2. Сақтандыру резервтерiнiң қаражаты тек қана сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қолданылып жүрген сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға байланысты сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға арналған.
3. Сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiн қалыптастыруға және сақтандыру резервтерiнiң қаражатын орналастыру тәртібіне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) ; 2005.23.12 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 48- бап өзгертілді
48-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәмiлелер жасауына қойылатын шектеулер
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына:
1) қаржы ұйымдарының жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан;
2) акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғарғы және ең жоғарыдан кейінгі санаты бойынша енгізілген, қаржы ұйымдары болып табылмайтын заңды тұлғалардың акцияларын сатып алудан;
3) сақтандыру қызметін автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, сақтандырудың міндетті түрлері бойынша деректер базасын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан;
4) сақтандыру агентінің қызметін қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан;
5) банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғалардың қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан;
6) Қазақстан Республикасының резиденттері-акционерлік инвестициялық қорлардың акцияларын сатып алудан басқа жағдайларда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
Осы тармақтың 2) және 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың акцияларын сатып алу бір эмитенттің орналастырылған акциялары жалпы санының он процентінен аспауға тиіс.
1-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін не акцияларын сатып алуы бір заңды тұлғаға:
1) 1), 3)-5) тармақшаларда аталған заңды тұлғалар үшін - активтердің сапасы мен өтімділігі бойынша жіктелуін ескере отырып, олардың құны негізге алынып есептелген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілетінің іс жүзіндегі маржасының он бес процентінен;
2) 2) және 6) тармақшаларда аталған заңды тұлғалар үшін - активтердің сапасы мен өтімділігі бойынша жіктелуін ескере отырып, олардың құны негізге алынып есептелген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілетінің іс жүзіндегі маржасының он процентінен аспауға тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржы ұйымдары болып табылмайтын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің немесе акцияларының жиынтық құны сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілетінің іс жүзіндегі маржасының алпыс процентінен аспауға тиіс.
1-2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы:
акционері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы болып табылатын заңды тұлғаның акциялары санының оның дауыс беретін акцияларының жалпы санына проценттік арақатынасының;
заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына тиесілі қатысу үлесінің он бес, отыз немесе қырық процент деңгейінен көбею немесе азаю фактісін анықтаған күннен бастап он күн ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
1-3. Осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының еншілес ұйымдарының, капиталына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қомақты қатысуы бар ұйымдардың қызметіне қолданылады.
2. 2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен алып тасталды ( бұр. ред. қара)
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына өз капиталы мөлшерiнiң он процентiнен асатын көлемде заемдар тартуға тыйым салынады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына тартылған заем мерзiмi үш айдан аспауы керек.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бес күн мерзiмде өз мүлкiнiң кепiлi, кепiлдiк беру немесе басқа да баланста көрсетiлмеген мiндеттемелердi қабылдағаны туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кепiлдiгi тiзiлiмiн жүргiзуге және өзге де мiндеттемелерiне байланысты қосымша талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
49-бап. Сақтандыру бойынша iрi мәмiлелер жасау
1. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жауапкершiлiк лимитi (сақтандыру сомасы немесе өздiгiнен ұстап қалу) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген нормативтен асып кетсе, сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша мәмiле iрi мәмiле деп танылады.
2. Iрi мәмiле жасау туралы шешiмдi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесi актуарийдiң алдын ала қорытындысы негiзiнде бекiтуге тиiс.
2005.23.12 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 50- бап өзгертілді
50-бап. Бағалы қағаздармен және вексельдермен мәмiлелер жасау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып тiркеледi.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алтын акция, облигациялар, өзге де борыштық және солардан туындайтын бағалы қағаздар мен вексельдер шығаруға құқығы жоқ.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 51-бап өзгертілді
51-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелердi бақылау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акцияларының жалпы санының бес процентiнен астам дауыс беретiн акцияларын меншiк құқығына немесе басқару құқығына алатын тұлға уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша күнтiзбелiк он күн iшiнде уәкiлеттi органға көрсетiлген мәмiленiң жасалғандығы туралы жазбаша хабарлама табыс етуге мiндеттi.
1) мәмiленiң нәтижесiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары жинақталымының жиырма бес процентiнен астамын бiр тұлға немесе қосылма тұлғалар тобы иеленетiн, басқаратын немесе кепiлге иеленетiн болса;
2) осы Заңның 35-бабының 2-тармағындағы тармақшалардың бiрiне қатысы бар тұлға мәмiле тараптарының бiрi болып табылса уәкiлеттi органының алдын ала рұқсатын алуға мiндеттi.
2. алып тасталды
3. Оффшорлық аймақта тiркелген ұйым мәртебесiне ие заңды тұлғаның немесе оффшорлық аймақта тiркелген жарғылық капиталына заңды тұлғалар тiкелей немесе қосылма тұлғалар арқылы қатысатын заңды тұлғаның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары санының бес проценттен астам мөлшеріндегі дауыс беретiн акцияларды иеленуге құқығы жоқ.
4. Осы баптың талаптары сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларымен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларына шығарылған депозитарийлiк қолхаттармен жасалған мәмiлелердiң барлық түрiне қолданылады.
52-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiрлескен қызметке қатысуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы консорциум немесе жай серiктестiк құруға қатысуға құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысуымен бiрлескен қызмет туралы шарт оны жасаған күннен бастап он күн iшiнде уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, онымен және оның құрылтайшыларымен қосылма тұлғалардың және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қатысатын консорциумдар мен жай серіктестіктерге қатысушы ұйымдардың қызметін қадағалау ынтымақтасқан негiзде жүзеге асырылады. Ынтымақтасып қадағалау ережелерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
10-тарау. Санкциялар және өзге де ықпал ету шаралары
10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) ; 2005.23.12 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 53-бап өзгертілді
53-бап. Нұсқама және санкциялар
1. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдар бұзылған жағдайда уәкiлеттi орган анықталған жолсыздықтарды жою туралы сақтандыру қызметi субъектiлерiне жазбаша нұсқама жiберуге құқылы.
Жазбаша нұсқама - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған, орындалуы мiндеттi түзету шараларын қолдану туралы нұсқамасы.
1-1. Егер уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушыларының, олардың лауазымды тұлғаларының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз әрекеті мен әрекетсіздігі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайын нашарлатқанын анықтаса, осы баптың 1-тармағында келтірілген шаралар осы тұлғаларға қатысты да қолданылуы мүмкін.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына санкцияларды уәкiлеттi орган не сот осы Заңға сәйкес қолданады.
3. Уәкiлеттi орган санкциялар ретiнде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға;
2) осы Заңның 54-бабында белгiленген негiздер бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға;
3) осы Заңның 55-бабында көзделген негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары акцияларын оның акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдауға және оларды осы Заңның 61-бабының талаптарына сәйкес жаңа инвесторларға сатуға;
5) осы Заңның 34-бабында аталған адамдарды осы мәселенi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиiстi органы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аталған басшы қызметкерiнiң iс-әрекетiн Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейдi деп тануға жеткiлiктi деректер негiзiнде қарағанға дейiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге құқылы.
2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 53-1- баппен толықтырылды
53-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі
қатысушыларына қолданылатын мәжбүрлеу шаралары
1. Уәкілетті орган:
1) ірі қатысушы мәртебесін алуға уәкілетті органның келісімін алмаған;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы мәртебесін алғаннан кейін осы Заңның 26-1-бабының 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар пайда болған;
3) осы Заңның 53-бабының 1-1-тармағына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамаған;
4) салдарынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына зиян келтірілген әрекеттерді сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы жасаған;
5) салдарынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына зиян келтірілген, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысының қаржылық жағдайының тұрақсыздығы;
6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының арасында уәкілетті органның осы Заңда көзделген қадағалау функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін қатынастар болған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушыларына мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар болған ретте, уәкілетті орган:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының оған тікелей немесе жанама тиесілі акцияларының санын дауыс беретін акциялардың он процентінен төмен деңгейге дейін азайтуды не сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметін басқаруға тікелей немесе жанама қатысудан, оның ішінде дауыс беру құқығын жүзеге асырудан бас тартуды талап етуге;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан ірі қатысушы мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасындағы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тәуекелге ұрындыратын операцияларды (тікелей және жанама операцияларды) ірі қатысушыға қатысты жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге құқылы.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы осы баптың 2-тармағында, сондай-ақ осы Заңның 20-бабының 8-тармағында көзделген талаптарды уәкілетті орган белгілеген мерзім ішінде орындамаған жағдайда, уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының акцияларын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын басқаруға сенімгерлік басқарушы ретінде қатысу құқығымен үш айға дейінгі мерзімге уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына беру жөнінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акционерлерімен шарт жасасу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Акцияларды сенімгерлікпен басқаруға берудің негіздері осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде жойылмаған кезде, уәкілетті орган сенімгерлікпен басқарудағы акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығында сату жолымен осы акцияларды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Көрсетілген акцияларды сатудан түскен ақша акциялары уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына берілген тұлғаларға аударылады.
Акционерлер акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беруден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
4. Мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
ҚР 11.06.03 ж. № 436-11 (бұр. ред. қара); 2005.23.12 № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 54- бап өзгертілді
54-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi органның сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың бұзылуын жою туралы жазбаша нұсқамасын орындамаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген пруденциялық нормативтердiң талаптарын және өзге де сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi сақтамаған;
3) қатарынан екi ай бойы уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген есептi табыс етпеген;
4) сақтандыру қызметiн тексеруге байланысты уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде талап еткен құжаттар мен ақпаратты беруден бас тартқан;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының , басшы қызметкерлерін, сақтандыру брокерін келісуге байланысты талаптарды бұзған;
6) уәкiлеттi орган салған айыппұлды белгiленген мерзiмде төлемеген;
7) бухгалтерлiк есепте сақтандыру (қайта сақтандыру) жөніндегі қаржы операцияларын тиiсiнше көрсетпеуге, сондай-ақ есепке алудың өзге де мiндеттi нысандарын жүргiзуге байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу фактiсi анықталған;
8) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған ;
8-1) аудиторлық ұйымның өткізілген аудит туралы есебінде көрсетілген бұзушылықтарды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы осы Заңның 20-бабының 8-тармағында көрсетілген мерзімде қасақана жоймаған;
9) сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қорға міндетті немесе төтенше жарналарды соңғы он екі айдың ішінде екі және одан да көп рет төлемеген, уақытылы төлемеген не толық көлемінде төлемеген жағдайларда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мен сақтандыру брокері лицензиясының қолданылуы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру оның жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасауына, қолданылып жүрген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды қоса, тыйым салуға әкеп соғады. Бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзi қабылдаған мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
Мұндай шешiм сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атқарушы органының назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы талаптар сақтандыру брокерiне қатысты қолданылмайды.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) ; 2005.23.12 № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 55- бап өзгертілді
55-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
2-1) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарын бұзушылықты жою жөніндегі жазбаша нұсқамасын бiрнеше мәрте (қатарынан он екi күнтiзбелiк ай iшiнде екi және одан да көп рет) орындамаған;
3) сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе сақтандыру брокерiнiң қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы немесе сақтандыру брокері лицензиялық қызметті лицензия берілген күннен бастап он екі ай бойы жүзеге асырмаған;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлетi болмаған ;
6) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру кезінде осы ұйым табыс еткен бизнес-жоспардағы не оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, сақтандыру сыныбы (сыныптары) бойынша бизнес-жоспардағы қорытынды болжау нәтижелері осы бизнес-жоспарды орындау кезеңі аяқталған соң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының іс жүзіндегі қорытынды нәтижелеріне сәйкес келмеген жағдайларда лицензияны кері қайтарып алу туралы шешім шығаруға құқылы.
1-1. Сақтандыру ұйымының лицензиясы сақтандырудың барлық сыныптары бойынша да, жекелеген сыныптары бойынша да кері қайтарып алынуы мүмкін.
2. Керi қайтарып алу туралы шешiмде оны керi қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс.
3. Лицензиясы керi қайтарылып алынған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қызметiн немесе өзге де қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ұстауға арналған ағымдағы шығыстарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына түсетiн ақшаны есепке алуға және бұрын жасалып, сақтандыру оқиғасы туындаған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерiн жүргiзуге байланысты жағдайларды қоспағанда, қолда бар банк шоттары бойынша барлық операцияларды тоқтатуға мiндеттi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 56-бап өзгертілді
56-бап. Сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын қайтарып алудың зардаптары
1. Сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензияларын керi қайтарып алу туралы шешiмi оның лицензиат назарына жеткiзiлген не баспасөзде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Лицензияны керi қайтарып алу туралы ақпарат екi республикалық газетте жарияланады.
2. Лицензия керi қайтарылып алынған күннен бастап он бес күн iшiнде уәкiлеттi орган сотқа заңдарда белгiленген тәртiппен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтiнiшпен жүгiнуге мiндеттi.
3. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм күшiне енген күннен бастап уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiн тағайындайды, оған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық басқару органдарының өкiлеттiгi көшедi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрын жұмыс iстеп келген органдарының өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерiнiң лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмiне сот тәртібімен шағым жасауға құқығы бар.
4. Уақытша әкiмшiлiк өз қызметiн уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң қызметiне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң есебi уәкiлеттi органға және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы шешiм қабылдаған сотқа ұсынылады.
Уақытша әкiмшiлiктiң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттары мен мүлкiн уақытша әкiмшiлiктен тарату комиссиясының төрағасына беру төрт дана етiп жасалатын қабылдау-өткізу актiсiмен ресiмделедi және оны уәкiлеттi орган бекiтедi. Бекiтiлген актiнiң бiр данасы ic материалдарына тiгу үшiн сотқа жiберiледi.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң өз қызметi кезеңiнде, осы Заңның 55-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға құқығы жоқ.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiк тағайындалған кезеңдегi жұмыс тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң құрамына енгiзiлген уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жағдайларын қоспағанда, уәкiлеттi органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және тарату комиссиясының қызметiн мәжбүрлеп тоқтату жөніндегі сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi болмаған жағдайларда не осы шығыстарды жабу үшiн оның құны жеткiлiксiз болса, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдiк екi баспасөз басылымында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату жөнiнде сот қабылдаған шешiм туралы ақпаратты жариялау бойынша шығыстарын жабу үшiн шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.
57-бап. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi органның жазбаша сұратуы бойынша құжаттарды және ақпаратты бермеген;
2) аудиторлық қызметтi сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарын бұза отырып жүзеге асырған;
3) аудиторлық ұйымда сақтандыру қызметiне аудит жүргiзуге уәкiлеттi органның қолданылатын лицензиясы бар аудитор болмаған;
4) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата алады.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
58-бап. Уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) аудит барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жарияланған немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi органнан басқасына) берiлген;
4) уәкiлеттi аудитор аудиторлық қызметке жатқызылған мәселелер бойынша жалған қорытынды (растау) берген;
5) лицензия беруден бас тартуға негiз болатын мән-жайлар туындаған;
6) жалпы аудиторлық қызметтi лицензиялау жөніндегі тиiстi органның аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмi болған;
7) сот уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу немесе қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
8) уәкiлеттi аудитордың қызметi тоқтатылған жағдайда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны керi қайтарып алу негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 59- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
59-бап. Актуарий лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Актуарий лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша: