2006 жылы мұнай мен газ конденсатын өндiру 68 млн. тоннаны құрайды, одан кейiнгi екi жылда оның көлемi жыл сайын 4 млн. тоннаға ұлғайтылады.
Мұнай-газ секторын тұрақты дамыту Қазақстандағы экономикалық өсудi қамтамасыз етудiң кепiлi болып табылады. 2006 - 2008 жылдары мұнай мен газ өндiру саласы мемлекеттік бюджеттiң шамамен 17-18,8%-ын қамтамасыз ететiн болады.
Экономиканың бәсекеге қабiлетiн қамтамасыз ету үшiн Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының екiншi кезеңiн iске асыру жалғасатын болады. Бұл кезеңнiң негізгі қорытындысы экономиканың басымды салаларында кластерлік бастамаларды дамыту үшiн негiз құру болады.
Мемлекеттік мүлiкті басқарудың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында активтердi басқару жөніндегі бiрқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелi ортаға беру арқылы мемлекеттік меншiк құрылымын оңтайландыру жүргiзiледi.
2006 - 2008 жылдары экономиканы өсiрудiң негiзгi факторы әлемдiк рынокта мұнайдың қолайлы баға конъюнктурасын сақтау болады. Bre№t маркалы мұнайдың әлемдiк бағасы бiр баррель үшiн 40-41 доллар шегiнде болады, ал экспорттық бағасы бiр баррель үшiн 30-30,8 доллар аралығында қалыптасады деп болжанып отыр.
Қазақстандық өнiмдi экспорттаудан үш жыл iшiнде елге шамамен 73,3 млрд. АҚШ доллары түседi деп күтiлуде, оның 40,8 млрд. AҚШ доллары мұнай мен газ конденсатын экспорттаудан алынады.
Тауарлар мен инвестициялық ресурстарға iшкі сұранысты кеңейту импортты ұлғайтудың негізгі факторларына айналады. 2005 жылмен салыстырғанда 2006 жылы импорт 21,8%-ға ұлғаяды және 18,3 млрд. АҚШ долларын құрайды. Одан кейiнгi жылдары импорттың 2007 жылы 7,6 %-ға дейiн және 2008 жылы 8,5 %-ға азаюы болжанып отыр.
2006-2008 жылдары негізгі капиталға инвестициялардың жыл сайынғы өсуi орта есеппен 14-15 %-ды құрайды.
3. Қазақстан Республикасын дамытудың 2006-2008 жылдарға
арналған мақсаттары, міндеттерi және басымдықтары
§ 1. Стратегиялық мiндеттердi шешу саласында
2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылға қарай ЖIӨ-нi екi еселеу жөніндегi стратегиялық мiндет шамамен екi жыл бұрын орындалады және Қазақстанның экономикалық еселенуiне 2008 жылы қол жеткiзiледi.
Қазақстан өз азаматтары үшін өмiр сүрудiң жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнiң тиiмдi дамушы елдерiнiң арасынан орын алуға тиiс.
2010 жылға қарай жан басына шаққанда 5800 АҚШ доллары, ал 2015 жылға қарай шамамен 9000 АҚШ доллары болатын ЖIӨ-ге қол жеткізу қажет.
Көзi: Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi
§ 2. Орта мерзiмдi мiндеттердi шешу саласында
2006-2008 жылдары әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары Президенттiң «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына Жолдауында, стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Бағдарламасында, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясында айқындалған мақсаттар мен мiндеттерге сәйкес болады.
Инновациялық экономика құру және экономиканың шикiзаттық емес секторын дамыту жөніндегi белсендi жұмыс экономиканың бәсекеге қабiлеттілiгін жоғарылатуға ықпал етуi тиiс.
Жоспарланып отырған кезеңде бәсекеге қабiлетті экономика негiздерiн құру үшін мынадай мiндеттердi шешу:
2006-2008 жылдары ЖIӨ-нiң орта есеппен 8,2%-ға орташа жылдық өсу қарқынын қамтамасыз ету;
инфляцияның орташа жылдық деңгейiн 5-7%-дық дәлізде қамтамасыз ету;
бағалы қағаздар рыногын және жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамыту;
кәсiпкерлiк ортаның бастамаларын iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
металлургия, тоқыма салаларында, тамақ өнеркәсiбiнде, мұнай-газ машина жасауда, құрылыс индустриясында, туризмде, көлiк-логистикалық қызметтерде пилоттық кластерлердi құру және дамыту;
ауыл шаруашылығы шикізатын өндiру және өңдеу саласында кластерлік бастамаларды iске асыру арқылы аграрлық өндiрiсті индустрияландыру;
болашақтың жоғары технологиялы және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерi үшiн кадрлық әлеуетті қалыптастыру;
халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiктерiнiң өмiрiн лайықты қамтамасыз ету;
тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу;
белсендi, жан-жақты және теңестірiлген сыртқы экономикалық саясатты жүргiзу;
Алматы қаласында өңiрлiк қаржы орталығын құру тұжырымдамасын одан әрi iске асыру ұйғарылып отыр.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2006-2008 жылдарға арналған басымдықтары болып мыналар айқындалды:
ел экономикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын одан әрi iске асыру, жеке сектормен ынтымақтастықты тереңдету;
ғылымды, білім берудi және халықтың кәсiби біліктілігiн дамытудың қазiргі заманғы және тиiмдi жүйесiн құру;
тұрғын үй құрылысын дамыту;
денсаулық сақтау жүйесiн одан әрi жетiлдiру;
шағын кәсіпкерлiктi дамытуды қамтамасыз ететiн iс-шаралар кешенi;
халықты зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыруды одан әрi арттыру;
қоршаған ортаның ластану деңгейiн қысқарту.
4. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
§ 1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту
Ақша-кредит саясаты
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты саласындағы негізгi мақсаты бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету болады.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының операциялары бойынша ықпал ету шараларын күшейтедi және өзiнiң негізгi ставкаларының реттеушi рөлін одан әрi жоғарылатуға жәрдемдесетiн болады.
Айтарлықтай экономикалық өсу және Қазақстанға шетелдiк валюта ағымының ауқымды көлемi сияқты 2004 жылы инфляцияның жоғарылауына ықпал еткен негiзгi факторлар 2005 жылы да өз әсерiн сақтайды деп көзделуде. Бұдан басқа, 2004 жылы өндiрушi кәсiпорындар бағаларының 23,8 %-ға жоғары өсуi 2005 жылы тұтыну бағалары өсуiнiң айқындаушы факторына айналуы мүмкiн. Осы факторлардың инфляцияға ықпал етуiн азайту үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын күшейту жөніндегі шараларды қолданатын болады.
Ақша-кредит саясатын күшейту Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми ставкаларының кредиттер бойынша рыноктық ставкаларға ықпал ету бағытын өзгертудi көздейдi. Егер өткен жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шаралары банктердiң экономикаға кредит беру, оның iшiнде ставкаларды төмендету жөніндегі қызметін жандандыру жөніндегі мiндетті шешуге бағытталса, «экономиканың қызып кетуiне» жол бермеу қажеттi жағдайларында ставкаларды төмендету мәселесi түпкi мұрат ретінде қойылмайды.
Экономикадағы ставкалар деңгейi нақты жағдайға негізделе отырып қалыптасатын тәуекелдер мен факторларға барабар рыноктық негiзде қалыптасуы тиiс. Бұл ретте Жеке тұлғалар салымдарына кепiлдiк беру (сақтандыру) қоры қайтарылуына кепiлдiк беретiн жеке тұлғалардың жаңадан тартылатын салымдары (депозиттерi) бойынша сыйлықақының шектi ставкаларын белгiлеу тәжiрибесi қайта қаралуы тиiс.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының реттеушi ерекшелiктерiн күшейту үшiн ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi тоқсан сайын қайта қарау және қайта қаржыландырудың ресми ставкасын белгілеу практикасын енгіздi. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасын үнемi қайта қарай отырып, Ұлттық Банк қаржы рыногына қаржы саласында күтiлетiн үрдiстер бойынша өзектi бағдар бередi. 2005 жылғы 1 ақпаннан бастап қайта қаржыландырудың ресми ставкасы жылына 7 %-дан 7,5 %-ға дейiн көтерілдi, ал осы жылдың 1 мамырынан бастап 7,5 % деңгейiнде белгiлендi.
Тұтастай алғанда, 2006 - 2008 жылдар iшiнде ақша базасы мен ақша массасы шамамен екi есе ұлғаяды деп күтiлуде. Алайда соңғы жылдары байқалып отырған инфляция мен инфляциялық күтілімдердiң қалыптасуына монетарлық факторлар әсерiнiң әлсiреу үрдiсi салдарынан ақша базасының мұндай маңызды кеңеюi инфляциялық қысым көрсетпейдi. Дегенмен, монетарлық факторлар есебiнен инфляциялық әлеуеттің жинақталуын болдырмау мақсатында ұзақ мерзiмдi кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi банк жүйесiнiң шамадан тыс өтiмділігiн стерилизациялау жолымен ақша базасын кеңейту қарқындарын төмендету жөніндегі шараларды қолданатын болады.
Шамадан тыс өтімділік проблемасының өткiрлігін бәсеңдету және банктер өтiмдiлігін неғұрлым икемдi түрде реттеу үшiн ең аз резервтiк талаптарды қалыптастыру тетiгiне тиiстi өзгерістер енгізiледi. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ең аз резервтiк талаптар нормативтерiн, сондай-ақ оларды орындау тәртібін сақтауға тиiс банктер мiндеттемелерiнiң құрылымын айқындаудың әртүрлi нұсқаларын қарайды және тиiмдi ақша-кредит саясатын жүргiзу үшiн барынша оңтайлы нұсқасы таңдалып алынады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi өзiнiң күш-жiгерiн ақша-кредит саясаты құралдарының әрқилы түрлерi және қысқа мерзiмдi ставкалардың реттеушi рөлiн жоғарылату бойынша ставкаларды келiсуге жұмсайды. Инфляция бойынша болжамдардың дәлдiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi трансмиссиялық тетiк моделiн әзiрлеу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Ашық рынок операциялары кеңейтiледi, меншiктi бағалы қағаздар портфелiн ұлғайту және жаңа қаржы құралдарын дамыту жөнiнде шаралар қабылданады.
Валюталық саясат саласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi қандай да бiр ұзақ уақыттың белгiленген дәліздi айқындамай, құбылмалы айырбас бағамы режимiн сақтау ниетiнде.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында Қазақстандағы валюта режимiн одан әрi ырықтандыруға бағытталған саясат жалғасын табады. Қазiргi таңда Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнiң қарауында «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заң жобасы жатыр. Бұл заң жобасы ұлттық валютаның толық айырбасталу қағидаттарына бiртiндеп көшу үшін тиiмдi база құру мақсатында әзiрлендi.
Қазiргі уақытта жаңа заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi валюталық операцияларды жүргiзу тәртібін, лицензиялау, валюталық операцияларды тiркеу, валюталық операциялар туралы мәлiмдеу мәселелерiн және валюталық бақылаудың экспорттық-импорттық рәсiмдерiн реттейтiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын дайындауды бастады.
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап валюталық операцияларды лицензиялау режимi валюталық реттеудiң өзге режимдерiне (тiркеу, мәлiмдеу) ауыстырылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi:
валюталық құндылықтарды пайдаланумен байланысты қызметтi лицензиялауды;
сыртқы сауда келісім-шарттарында айқындалған мерзiмдерге байланысты валюта түсiмiн қайтару талаптарын белгілеудi жүзеге асырады, бұл валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібiн едәуiр жеңiлдетедi және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың валюталық заңнама талаптарын орындауға шығасыларын қысқартады.
Жеке сектордың инвестициялық шешiмдердi қабылдауына мемлекеттiң әкiмшiлiк араласуын қысқарту және қазақстандық капиталдың шетелдiк рыноктарды барынша белсендi жаулап алуы үшiн жағдайлар жасау күтiп отыр.
Валюталық режимдi толық ырықтандырудың мiндетті шарттарының бiрi - заңсыз сипаттары бар операцияларды шектеуші және қадағалаушы жүйенiң болуы. Қазiргi кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы әрекет ету жүйесiн құру жөніндегі шаралар кешенiн қамтитын заң жобасы жатыр. Онда барлық мүдделi тараптардың, оның iшiнде банктердiң қатысуымен, өйткенi олардың ақпараттық ағымдары құрылатын жүйенiң iргетасы болып табылады, және олардың мүдделерiн ескере отырып, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің тиiмдi жүйесiн құру көзделедi.
Төлем жүйелерiнің жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету саласында төлем жүйелерiнің тиiмдi және сенімдi қызмет етуiн қамтамасыз ету, олардың тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру, төлем құралдарының жаңа түрлерiн енгізу Ұлттық банкаралық төлем карточкалары жүйесiн дамыту жөніндегі шаралар қолданылатын болады.
Ұлттық банкаралық төлем карточкалары жүйесiн құру шеңберiнде елiшілік бөлшек сауда саласында қолма-қол емес төлемдердi жүзеге асыру үшiн тиiмдi төлем құралына және оған әртүрлi төлемдiк және төлемдiк емес «қосымшаларды» орналастыру үшiн көп қырлы карточкаға айналуға тиiс ұлттық төлем карточкасын енгізуге ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, төлем карточкаларына қызмет көрсету және сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында төлем карточкаларын қабылдау желісін кеңейту бойынша бiрыңғай ұлттық желi құру жөнiндегі жұмыс жалғасын табады.
Қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу саласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгiмен (бұдан әрi - Агенттiк) тығыз үйлестіретiн болады.
Қаржы секторындағы жұмыстардың негiзгi бағыттарының бiрi банктердiң аффилиирленген тұлғалармен мәмiлелерiн қадағалауды жетiлдiру болады.
Акционерлік қоғамдардың иелерi (меншігi), олардың аффилиирленген тұлғалары туралы мәлiметтер және бiрiншi кезекте, банктер құрылымының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін бiрқатар заңнамалық кесiмдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделiп отыр.
2005 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы қағаздар рыногы және акционерлік қоғамдар мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау осы жұмыстың басы болады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лицензиялау және шоғырландырылған қадағалау мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзiрленедi.
Ақша-кредит саясаты қаржы рыногының тұрақтылығын сақтауға ықпал ететiн болады. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың алдағы үш жылға арналған тұжырымдамасына сәйкес қаржы рыногын одан әрi дамыту оның барлық сегменттерiн халықаралық стандарттарға жақындату бағытында жүргiзiлетiн болады. Экономиканың нақты секторының қажеттіліктерiн қанағаттандыратын тұрақты және тиiмдi қызмет ететiн қаржы жүйесiн қалыптастыру жалғастырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк (БЭК) қалыптастыру жөніндегі мемлекетаралық және ведомствоаралық топтардың, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының және Орталық Азия Ынтымақтастығының жұмысына белсендi қатысуға ниеттеніп отыр.
Қаржы секторын дамыту
Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау
Орта мерзiмдi перспективада қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау осы саладағы жаңа мемлекеттік саясат мүдделерiн, ел экономикасының қазiргi заманғы дамуын және халықаралық ынтымақтастық жағдайларын ескере отырып жүзеге асырылады.
Халықаралық, оның iшiнде Еуропалық одақ қабылдаған стандарттарға барынша толық жақындату мақсатында қаржы ұйымдарын реттеудi одан әрi жетiлдiру жөніндегі жұмыс жалғасын табады.
Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеудiң және қадағалаудың бiрыңғай жүйесiн құруға бағытталған кешендi шараларды iске асыру мақсатында орта мерзiмдi перспективада:
қаржылық қадағалаудың жаңа басымдықтарын ескере отырып, оның заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру;
қаржы рыногының инфрақұрылымын дамыту, қаржы ұйымдарының қызметiне қойылатын талаптарды жоғарылату;
ұлттық қаржы рыногының әлемдiк рыноктарға кiруiн жеделдету және белсендi халықаралық ынтымақтастық үшiн оның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс одан әрi жүргізіледi.
Қазақстанның қаржы рыногын реттеудi халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) де Қазақстанның банк жүйесiн Банктiк қадағалау жөніндегі Базель Комитетінiң капитал барабарлығының «Капиталды есептеудiң және капитал стандарттарының халықаралық конвергенциясы» (International Convergence of Capital Measurement and Capital Standards) (Базель II) жаңа келісiмiне көшiрудi жүзеге асыруға шешiм қабылдады. Көрсетiлген келісімде кредиттiк, рыноктық және операциялық тәуекелдердi бағалаудағы ұстанымдардың баламалылық қағидатының, яғни банктердi барабар капиталдандырудың және тұтас банк жүйесiнiң тұрақтылығын осылайша күшейтетiн тәуекелдердi басқару жүйесiн жетілдiрудiң негiзi қаланған.
Қаржы рыногын реттеу мен қадағалауды дамытудың орта мерзiмдi кезеңге арналған басым бағыттарына:
инвестициялық банкингті жандандыру;
мынадай бағдарламалық құжаттарды: Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын; Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногын дамытудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасын; Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын; Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру;
2004 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан қаржыгерлерiнiң IV конгресiнде айтылған Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау, оның iшiнде: қаржы секторындағы инвестициялау, бағалы қағаздар рыногын және жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөніндегі мәселелердi шешу; қаржы ұйымдарын капиталдандыру деңгейiн одан әрi жоғарылату жөнiнде шаралар қабылдау; қаржы ұйымдарының тәуекелдердi басқарудың қазiргi заманғы жүйелерiн одан әрi енгізуiн қамтамасыз ету; Алматы қаласында халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі жұмысты жандандыру;
мынадай: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лицензиялау және шоғырландырылған қадағалау мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мiндеттi сақтандыру түрлерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын, заңнамалық актiлерге жылжымайтын мүлiк объектiлерiне құқықтарды және шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге қатысу үлестерiн мемлекеттік тiркеу мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізудi көздейтiн заң жобасын әзiрлеу, қаржы ұйымдарына салық салуды жетiлдiру және операцияларға туынды қаржы құралдары бойынша кiрiстерге салық салу жөнiнде ұсыныстар дайындау;
Еуропалық одақ директиваларын, оның iшiнде қаржы топтарының ақпаратты ашу талаптарын ескере отырып, лицензиялау және шоғырландырылған қадағалау мәселелерi жөніндегі заңнаманы жетiлдiру және «бақылау», «компаниялар тобы», «тәуелді ұйым» және өзге де ұғымдарды енгізу;
қаржы ұйымдарын қадағалау мен пруденциялық реттеудiң тәуекелдердi бағалауға негізделген жүйесiн жетілдiру;
қаржы ұйымдарының тәуекелдердi басқару жүйелерiн дербес бағалауды жүргiзуiне қойылатын талаптарды, сондай-ақ тәуекелдердi басқару жүйелерiн тәуелсiз сыртқы бағалауға қойылатын талаптарды айқындау;
Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кiруi жөніндегі iс-шараларды iске асыру мақсатында шетелдiк қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қаржы рыногына қол жеткізу тұжырымдамасын әзiрлеу;
халықтың қаржы рыногы туралы білімiн және халықтың сақтандыру және инвестициялық мәдениетiн одан әрi арттыруды ынталандыру болып табылады.
Банк секторы
Аталған шаралар ЕО директиваларын есепке ала отырып, шоғырландырылған негізде қадағалау, лицензиялау және қаржы ұйымдарының өтімдiлiк процесi мәселелерiн қоса алғанда, қаржы рыногының барлық секторларындағы қадағалау жүйелерiн жетiлдiрудi көздейдi.
Банк секторын дамыту саласындағы қызметтiң жақын арадағы басым бағыттары:
тиiсiнше жылжымайтын мүлiкке және банк тәуекелдерiне кредит беру көлемiнiң шамадан тыс өсуiмен байланысты проблемаларды, соның iшiнде:
ипотекалық қарыз беретiн банктердiң өтiмділік деңгейiн жоғарылату;
жылжымайтын мүлiк салу жөніндегі жобаның әрбiр қатысушысын «бip қарыз алушы» ретiнде қарау;
ипотекалық кредиттер бойынша қамтамасыз етудi тәуелсiз бағалаушының жыл сайын қайта бағалауы;
сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруға қойылатын талаптары неғұрлым қатаң жаңа сақтандыру сыныбы - ипотекалық сақтандыруды енгізу мүмкiндiктерiн қарау;
меншiктi капиталдың жеткiлiктi болуын есептеу үшiн ипотекалық тұрғын үй қарыздарын өлшемдеген кезде кредиттік тәуекел көрсеткiштерiн жоғарылату жолымен шешу;
қарыз алу шарттарының ашықтығы мен салыстырылуын қамтамасыз ету үшiн кредиттер бойынша сыйлықақылар ставкаларын белгiлеудiң бiрыңғай тәртібін айқындау;
банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн реттеу жөніндегі талаптарды ырықтандыру жөніндегі шараларды iске асыру болып айқындалды.
Сақтандыру рыногы
Отандық сақтандыру индустриясын дамытудың бiрiншi кезектегі мiндеттерiн айқындаудағы елеулi оқиғалардың бiрi Қазақстан Республикасы ?кіметінің 2004 жылғы 1 шiлдедегi № 729 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдау болды.
Бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттiң, азаматтардың және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қаржылық, экономикалық, әлеуметтiк және өзге тәуекелдерiн басқарудың тиiмдi рыноктық құралдарының бiрi ретiнде сақтандырудың ролiн және орнын нығайтуға бағытталған ұлттық сақтандыру индустриясын одан әрi реформалау болып табылады.Бағдарламада айқындалған негiзгі мiндеттер:жеке сақтандыруды, оның iшiнде оның ұзақ мерзiмдi және жинақтаушы түрлерiн дамыту;өзара сақтандыру жүйесiн дамыту; халықтың сақтандыру мәдениетiн арттыру; сақтандыру iсiн ақпараттандыру және автоматтандыру деңгейiн көтеру; мiндетті сақтандыру саласында мемлекеттік саясатты жасау және оның тиiмділігiн арттыру; сақтандыру рыногының инфрақұрылымын одан әрi жетiлдiру; сақтандыру саласында мамандарды даярлау және біліктілігiн арттыру; сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау стандарттарын жоғарылату; қайта сақтандыру және ортақ сақтандыру тетiктерiн жетілдiру болып табылады. Осы Бағдарламаны iске асыру: ұлттық сақтандыру индустриясының тұрақтылығын және сенімдiлiгiн нығайтуға, елде жеке сақтандыруды дамытудың бастапқы негiзiн қалауға; мiндетті сақтандырудың тиiмдi жүйесiн құруға мүмкiндiк беретiн ұлттың экономиканың басым салаларының қажеттіліктерiн халықты әлеуметтiк қолдауды ескере отырып мiндеттi сақтандыру саласында ұзақ мерзiмдi мемлекеттік саясатты жасауға; сақтандыру рыногының толыққанды инфрақұрылымын құруға қолдау көрсетуге, сақтандыру саласында кадрлық әлеуеттi жақсартуға; сақтандырудың жаңа өнiмдерi мен технологияларын енгізудi жандандыруға, сақтандыру қызметiнiң сапасын жақсартуға және оның тiзбесiн кеңейтуге; сақтандыру рыногы субъектiлерiн қадағалау мен реттеу стандарттарын көтеруге; ұлттық сақтандыру рыногын халықаралық рыноктарға интеграциялау процестерiн және сақтандыру (қайта сақтандыру) схемасын тереңдетуге мүмкiндiк бередi.
Тұтастай алғанда, ұлттық сақтандыру индустриясын дамыту мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қауiпсiздiгін қамтамасыз етуге қажеттi алғышарттарды жасауға ықпал етедi.
Сақтандыру саласындағы агенттiк қызметiнiң басым бағыттары:
жеке сақтандыру жүйесiн, оның iшiнде жеке сақтандыру сыныптарын және сақтандыру ұйымдарының агенттік желiлерiнiң мүмкiндiктерiн заңнамалық кеңейту арқылы дамыту;
сақтандырудың әртүрлi сыныптары (түрлерi) бойынша сақтандыру статистиканың қалыптасқан дерекқоры негiзiнде тәуекелдер сыныптамасын әзiрлеу;
Депозиттердi сақтандырушылардың халықаралық ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн жетiлдiру;
мiндеттi сақтандыру түрлерi бойынша сақтандыру төлемдерiне кепілдiк беру жүйесiн жетiлдiру;
капиталдың жеткіліктiгiн бағалаудың тәуекелге негізделген әдiсiне жақындату жолымен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын пруденциалдық реттеудi жетiлдiру;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тәуекелдерiн басқару жүйесiнiң болуы жөніндегі талаптарды белгiлеу болып табылады.
Бағалы қағаздар рыногы
Бағалы қағаздар рыногы қызметiнiң стандарттарын белгiлеу, корпорациялық басқаруды жақсартуға ынталандыру және қаржы рыногының тәуекелдерге неғұрлым бейiм салаларына қадағалау ресурстарын шоғырландыру үшiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1385 қаулысымен Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілдi. Бағдарламада бағалы қағаздар рыногын одан әрi дамытудың негізгі мақсаттары мен мiндеттерi айқындалады, ол рынокты жандандыруға және қазiргi проблемаларды кешендi шешудi қамтамасыз етуге арналған.