кiшi басшы құрамдағы - кiшi басшы құрамға арнаулы атақ беру құқығы берiлген бастықтар;
орта және аға басшы құрамдағылар - Министр;
жоғары басшы құрам - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес.
42. Арнаулы атақтан заңсыз айырылған жағдайда сот органдарының қаулысына сәйкес бұрынғы атағын қалпына келтiру туралы шешiмдi арнаулы атақтан айыру туралы шешiм қабылдаған лауазымды адамдар қабылдайды.
Арнаулы атақтан заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта қызмет өткерген мерзiмiне кiредi. Арнаулы атақтан заңсыз айырылған адамдарға толық көлемде материалдық зиян өтеледi.
3. Лауазымға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру және жылжыту
43. Лауазымға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру және жылжытуды тікелей бастықтар оларға берiлген құқықтарға сәйкес мынадай шарттар сақталған кезде жүргiзедi:
1) қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру кезiнде оларды негізгі немесе ұқсас мамандық бойынша пайдалану не тәжiрибесiне қарай, ал олар үшiн жаңа мамандықтар бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде тағайындау алдында тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлау қамтамасыз етіледi;
2) бос лауазым бойынша уақытша мiндет атқарудың үздiксiз мерзiмi екi айдан, ал бос емес лауазым бойынша - төрт айдан аспауы тиiс.
Негiз мiндеттерiнен босатып, басқа лауазымдар бойынша уақытша мiндет атқару белгіленген тәртiппен жүктелген штаттық лауазымдардағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
сол органда неғұрлым жалақысы мен билiк ету функциялары жоғары орнында жоқ қызметкердің лауазымы бойынша уақытша мiндет атқару кезiнде алмастырушы қызметкерге лауазымдық жалақы алмастырылатын қызметкер лауазымы бойынша тиiсті коэффициенттi алмастырушы қызметкердiң базалық лауазымдық жалақысының мөлшерiне, қызмет стажына көбейту жолымен анықталады. Лауазымдық жалақы алмастырудың бiрiншi күнiнен бастап, бiрақ бос лауазым бойынша төрт айдан асырмай төленедi;
штаттық орынбасарларға (көмекшiлерге) олардың қызметтiк мiндеттерiне қарамастан, өздерiнiң тiкелей бастықтарының бос емес лауазымдары бойынша ақшалай үлес төлеу уақытша атқаратын емес, олардың негізгі лауазымдары бойынша жүргізiледi;
басшының уақытша бос лауазымы бойынша уақытша міндет атқару кезiнде, оның iшiнде олардың орынбасарларына ақы төлеу бос лауазым бойынша коэффициент негiзге алынып, бiрақ екі айдан асырмай төленеді, одан әрі оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос лауазым бойынша мiндет атқарудан босату туралы шешiм қабылданады.
Лауазым бойынша уақытша мiндет атқарушы етіп тағайындау оған қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау әрі оларды ауыстыру құқығы берiлген бастықтың бұйрығымен ресімделеді.
Егер осы лауазымды тұрақты атқаратын адам, сондай-ақ оның штаттық орынбасарлары немесе көмекшiлерi (олардың қызметтiк мiндеттерiне қарамастан) бөлiмшеден кеткен жағдайда (емделуге, демалысқа, қызметтiк iссапарға; оқуға және т.б.) ғана басшылардың бос емес лауазымдары бойынша уақытша мiндет атқарғаны үшiн ақы төлеу жүргiзiледi.
Уақытша мiндет атқаруға тағайындалған қызметкерлердiң демалыста, уақытша атқаратын лауазымы бойынша мiндеттерiн атқарумен байланысты емес қызметтік iссапарда, оқуда болған, емдеу мекемесiнде емделген, ауруына байланысты қызметтiк мiндеттерiнен босатылған уақыттарында лауазымдық жалақы тек негізгі лауазымы бойынша ғана төленедi.
ӨҚҚ қарамағындағы қызметкерлерге бос емес уақытша атқарылатын лауазымдар бойынша лауазымдық жалақылар төленбейді.
3) басшы құрамдағы адамдар ұйымдастыру-штаттық іс-шараларының жүргiзiлуi кезiнде 15 күннен аспайтын мерзiмге ӨҚҚ қарамағына есептелуi мүмкін.
Айрықша жағдаяттардан туындаған ерекше жағдайларда 15 күннен астам, бiрақ екi айдан аспайтын мерзiмге Министрдiң рұқсатымен қарамағында болуға жол беріледі.
Қарамағында болу мерзiмiне қатардағы және басшы құрамның осы Ережеде белгiленген демалыста, емдеу мекемелерiнде емделуде (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жiберуiмен тексерiлу); бұрынғы қызмет орнынан тиiстi ӨҚҚ орналасқан жерге жету үшiн жолда болған уақыты; жоғары және арнаулы орта оқу орындарының сырттай, кешкі бөлімдерінің оқу-емтихан сессияларында болған уақыты; қылмыстық iс тоқтатылған немесе ақтау үкімі шығарылған жағдайларда қамауға алынған күнiнен бастап әрi босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына байланысты қамауда болу уақыты есептелмейді;
Атқаратын лауазымынан босатылған әрі кезекті демалысын пайдаланбаған, қарамағындағы қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенi шешу кешiктірiлген жағдайда, әдетте пайдаланылмаған демалыс берiлуi тиiс. Кезектi демалыс кезiнде ақшалай үлес оларға қарамағында болуы мерзiмiне қарамастан, қарамағына есептелген күнi негізгі лауазымы бойынша алатын жалақысы мөлшерiнде ақшалай үлес төленедi.
4) қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет бойынша ауысуы, әдетте оларды тиiсті ӨҚҚ-ның қарамағына қабылдаусыз жүзеге асырылады. Тиiстi органның қарамағындағы адамдарды лауазымға тағайындау лауазымнан босатылған күнiнен бастап екi айдан кешiктiрiлмей жүргiзiледi. ӨҚҚ қарамағында көрсетілген адамдарды қызметке пайдалану тәртібін қызметкер штатында тұратын бөлiмшенiң басшысы белгілейдi.
ӨҚҚ қызметкерлерiне тиiсті өртке қарсы қызмет органдарының қарамағында болуы уақытында осы Ереженiң 43-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ақшалай үлес штаттық лауазымнан босатылған күнiнен бастап соңғы негізгі лауазымы бойынша лауазымдық жалақы мөлшерiнде әрi арнаулы атағы үшiн үстемеақы төленедi, сондай-ақ оларға егер қарамағына есептелгенге дейiн олар мұндай өтемақы алған болса, тұрғын үй ұстау мен коммуналдық қызметтepгe ақшалай өтемақы төленедi.
5) өртке қарсы қызметтің тиiстi аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының бастықтары және олардан жоғары бастықтарды тiкелей бастықтың бос лауазымын шұғыл алмастыру қажет болған кезде - осы лауазымға тағайындау құқығы бар бастықтың келісімiмен осы лауазымға басшы құрамның адамын уақытша - бiр айдан аспайтын мерзiмге тағайындауға рұқсат етіледі;
6) орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын басқа лауазымдарға шұғыл ауыстыру, сондай-ақ басқа жерге ауыстыру қажет болған кезде бұл туралы шешiмдi олардың келісімiмен тиiстi тiкелей бастықтары осы адамдардың дайындығы мен қызмет тәжiрибесiн, сондай-ақ оларда отбасы мүшелерiнде медициналық қарсы айғақтардың жоқтығын ескере отырып қабылдайды;
7) осы Ереженiң 11-тармағында белгіленген қызметте болудың шекті жасына жетпеген, әскери қызметке немесе бейбiт уақытта саптық емес қызметке жарамды деп танылған, бiрақ өзiнiң денсаулығының жай-күйi немесе отбасы мүшелерiнiң денсаулығының жай-күйi бойынша қызмет (тұрғылықты) орнын ауыстыруы қажет басшы құрамдағы адамдардың басқа жерге қызметi бойынша ауыстырылуы әскери-дәрiгерлiк комиссия қорытындысының негізінде тиісті бастықтардың рұқсаты бойынша жүргізiледi.
44. Қатардағы және кiші басшы құрамдағы адамдарды қызмет бойынша ауыстыру мынадай жағдайларда жүргiзiледi:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жылжыту тәртібімен;
2) бiрдей лауазымдарға - басқа лауазымдарды алмастыру қажет болған не олардың iскерлiк әрі жеке басының қабiлеттерiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандық бойынша даярлау, сондай-ақ отбасы жағдайлары, денсаулығының жай-күйi немесе жасына қарай осы адамдардың келісімiмен;
3) Министрлiк жүйесiндегі оқу орнына оқуға түсуiмен атқаратын штаттық лауазымынан босатылуына байланысты, сондай-ақ оқу орнын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;
4) төменгi тұрған лауазымдарға:
ӨҚҚ штаттары қысқартылған немесе ол қайта ұйымдастырылған кезде олардың келісімiмен осы адамдарды бiрдей лауазымдарға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда;
денсаулығының жай-күйi бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негізiнде әрi олардың келісімiмен;
тәртiптiк жаза ретiмен;
өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша жүргізiледi.
45. Орта, аға және жоғары басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша ауыстыру мынадай жағдайларда жүргізiледi:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бойынша жылжыту тәртібімен;
2) бiрдей лауазымдарға - ұйымдастыру-штаттық iс-шараларының жүргізiлуiне байланысты, олардың мамандығы мен жұмыс тәжiрибесiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану үшiн, сондай-ақ өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша олардың тiкелей және төте бастықтарының келісімiмен;
3) Министрлiк жүйесіндегі оқу орнына оқуға түсуiмен атқаратын штаттық лауазымнан босатылуына байланысты, сондай-ақ оқу орнын бiтiргеннен кейiн лауазымға тағайындалған кезде;
4) төменгi тұрған лауазымдарға:
ӨҚҚ штаттары қысқартылған немесе ол қайта ұйымдастырылған кезде және олардың келісімiмен осы адамдарды бiрдей лауазымдарға пайдалануға мүмкiн болмаған жағдайда;
денсаулығының жай-күйi бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
қызмет мүддесiнде - олардың келісімiмен;
өзiнiң жеке өтiнiшi бойынша;
тәртіптік жаза ретімен жүргізіледі.
Қатардағы және басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша ауыстыру туралы шешiм ауыстыру негiзi көрсетiлiп, жеке құрам бойынша бұйрықпен ресiмделедi.
46. Қатардағы және басшы құрамның адамдарын қызмет бойынша жылжыту, әдетте олардың iскерлiк әрi жеке басының қабiлеттерi, денсаулығының жай-күйi ескерiле отырып, басшы кадрлар резервiнде тұрған қызметкерлер iшiнен жүргiзiледi.
Басшы кадрлар резервiнде есепке алынған басшы құрамның адамдарымен жұмыс Министр белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
47. Қызмет бойынша ауыстырылған орта, аға және жоғары құрамдағы адамдар iстер мен лауазымды тапсырғаннан кейiн, бiрақ осы адамдар кезектi демалыста немесе емделуде болған жағдайлардан басқа өртке қарсы қызметтiң аумақтық органдары немесе мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдары қызмет бойынша ауыстыру туралы бұйрық немесе жазбаша хабарлама алған сәттен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктірмей жаңа қызмет орнына iссапарға баруы тиiс.
48. Резервтегi, демалыстағы, емделудегі, iссапардағы қатардағы және басшы құрамдағы адамдар қызмет бойынша ауыстыруға немесе қызметтен босатылуға жатпайды.
49. Оған қатысты қылмыстық iс қозғалған әрi қамауға алу түрiнде жолын кесу шарасы қолданылмаған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар осы қылмыстық iс бойынша сот шешiм қабылдағанға дейiн қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгіленген тәртiппен тергеу жүргізiлетiн кезеңге қызметтік міндеттерiн атқарудан шеттетiледi.
Оларға қатысты қамауға алу сияқты жолын кесу шарасы белгiленген тәртiппен қолданылған, қылмыс жасауға айыпты ретiнде тартылған жағдайда қызметкерлерге ақшалай үлес төлеу қылмыстық iс бойынша шешiм қабылданғанға дейiн қамауға алынған күнiнен бастап тоқтатыла тұрады.
Ақтау үкімі шығарылған, iс-әрекетiнде қылмыс құрамы анықталмағаны немесе қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбегенi үшiн қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда қызметкерлерге қызметте ықтиярсыз болмаған уақыты үшiн заңнамаға сәйкес ақшалай үлес өтеледi.
Тергеу немесе сот органдарының шешiмi (айқындамасы) бойынша қамауға алынған қызметкерлерге лауазымынан шеттетілген күнiнен бастап ақшалай үлес төлеу тоқтатылады. Сот қолданған жаза түрiне қарамастан, оның iшiнде шартты түрде жазалау туралы үкiм шығарылған жағдайда қамауда болған кезiне ақшалай үлес төленбейдi.
Гаупвахтада ұсталып, тәртiптiк ретiмен қамауға алынған қызметкерлерге қамауда болған кезiне ақшалай үлес төленедi.
ӨҚҚ-дан қылмысы үшiн сотталуына байланысты қызметтен босатылған, кейін ақталған әрi тиiсiнше лауазымы мен арнаулы атағы қалпына келтiрiлген қызметкерлерге қызметте ықтиярсыз болмаған кезi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ақшалай үлес өтеледi.
4. Аттестаттау
50. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды аттестаттау олардың қызметiне сәйкестiгiн анықтау мақсатында белгiленген аттестаттау тәртібімен жүргiзiледi.
Аттестаттау комиссиясының қорытындысын ӨҚҚ басшылары бекiтедi.
51. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды аттестаттауды жүргiзген кезде алдын ала дайындық жұмысы (ұйымдастыру және тәрбиелеу iс-шаралары, аттестатталатын адамдармен жеке әңгімелесу және т.с.с) жүргізiледi.
52. Ол бойынша аттестатталатын адамды ӨҚҚ-дан босату туралы қорытынды шығарылуы жорамалданған аттестаттау ол адамның қатысуымен жүргiзiледi. Қызметкер аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептерсiз келмеген жағдайда комиссия қолда бар материалдардың негiзiнде оның қатысуынсыз аттестаттауды жүргізу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
53. Аттестаттау комиссияларын кадрлар аппараттарының ұсынуы бойынша өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының басшылары құрады.
54. Аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттарын, ол бойынша шешiмдер қабылдау, сондай-ақ аттестаттауды өткізу кезiндегі тәртiп бұзушылыққа шағымдарды қарау тәртібін Министр белгілейдi.
5. Демалыстар
55. ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы адамдарға мынадай:
1) жыл сайынғы;
2) жалақыны сақтаусыз (қысқа мерзiмдi);
3) оқу;
4) қосымша;
5) жүктiлігi мен босануы бойынша әйелдерге демалыстар, бала асырап алған әйелдерге (ерлерге) демалыс;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де демалыстар берiледi.
56. Демалыс ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимi мен кестелерiне қарамастан, еңбек демалысына сәйкес келетін мереке күндерiн есепке алмай күнтiзбелiк күндерге есептеледi.
Қызметкерлерге жыл сайынғы, қысқа мерзiмдi және қосымша демалыстар кезiнде, үстемеақыларды, коэффициенттердi, сондай-ақ егер олар кеткен күнi оларды алған болса, тұрғын үй ұстау мен коммуналдық төлемдерге ақшалай өтемақыны қоса алғанда, негiзгi штаттық лауазымы (уақытша атқарылған емес) бойынша демалысқа шыққан күнi алатын мөлшерде ақшалай үлес төленедi.
Егер демалыста болған кезеңiнде қызметкердiң атқаратын лауазымы бойынша лауазымдық жалақысының өзгеруiне, лауазымдық жалақысының артуына, оған үстемеақы төленуiне немесе кезекті атақ берiлуi құқығының туындауына байланысты ақшалай үлестiң мөлшерi өзгерсе, ол демалыстан келгеннен кейiн оған тиiстi қайта есептеу жүргізiледi.
Қатардағы және басшы құрамдағы әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша демалыстағы кезіндегі ақшалай үлес Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес төленедi.
57. Жыл сайынғы демалыс қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға 30 күнтiзбелiк күнге берiледi.
58. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға ӨҚҚ бағыты бойынша зейнетақы тағайындау кезiнде ескерiлетiн, қызмет өткерген жылдарына қарай төленетін қосымша демалыс (күнтізбелiк есептеумен):
1) қызмет өткерген жылдары он жылдан acca - ұзақтығы 5 күнтiзбелiк күн;
2) қызмет өткерген жылдары он бес жылдан acca - ұзақтығы 10 күнтiзбелiк күн;
3) қызмет өткерген жылдары жиырма жылдан асса - ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күн берiледi.
59. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмiмен экологиялық апат аймақтары деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткерушi қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға ұзақтығы мен олардың тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленетін жыл сайынғы қосымша демалыс берiледi.
60. Жыл сайынғы демалыс демалыс кестесiне сәйкес күнтiзбелiк жыл iшiнде берiледi.
Жыл сайынғы демалыс кезiнде ауырып қалған қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға демалыс олардың емделуде болған күнiнiң санына ұзартылады.
ӨҚҚ-ға қызметке тұрған жылына сәйкес қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың жыл сайынғы демалысының ұзақтығы олардың қызметке тұрған күнiнен бастап қызмет өткерген уақытына барабар мынадай есеппен: әрбiр қызмет өткерген толық ай үшiн демалысының он екiден бiр бөлiгi есептеледi.
61. Қызметкерлер жыл сайынғы демалысты бөлiп пайдалана алады.
62. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды негізсіз жыл сайынғы демалыстан шақырып алуға жол берiлмейдi. Қызметтік қажеттілiк орын алған жағдайда бұл адамдарды лауазымға тағайындауға құқылы тiкелей бастықтың жазбаша бұйрығының негізінде жыл сайынғы демалыстан шақырып алуға жол берiледi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі, әдетте ағымдағы жылы немесе келесi жылдың бiрiншi тоқсанынан кешiктiрмей берiледi. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың тілегі бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгі келесi жылы кезектi демалысқа қосылуы мүмкiн.
Бiрнеше жыл пайдаланылмаған демалыс күндерiн қосуға және ұзақтығы қырық бес күнтiзбелiк күннен астам демалыс беруге жол берiлмейдi, оның iшiнде кез келген негіз бойынша ӨҚҚ-дан босату кезiнде де.
63. Қатардағы және басшы құрамның ӨҚҚ-дан қызметте болуының шектi жасына жетуiне, ауыруына, штаттың қысқартылуына байланысты босатылған адамдарына босатылу жылы олардың тiлегi бойынша оларды осы жылы нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн жыл сайынғы демалыс берiледi немесе босатылған жылы пайдаланылмаған демалыс үшiн осы жылы қызмет өткерген уақытына барабар, бiрақ 45 күнтізбелiк күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
ӨҚҚ-дан босатылатын қатардағы және басшы құрамның адамдарына (осы тармақтың бiрiншi бөлiгінде көрсетiлген адамдардан басқа) босатылған жылы пайдаланылмаған жыл сайынғы демалыс үшiн осы жылы қызмет өткерген уақытына барабар, бiрақ 45 күнтiзбелiк күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
64. Қысқа мерзiмдi демалыстар барлық қызметкерлерге шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерiн шешу үшiн, ең алдымен ауруына, туысқандық парызын орындауына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша берiледi. Қысқа мерзiмдi демалыс жыл сайынғы демалыс есебiне есептелмейдi.
65. Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша босатылуы парағының ұзақтығы ауруының сипатына қарай анықталады. Қолданыстағы заңнамада жекелеген аурулар бойынша емделудiң неғұрлым ұзақ мерзiмi көзделетiн жағдайлардан басқа, емдеу мекемелерiнде үздiксiз емделудiң жалпы алғандағы уақыты екi айдан аспауы тиiс. Үздiксiз емделудiң белгiленген мерзiмi аяқталғаннан кейiн қатардағы және басшы құрамдағы көрсетiлген адамдар олардың одан әрi қызметке жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның куәландырылуына жатады.
Олар қызметтiк мiндеттерiн атқаруы және қызметтiк борышын орындауы кезiнде алған жарақаттануына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың емделуде болған уақыты мерзiмi шектелмейдi. Көрсетiлген адамдар емделуi аяқталғаннан кейiн немесе ауруының нәтижесi анықталған кезде медициналық куәландыруға жiберiледi.
Жиi әрi ұзақ уақыт ауыратын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олардың одан әрi қызметті өткеруге жарамдылығын айқындау үшiн өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары мен мемлекеттік мекемесiнiң және оның облыстардағы және Астана, Алматы қалаларындағы филиалдарының кадрлар аппараттарының емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң ұсынуы бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияларға медициналық куәландыруға жiберiледi.
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі емдеу мекемесiнiң жолдамасы бойынша емделу орнына және керi бағытта жолына ақы төлеу ӨҚҚ қаражаты есебiнен жүргізiледi.
Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша босату парақтары негізiнде қызметтен босатылған, госпитальдарда, ауруханаларда, стационарларда және басқа да емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан қызметкерлерге ауырған күнiне алып келген мөлшерде ақшалай үлес төлеу сақталады, бiрақ үздiксiз емделуiнiң үш айдан аспайтын мерзiмiне. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның ӨҚҚ-дағы қызметкердiң қызметке одан әрi жарамдылығы туралы қорытындысына қарай көрсетілген мерзiмнен тыс ауырған уақыты ақшалай үлес төлеуге жол берiледi.
Қызметтiк мiндеттерiн атқаруы және қызметтік борышын орындауы кезiнде алған жарақаттануына, контузиясына немесе мертiгуiне байланысты емделудегі қызметкерлерге ақшалай үлес олар лауазымын атқаруға кiрiскенге немесе ӨҚҚ-дан босағанға дейiн емделуде болған уақыты үшiн төленедi.
ӨҚҚ қарамағында болған кезеңiнде ауырған қызметкерлерге емделу уақыты үшiн ақшалай үлес қарамағына есептелген күнiне алатын мөлшерде (қарамағында болу мерзiмiне қарамастан) төленедi.
Егер олар осы демалысқа шыққанға дейiн осындай өтемақы алған болса, бала күту жөніндегі қосымша демалыстағы ӨҚҚ қызметкерлерi - әйелдерге тұрғын үй ұстау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақы төленедi.
66. Министрлiк жүйесiндегі күндiзгі оқу нысанындағы оқу орнын аяқтауына байланысты демалыс оқуды бітірушiлерге олар дербес түрде бөлiнген жерi бойынша ӨҚҚ лауазымына тағайындалғаннан кейiн берiледi.
Министрлiк жүйесіндегі сырттай оқу нысанындағы оқу орнында оқитын қызметкерлерге емтихан сессиясының ұзақтығы мерзiмiне тең, бiрақ бiр жылдың iшiнде қырық күннен аспайтын емтихан тапсыру кезеңiне жалақысы сақталатын оқу демалысы берiледi, бұл ретте оларға, сондай-ақ шет елдердiң төтенше жағдайлар органдарының бағыты бойынша оқу орындарында күндiзгі нысан бойынша оқитын тыңдаушылар (курсанттар) мен Министрлiктiң жүйесiндегі жоғары оқу орнында немесе басқа мемлекеттің жоғары оқу орнында сырттай нысан бойынша, сондай-ақ кадрлар біліктiлігін арттыру және даярлау курстарында оқитын қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға оқу орнынан және керi бағытта темір жол көлігімен жол жүру шығыстары өтеледi. Кадрлар біліктілiгін арттыру және даярлау курстарында оқитын қызметкерлерге оқудағы әрбiр күнi үшiн тәулiктiк ақы төленедi және қызметтiк iссапарлар үшiн белгіленген тәртiппен және нормалар бойынша тұрғын үй жалдау жөніндегі шығыстары өтеледi.
Министрлiктiң жүйесiндегі оқу орнына оқуға түсуге емтихан тапсыруға жiберiлген ӨҚҚ қызметкерлерi iшiнен кандидаттарға қызмет орнынан оқу орнына жетуге әрi керi бағытта жол жүруге қосымша уақыт берiледi. Ағымдағы жылы оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн қайтадан демалыс алуға жол берiлмейді.
Өзге де оқу орындарында сырттай (кешкi) нысан бойынша оқитын қызметкерлерге еңбекақы төлеу, демалыс беру мәселелерi еңбек заңнамасының нормаларымен реттеледi.
Адъюнктураға оқуға түсетiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға дайындалу және оқуға түсу емтихандарын тапсыруы үшiн ұзақтығы 30 күнтiзбелiк күн оқу демалыстары, ал азаматтық оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн оқуға түсушiлерге ақшалай үлесi сақталусыз ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күнге дейiн оқу демалысы берiледi.
67. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қосымша демалыстар және жүктiлігі мен босануы бойынша әйелдерге демалыстар, бала асырап алған әйелдерге (ерлерге) демалыстар қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға кезекті демалыстан тыс берiледi.
68. ӨҚҚ қызметкерiнiң тiлегi бойынша қосымша демалыс жыл сайынғы демалысқа қосылады және сонымен бiр мезгілде немесе жеке берiлуi мүмкiн, бұл ретте қосымша және жыл сайынғы демалыстардың жалпы үздiксiз ұзақтығы елу бес күнтізбелік күннен аспауы тиiс.
6. Қызметтік тәртіп
69. ӨҚҚ-ның қатардағы және басшы құрамындағы адамдардың тәртібі олардың заңдылық, дара басшылық қағидаттарын қатаң сақтауына, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесiмдерiнiң, анттың, жарғылардың, талаптарын, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын орындауына негізделедi.
70. Тек қана тiкелей бастықтар көтермелейдi әрi тәртiптiк жаза қолданады.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар, оларға, оның iшiнде уақытша қызмет бойынша бағынатын бастықтар тiкелей бастықтар болып табылады.
71. Қызмет бойынша бiр-бiрiне тiкелей бағынбайтын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олар нақты тапсырмалар орындаған кезде аға немесе кiшi болуы мүмкiн.
Қызмет бойынша бiр-бiрiне тiкелей бағынбайтын қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың өзара қатынас жасау тәртібін Министр белгілейдi.
72. Бастықтың бұйрығы мүлтiксiз, дәл әрi мерзiмiнде орындалады.
Қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде айқын заңға қайшы келетін бұйрық немесе нұсқау алынған жағдайда қатардағы және басшы құрамдағы адам бұл туралы бұйрық немесе нұсқау берген бастыққа дереу баяндайды, ал бұйрық немесе нұсқау жазбаша түрде расталған кезде айқын қылмыстық сипаттағы бұйрық немесе нұсқаудан басқасын орындайды. Заңсыз бұйрық немесе нұсқау бергенi үшiн бүкiл жауапкершiлік оны берген бастыққа жүктеледi, ол қабылданған шешiм туралы жоғары тұрған бастықты хабардар етедi. Нақты қылмыстық сипаты бар бұйрықты немесе нұсқауды орындау қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды жауапкершiлiктен босатпайды.