Қазақстан Республикасының әуе кеңiстігінде ұшудың негiзгi ережесін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 жылғы 17 шілдедегі № 712 қаулысы
Осы редакция 2006 ж. 28 сәуірдегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы заң күшi бар Жарлығын, "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңын iске асыру, сондай-ақ заңнаманы одан әрi жетiлдiру және ұшу ережесінiң сақталуын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасының ?кіметi қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 17 шілдедегі
№ 712 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының әуе
кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi epeжеci
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгіндегі ұшудың негiзгi ережесi (бұдан әрi - ҚР ӘК ҰНЕ): "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы заң күшi бар Жарлығының; Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 28 ақпандағы № 285 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ереженiң; 2000 жылғы 18 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлігінiң Азаматтық авиация комитетi туралы ереженiң талаптарына сәйкес, сондай-ақ Халықаралық стандарттар және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (бұдан әрi - ИКАО) ИКАО Конвенциясына қосымшаларында жазылған ұшуды жүргiзу және әуе қозғалысына қызмет көрсету саласындағы ИКАО ұсынатын практика негiзiнде әзiрлендi.
ҚР ӘК ҰНЕ ұшудың негiзгi ережесін, оны ұйымдастыруды, қамтамасыз етудi және орындауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі әуе қозғалысын басқаруды регламенттейтiн Қазақстан Республикасы авиациясының қызметіндегі нормативтiк құқықтық кесiм болып табылады.
Ұшудың негiзгi ережесi аспаптар бойынша ұшу ережесін, көзбен шолып ұшу ережесін, биiктiк өлшеуiштердi анықтау ережесін, бақыланатын әуе кеңiстiгiнде тiгiнен, бойлай және бүйiрлеу эшелондау ережесін және көзбен шолып қонуға бет алу ережесін қамтиды.
Ұшудың Негiзгi ережесi, осы ереже үстiнен ұшып өтетiн аумаққа заң құзыретiн жүзеге асыратын мемлекет белгiлеген ережелерге қайшы келмеген жағдайда, олардың тұрған жерiне қарамастан, Қазақстан Республикасының ұлттық және тiркеу белгiлерi бар әуе кемелерiне қолданылады.
Азаматтық және эксперименттiк әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi мемлекеттік қадағалауды азаматтық авиацияның уәкiлеттi органы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi ережесi Қазақстан Республикасының азаматтық (меншiк нысанына қарамастан), эксперименттiк және мемлекеттік авиациясына қолданылады.
ҚР ӘК ҰHE әуе кемелерi және ұшуды ұйымдастыруға, қамтамасыз етуге және орындауға қатысатын тиiстi қызметтерi бар барлық тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
Ұшу ережесін бұзған әрбiр жағдай заңнамада белгiленген тәртiппен мiндеттi тексеруге жатады. ҚР ӘК ҰHE талаптарын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады.
Адамдарды iздестiруге және құтқаруға байланысты ұшуды ұйымдастыру және орындау кезiнде немесе дүлей зiлзалалар жағдайларында және өзге де төтенше жағдайларда азаматтық авиация ұйымдар басшыларының ҚР ӘК ҰНЕ-нда мазмұндалған белгiленген ережелерден, сондай-ақ экипаж мүшелерiнiң алдын ала келісімін ала отырып және адамдарды iздестiру және құтқару жөнiнде ұшу орындалатын жауапкершiлiк аймағында әуе қозғалысына қызмет көрсететiн органдарды (бұдан әрi - ӘҚҚ), Қазақстан Республикасының ұшу қауiпсiздiгiн қадағалайтын мемлекеттік қадағалау уәкiлеттi органдарының өкiлдерiн хабардар ете отырып, әуе кемелерi экипаждарының ұшу және жұмыс уақыты нормаларын сақтаудан ауытқуға құқығы бар.
Әуе кемесiнiң (бұдан әрi - ӘК) экипажы және ӘҚҚ диспетчерлiк органдарының персоналы ұшу кезiнде радиобайланыстың iстен шыққан, күтпеген жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ азаматтық әуе кемесiн басып алған кезде осы негiзгi Ереженiң 2-қосымшасында көрсетiлген талаптарға сәйкес iс-әрекет жасайды.
Мемлекеттердiң ең төменгi абсолюттiк ұшу биiктiктерi мен оларды белгiлеу кезiнде пайдаланылатын өлшемдердi жариялауына қатысты талаптар ИКАО-ның 15-қосымшасының 1-толықтыруында қамтылған. Кедергiлерден ұшып өту өлшемдерi PANS-OPS II томының VI бөлiмiнде (8168-құжат) келтiрiлген.
Әуе кемесiн ұшуда, сондай-ақ әуеайлақтың жұмыс алаңында басқару жалпы ережеге, ал ұшуда сонымен бiрге көзбен шолып ұшу ережесіне немесе аспаптар бойынша ұшу ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi анықтамалар мен терминдер:
Абсолюттiк биiктiк - теңiздiң орташа деңгейiнен вертикаль бойынша нүктенiң немесе нүкте ретiнде қабылданған объектiнiң деңгейiне дейiнгi қашықтық (MSL).
Шешiм қабылдаудың абсолюттiк/салыстырмалық биiктiгi (DA/DH) - егер ұшқыш қонуға бет алуды жалғастыру үшiн бағдарлармен қажеттi көзбен шолып көру байланысын орнатпаған немесе әуе кемесiнiң кеңiстiктегi жағдайы қонудың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпеген кезде қонуға дәл бет алу кезiнде екiншi шеңберге шығу басталуы тиiс болатын белгiленген абсолюттiк немесе салыстырмалық биiктiк. Шешiм қабылдаудың салыстырмалы биiктiгi (бұдан әрi - ШҚБ) ұшу-қону жолағының (бұдан әрi - ҰҚЖ) шегiнен асып түсуiнен бастап есептеледi.
Кедергiлерден ұшып өтудiң абсолюттiк/салыстырмалы биiктiгi (ОСА/ОСН) - ҰҚЖ-ның тиiстi шегiнен асып түсуiнiң немесе тиiстi жағдайда кедергiлерден ұшып өтудiң тиісті өлшемдерiн сақтауды қамтамасыз етуге пайдаланылатын әуеайлақтан асып түсуiнiң ең төменгi абсолюттiк немесе ең төменгi салыстырмалы биiктiгi. Кедергiлерден ұшып өту биiктiгi қонуға бет алу дәл болмаған жағдайда ҰҚЖ шегiнен асып түсуiнен немесе егер оның асып түсуi әуеайлақтың асып түсуiнен 2 метрден астам кем болса, әуеайлақтың асып түсуiнен немесе ҰҚЖ шегiнен асып түсуiнен бастап есепке алынады. Қонуға көзбен шолып бет алу үшiн тосқауылдарды ұшып өту биiктiгi әуеайлақтың асып түсуiнен бастап есептеледi.
Авиакомпания - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының қолданыстағы сертификаты және жолаушыларды, багажды, жүк пен поштаны әуемен тасымалдауға және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға лицензиясы бар заңды тұлға.
Авариялық жағдай (кезең) - әртүрлi жағдаяттар кезiнде белгiсiздiк кезеңiн, қобалжу кезеңiн немесе зiлзала кезеңiн бiлдiретiн жай-күй.
Авариялық хабарландыру - тиiстi қызметтер мен ұйымдарды iздестiру-құтқару қызметтерiнiң көмегiне мұқтаж әуе кемелерi туралы хабардар ету және осы қызметтер мен ұйымдарға қажеттi жәрдем көрсету мақсатында көрсетiлетiн әуе қозғалысына қызмет көрсетудiң бiр түрi.
Авариялық фактор - авиациялық оқиғаға әкелiп соғуы мүмкiн кез келген жағдай, құбылыс немесе жағдаят.
Авиациялық оқиға - әуе кемесiн осы кеменiң, оның экипажының, басқа да авиациялық персоналдың қалыпты жұмыс iстеуiнiң бұзылуына байланысты ұшуды орындау мақсатына пайдаланған кезде орын алған немесе сыртқы жағдайлардың ықпалына байланысты және адам өлiмiне, елеулi зақымдануға, қирауға немесе әуе кемесiнен айырылуға әкеп соқтырған оқиға.
Авиациялық оқиға (адам құрбандығынсыз) - борттағы адам өлiмiне байланысты емес, планердiң қуат элементтерi зақымдалған немесе эвакуация техникалық жағынан мүмкiн емес немесе орынсыз жерде әуе кемесiнiң қонуы кезіндегі авиациялық оқиға.
Авиациялық жұмыстар - тапсырыс берушiнiң технологиялық және өндiрiстiк процестерiн (ауыл шаруашылығында, құрылыста, экспедицияларға қызмет көрсетуде) қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитариялық және табиғатты қорғау iс-шараларын, халыққа медициналық көмек көрсетудi, дүлей зiлзалалардың, авариялардың және апаттардың зардаптарын жоюды жүргiзу үшiн шаруашылықтың жекелеген салаларында авиация құралдармен орындалатын мамандандырылған операциялар.
Авионика (борттық электрондық жабдық) - әуе кемесiнiң бортында пайдалануға арналған, оның электрлiк бөлiгiн қоса алғанда, кез келген электрондық құрылғы, оның iшiнде радиожабдық, ұшуларды автоматты басқару жүйесi және аспапты жабдық.
Әуеайлақтағы атмосфералық қысым атмосфералық қысымның сынап бағанасы бойынша миллиметрмен (с.б.мм), миллибармен(Мбар) немесе ҰҚЖ шегi деңгейiнде гектопаскальмен (гпа) берiлген мәнi.
Әуеайлақ (тiкұшақ айлағы, гидроәуеайлақ) - әуе кемелерiнiң, ұшуын, қонуын, басқарылуын, тұрағын және қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету үшiн арнайы әзiрленген және жабдықталған жер немесе су учаскесi.
Әуеайлақтық қозғалыс - әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы барлық қозғалыс, сондай-ақ әуеайлақ ауданында барлық әуе кемелерiнiң ұшулары.
Әуе кемесi ұшулардың әуеайлақтық шеңберiне кiргенде, одан шыққан немесе оның шегiнде болған жағдайда, әуе кемесi әуеайлақ ауданында ұшуларды орындайтын болып саналады.
Уақытша әуеайлақ - әуе кемелерiнiң жылдың белгiлi бiр мезгiлiнде ұшуларын қамтамасыз етуiне арналған және стационарлық ғимараттары мен жабдықтары жоқ, бiрақ белгiленген тәртiппен есепке алуға және тiркеуге жататын әуеайлақ.
Таулы әуеайлақ - ойлы-қырлы жер бедерiнде және салыстырмалы биiктiгi 500 м және одан да асатын әуеайлақтың бақылау нүктесiнен (бұдан әрi - ӘБН) 25 км радиуста орналасқан әуеайлақ, сондай-ақ теңiз деңгейiнен 1000 м және одан астам биiктiкте орналасқан әуеайлақ.
Санаттандырылған әуеайлақ - қонуға бет алуды және қонуды I, II, IIIА, IIIВ және IIIС санаттары минимумдары бойынша қамтамасыз ететiн байланыс құралдарымен және радиотехникалық құралдармен жабдықталған әуеайлақ.
Сыныпталған әуеайлақ - А, Б, В, Г, Д немесе E сыныпты әуеайлақ.
Taғайындалған әуеайлақ - ұшу жоспарында немесе ұшуға тапсырмада белгiленген қону әуеайлағы ретiнде көрсетiлген әуеайлақ.
Бiрлесiп орналасу әуеайлағы - оларда мемлекеттік, азаматтық және эксперименттiк авиацияға жататын әуе кемелерi орналасатын азаматтық және әскери әуеайлақтар.
Бiрлесiп пайдалану әуеайлағы - азаматтық әуе кемелерiнiң кестесi бойынша осы әуеайлақтарға тұрақты орналасу құқығынсыз ұшулар орындалатын әскери әуеайлақтар.
Қосалқы әуеайлақ - егер тағайындалған әуеайлаққа ұшып бару немесе қону мүмкiн емес немесе қажетсiз болған жағдайда әуе кемесi бағыт алуы мүмкiн әуеайлақ.
Қосалқыларға мынадай әуеайлақтар жатады:
ұшу кезіндегі қосалқы әуе айлақ - егер ұшып көтерiлгеннен кейiн артынша қажеттілік туындаған және ұшып шығу әуеайлағын пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда, әуе кемесi қонуды орындай алатын әуеайлақ;
бағыттағы қосалқы әуеайлақ - егер бағыт бойынша ұшу кезiнде ол оқыс немесе апаттық жағдайға тап болғанда әуе кемесi қонуды орындай алатын әуеайлақ;
тағайындалған жер үшiн қосалқы әуеайлақ - егер тағайындалған қону әуеайлағында қонуға мүмкiн емес немесе орынсыз болған жағдайда әуе кемесi ұшып бара алатын қосалқы әуеайлақ;
сол сияқты өзiнен әуе кемесi ұшып шығатын әуеайлақ осы әуе кемесi бағытындағы қосалқы әуеайлақ немесе тағайындалған жердiң осы әуе кемесi үшiн қосалқы әуеайлағы болуы мүмкiн.
Ұшулардың әуеайлақтық шеңберi - ол бойынша (немесе бөлiгi бойынша) ұшып көтерiлгеннен кейiн биiктiк алу, қонуға бет алу үшiн құлдилау, қонуды күту, әуеайлақ үстiнде ұшуды орындай алатын әуеайлақ ауданында белгiленген бағыт.
Аэронавигациялық ақпарат - әуеайлақтардың нақты жай-күйiнiң сипаттамасын, әуеайлақ ауданында маневр жасаудың, әуе трассасының және олардың радио электр техникалық құралдармен жабдықтау тәртібін қамтитын мәлiметтер.
Аэронавигациялық жанармай қоры - ұшу жоспарын өзгерту қажет болған жағдайда қосалқы әуеайлаққа бағыт алуға, бекітілген бағыттан ауытқуға, қарсы желдiң күшеюiне және басқа жағдайларға байланысты ұшып шыққан әуеайлақтан тағайындалған әуеайлаққа дейiн ұшып жету үшiн есептiк мөлшерден тыс жанармай.
Аэростат - тығыздығы ауаның тығыздығынан аз, оның қабығындағы газ есебiнен көтеру күшi пайда болатын, ауадан (қоршаған ортадан) жеңiл ұшу аппараты.
Аэростаттар:
1) басқарылатын (дирижабль);
2) шар нысанында қабығы бар басқарылмайтын (еркiн ұшатын) (стратостаттар, радиозондтар, ұшқыш-шарлар, секiргiш-шарлар, құтқарғыш шарлар);
3) байлаулы (жылан тәрiздi) болып бөлiнедi.
Аэроторап - оларда ұшуды және ұйымдастыру, орындау, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсету, арнайы келісімдi және үйлестiрудi қажет ететiн жақын орналасқан әуеайлақтар.
Барометрлiк биiктiк - бұл барометрлiк биiктiктi өлшеу шкаласында орнатылған, атмосфералық қысымның изобарикалық бетiне қатысты ұшу биiктiгi.
Қауiпсiз биiктiк - әуе кемесiн жер (су) бетiмен немесе ондағы кедергiлермен соқтығысудан сақтауға кепiлдiк болатын ұшу биiктiгi.
Ұшқышсыз, басқарылмайтын аэростат - еркiн ұшуда болатын, ауадан жеңiл ұшқышсыз әуе кемесi.
Шайқалым - турбуленттiк атмосферада ұшу кезiнде әуе кемесiнiң ретсiз орын ауыстыруы. Шамалы шайқалым - күш түскен кезде +1,0-гe дейiн; күштi шайқалым - +1,0-ден және одан астам. Қондыру конфигурациясында - шамалы шайқалым +0,4-ке дейiн, күштi шайқалым +0,4-тен астам.
Борт жабдығы - борттың керек-жарақ қорын және қосалқы бөлшектерiн қоспағанда, ұшу кезiнде әуе кемесiнiң бортында пайдалануға арналған заттар, оның iшiнде алғашқы көмек құралдары және апаттық құтқару жабдығы.
Борттық ұшу-навигациялық жабдықтары - өлшеу, есептеу басқарушы жүйелер мен құрылғылардың, сондай-ақ ұшақ жүргiзудi (тiкұшақ жүргiзудi) ұшып көтерiлгеннен бастап қонғанға және ақпаратты экипажға беруге дейiн қолмен, автоматтандырылған, жартылай автоматты және автоматты түрде қамтамасыз етуге арналған әуе кемесiнiң бортындағы ақпаратты бейнелеу жүйесiнiң жиынтығы.
Борттағы өзi жазғыш - авиациялық оқиғаларды тексеру кезiнде жерде және ұшу кезiнде әуе кемесiн пайдалану параметрлерi туралы ақпаратты сақтау мақсатында, сондай-ақ әуе кемесi экипажы мүшелерiнiң біліктілік дайындығына бақылау жасау үшiн әуе кемесiнiң бортында орнатылған өздiгiнен жазатын кез-келген аспап.
Ұшу-қону жолағы - әуе кемесiнiң қонуы және ұшуы үшiн дайындалған құрлықтағы әуеайлақтың ұшу жолағының белгiленген тiк бұрышты учаскесi.
Ұшақтың ұшып көтерiлуi - ұшақтың қозғалыс алу нүктесiнен бастап қауiпсiз жылдамдыққа (V2) жету арқылы 10 м биiктiкке дейiнгi қозғалысы.
Ұшып көтерiлу қашықтығы - ұшақтың жерден көтерiлу және қауiпсiз жылдамдыққа жету (V2) нүктесіндегі ҰҚЖ шегiне қатысты старт нүктесiнен 10 м биiктiк нүктесiне дейiн өтетiн көлденеңiнен алғандағы ұзақтығы.
Көру мүмкiндiгi - атмосфералық жағдайға байланысты және қашықтық бiрлiктерiмен бөлiнетiн күндiз жарық түспейтiн елеулi объектiлерде және түнде жарық түсiрiлген елеулi объектiлерде көру және айырып тану мүмкiндiгi.
Тiгiнен көру мүмкiндiгi - жоғарыдан тiк төмен жер үстіндегі объектi көрiнетiн деңгейге дейiнгi жер бетiнен ең аз арақашықтық.
ҰҚЖ-дағы көру мүмкiндiгi (ҰҚЖ-дағы көру мүмкiндiгiнiң қашықтығы) ҰҚЖ осьтiк жол сызығында тұрған әуе кемесiнiң кабинасынан ұшқыш ҰҚЖ бетiнде таңбаланған белгiлердi немесе ҰҚЖ шектейтiн не осьтiк жол сызығын белгiлейтiн оттарды көруi мүмкiн шектегi арақашықтық.
Жерден көру мүмкiндiгi - уәкiлеттi байқаушы (метеобайқаушы) хабарлайтын әуеайлақтағы көру мүмкiндiгi.
Көзбен шолып қарағандағы метеорологиялық жағдай - бұлтқа дейiнгi арақашықтық ұзақтығының және белгiленген минимумға сәйкес келетiн немесе одан асып түсетiн бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгiнiң шамаларын бiлдiретiн метеорологиялық жағдай.
Көзбен шолып ұшу - әуе кемесiнiң кеңiстiктегi жағдайын және оның тұрған жерiн табиғи көкжиек және жердегi бағдар бойынша ұшқыш оны көзбен шолып анықтайтын кездерде орындалатын ұшу.
Көзбен шолып ұшу (түнгi) - әуе кемесiнiң кеңiстiктегi жағдайын және оның тұрған жерiн табиғи көкжиек және жердегi жарық бағдары бойынша аспаптармен бiр мезгiлде бақылау арқылы анықталайтын кездегi түнде орындалатын ұшу.
Векторлау (радиолокациялық дәлдеу) - радиолокатордың деректерiн пайдалану негiзiнде белгiлi бiр бағыттарды көрсету арқылы әуе кемелерiнiң навигациялық дәлденуiн қамтамасыз ету.
Әуе жағдайы - әуе кемесiнiң және басқа объектiлердiң тiк және көлденең жазықтықтарда әуе кеңiстiгiнiң белгiлi ауданында бiр уақытта өзара орналасуы (әуе трассасында және олардан тыс бағыттарда, әуеайлақ ауданында, авиациялық жұмыстар ауданында).
Әуе трассасы - әуе кемелерiнiң Ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғыларымен бақыланатын дәлiз түріндегі әуе кеңiстiгi.
Әуе қозғалысы - ұшуда немесе әуеайлақтың маневр жасау алаңында қозғалып жүрген барлық әуе кемелерi.
Әуе қозғалысына қызмет көрсететiн әуе кеңiстiгi (бұдан әрi - ӘҚҚ) әріптiк таңбалармен белгiленген (А-G) белгiлi бiр көлемдегi әуе кеңiстiгi, оның шегiнде ұшулардың нақты белгiленген түрi орындалуы мүмкiн және ол үшiн ӘҚҚ және ұшулар ережесi белгiленген.
Әуе кемесi - жер (cу) бетiнен шағыласқан ауамен өзара ықпалдасудан өзгеше, ауамен өзара ықпалдасуы есебiнен атмосферада өзiн-өзi ұстап тұратын ұшу аппараты.
Апатқа ұшыраған әуе кемесі - ұшып шығу, ұшу немесе құлау кезiнде елеулi бүлiнген немесе толық қираған, сондай-ақ әуеайлақтан тыс мәжбүрлiкпен қонған әуе кемесi.
Апаттық жағдайдағы әуе кемесi - өзiне немесе бортындағы адамдарға тiкелей қауiп төнген, не онымен радиобайланыс үзiлген және оның тұрған жерi белгiсiз әуе кемесi.
Әуе шары - еркiн ұшудағы немесе зәкiрленген жағдайдағы, сфералық қабықшасы бар басқарылмайтын аэростат.
Әуе кемесiнiң ұшу уақыты (ұшу уақыты) - жерден ұшып шығу және әрi қарай жылдамдық алып, жерден ажырау мақсатында жылдамдық алу үшiн ұшу режимiне ауыстырған сәттен бастап тiгiнен қондырғаннан кейiн қозғалтқыштардың (қозғалтқыштың) газын азайтуға ауыстыру сәтiне дейiнгi есептелетiн уақыт.
Мәжбүрлi қону - жоспар бойынша ұшуды орындау мүмкiн болмайтын себептер бойынша әуеайлаққа немесе әуеайлақтан тыс жерге қону. Ауысу биiктiгi - белгiленген эшолонға шығу үшiн барометрлiк биiктiк өлшеуiштiң қысым шкаласын 760 мм сынап бағанасы (1013,2 мбр) қысым мәнiне ауыстыру үшiн әуеайлақ ауданында орнатылған салыстырмалы/абсолюттiк биiктiк.
Бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi және аспанның жартысынан көбiн жабатын 6000 метрден төмен тұрған, тiгiнен алғанда құрлық (су) бетi мен бұлттың ең төменгi қабатының төменгi шекарасының арасындағы қашықтық. Ұшу биiктiгi - тiгiнен алғандағы белгiлi бiр деңгейден әуе кемесiне дейiнгi қашықтық. Биiктiктер бастапқы есептеу деңгейiне байланысты: ақиқат, салыстырмалы және абсолюттiк болып бөлiнедi.
Ақиқат ұшу биiктiгi - метрмен (фунтпен) көрсетiлетiн, осы уақыт сәтiнде әуе кемесi оның үстiнде тұрған жер немесе су бетiнiң нүктесiне дейiнгi әуе кемесiнен тiгiнен алғандағы қашықтық.
Салыстырмалы ұшу биiктiгi - ұшу-қону жолағының шегi деңгейiнен, әуеайлақ деңгейiнен, жер бедерiнiң ең биiк нүктесiнен әуе кемесiне дейiнгi тiгiнен алғандағы аралық.
Көзбен шолып қонуға бет алғандағы үзiлген биiктiк (VDP) - егер әуе кемесiнiң кеңiстiктегi қалпы немесе оның қозғалу параметрлерi қону қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпесе, екiншi шеңберге шығу маневрiн бастауы тиiс схемада көрсетiлген көзбен шолғандағы қону биiктiгi.
Бұл биiктiк қандай жағдайда болмасын осы үлгiдегi әуе кемесi үшiн ұшуды пайдалану жөніндегі нұсқаулықта белгiленген (бұдан әрi - ҰПН) екiншi шеңберге шығудың ең төменгi биiктiгiнен төмен болуы мүмкiн емес.
Глиссада - қонуға бет алудың соңғы кезеңiнде тiгiнен дәлдеу үшiн белгiленген, әуе кемесiнiң төмендеу профилi.
Рұқсаттың қолданылу шекарасы - әуе кемесiне берiлетiн диспетчерлiк рұқсаттың оған дейiн жарамды деп саналатын межесi (пунктi, нүктесi).
Хабар жеткізу геопунктi - оған қатысты әуе кемесiнiң орналасқан жерi хабарлануы мүмкiн белгiлi бiр географиялық бағдар.
Дельтаплан, планер - қуат қондырғысы қозғалысқа келтiрмейтiн, ұшудың берiлген жағдайында қозғалыссыз қалатын, көтеру күшi негiзiнен жер бетіндегі аэродинамикалық реакциялар есебiнен пайда болатын ауадан ауыр әуе кемесi.
Дирижабль - қуат қондырғысы арқылы қозғалысқа келтiрiлетiн, басқарылатын аэростат.
Диспетчерлiк аймақ - жер бетiнен бастап белгiленген жоғары шекараға дейiнгi созылатын бақыланатын әуе кеңiстiгi.
Диспетчерлiк аудан - жер бетіндегі белгiленген шекарадан бастап жоғары созылатын бақыланатын әуе кеңiстiгi.
Диспетчерлiк рұқсат - диспетчерлiк қызмет көрсету органдары белгiлеген шартқа сәйкес қолданылатын әуе кемесiнiң экипажына диспетчер беретiн рұқсат.
Диспетчерлiк ұсыным - экипаждың қалауы бойынша пайдаланылатын ұшуды орындауға қатысты шаралар қолдану жөнiнде экипажға ұсыным.
Әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету мынадай мақсаттарда ұсынылады:
1) маневр алаңда әуе кемелерiнiң бiр-бiрiмен және әуе кемелерiнiң кедергiлермен соғысып қалуын болдырмау;
2) әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсаттарында көрсетiлетiн қызметтер.
Диспетчерлiк нұсқау - нақты жағдайда ұшқыштың нақты iс-әрекет орындауына ұйғарым жасайтын, әуе қозғалысына қызмет көрсету органының директивалық нұсқауы.
Қонуға бет алуға байланысты тәуелдiктер - көршi ҰҚЖ осьтiк сызығының жалғасында тұрған әуе кемесiнде радиолокациялық эшелондау минимумдары белгiленген жағдайда қосарлас немесе қосарлас дерлiк жабдықталған бiр мезгiлде қонуға бет алу.
Ұшуға тапсырма - экипаж, әуе кемесi туралы қажеттi мәлiметтердi қамтитын, ұшудың (ұшулардың) бағыты мен мақсатын анықтайтын белгiленген нысандағы құжат.
Тыйым салынған аймақ - оның шегiнде әуе кемелерiнiң ұшуына тыйым салынған мемлекет аумағының немесе аумақтық суларының үстiнде белгiленген көлемдегi әуе кеңiстiгi.
Ұшуға жасалған өтiнiм (алдын ала жасалған ұшу жоспары) - белгiленген уақытта әуе қозғалысына қызмет көрсететiн тиiстi органға берiлетiн және ұшуды қамтамасыз ету үшiн қажеттi мәлiметтердi қамтитын белгiленген нысандағы құжат.
Қонуға бет алу (ұшақтың) - ҰҚЖ деңгейiнiң үстiнде ұшу конфигурациясынан қонуға бет алу конфигурациясына ауысудың басталу биiктiгiнен 15 м биiктiкке дейiнгi ұшу кезеңi (9 м, жылдамдығы 200 км/caғ аз жылдамдықпен қонуға бет алған ұшақтар үшiн).
Шеңбер бойынша қонуға бет алу - қону алдында әуеайлақ үстiнен шеңбер бойынша көзбен шолып ұшуды орындауды көздейтiн аспаптар бойынша қонуға бет алу схемасына толықтыру.
Көзбен шолып ұшу ережесi бойынша қонуға бет алу (бұдан әрi - КҰЕ) көзбен шолып ұшу ережесін сақтай отырып және көзбен шолып ұшулардың белгiленген минимумдары кезiнде орындалатын көзбен шолып ұшу кезеңi.
Аспаптар бойынша ұшу ережелерi бойынша қонуға бет алу (бұдан әрi AҰE) - радионавигациялық құралдарды пайдаланып, белгiленген схемамен аспаптар бойынша ұшу ережелерiне сәйкес орындалатын қонуға бет алу.
Әуеайлақтық қозғалыс аймағы - әуеайлақ қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн белгiленген әуеайлақ төңiрегіндегі және үстіндегі белгiлi бiр көлемдегi әуе кеңiстiгi.