ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 17-бап өзгертілді ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 17-бап жаңа редакцияда
17-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы
шешiмдер қабылдау
Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы шешiмдердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы шешiмдердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның келісімi бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы шешiм қабылдау үшiн табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары болуы қажет.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты
1. Қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар берiлетiн атқарушы органдар осындай әрбiр аумақ бойынша белгiленген үлгiде паспорт жасап, оны ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органда тiркейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында мыналар көрсетiледi:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың және оның қорғаныш аймағының схема-картасы бар орналасқан жерi, шекараларының, алаңының сипаттамасы;
ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сан көрсеткiштерiмен қоса алғандағы тiзбесi;
бөлiнген өңiр мен қорғау режимдерi, ерекше қорғалатын табиғи аумақта осы режимдердi сақтау жөніндегі мiндеттеме;
ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдалану түрлерi;
қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар табиғат қорғау мекемесiнiң немесе атқарушы органның атауы мен мекен-жайы.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты қарамағында осы аумақ орналасқан табиғат қорғау мекемесiнде, атқарушы органда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органда сақталады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 19-бап жаңа редакцияда
19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерiнің құқықтық жағдайы
Биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік табиғи парктер, мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық парктер, мемлекеттік табиғи қорықтар-сепортерлер мемлекеттік мекеме нысанындағы заңды тұлғалар болып табылады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 20-бап өзгертілді
20-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәмiздерi
1. Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өз рәмiздерi (жалаулары, вымпельдерi, эмблемалары және басқалары) болуы мүмкiн, олар нақты сол аумақтың толық немесе ресми қысқартылған атауын қамтуға тиiс.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар өз рәмiздерiн пайдалануға айрықша құқыққа ие болады және оны заңды және жеке тұлғалардың ақылы негiзде пайдалануына рұқсат етiлуi мүмкiн.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәмiздерiн және оны пайдалануға рұқсат беру тәртібін қарамағына осы аумақ кiретiн атқарушы органдар белгiлейдi.
21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн, суын, ормандары мен жер қойнауын пайдалану ерекшелiктерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, суы, ормандары мен жер қойнауы жердiң, судың, ормандар мен жер қойнауының ерекше санаттарына бөлiнедi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн, суын, ормандары мен жер қойнауын өзге мұқтаждар үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн, суын, ормандары мен жер қойнауын пайдалану осы Заңға және Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы
мемлекеттік табиғи-қорық қорын
қорғау және қалпына келтiру
22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн ерекше қорғау құқықтық режимi не шаруашылық қызметiнiң реттелетiн режимi енгiзiледi.
2. Ерекше қорғау құқықтық режимi:
1) қорық режимi;
2) заказник режимi болып бөлiнедi.
Қорық режимi ерекше қорғалатын табиғи аумақта немесе арнайы бөлiнген учаскелерде кез келген шаруашылық қызметке, сондай-ақ қоршаған ортаның табиғи жай-күйiн бұзатын өзге де қызметке тыйым салуды көздейдi.
Заказник режимi ерекше қорғалатын табиғи аумақта немесе арнайы бөлiнген учаскелерде шаруашылық және өзге де қызметтi белгiлi бiр маусымда, белгiлi бiр мерзiмде ғана, мұның өзi мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сақталуына қауiп төндiрмейтiндей және олардың молығуын нашарлатпайтындай мөлшерде ғана жүргiзудi көздейдi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы немесе арнайы бөлiнген учаскелердегi шаруашылық қызметтiң реттелетiн режимi табиғи ресурстардың шаруашылық үшiн пайдаланылуын шектеудi көздейдi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаудың жалпы ережелерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда:
елдi мекендердi, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы мен мелиорация, энергетика, көлiк пен байланыс объектiлерiн, әскери және қорғаныс объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мақсаттары мен жұмыс iстеуiне байланысты жоқ өзге де объектiлер мен құрылыстарды орналастыруға және салуға;
өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын, сондай-ақ радиоактивтi материалдарды жинау мен көмуге;
су қоймаларын салқынды сулар ағызу үшiн пайдалануға;
қоршаған ортаға қауiп туғызуы ықтимал химиялық және биологиялық заттарды, зиянды физикалық ықпал жасауды қолдануға;
пайдалы қазбаларды барлау мен өндiруге, пайдалы қазбаларды өндiруге байланысы жоқ жерасты құрылыстарын салу мен пайдалануға;
басты мақсатта пайдаланылатын ағаштарды кесуге, шайырды, екiншi дәрежелi орман материалдары мен ағаш шырындарын дайындалуға;
қорғалатын ландшафттардың табиғи бейнесiнiң өзгеруiне немесе экологиялық жүйелер тұрлаулылығының бұзылуына әкеп соғатын жұмыстарға тыйым салынады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда азаматтардың болуы оларды қорғау режимдерiнiң ерекшелiктерiне сәйкес шектеледi және осындай әрбiр аумақ туралы жеке ережелермен реттеледi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 24-бап жаңа редакцияда
24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары
1. Қолайсыз сыртқы ықпалдардан қорғау үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына сол аймақтар шегiнде осы аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң жай-күйiне және қалпына келтiрiлуіне теріс ықпал ететiн қандай да болсын қызметке тыйым салынатын қорғаныш аймақтары белгiленуi мүмкiн.
2. Қорғаныш аймақтары табиғи ресурстарының көлемiн, шекарасын, режимiн және пайдалану тәртібін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның келісімiмен жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi.
Қорғаныш аймақтарының жерi арнайы белгiлермен белгiленедi.
25-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорғаныш шаралары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоршаған ортаға зиянды ықпал етудiң алдын алу және оны жою мақсатында мынадай қорғаныш шаралары жүргiзiлуi мүмкiн:
табиғи апаттардың алдын алу және оларды жою, өрттердiң алдын алу, дер кезiнде анықтау және жою;
судың зиянды ықпал етуiнiң алдын алу және оны жою;
өсiмдiктердi қорғау, зиянды жәндiктердiң өсiп-өну ортасы мен ағаш ауруларын дер кезiнде анықтау және оларға қарсы күрес, орманда санитариялық және басқа да ағаш кесу (жол төсеген, өртке қарсы белдеулер жасаған кезде жол құрылысына байланысты орман тазалау);
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын және ветеринариялық қадағалауды қамтамасыз ету, iндеттер мен эпизоотиялардың алдын алу мақсатында жануарлар санын реттеп отыру.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорғаныш шаралары оларды қорғау режимдерiн ескере отырып, ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негiзiнде және қарамағында осы аумақтар бар атқарушы органдардың рұқсаты бойынша жүргiзiледi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтiру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтiру мақсатында мынадай шаралар жүргiзiлуi мүмкiн:
жердi эрозиядан сақтау мен бұрын бүлiнген жерлердi қалпына келтiрудi қоса, жердi қорғау;
су қоймаларының қолайлы режимiн сақтау, суды ластанудан, күл-қоқыстан және сарқылудан қорғау;
эрозиялық процестердi болғызбау және экологиялық жағдайда жақсарту мақсатында ормандарды қалпына келтiру мен орман өсiру;
жануарлардың тiршiлiк ортасы мен өсiп-өну жағдайларын, жүрiп өтетiн жолдары мен шоғырланатын орындарын қорғау;
жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау көбейту, өсiру және табиғи ортада қалпына келтiру;
жабайы өсiмдiк түрлерiн қолдан өсiру, тұқымын сұрыптау және көбейту.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қалпына келтiру шаралары, қорғау режимдерi ескерiле отырып, ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негiзiнде және қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдармен жасалған келісім бойынша жүргiзiледi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 27-бап жаңа редакцияда
27-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтiрудi ұйымдастыру
Мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтiрудi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесiне зиянды әсердiң алдын алу және жою жөніндегі қорғау шараларын ұйымдастыруды осы аумақтар қарауында болатын тиiстi табиғат қорғау мекемелерiнiң, мемлекеттік органдардың арнаулы қызметтерi немесе оған тартылатын ұйымдар жүзеге асырады.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды
5-1-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
қорғауды ұйымдастыру
27-1-бап. Биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң және мемлекеттік табиғи резерваттардың табиғи кешендерi мен объектiлерiн қорғау
1. Биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың табиғи кешендерi мен объектiлерiн қорғауды, қызметкерлерi осы мемлекеттік мекеменiң штатына кiретiн, олардың аумақтарын қорғау жөніндегі арнаулы мемлекеттік инспекция жүзеге асырады.
2. Биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың директорлары және олардың орынбасарлары тиiсiнше биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң және мемлекеттік табиғи резерваттардың аумақтарын қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар және олардың орынбасарлары болып табылады.
27-2-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың құқықтары
1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың осы ерекше қорғалатын аумақтарды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылатын қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарындағы адамдардың аталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу құқығына рұқсатты тексеруге;
мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарына жапсарлас жатқан қорғаныш аймақтары аумақтарында табиғат пайдалануды және өзге де қызметтi жүзеге асыру құқығына құжаттарды тексеруге;
мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарында және олардың қорғаныш аймақтарында Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарын бұзған адамдарды ұстауға және аталған тәртiп бұзушыларды құқық қорғау органдарына жеткізуге;
мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың белгiленген режимiн бұзуға кiнәлi адамдарды әкiмшiлiк жауапқа тарту туралы материалдарды жiберуге;
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарын бұзушылардан заңсыз табиғат пайдалану өнiмдерi мен құралдарын, көлiк құралдарын, сондай-ақ тиiстi құжаттарды алып қоюға;
мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарында және олардың қорғаныш аймақтарында көлiк құралдарына тексеру жүргiзуге;
мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарында және олардың қорғаныш аймақтарында орналасқан кез келген объектiлерге Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдары талаптарының сақталуын тексеру үшiн кедергiсiз баруға;
мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердi, мемлекеттік табиғи резерваттарды және олардың қорғаныш аймақтарын ерекше қорғау режимiне сәйкес келмейтiн шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұруға;
мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың, олардың қорғаныш аймақтарының табиғи кешендерi мен объектiлерiне оларды қорғаудың белгiленген режимiн бұзу салдарынан келтiрiлген залалдың орнын толтыру есебiнен мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың пайдасына қаражат өндiрiп алу туралы жеке және заңды тұлғаларға талап-арыз келтiру;
заңдармен көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының бұзылғандығы туралы материалдарды құқық қорғау органдарына жiберуге құқығы бар.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға осы Заңмен өздерiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру кезiнде қызмет мiндеттерiн орындаған жағдайда қызметтiк қаруын алып жүруге және арнайы құралдарды қолдануға рұқсат берiледi.
Қызметтiк атыс қаруы мен арнайы құралдарды алу, сақтау және қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қорғау жөнiндегі мемлекеттік инспекторлар сауыт кеудешелермен және жеке қорғаныстың басқа да құралдарымен қамтамасыз етiледi.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мiндеттi мемлекеттік сақтандырылуға тиiс.
27-3-бап. Мемлекеттік табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи заказниктердiң және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерiн қорғау
1. Мемлекеттік табиғи заказниктердiң аумақтарын қорғауды олар қарауында болатын орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік табиғи парктердiң аумақтары мен басқа да жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауды олар қарауында болатын атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік табиғи заказниктер, мемлекеттік табиғи парктер аумақтарын және басқа да жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауды жүзеге асыратын қызметкерлер мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер және мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар пайдаланатын құқықтарды пайдаланады.
6 тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдалану
28-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланудың мақсаттары
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар:
1) ғылыми;
2) мәдени-ағартушылық;
3) оқу;
4) туристiк және рекреациялық;
5) шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдаланылуы мүмкiн.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II; 25.05.04 ж. № 553-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 29-бап толықтырылды
29-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ғылыми мақсаттарда пайдалану
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мынадай негiзгi бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзiлуi мүмкiн:
мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн түгендеу және зерделеу, оларды қорғау мен қалпына келтiру жөніндегі ғылыми негiзделген шаралар әзiрлеу;
табиғи процестердiң табиғи ағымын және қорғау режимдерiнiң экологиялық жүйелерге әсерiн зерделеу;
мониторингтiң экологиялық және басқа түрлерi, "Табиғат жылнамасын" жүргiзу;
қорық iсiнiң, қоршаған ортаны қорғаудың және табиғатты ұтымды пайдаланудың ғылыми негiздерiн әзiрлеу;
жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң көбеюiн қалпына келтiрудің ғылыми негiздерiн әзiрлеу.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ғылыми зерттеулердi әдiстемелiк басшылық пен үйлестiрудi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган мен ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган бiрлесiп жүзеге асырады.
30-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды мәдени-ағартушылық мақсаттарда пайдалану
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мынадай мәдени-ағартушылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн:
табиғи-ғылыми білімдер мен қорық iсi, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы жетiстiктердi насихаттау;
өлi табиғат, өсiмдiктер мен жануарлар объектiлерiн, тарихи-мәдени мұра объектiлерiн көрсету;
табиғат қорғау мекемелерiнiң қызметiмен таныстыру.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мәдени-ағарту шараларын өткізу үшiн мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, көрсетiлетiн учаскелер және басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғау, сақтау және пайдалану Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды оқу мақсатында пайдалану
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мынадай оқу мақсаттарында:
оқушылар мен студенттердiң оқу экскурсиялары мен сабақтарын, өндiрiстiк практикаларын өткізу;
қорық iсi, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ғылыми кадрларды даярлау, мамандарды қайта даярлау және біліктiлiгiн арттыру мақсаттарында пайдаланылуы мүмкiн.
32-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды туристiк және рекреациялық мақсаттарда пайдалану
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туристердi табиғи және тарихи-мәдени көрiктi орындармен таныстыру, халықтың белсендi демалысы үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризм мен рекреация жүргiзу үшiн арнайы учаскелер бөлiнедi, оларда туристiк соқпақтар, шолу алаңқайлары, тынығып, дамылдайтын ашық алаңдар, көлiкке арналған тұрақтар, кемпингтер, шатыр тiгiлген лагерьлер, мейманханалар, мотельдер, туристiк базалар, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер болады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимдерiн ескере отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының туризм туралы заңдарына сәйкес реттеледi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарына пайдалану
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға заказник режимi бар және шаруашылық қызметiнiң режимiмен реттелетiн арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қорын шектеулi шаруашылық қызметке пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның өз құзыретi шегіндегі рұқсаты бойынша ғана жүзеге асырылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда белгiленген жағдайларына шектеулi және де шаруашылық қызметке ғана оған байланысты табиғат пайдалану түрлерiне, егер мемлекеттік табиғи-қорық қорын сақтауға және молықтыруға қауiп төндiрмесе, майдагерлiк және халықтық кәсiпшiлiкке, қарамағында осы аумақтар бар атқарушы органдардың рұқсаты бойынша жол берiледi.
7 тарау. Мемлекеттік табиғи қорықтар
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Мемлекеттік табиғи қорық ұғымы
1. Мемлекеттік табиғи қорық - табиғи процестердiң, тұрпатты және бiрегей экологиялық, жүйелердiң, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң биологиялық алуан түрлiлiгi мен генетикалық қорын табиғи жағдайда сақтап, дамуын зерттеуге арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың бүкiл аумағында табиғи ресурстарды шаруашылық жүргiзу үшiн пайдалануды болғызбайтын қорғаудың қорықтық режимi белгiленедi.
ҚР 23.01.01 ж. № 151-II ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтарды қорғау режимiнiң ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтарда, осы Заңның 23-бабында көрсетiлген жалпы қорғау шараларын қоспағанда:
үйлер мен ғимараттар, көпшiлiк пайдаланатын жолдар, труба құбырларын, электр беру желiлерi мен басқа да коммуникациялар салуға;
мемлекеттік геологиялық зерттеуге және түрлi iздестiру жұмыстарына;
ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiк, гидроэнергетиканың, су көлiгiнiң суға деген қажеттерiн өтеу үшiн және өзге шаруашылық мұқтаждар үшiн жер үстi және жер асты суларын пайдалануға;
орман қорғау шараларын жүргiзу және қорықтардың қызмет етуi үшін қажеттi санитариялық және өзге де кесулердi қоспағанда, ағаштарды кесуге, шайырды, екiншi дәрежелi орман материалдары мен ағаш шырындарын дайындауға, орманды жанама пайдалануға және орманды сауықтыру мақсаттарына және орман қоры учаскелерiн аң шаруашылығы мұқтаждары үшiн пайдалануға;
шөп шабу мен мал жаюды қоса алғанда, өсiмдiктер дүниесiн шаруашылық мақсаттарға пайдалануға;
аң аулауға, кәсiпшiлiк балық аулауға және аңшылық пен балық аулау объектiсiне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсаттарына пайдалануға;
флоралар мен фауналар үшiн өсiмдiктер мен жануарлардың жаңа түрлерiн жаңа жағдайларға бейiмдеуге;
қоршаған ортаға кез келген химиялық, биологиялық және физикалық ықпал жасауды қолдануға;
арнаулы рұқсат болмайынша табиғи ортадан жануарлар мен өсiмдiктердi алып қою арқылы коллекциялар жинауға және ғылыми зерттеулер жүргiзуге;
азаматтардың арнайы рұқсатсыз және келуге бөлiнген орындардан тыс жерлерде болуына тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтар қызметкерлерiнiң жеке қосалқы шаруашылығы үшiн жер учаскелерiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары қорықтардан тыс жерлерден немесе өздерiнiң қорғауындағы, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш өңiрлерiнiң шегiнен бөледi.
36-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми зерттеулер ұйымдастырудың ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтар оларда құрылатын ғылыми орталықтардың, лабораториялар мен бөлiмдердiң күшiмен жыл бойы тұрақты бақылау ұйымдастыру арқылы ғылыми зерттеулер жүргiзедi.
Мемлекеттік табиғи қорықтардың ғылыми орталықтарына, лабораториялары мен бөлiмдерiне белгiленген тәртiппен ғылыми ұйым мәртебесi берiлiп, олардың қызметкерлерiне ғылыми қызметке құқықтары қолданылуы мүмкiн.