Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы 1997 жылғы 15 шiлдедегі № 162-I
Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 11.05.99 ж. № 381-1; 23.01.01 ж. № 151-II; 24.12.01 ж. № 276-II;
26.05.04 ж. № 553-II; 2004.20.12 № 13-III Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 31 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1 тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
2 тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң (6 - 7 баптар)
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
3 тарау. Мемлекеттік өкiмет органдарының (8 - 11 баптар)
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы құзыретi
4 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (12 - 21 баптар)
ұйымдастыру
5 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы (22 - 27 баптар)
мемлекеттік табиғи-қорық қорын
қорғау және қалпына келтiру
5-1 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (27-1 - 27-3 баптар)
қорғауды ұйымдастыру
6 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (28 - 33 баптар)
пайдалану
7 тарау. Мемлекеттік табиғи қорықтар (34 - 38-1 баптар)
8 тарау. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер (39 - 40 баптар)
8-1 тарау. Мемлекеттік табиғи резерваттар (40-1 - 40-3 баптар)
9 тарау. Мемлекеттік табиғи парктер (41 - 42 баптар)
10 тарау. Мемлекеттік табиғат ескерткiштерi (43 - 45 баптар)
11 тарау. Мемлекеттік қорық өңiрлерi (46 - 48 баптар)
12 тарау. Мемлекеттік табиғи заказниктер (49 - 51 баптар)
13 тарау. Мемлекеттік зоологиялық парктер (52 - 55 баптар)
14 тарау. Мемлекеттік ботаникалық бақтар (56 - 59 баптар)
15 тарау. Мемлекеттік дендрологиялық парктер (60 - 61 баптар)
16 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (62 - 64 баптар)
орманы
17 тарау. Ерекше мемлекеттік маңызы бар немесе (65 - 66 баптар)
ғылыми жағынан ерекше құнды су қоймалары
18 тарау. Халықаралық маңызы бар (67 - 68 баптар)
сулы-батпақты алқаптар
19 тарау. Жер қойнауының экологиялық, ғылыми, (69 - 70 баптар)
мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды
учаскелерi
20 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (71 - 72 баптар)
мемлекеттік есебi мен мемлекеттік кадастры
21 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (73 - 79 баптар)
қаржыландыру және экономикалық
жағынан ынталандыру
22 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (80 - 83 баптар)
саласындағы бақылау
23 тарау. Дауларды шешу және ерекше қорғалатын (84 - 86 баптар)
табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк
24 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (87 - 88 баптар)
саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен қоршаған ортаның соларда орналасқан экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды объектiлерi Қазақстан Республикасының ұлттық байлығы болып табылады.
Осы Заң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметiнiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұғымы
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше құқықтық қорғау режимi бар не мемлекеттік табиғи-қорық қорын сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн шаруашылық қызметi режимiмен реттелетiн жер, су, орман және жер қойнауы учаскелерi.
ҚР 11.05.99 ж. № 381-1; 23.01.01 ж. № 151-II Заңдарымен 2-бап өзгертілді
2-бап. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры - қоршаған ортаның генетикалық резервтегі табиғи эталондар, уникумдар мен реликттер, ғылыми зерттеулер, ағарту, білім беру iсi, туризм және рекреация мәні ретiнде экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды мемлекеттік қорғауға алынған объектiлерiнiң жиынтығы.
2. алынып тасталды
3-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдары мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау мен қалпына келтiру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен ұтымды пайдалану, осы салада заңдылықты нығайту мақсатымен қоғамдық қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан, осы Заңнан, басқа да заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының принциптерi
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
мемлекеттік табиғи-қорық қорын, биологиялық алуан түрлiлiктi және табиғи экологиялық жүйелердi сақтау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды нысаналы пайдалану;
ғылымды, мәдениеттi, ағарту мен білім беру iсiн дамыту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұтымды пайдалану;
әлеуметтiк-экономикалық факторларды және жергiлiктi халықтың мүдделерiн ескере отырып, туризм мен рекреацияны дамыту;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану және қорғау жөніндегі шараларды мемлекеттік қолдау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ақы төлеп пайдалану;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзушылықпен келтiрген залалды өтеу;
халықтың және қоғамдық бiрлестiктердiң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласына қатысуы;
мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күй туралы ақпаратпен еркiн танысу;
халықаралық құқық негiзіндегі халықаралық ынтымақтастық.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 5-бап өзгертілді
5-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға меншiк
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік меншiкте болады.
Мемлекеттік табиғи-қорық қорының жер учаскелерi және оларда орналасқан объектiлерi жекешелендiруге жатпайды.
2 тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Азаматтардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Азаматтардың:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды белгiленген тәртiппен пайдалануға, мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау және қалпына келтiру жөніндегі шараларға қатысуға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қоғамдық бiрлестiктерi мен қоғамдық қорларын құруға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жөнiнде ұсыныстар енгізуге;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша қоғамдық сараптамаға қатысуға;
мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелерi жөнiнде хат, шағым, арыз жазуға және ұсыныстар жасауға, олардың қаралуын талап етуге құқығы бар.
2. Азаматтар табиғатты қорғауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды сақтауға мiндеттi.
3. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында, егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген құқықтарды пайдаланады және солар сияқты мiндеттi болады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 7-бап өзгертілді
7-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қоғамдық бiрлестiктердiң:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша бағдарламаларды әзiрлеп, насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оларды қорық iсi саласындағы белсендi қызметке ерiктi негiзде тартуға;
уәкiлеттi органдарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, қабылдау туралы ұсыныстар енгізуге;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мен орналастыру бағдарламаларын, оларды құру жөніндегі негiздемелер әзiрлеу iсiнде ұсыныстар енгiзiп, оған қатысуға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша мемлекеттік сараптамалар жүргiзудi талап етуге және қоғамдық сараптама жүргiзуге;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау, қалпына келтiру мен пайдалану жөніндегі жұмыстарға белгiленген тәртiппен қатысуға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қоғамдық қорларын құруға;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы ақпаратты белгiленген тәртiппен алуға;
айыпты ұйымдарды, лауазымды адамдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзу салдарынан азаматтарға келтiрiлген зиянды өтеу жөнiнде сотқа талап-арыз беруге;
өздерiнiң заңдарда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген басқа да құқықтарын белгiленген тәртiппен iске асыруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бiрлестiктер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
3 тарау. Мемлекеттік өкiмет органдарының
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы құзыретi
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II; 25.05.04 ж. № 553-II (бұр. ред. қара) ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 8-бап өзгертілді
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында:
бiртұтас мемлекеттік саясаттың негiзгi ережелерiн, оны жүзеге асырудың стратегиялық және тактикалық шараларын әзiрлейдi;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды, олардың Қазақстан Республикасының заңдарын, Президентi мен Үкіметінiң актілерін орындауын қамтамасыз етедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органды белгiлейдi;
республикалық және халықаралық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiн бекiтедi;
жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызудың және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру үшiн жер резервiн жасаудың тәртібін белгiлейдi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың бағдарламаларын бекiтедi;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастырады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы бейтарап үй-жайларды, ғимараттар мен объектiлердi бұзудың (көшiрудiң), барлық санаттағы жердiң есебiнен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және оларды кеңейту үшiн жер учаскелерiн алып қоюдың (сатып алудың), ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер учаскелерiн, үйлер мен ғимараттарды ғылыми, туристiк және рекреациялық қызмет үшiн жалға берудiң тәртібін белгiлейдi;
осы Заңға сәйкес осы аумақтарды пайдаланғаны және олар көрсететiн қызметтер үшiн ақы алудың тәртібі мен шарттарын белгiлейдi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік есебi мен мемлекеттік кадастрын жүргiзу тәртібін белгiлейдi;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 9-бап жаңа редакцияда; ҚР 25.05.04 ж. № 553-II (бұр. ред. қара) Заңымен 9-бап жаңа редакцияда
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жөніндегі бағдарламаларды әзiрлейдi;
қорық iсi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік есебiн және мемлекеттік кадастрын, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізеді; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi әзiрлеу жөніндегі әдiстемелердi бекiтедi;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жөнiнде жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелер әзiрлеудi ұйымдастырады және оларды мемлекеттік экологиялық сараптамаға жiбередi;
өзiнiң қарауындағы мемлекеттік мекемелер нысанында құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы жеке ережелердi бекiтедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын тiркейдi;
өзiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмыс iстеуiн ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 10-бап өзгертілді; ҚР 25.05.04 ж. № 553-II (бұр. ред. қара) Заңымен 10-бап жаңа редакцияда
10-бап. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар
өзге де орталық атқарушы органдардың құзыретi
Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар өзге де орталық атқарушы органдар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бағдарламаларды әзiрлеуге және орындауға қатысады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi әзірлеуді ұйымдастырады, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді қамтамасыз етедi және оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып бекiтедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы мемлекеттік мекеме нысанында құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы жеке ережелердi бекiтедi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын жасайды және тiркеуге жiбередi;
өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметiн ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік есебiн және мемлекеттік кадастрын жүргiзуге қатысады;
өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша күзет қызметiн құрады және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 25.05.04 ж. № 553-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының құзыретi
1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың бағдарламаларын қарайды және келісіп отырады;
атқарушы органдар басшыларының өз қарауындағы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйi мен қызметi туралы есептерiн тыңдайды;
өз құзыретi шегiнде мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау режимi жөніндегі мiндеттi ережелердi қабылдайды. Ережелер олар жария етiлгеннен кейiн екi аптадан кешiктiрiлмей күшiне енедi;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынуы бойынша жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану үшiн төлем ставкаларын белгiлейдi.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары :
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйi мен қызметiне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың бағдарламалары жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, осы аумақтарды құру жөніндегі негiздемелердi келісіп отырады;
мемлекеттік табиғи-қорық қорық пен жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар объектiлерiнiң тiзбелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып бекiтедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын жерлердiң резервiн жасауды белгiленген тәртiппен қамтамасыз етедi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, осы аумақтардың экологиялық жүйесiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн кез-келген қызметке осы аймақтардың шегiнде тыйым сала отырып, қорғаныш өңiрлерiн белгiлеу жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастырады;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі шараларды жергiлiктi бюджеттер қаражатынан қаржыландыруды қамтамасыз етедi;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының бекiтуiне ұсынады.
4 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
ұйымдастыру
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 12-бап жаңа редакцияда
12-бап. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қорына мына объектiлер енгiзiледi:
зоологиялық объектiлер - жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген түрлерi, жануарлардың құнды түрлері, жануарлардың типтiк, бiрегей және сирек кездесетiн тобы;
ботаникалық объектiлер - өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген түрлері, өсімдіктердiң құнды түрлерi, өсiмдiктердiң типтiк, бiрегей және сирек кездесетiн тобы;
орман объектiлерi - ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ормандар, орман-дақылдық өндiрiсi мен егiстiктi қорғайтын орман өсiрудiң бiрегей үлгiлерi;
дендрологиялық объектiлер - ғылыми және мәдени-тарихи маңызы бар жекелеген ағаштар немесе олардың топтары, бау-парк дақылдарының бiрегей үлгiлерi;
халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар объектiлерi теңiз айдындарын қоса алғанда, дағдылы өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн, әсiресе су құстары мекендейтiн жер ретiнде пайдаланылатын табиғи және жасанды су қоймалары;
геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлер - жер қойнауының экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды учаскелерi;
топырақ объектiлерi - әртүрлi топырақ аймақтарындағы типтiк, бiрегей және сирек кездесетiн топырақтар;
ландшафттық объектiлер - типтiк, бiрегей және сирек кездесетiн ландшафттар, ту табиғаттың эталондық учаскелерi, ерекше рекреациялық маңызы бар ландшафттар;
мемлекеттік ерекше маңызы немесе ғылыми ерекше құндылығы бар су қоймалары.
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң құрылу мақсатына, қорғау режимiне және пайдалану ерекшелiктеріне байланысты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мынадай түрлерi құрылады:
биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтар;
мемлекеттік ұлттық табиғи парктер;
мемлекеттік табиғи резерваттар;
мемлекеттік табиғи парктер;
мемлекеттік табиғат ескерткiштерi;
мемлекеттік қорық өңiрлерi;
мемлекеттік табиғи заказниктер;
мемлекеттік зоологиялық парктер;
мемлекеттік ботаникалық бактар;
мемлекеттік дендрологиялық парктер;
мемлекеттік табиғи қорықтар-сепортерлер.
Қазақстан Республикасының заңдарымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң құндылықтарына қарай жергiлiктi және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санаттары болып бөлiнедi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбесiнен шығаруға жергiлiктi атқарушы органдардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның келісілген шешiмi бойынша ғана, ал республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбесiнен шығаруға Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары бойынша ғана жол берiледi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 14-бап алынып тасталды
14-бап. алынып тасталды
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға арналған жерлердiң резервiн құру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мен орналастырудың бекітілген бағдарламаларына сәйкес осы аумақтарды құруға арналып белгiленген жерлердiң резервi жасалады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға арналған жерлердiң резервiн жасаған кезде оларды пайдаланудың мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн шектеулер көзделедi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 16-бап жаңа редакцияда
16-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру негiздемелерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бiрыңғай әдiстемелер бойынша әзiрленетiн жаратылыс-ғылыми, техникалық-экономикалық негіздемелерге сәйкес құрылады.
2. Жаратылыс-ғылыми негiздеме табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң бiрегейлiгiн және маңыздылығын анықтайды, табиғи кешендердiң экологиялық жай-күйiне баға бередi және оларды қорғау, қалпына келтiру мен пайдалану жөнiнде ұсыныстар енгізедi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың, оның шекараларының, алаңдарының және функционалдық аймақтарының түрi мен санатын таңдауды негiздейдi.
3. Техникалық-экономикалық негiздеме және оның құрамына енетiн жер бөлу жобасы:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына берiлетiн жерлердiң шекарасы мен көлемiн;
осы жердiң меншiк иелерiнен жер учаскелерiн сатып алуға және (немесе) оларды алып қоюдағы залалдарды жабуға байланысты шығындарды;
осы аймақтардың шегiнде аумақты функционалдық аймаққа бөлудi, табиғи ресурстарды қорғау режимi мен реттелетiн рекреациялық және шектелген шаруашылық пайдалану шарттарын;
ерекше қорғалатын табиғи аумақты ұйымдастыру, ұстау және дамыту жөнiндегі шаралар мен шығыстарды анықтайды.
4. Жаратылыс-ғылыми, техникалық-экономикалық негiздемелердiң жобалары, жер бөлу жобалары мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткiзiлуге және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органда бекітілуге тиiс.