағы ең төменгi қауiпсiз биiктiк (ЕҚБ) және жақын келетiн аудандағы қауiпсiз биiктiк анықталады;
2) төменгi қауiпсiз эшелонның биiктiгi есептеледi.
5-кесте
АҰЕ және КҰЕ ұшудың белгiленген ақиқат
қауіпсiз биiктiгi С сыныбы
┌───────────────────────────────────────┬─────────────────────────────┐
│ Ұшу жылдамдығы (ақиқат), км/сағат │ Ұшудың қауiпсiз биiктiгi │
│ │ (ақиқат), метр │
│ ┼─────────────┬───────────────┤
│ │ АҰЕ бойынша │ КҰЕ бойынша │
├───────────────────────────────────────┴─────────────┴───────────────┤
│ Ұшу және қону аймағында │
│ 300 және одан аз (шеңбер бойынша) 300 100 │
│ 300-ден артық (шеңбер бойынша) 300 100 │
│ Жақындап қону ауданында, │
│ әуе трассаларында, │
│ ЖӘЖ және белгiленген бағыттарда │
│ а) тегiс және қыратты жерлерде │
│ және су кеңiстiгiнiң үстiнде │
│ 300 және одан аз 600 100 │
│ 301-ден 550-гe дейiн 600 200 │
│ 550-ден артық 600 │
│ б) таулы жерлерде (2000 метр │
│ және одан аз): │
│ 550 және одан аз 900 300 │
│ 550-ден артық 900 │
│ в) таулы жерлерде (2000 метрден │
│ биiк): │
│ 550 және одан аз 900 │
│ 550-ден артық 900 │
└─────────────────────────────────────────────────────────────────────┘
370. Ұшу және қону аймағындағы ұшудың қауiпсiз биiктiгiне есептеме жасағанда жер бедерi мен ондағы жасанды кедергiлердiң артықшылығын есепке алғандағы жолақ АҰЕ бойынша ұшқанда 10 км, ал КҰЕ бойыншада - бағыт осiнiң екi жағында 5 км болуы тиiс. Радиолокациялық бақылау бар болған жағдайда 10 км, ал радиолокациялық бақылау жоқ болған жағдайда - бағыт осiнiң екi жағында 25 км; КҰЕ бойынша ұшу - дәлiз енi шегiнде.
Әуе кемелерiнiң барлық түрлерiне арналған шынайы қауiпсiз биiктiктiң бұл шамасы қонуға бағыт алған сұлба бойынша ұшу кезiнде 4-бұрылыстан шыққанға дейiн сақталады. 4-бұрылыстан шығу нүктесiнен 1-бұрылысқа дейiн аралықта ұшу биiктiгi мен кедергiлерi есепке алынған жолақ енi "Азаматтық авиация әуе кемелерiнiң ұшуы және қонуы үшiн минимумдарды анықтау әдiстемесiне" сәйкес анықталады және ocы әуеайлақта ұшуды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықта көрсетiледi.
Егер жер бедерiнiң жағдайларымен немесе басқа себептермен бұл талаптарды орындау мүмкiн болмаса Қазақстан Республикасы авиация әкiмшiлiгiнiң өкiлеттi мемлекеттік органы бекiтетiн, қонуға бет алудың арнайы сұлбасы қолданылады.
371. Жер бедерiнiң және ондағы жасанды кедергiлердiң көп болуын есепке алу жолағы әуе жолдары, ЖӘЖ және белгiленген бағыттар (әуеайлақ ауданынан тысқары) бойынша қауiпсiз биiктiктi және төменгi қауiпсiз эшелонды есептеп, АҰЕ ұшу кезiнде - бағыт осiнiң екi жағында 25 км, ал КҰЕ - жол енiнiң шегiнде (жергiлiктi әуе жолдарында, белгiленген бағытта) болуы керек.
372. Таулы жердегi әуеайлақтарда КҰЕ бойынша ұшқанда, кейбір жағдайларда шеңбер бойынша ұшу жылдамдығы 300 км/сағат және одан артық әуе кемелерi үшiн жер бедерiнiң және ондағы жасанды кедергiлердiң көп болуын есепке алу жолағының енi авиация әкiмшiлiгiнiң шешiмiмен қысқаруы мүмкiн, ол жайында осы әуеайлақта ұшуды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықта көрсетiледi.
373. Арнайы КҰЕ ұшу үшiн ақиқат қауiпсiз биiктiк осы Ереженiң 6-кестесiнде келтiрiлген.
374. Әуеайлақ шеңберi бойынша ұшу биiктiгi (шеңбер биiктiгi) шеңбер бойынша ұшу жылдамдығына және ақиқат қауiпсiз биiктiкке байланысты анықталады және 100 метр еселенген мәнге дейiн ұлғаю жағына дөңгелектенедi.
375. Әр әуеайлақ үшiн аспаптар арқылы ұшудың ең төмен қауiпсiз биiктiгi (бұдан әрi - ЕҚБ) белгiленедi, ол биiктiк қонуға бағыт алған сұлбаның сыртына шығып кеткенде апаттық жағдайда төмендеу үшiн пайдаланылады және ӘБН 50 км радиустағы жер бедерiнiң ең жоғарғы нүктесiнен және жасанды кедергiлерден 300 метр жоғары ақиқат қауiпсiз ұшудың ең аз қорын қамтамасыз етедi. Егер жасанды кедергiлердi қоса алғанда, жер бедеріндегі биiктiктердiң айырмасы 100 метрден аспаса, ЕҚБ әуеайлақтың барлық ауданы үшiн бiрдей белгiленедi. Биiктiктердiң айырмасы үлкен болған жағдайда әуеайлақ секторларға бөлiнедi, ал әрбiр сектор үшiн ең төмен қауiпсiз биiктiк белгiленедi. Жер бедерiнiң ең жоғары нүктесiнiң және жасанды кедергiлердiң биiктiгi ұшу жолағының қонуға баратын бағытындағы табалдырықтың деңгейiне қатысты анықталады және 100 метр еселенген мәнге дейiн ұлғаю жағына дөңгелектенедi.