287-бап. Бонустар туралы жалпы ережелер
1. Бонустар жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануды жүргiзудiң жеке жағдайларын негiзге ала отырып, бонустардың мынадай түрлерiн:
1) қол қойылатын;
2) коммерциялық табу бонусын төлейдi.
§ 1. Қол қойылатын бонус
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 288-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
288-бап. Қол қойылатын бонусты белгiлеу тәртібі
1. Қол қойылатын бонус жер қойнауын пайдаланушының келісім-шарт жасалатын аумақта жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметтi жүзеге асыру құқығы үшiн бiржолғы тiркелген төлемi болып табылады.
2. Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерлерiн пайдалы қазбалар көлемi мен кен орнының экономикалық құндылығы ескерiлген есеп негiзiнде Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
3. Қол қойылатын бонустың түпкiлiктi мөлшерiн жер қойнауын пайдалануға құқық алуға өткізiлген инвестициялық бағдарламалар конкурсының нәтижелерi бойынша комиссия белгiлейдi және ол жер қойнауын пайдалану үшiн берiлетiн кен орындарының (келісім-шарт аумақтарының) экономикалық құндылығы есепке алынып, келісім-шартта бекітіледi, бiрақ бастапқы мөлшерлерден төмен болмауы керек.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 289-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
289-бап. Қол қойылатын бонусты төлеу мерзiмi
Қол қойылатын бонус келісім-шарт күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей бюджетке төленедi.
290-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонус бойынша декларацияны тiркелген жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi айдың 15-iне дейiн табыс етедi.
§ 2. Коммерциялық табу бонусы
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 291-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
291-бап. Коммерциялық табу бонусын төлеу тәртібі
1. Коммерциялық табу - келісім-шарт аумағы шегiнде ашылған, өндiру үшiн экономикалық жағынан тиiмдi пайдалы қазбалардың белгiлi бiр түрiнiң запастары.
2. Осы баптың 3-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, коммерциялық табу бонусы келісім-шарт аумағындағы әрбiр коммерциялық табу үшiн, оның iшiнде кен орындарына қосымша барлау жүргiзу барысында, бастапқы анықталған алынатын қорды арттыруға жеткiзетiн пайдалы қазбалардың табылғаны үшiн төленедi.
3. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге жасалған келісім-шарттар бойынша коммерциялық табу бонусы төленбейдi.
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 292-бап өзгертілді
292-бап. Коммерциялық табу бонусының мөлшерi
Коммерциялық табу бонусының мөлшерi салық салу объектiсi, есептеу базасы мен ставка негiзге алына отырып белгiленедi.
Коммерциялық табу бонусының мөлшерiн есептеу үшiн:
1) кен орнынан алынатын пайдалы қазбалар қорының уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен осы мақсаттағы көлемi салық салу объектiсi болып табылады;
2) алынатын пайдалы қазбалар қорының бекітілген көлемiнiң құны төлемдi есептеу базасы болып табылады. Алынатын қордың құны, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн ақпарат көздерiнiң деректерi бойынша осы пайдалы қазбаның төлем жүзеге асырылған күнгi Халықаралық (Лондон) биржада белгiленген биржалық баға бойынша есептеледi. Пайдалы қазбаларға биржалық баға белгiленбеген жағдайда шығарылатын қордың құны құзыреттi орган бекiткен жұмыс бағдарламасында көрсетiлген өндiруге жұмсалатын жоспарлы шығындардың жоспарлы рентабельдiлiк мөлшерiне түзетiлген сомасынан айқындалады;
3) коммерциялық табу бонусы есептеу базасының 0,1 проценті ставкасы бойынша бөлінедi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 293-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
293-бап. Коммерциялық табу бонусын төлеу мерзiмi
Коммерциялық табу бонусы осы мақсаттар үшiн уәкілеттік берiлген мемлекеттік орган кен орнындағы пайдалы қазбалар қорының шығарылатын көлемiн бекiткен күннен бастап 90 күннен кешiктiрiлмей төленедi.
294-бап. Салық декларациясы
Коммерциялық табу бонусы жөніндегі декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тiркелген жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi айдың 15-iне дейiн табыс етедi.
47-тарау. Роялти
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 295-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
295-бап. Роялти туралы жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдаланушы роялтидi Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн пайдалы қазбалардың әр түрi бойынша, оның сатып алушыларға өткiзiлгенiне (тиеп жөнелтiлгенiне) немесе өз қажетiне пайдаланылғанына қарамастан, жеке төлейдi.
1-1. Жер қойнауын пайдалану барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысы жоқ жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жолымен жүзеге асырылатын кезде жер қойнауын пайдаланушы роялтидi жер асты құрылыстарын салу кезiнде жер қойнауынан алынатын пайдалы қазбалардың көлемi үшiн, сондай-ақ мұндай құрылыстардың жер қойнауында алатын көлемi үшiн төлейдi.
2. Жер қойнауын пайдалануға жасалған келісім-шартта белгiленген роялти, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақшалай нысанда төленедi.
3. Келісім-шарт бойынша қызметтi жүзеге асыру барысында роялтидi ақшалай төлеу нысаны Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмiмен құзыреттi органмен қосымша келісімде белгiленген тәртiппен заттай нысанмен ауыстырылуы мүмкiн.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 296-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
296-бап. Төлеушiлер
Техногендiк минералды құралымдардан пайдалы қазбалар алуды қоса алғанда, пайдалы қазбалар өндiрудi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар, есептi кезеңде олардың өткiзiлген-өткiзiлмегенiне қарамастан, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысы жоқ жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығы бар тұлғалар роялти төлеушiлер болып табылады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 297-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 297-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
297-бап. Роялти төлеу тәртібі
1. Роялти мөлшерi салық салу объектісi, есептеу базасы мен ставка негізге алына отырып айқындалады.
2. Пайдалы қазбалардың өндіріліп алынған көлемi немесе нақты өндiрiлген пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiмнің көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
Мыналар:
1) пайдалы қазбалардың өзi:
мұнай, табиғи газ және газ конденсаты;
көмiр және жанғыш тақтатастар;
тауарлы кендер;
жер асты сулары, оның ішінде бастапқы өңдеуден өткен сулар;
слюда, керіш, құрылыс материалдары өндiрісіне арналған шикізат;
металлургияға арналған кен емес шикізат;
2) қымбат бағалы металдар, құмда, кенде, концентратта болатын металдар;
3) қара, түсті, сирек кездесетiн және радиоактивті металдардың, кен-химия шикізатының концентраттары;
4) қымбат бағалы тастар, бастапқы өңдеуден өткен жарқырауық тас және пьезооптикалық шикізат;
5) басқа пайдалы қазбалар бойынша - бастапқы өңдеуден өткен минералдық шикізат алғашқы тауарлы өнiм болуы мүмкiн.
2-1. Жер қойнауын пайдалану барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысы жоқ жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жолымен жүзеге асырылатын кезде жер асты құрылыстарын салу кезiнде жер қойнауынан алынатын пайдалы қазбалардың көлемi, сондай-ақ мұндай құрылыстардың жер қойнауында алатын көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
3. Осы Кодекстің 299-бабына сәйкес айқындалатын пайдалы қазбалардың құны роялтиді есептеу үшiн салық базасы болып табылады.
3-1. Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысы жоқ жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану кезiнде осы баптың 3-тармағында көрсетiлген базадан басқа, мұндай құрылыстардың жер қойнауында алатын көлемi роялти есептеу үшiн салық базасы болып табылады.
4. Осы баптың 5-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, пайдалы қазбалардың барлық түрлерi бойынша роялти:
1) газ конденсатын қоса алғанда, мұнай бойынша - қызметтiң күнтiзбелiк әрбiр жылы үшiн, газ конденсатын қоса алғанда, мұнайдың жинақталған өндiрiлiмiнiң көлемiне байланысты айқындалған процент ретiнде жылжымалы шкала бойынша және мынадай:
500 000 тоннаға дейiн - 2 процент;
500 000-нан 1 000 000 тоннаға дейiн - 2,5 процент;
1 000 000-нан 1 500 000 тоннаға дейiн - 3 процент;
1 500 000-нан 2 000 000 тоннаға дейiн - 3,5 процент;
2 000 000-нан 2 500 000 тоннаға дейiн - 4 процент;
2 500 000-нан 3 500 000 тоннаға дейiн - 4,5 процент;
3 500 000-нан 4 500 000 тоннаға дейiн - 5 процент;
4 500 000-нан 5 000 000 тоннаға дейiн - 5,5 процент;
5 000 000 тоннадан жоғары - 6 процент ставка бойынша төленедi.
Егер газ тәрiздес көмiрсутектердi сұйық көмiрсутектермен бiрге жер бетiне шығару көзделген жағдайда, роялтидi есептеу мақсатында осындай газ тәрiздес көмiрсутектер мынадай арақатынас арқылы мұнайға ауыстырылады: газ тәрiздес көмiрсутектердiң 1 мың текше метрi мұнайдың 0,857 тоннасына сәйкес келедi;
2) алтынды, күмісті, платинаны, басқа да қымбат бағалы металдар мен қымбат бағалы тастарды қоса алғанда, қатты пайдалы қазбалар бойынша - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ставкалар бойынша төленеді.
Осы Кодексте белгiленген роялти ставкалары жүргiзiлетiн өндiру түрiне қарамастан, пайдалы қазбалардың барлық түрiне қолданылады.
4-1. Осы баптың 3-1-тармағында айқындалған салық базасына роялти ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
5. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жер асты сулары бойынша роялти осы Кодекстің 300-бабында белгіленген ставкалар бойынша төленеді.
6. Жер қойнауына керi айдалатын газ тәрiздес көмiрсутектер бойынша роялти төленбейді.
298-бап. ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 299-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
299-бап. Пайдалы қазбалардың құнын айқындау тәртібі
1. Роялтидi есептеу мақсатында, алтынды, күмісті және платинаны қоспағанда, өндірiлген мұнайдың, жер асты сулары мен пайдалы қазбалардың құны өндiрiлген пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiмнің салық кезеңіндегі орташа өлшемдi өткізу бағасы негiзге алына отырып, жанама салықтар мен оларды сату (тиеп жөнелту) пунктiне дейiн тасымалдауға кеткен iс жүзіндегі шығыстар сомасы есепке алынбай айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде өндiрген алтынның, күмiстiң және платинаның құны Халықаралық (Лондон) биржада салық кезеңi ішінде қалыптасқан осы металдардың орташа құны негiзге алына отырып есептеледi.
3. Алғашқы тауарлы өнiм сатылмаған жағдайда, алтынды, күмiстi, платинаны және кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, өндiрiлген мұнайдың, жер асты сулары мен пайдалы қазбалардың құны осындай сату орын алған соңғы салық кезеңіндегі алғашқы тауарлы өнiмiнiң орташа өлшемдi өткізу бағасы негiзге алынa отырып айқындалады.
4. Алғашқы тауарлы өнiм мүлде сатылмаған кезде алтынды, күмiстi, платинаны және кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, өндiрiлген мұнайдың, жер асты сулары мен пайдалы қазбалардың құны мұнайды, жер асты суларын өндiруге және көрсетілген пайдалы қазбаларды өндiруге салық кезеңiнде iс жүзiнде қалыптасқан шығындар негiзге алына отырып айқындалады.
Келесi сату жағдайында жер қойнауын пайдаланушы алғашқы тауарлар өнiмнің iс жүзiнде сатылған бағасын негiзге ала отырып, алғашқы сату орын алған салық кезеңiнде есептелген роялти сомаларына түзету жүргiзуге мiндеттi.
5. Кең таралған пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiм сатылмаған кезде немесе оларды толығымен өз қажеттерi үшiн пайдаланған жағдайда, кең таралған пайдалы қазбалардың құны жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңiнде iс жүзiнде қалыптасқан рентабельділiк нормасына ұлғайтылған, өндiру мен бастапқы өңдеуде iс жүзiнде қалыптасқан шығындар сомасы негiзге алына отырып айқындалады.
Газ тәрiздес көмiрсутектерiн одан әрi өңдеу үшiн өтеусiз берген жағдайда, осындай көмiрсутектерiнің құны Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен салық кезеңiнде iс жүзiнде қалыптасқан рентабельдiлік нормасына ұлғайтылған, оларды өндіру мен бастапқы өңдеуге iс жүзінде қалыптасқан шығындар негiзге алына отырып айқындалады. Бұл ретте, газ тәрiздес көмiрсутектерi бойынша роялти ставкаларын айқындау үшiн осы Кодекcтiң 297-бабында айқындалған ауыспалы коэффициент пайдаланылады.
Жер асты суларын шығарылатын өнiмдердің және (немесе) көрсетiлетiн қызметтердiң негiзгi компонентi ретiнде пайдаланған жағдайда, өндiрiлетiн жер асты суларының құны салық кезеңінде iс жүзiнде қалыптасқан рентабельділік нормасына ұлғайтылған, оларды өндiру мен бастапқы өңдеуде iс жүзiнде қалыптасқан шығындар негiзге алына отырып айқындалады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 300-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
300-бап. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша роялтидiң ставкалары
1. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша роялтидi жер қойнауын пайдаланушылар, оның iшiнде пайдалы қазбалардың басқа түрлерiн өндiруге жасалған келісім-шарттар бойынша қызметтi жүзеге асыратындар мынадай тiркелген ставкалар бойынша төлейдi:
Р/с N | Пайдалы қазбаның атауы | Роялти ставкасы, % |
1 | Металлургияға арналған руда емес шикiзат | 1 |
2 | Қалыпқа салынатын құм, глиноземдi жыныс (далалық шпат, пегматит), әк, доломит, әк-доломит жыныстары | 1 |
3 | Тамақ өнеркәсiбiне арналған әк | 1 |
4 | Басқа руда емес шикiзат | 3,5 |
5 | Отқа берiк саз балшықтар, каолин, вермикулит | 3,5 |
6 | Ас тұзы | 3,5 |
7 | Жергілікті құрылыс материалдары | 4,5 |
8 | Ауа кіретін кеуек жыныстар, құрамында суы бар ауа кіретін шынылар мен шыны тектес жыныстар (перлит, обсидиан), малта тас пен қиыршық тас, қиыршық тас-құм қоспасы, гипс, гипстік тас, ангидрит, гажа, саз балшық және саз балшықты жыныстар (баяу балқитын және тез балқитын саз балшық, құмды саз балшық, аргиллиттер, алевролиттер, сазбалшықты тақтатастар), бор, мергель мергельдi-борлы жыныстар, кремнийлі жыныстар (трепел, опока, диатомит), кварцты-далалық шпаты жыныстар, шой тас, шөгiндi, атқылаудан кейiнгi және метаморфозалық жыныстар (гранит, базальт, диабаз, мәрмәр), қалыпқа салынатыннан басқа құм (құрылыстық, кварцты, кварцты- далалық шпатты), құм тас, табиғи пигменттер, ұлутас. | 4,5 |
9 | Жерасты сулары | 10 |
2. Жер қойнауын пайдаланушы кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша роялтидi, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың тұтынушыларға сатылғанына немесе өз қажеттерiне пайдаланылғанына қарамастан төлейдi.
3. Роялтидi:
1) жеке тұлғалар өзiнiң жеке меншiк құқығындағы жер учаскелерiнде өндiретiн жерасты сулары бойынша, осы сулар сыртқа сатылмайтын және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде өндiрiс пен технологиялық қажеттерге жұмсалмаған жағдайда;
2) жерасты суларын өзiнiң шаруашылық қажеттерi үшiн өндiрудi жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер;
3) жер қойнауын пайдаланушылар iлеспе өндiрiлген жерасты суларын жер қабатының қысымын қалпында ұстау үшiн керi айдағанда төлемейдi.
301-бап. Төлеу мерзiмдерi
Пайдалы қазбалардың барлық түрлерi бойынша роялти салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмей төленедi.
302-бап. Салық кезеңi
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнтiзбелiк ай роялти төлеу жөнiндегі салық кезеңi болып табылады.
2. Егер алдыңғы тоқсандағы роялти бойынша орташа айлық төлемдер 1000 айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, онда салық кезеңi тоқсан болып табылады.
303-бап. ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
304-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы роялти жөніндегі декларацияны тiркелген жеріндегі салық органына салық кезеңiнен кейiнгi айдың 10-ынан кешiктiрмей табыс етедi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 47-1-тараумен толықтырылды
47-1-тарау. 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен алып тасталды ((01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
48-тарау. Үстеме пайда салығы
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 305-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
305-бап. Төлеушiлер
Өнiмдi бөлу туралы келісім-шарттар, кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өндіруге, сондай-ақ барлау мен өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға жасалған келісім-шарттар бойынша қызметтi жүзеге асыратындарды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушылар осы келісім-шарттар пайдалы қазбалардың басқа түрлерiн өндiрудi көздемеген жағдайда, үстеме пайдаға салық төлеушiлер болып табылады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 306-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 306-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
306-бап. Салық салу объектісi
Жер қойнауын пайдаланушының жинақталған табыстардың жинақталған шығыстарға қатынасы 1,2-ден жоғары болған салық кезеңіндегі әрбiр жекелеген келісім-шарт бойынша таза табысының бір бөлiгi үстеме табысқа салық салу объектiсi болып табылады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 306-1-баппен толықтырылды; 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 306-1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
306-1-бап. Салық базасы
Жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңіндегі әрбiр жекелеген келісім-шарт бойынша таза табысының салық кезеңiнiң аяғына осы Кодекстiң 92-103, 105-114-баптарында көзделген шегерiмдер сомасының 20 процентiнен асатын бөлiгі салық базасы болып табылады.
Осы бөлiмнiң мақсаттары үшiн таза табыс салық салынатын табыс және корпорациялық табыс салығы, сондай-ақ резидент еместiң тұрақты мекемесiнiң таза табысына салынатын салық арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Салық базасы қазақстандық кадрларды оқытуға iс жүзiнде жұмсалған шығындардың және (немесе) тiркелген активтер өсiмiнiң сомасына түзетiледi, бiрақ ол салық базасының он процентiнен аспауға тиiс.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 307-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 307-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
307-бап. Есептеу тәртібі
1. Салық кезеңi iшiнде үстеме пайда салығын есептеу осы Кодекстiң 306-1-бабына сәйкес айқындалатын салық базасына осы Кодекстiң 308-бабында белгiленген ставканы түзетулер ескерiле отырып қолдану арқылы жүргiзiледi.
2. Жинақталған табыстар жер қойнауын пайдаланушының келісім-шарт жасалған күннен бастап алған жиынтық жылдық табысының сомасы ретiнде айқындалады.
3. Жинақталған шығыстар осы Кодекстiң 306-1-бабына сәйкес салық базасын түзететiн шығыстар сомасын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының келісім-шарт жасалған күннен бастап шегерiмге жатқызылатын шығыстарының сомасы ретiнде айқындалады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 308-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 308-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
308-бап. Үстеме пайда салығы ставкалары
Үстеме пайда салығы мынадай мөлшерлерде белгiленедi:
Жинақталған табыстардың жинақталған шығыстарға қатынасының алынған мәнi | Ставкасы |
1,2-ден кем | 0 процент |
1,2-ден 1,3-кe дейiн | 10 процент |
1,3-тен 1,4-кe дейiн | 20 процент |
1,4-тен 1,5-кe дейiн | 30 процент |
1,5-тен 1,6-ға дейiн | 40 процент |
1,6-дан 1,7-гe дейiн | 50 процент |
1,7-ден жоғары | 60 процент |
309-бап. Салық кезеңі
Үстеме пайда салығы үшін осы Кодекстің 136-бабында белгіленген салық кезеңі қолданылады.
310-бап. Салық төлеу мерзімі
Үстеме пайда салығы салық кезеңінен кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірілмей төленеді.
311-бап. Салық декларациясы
Yстеме пайда салығы жөніндегі декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тiркелген жерi бойынша салық органына салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 10 сәуiрiнен кешiктiрмей табыс етедi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 49-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
49-тарау. Өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесi
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 312-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 312-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
312-бап. Өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт аясында жүзеге асырылатын қызметке салық салу ерекшелiктерi
1. Өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт соған сәйкес Қазақстан Республикасы белгілi бір мерзiмге жер қойнауын пайдаланушыға ақылы негiзде, келісім-шарт аумағындағы мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу және оның есебiнен осыған байланысты жұмыстарды жүргiзу құқығын беретiн шарт болып табылады.
2. Өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт мынадай негiзгi талаптарды:
1) өлшеу орнынан өткен өндiрiлген өнiмнің жалпы көлемiн және оның құнын айқындауды;
2) келісiм-шарт бойынша жұмыстарды орындауға арналған шығындарды өтеу үшiн жер қойнауын пайдаланушының, меншiгiне берілетiн өндiрілген өнiм бөлiгiн (өтемдік өнiм) айқындауды;
3) өтемдік өнім шегерілгеннен кейін бөлуге жататын өндірілген өнім бөлігін (пайда түсіретін өнім) айқындауды;
4) Қазақстан Республикасы мен жер қойнауын пайдаланушының арасындағы бөлiс үлесін (процент);
5) Осы Кодексте белгiленген тәртіппен Қазақстан Республикасының пайда түсiретiн өнімдегі үлесiн айқындау тәртібін қамтуға тиiс.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 312-1-баппен толықтырылыды; 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 312-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
312-1-бап. Өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесiн айқындау
1. Өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесі жер қойнауын пайдаланушының пайда түсiретiн өнiмдегі үлесі шегеріліп, Қазақстан Республикасы мен жер қойнауын пайдаланушы арасында бөліске түсетiн пайда түсіретін өнімнің жиынтық құны ретінде айқындалады.