5) Түрді жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Алматы және Мәскеу хайуанаттар парктерінде ойдағыдай көбейтiлдi.
6) Тянь-Шань арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйі
70-жылдардың бас кезінде Тянь-Шаньда 635 жануар, Шу-Iле тауларында - 280, Жоңғар Алатауының шығыс бөлігінде 1000 шаршы шақырым алқапта - 600 дарақ мекендеді. Ақсу-Жабағылы қорығында (Талас Алатауы) 60-70-жылдары 200-300 арқар болды. Қаратаудың оңтүстік-шығыс бөлiгiнде Боралдайда 70-жылдардың аяқ шені мен 80-жылдардың бас кезiнде 250-280 дарақ мекендеген. Терiскей Алатауда 1971 жылы 300-дей арқар есепке алынған. Іле жазығында, Үлкен және Кіші Қалқандарда 70-жылдардың бас кезiнде 80-100 арқар мекендеді. Авиациямен есепке алу материалдары бойынша 80-жылдары Шу-Iле тауларында 150-дей арқар болды. Терiскей Алатауының қазақстандық бөлігінде 1992 жылдың қазан айында 60 шаршы шақырым алқапта 49 арқар есепке алынған. Іле Алатауының шығыс бөлiгiнде Түрген, Аса, Жiңiшке өзендерiнiң атырабында, Сарытау және Боқайдынтау тауларында 120 жануар, Кiшi Бөгетi тауларында - 40, Үлкен Бөгетіде - 25 арқар есепке алынды. 11 арқардан тұратын үйір 1993 жылғы наурызда Торайғырда кездестi. Жоңғар Алатауының оңтүстiк бөлiгiнде Көксу, Үсек өзендерiнiң атыраптарында да олар үйреншiктi жануар. Саны барлық жерде бірдей қысқарып барады.
3.3.6. Қаратау арқары
1) Түрдiң жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Қаратау арқары (Ovis ammo№ №igrimo№ta№a) - Сүт қоректiлер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiздiлер тұқымдастарының өкiлi.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Өте сирек кездесетiн түр тармағы, Қазақстан эндемигi, оның саны тез қысқарып барады. Жойылып кетуге жақын.
Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түр тармағының бірi.
Сырдария Қаратауы. Бұрын оның бүкiл өн бойында таралған; қазiргi кезде ойпатты және жазықтау бөлiгiнде ендi кездеспейдi және тау жотасының солтүстiк-батыс және оңтүстiк-шығыс бөлiктерiндегі арқарлар таралымдары арасындағы байланыс бұзылған. Қаратаудың оңтүстік-шығыс бөлiгіне және осында оған қапсарлас Боралдай тауларына 50-жылдары тянь-шань түр тармағына жататын арқарлар Талас Алатауынан жүйелi түрде қоныс аударып тұратын, осы екi нысан бірiгiп кеткен сияқты. Қоныс аудару кейбір жылдары кейiн де байқалып отырды және қазір қаратау арқарының Қаратаудың солтүстiк-батыс бөлiгiнде - ең биiк таулы Мыңжылқы алқабында және одан солтүстiк-батысқа қарай орналасқан аудандарда ғана таралғаны жайында айтуға болады.
3) Мекендеу ортасының жай-күйi
Мекендейтiн жерлерi - таудың жатық келген жазық учаскелерi. Осы жерлерден арқарларды үй жануарлары барған сайын ығыстырып шығаруда, сондықтан көбiнесе бұталар басып кеткен қатты жырымдалған жартасты сайларда мекендейдi. Қардың аз болуы арқасында қыста мекендеу жағдайлары жайлы. Ауыл шаруашылық малдарының қысқаруына байланысты тiршілік ортасының жай-күйi едәуiр нашарлап кеттi.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсiмталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиiмдiлігі, табиғи өлiм-жiтiмi және оның себептерi
Отырықшылық жағдайда өмiр сүредi, қоныс аудармайды. Таңертеңгiлiк және кешкiлiк уақытта ширақтық танытады, қыста күндiз де жиi жайылады. Қазан-қарашада күйлейдi, наурыздың аяғында - мамырда төлдейдi. Әдетте 1-2 қозы туады. Әртүрлi шөптермен қоректенедi, бұталардың жапырақтары мен өркендерiн сирек жейдi, күздiк дақылдар егiсiнде жайылып жүрген жануарлар кездескен. Бәсекелестерi - үй қойлары. Жаулары - қасқыр мен адам. Негiзгi тосқауыл факторлар - браконьерлiк, қасқырлар, үй малдарының ығыстыруы.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Қазiргi кезде қолда ұсталмайды. Түр тармағын сақтап қалу мақсатында Алматы хайуанаттар паркiнiң арқардың басқа түр тармақтарын бағып-ұстау жөніндегі жұмыс тәжiрибесiн пайдаланып, осы сирек арқардың қоршауда ұсталуын шұғыл қамтамасыз ету қажет.
6) Қаратау арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйi
20-ғасырдың 40-жылдарына дейін қаратау арқары Қаратауда үйреншiктi жануар болатын, одан кейiн жотаның шаруашылық мақсатта игерiлуiне қарай оның саны азая бердi. Жотаның солтүстiк-батыс бөлiгiнде 1976 жылы 17,7 мың гектар жерде 27 дарақ есепке алынды (1000 гектарға 1,5), 1979 жылы - 5 мың гектарға 10 (1000 гектарға 2), 1981-1982 жылдары - 100 мың гектарға 60-70 (1000 гектарға 0,6-0,7) дарақ есепке алынды. 1990 жылдың бас кезiнде Мыңжылқы тауының солтүстік-батысына қарай 100 шаршы шақырым жерде 11 дарақ (1000 гектарға 1,1) есепке алынса, 1993 жылғы наурызда мұнда осы алаңда небәрi 7 жануар (1000 гектарға 0,7) есепке алынды. Егер таралымның саны 1976 жылы мөлшермен 150 дарақ деп бағаланса, қазiр ол 100-ден аса қоймас.
3.4. Құлан
1) Түрдiң жануарлар дүниесі жүйесіндегі жағдайы
Құлан (Eguus hemio№us опаңег).) - Сүт қоректiлер класы, Айтұяқтылар отряды, Жылқы тұқымдастар өкiлi.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Саны мен таралу аймағы республикада тым шектеулі сирек кездесетiн түр. Халықаралық табиғат қорғау одағы (ХТҚО) мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізiлген. Жылқы тектес 9 түрдiң бірi және қазiргi кезде Қазақстанда мекендейтін бірден-бір түр.
Тарихи өткен заманда қазiргі Қазақстанның аумағында құлан жануарлардың саны көп түрлерiнiң бірi болды және шөл және жартылай шөлейт аймақтың кең-байтақ аудандарын мекендедi. XIX ғасырдың өзiнде-ақ құлан осы заманғы Қазақстанның бүкіл оңтүстiк бөлiгiн - батыста Жайық өзенiнен бастап шығыста Ертіс өзенiне дейiн мекендеген. Құландардың көп мөлшерi 1879-1880 жылдардың қысқы кезеңіндегі, әсiресе 1891-1892 жылдардағы қатты жұттар кезiнде қырылып қалды. Осы қаһарлы қыстардан кейін құландар кең-байтақ аумақтарда жойылып кеттi. Тiрi қалған жануарларды аңшылар жаппай қырумен болды. XX ғасырдың бас кезіне қарай Қазақстанның көп бөлiгiнде құлан енді кездеспейтін болды және XX ғасырдың 30-жылдарының аяқ шенiнде соңғы жануарлар құртылды.
Бұрын республика аумағында қазақстан құланы немесе құрып кеткен жигетай - E.h.fi№schi мекендеген. Түркмен құландары 1953 жылы Арал теңiзіндегі Барсакелмес аралына әкелiнiп, осында көбейдi. 1982 жылдан бастап оларды құрлықта да: 1982 - 1984 жылдары Алматы облысының Қапшағай МАҚШ (қазір - "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркi) (Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс сiлемдерi); 1986 - 1990 жылдары - Жамбыл облысының Аңдасай қаумалында (оңтүстік-батыс Бетпақдала); 1991 жылы - Маңғыстау облысының Бозашы қаумалында (Солтүстiк Ақтаудың теңiз жағалауындағы учаскесi) жерсiндіру жұмыстары басталды.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Мекендейтiн жерлері - шөл және шөлейттi жерлердiң жазықты, төбелi және қиыршық тасты өңiрлері, аласа таулар мен тау бөктерлерiн де жайлай бередi. Құланның қазiргi тiршілiк ортасы толық қанағаттанарлық дәрежеде. Соңғы он жылда үй жануарлары санының қысқарып, жайылымның аз пайдаланылуына байланысты Қазақстанда құланның таралу аймағының бүкіл өн бойында жайылымдардың қалпына келуi және жақсаруы байқалады.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиiмділігi, табиғи өлiм-жiтiмi және оның себептерi
Жерсiнген жерлерiнде шығарылым орындарынан 30-50 шақырымға, 100 және одан да қашық шақырымға дейін шамалы орын ауыстырып, жартылай отырықшы тiршiлiк күйiн кешедi. Маусым-шілдеде күйлейдi, мамыр-маусымның аяғында құлындайды. Бір құлын туады, екі құлын тууы - сирек. Үйір-үйір болып жүретiн жануар. Ұрғашы құландар тобын бір үйiр айғыры басқарады, іс жүзінде барлық биелердi сол қашырады. 3 жастан асқан ересек еркек құландар мұндай топтардан қуылады. Буаз болу ұзақтығы 11 - 11,5 ай. Табиғи жаулары - қасқыр, iрi жыртқыш құстар, және де ауру, әлсiз, арық-тұрық жануарлар мен төл ғана жыртқыштар құрбаны болады.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттігi
Құландар қолда: хайуанаттар парктерінде, ғылыми стационарларда (әртүрлi тәжiрибелер жасау кезiнде) ойдағыдай бағылады және көбейедi. Тұяқты жануарлардың кейбір түрлерi үшiн жасалған, шаруашылық мақсатта пайдалану немесе кейіннен табиғатқа шығару мақсатында арнайы аңшылық фермаларда (ранчо) өсiру технологиясы құландарға байланысты Барсакелмес аралында ойдағыдай қолданылды. Iс жүзінде бұл әдiс түрдiң саны мүлдем азайып кеткен жағдайда оны қалпына келтiру мақсатында пайдаланылуы мүмкiн (тиiстi дәрежеде пысықтап алғаннан кейiн).
6) Түрiкмен құланы санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйi
Климаттың жалпы жылдам қуаңшылық сипат алуы, жұттар, iзiне адамның түсуi және жеткілiктi суаттары бар жайылымдардан үй малының сусыз және қорегi аз жерлерге ығыстыруы салдарынан бір кезде саны көп болған түркмен құланы өткен ғасырдың бас кезінде республика аумағында құрып кеттi. 1953 - 1964 жылдары Түркмен ССР-iнiң Бадхыз қорығынан Арал теңiзiндегі Барсакелмес аралына топ-тобымен 19 құлан әкелiндi. 1982 жылы олар 212 басқа жетiп, осы кезден оларды одан әрі жерсiндіру үшiн құрылыққа тасу басталды. Қапшағай МАҚШ-ына 1982 жылдан 1984 жылға дейін 32 бас жiберiлдi, ал 1994 жылы осында енді 297 құлан мекендеді. Аңдасай қаумалында 1986 - 1990 жылдары жалпы саны 105 бас құландардың 3 тобы жiберiлдi, 1993 жылы олардың саны кемінде 200 басқа жетті. Ақтау-Бозашы қаумалында 1991 жылы 35 құлан жiберiлдi, 1994 жылы олар ендi 50 бас болды. 1991 жылы құландардың аналық топталымы Барсакелмес аралында сыртқа әкету салдарынан 104 басқа дейін қысқарды. Арал теңiзiнiң қаңсып қалуы салдарынан арал құрылықпен қосылып кеткеннен кейiн құландар құрылыққа қоныс аударды, сөйтiп соңғы 2-3 жылда Барсакелмес қорығында бірде-бір құлан байқалған емес. Қазiргі кезде "Алтын Емел" ұлттық паркiнде құландар саны көбейіп келедi- 438 дарақ (2000 жыл). Ақтау - Бозашы қаумалының 2000 - 2002 жылдардағы есептерiнде құландар атап өтiлмеген.
"Аңдасай" мемлекеттік қаумалында да осы тұяқты жануардың саны біршама азайып кетті, мәселен, егер 1999 жылы қаумал аумағында 197 құлан мекендеген болса, 2002 жылы 56 ғана құлан қалған.
3.5. Киiк
1) Түрдiң жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Киiк (Saiga tatarica tatarica) - Сүт қоректiлер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiздiлер тұқымдастары, өте ертедегi Киiк тегінің бірден-бір өкілі.
Киiк - Евразия шөлейтi мен жартылай шөлейтiнiң қоныс аударып отыратын үйiрлi жануары, бiздiң фаунамыздың ежелгі өкiлi, Қазақстан Республикасының бірегей және құнды игiлiгi болып табылады. Бұл аңшылық-кәсiптiк жануар, оның етiнiң жоғары азықтық қүндылығы бар, ал оның мүйiзi көп жылдар бойы дәрiлiк шикiзат ретiнде Қытай, Сингапур және әлемнің басқа да елдерiнде экспортталады. XIX ғасырдың екiншi жартысы мен XX ғасырдың басында жануарларды аулау жаппай сипат алды. Киiктердi жыл сайын дайындау - қырық жылғы кезеңнен астам уақытта көбiнесе 100 мың бастан 150 мың басқа дейiндi (жекелеген жылдарда 300-5010 мыңға дейiн) құрады. Бұл ретте киiк кәсiпшiлiгi мемлекетке жыл сайын орта есеппен 3 млн. АҚШ долларына дейiн кiрiс әкелді.
Қазақстан аумағында киiктің осы заманғы таралу аймағы мен ресурстарының негізгi бөлігi орналасқан. Өсiмдiктердiң негiзгi тұтынушыларының бірі ретінде аридтi аймақтардың экологиялық жүйесiнде оның зор маңызы бар.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
"Киiкті сақтау және өсiмiн молайту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 29 сәуiрдегі № 527 қаулысымен санының қысқарып кетуiне байланысты киiк аулауға 2 жылға тыйым салынды, ал "Киiктi сақтау және өсiмiн молайту жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 19 шiлдедегi № 980 қаулысымен бұл тыйым салушылық 2005 жылға дейiн ұзартылды.
Қазақстанда киiктiң қазiргi таралу аймағы негізiнен 10 әкiмшілiк облыстың: Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және iшiнара Ақмола мен Алматы облыстарының шөл және шөлейттi аймақтарын қамтиды. Түрдің таралу аймағына сондай-ақ Өзбекстанның (Қарақалпақстан), аздау мөлшерде (жекелеген жылдары) Түркменстан мен Ресейдің көршілес облыстары енедi.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Киіктiң тiршілiк ортасы әбден қанағаттанарлық дәрежеде. Соңғы он жылда үй жануарлары санының қысқарып, жайылымның аз пайдаланылуына байланысты Қазақстанда киiктiң таралу аймағының бүкiл өн бойында жайылымдардың қалпына келуi және жақсаруы байқалады.
4) Таралу аймағы мен саны бойынша пайдаланылатын және пайдаланылмайтын таралымдарының ара-қатынасы
Қазақстанда киiктiң үш жеке: бетпақдала, үстірт, жайық таралымдары мекендейдi. Таралымдардың үшеуi де бірнеше ондаған жылдар бойы: бетпақдала таралымы (таралу аймағы мен саны бойынша бұрынғы ең ipi) 1998 жылға дейiн, үстiрт және жайық таралымдары 1999 жылға дейiн, яғни киіктердi аулауға тыйым салынғанға дейiн пайдаланылып келдi.
Киік саны тарихи тұрғыдан алғанда күрт өзгерiстерге ұшырап тұрады. Мұның негiзгi себептерiн екі түрлi санатқа бөлуге болады, олар: табиғи санат - қардың қалың түсуi, көктайғақ және аурулар (пастереллез, аусыл), бұдан аздау мөлшерде - жыртқыштар (қасқырлар) және антропогендік сипаттағы санат - жасырын аң аулау (браконьерлiк). Соңғы 10 жылда жануарлар саны тым көп азайып кетті. Мәселен, 1991 - 1994 жылдары Қазақстанда 976-810 мың киiк болса, 2001 - 2003 жылдары олардың 21,2 мыңы ғана қалды. Кәсіпшілік көлемi 90-жылдары шағын болып, әдетте кәсіпшілік алдындағы санының 10 пайыздан аз мөлшерiн (жол берілетін оңтайлы мөлшер 20 пайыз жағдайында) құрады. Киiктердiң аурулардан жаппай қырылуы 90-шы жылдары байқалған жоқ.
5) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиімділігі, табиғи өлім-жітімі және оның себептерi
Киіктердiң күйлеуi мен шағылысуы желтоқсан айында қыста мекендейтін жерлерде өтедi, көктемде солтүстiк бағытқа қоныс аудару кезiнде төлдейдi. Төлдеу кезеңiнде киiктер шағын алаңдарда ірі топтар - өзінше бір "перзентханалар" құрады. Жаңа туған киік төлдерi арасында жыныстардың ара-қатынасы (еркектер - ұрғашылар) 1:1-ге жақын, таралымның құрылымы бұзылмаған жағдайда ересектер арасында 1:2 - 1:3. Пайдаланылатын таралымдарда ересек еркек киіктердiң саны соңғы жылдары олардың құрылымының бұзылу деңгейіне байланысты 3-10% болды. Ересек ұрғашы киіктерде орта есеппен 1,8 төл, жас киіктерде (бip жастағы) - 1,0 төл болады; орта есеппен алғанда ұрғашы киікке 1,5 төлден келедi. Төл есебiнен таралым күзге қарай орта есеппен бастапқы (көктемгi) санмен салыстырғанда 30% көбейедi. Табиғи өлім-жітімнің орташа көлемi ересек жануарлар үшiн 16% және жас киiктер үшiн 70 % болған жағдайда таралымның жылдық өсiмi (жануарлардың жыл iшіндегі өсiмталдығы арасындағы айырмашылық) 20 пайызды құрайды. Киiктердiң табиғи өлiм-жiтiмге ұшырауының негiзгі себептерi: қалың қар, көктайғақ, қуаңшылық; аурулар (пастереллез, аусыл); жыртқыштар (қасқырлар, ал төлдерi үшiн әрi қырандар мен түлкiлер).
6) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Киiктер қолда: хайуанаттар парктерiнде, ғылыми стационарларда (әртүрлi тәжiрибелер жасау кезiнде) ойдағыдай бағылады және көбейедi. Тұяқты жануарлардың кейбір түрлерi үшiн жасалған, шаруашылық мақсатта пайдалану немесе кейiннен табиғатқа шығару мақсатында арнайы аңшылық фермаларда (ранчо) өсiру технологиясы киiктерге қолданылған жоқ. Іс жүзiнде бұл әдіс түрдiң саны мүлдем азайып кеткен жағдайда оны қалпына келтiру мақсатында пайдаланылуы мүмкiн (тиiстi дәрежеде пысықтап алғаннан кейiн).
Қазiргi кезде Қалмақстанда (Ресей Федерациясында) киiктердi қолда ұстау және көбейту жөнiнде эксперимент жүргiзiлуде.
7) Түр өнiмiн құру, толысу (биологиялық жағынан пiсiп-жетiлуге және тауарлық құндылыққа жету), түр биомассасы мен санының айналым мерзiмдерi
Ұрғашы киiктерде жыныстық толысу 0,5 жастан, еркек киiктерде - 1,5 жастан басталады. Жануарлардың екi жынысының да өсуi 2,5 жасқа дейiн жалғасады, еркек киiктердiң мүйiзi шамамен 2 жасқа дейiн өседi. Кәсiпшiлiк тұрғыдан пайдаланылатын таралымның бір бөлiгi, белгi салу нәтижелерi көрсетiп отырғанындай, iс жүзiнде 4 жылда толық жаңарып болады.
8) Таралымдардың жас құрылымы; қоректену сипаты және қондылығының өзгеруi
Киік таралымдарында күзде 35-45% төл (екi жыныстың) және 50-65% ересек жануарлар болады.
Киiктердiң негiзгi қорегi - шөп өсiмдiктерi; жартылай бұталар мен бұталардың өркендерiн сирек жейді. Жануарлардың барынша қонды болу кезеңi - қарашада - желтоқсанның бас кезі (күйлеу басталғанға дейiн); ересек киiктермен салыстырғанда төлдiң қондылығы төмендеу болады.
9) Түрдiң экологиялық жүйедегi маңызы және оның iшiнара алынуының экологиялық жүйенiң жай-күйiне ықтимал ықпалы
Киiктер басқа жабайы және үй шөп қоректi жануарларымен бірге аридтi аймақтардың экожүйесінде өсiмдiктердiң негiзгi тұтынушылары болып табылады және, егер бұл тұтыну жол берiлетiн өлшемнен асып кетпесе, оның шығымдылығының артуына жәрдемдеседi. Ұзақ жылғы тәжiрибе көрсетiп бергеніндей, киiктердiң бір бөлiгiн алу биологиялық тұрғыдан жол берiлетiн мөлшерде жүргізiлсе, ол түрдің табиғи жолмен өсiмiн молайтуға нұқсан келтiрмейді.
Осы түрдiң Қазақстандағы оңтайлы саны 700-900 мың басты құрайды және киік таралымдарын күзету мен оларды қалпына келтiрудi ұйымдастыруда санның осы деңгейi бағыт-бағдар болуға тиiс.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Мақсат: Жаппай браконьерлiкке жол бермейтiн және Қазақстанның тұяқты жабайы жануарларының сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктерi таралымдарының санын тұрақтандыруға және қалпына келтiруге негiз болатын нормативтiк-құқықтық және ұйымдық-шаруашылық шараларының негiзiнде оларды сақтау және қорғау.
Негiзгi мiндеттер:
1) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердi жаппай браконьерлiкке жол бермеудi қамтамасыз ететiндей деңгейге дейiн күзетудi ұйымдастыру;
2) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердi сақтау жөніндегі заң шығару шараларын күшейту;
3) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң санын жыл сайын шынайы, тиiмдi түрде есепке алып отыруды ұйымдастыру;
4) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң таралымдарына және олардың мекендеу ортасына экологиялық бақылау (мониторинг) жүйесiн ұйымдастыру;
5) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерiнiң гендiк қорын сақтаудың биотехнологиялық негiздерiн әзiрлеу жөнiнде ғылыми зерттеулер өткізу олардың санын айқындау.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi
бағыттары мен тетiгi
5.1. Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктер санын тұрақтандыру жөніндегі шаралар
Қазақстанның тұтас бір аймақтарының кең байтақ кеңiстiгiнде тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктерге жаппай қасақылық жасау табиғат-шаруашылық кешенiнiң құрамдас бөлiгі ретiнде осы бағалы жануарларды сақтаудың тиiмдi, кешендi шараларын Қазақстан Республикасы Үкіметінiң деңгейiнде қолданылмауының салдары болып табылады.
Салалық бағдарламаны iске асырудың мерзiмдерi басты мақсаттың күрделiлiгi мен көлемдiлiгiне, атап айтқанда тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң таралымдарын экологиялық және биологиялық оңтайлы деңгейге дейiн қалпына келтiрумен байланысты болып отыр.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң санын тұрақтандыру мына iс-шараларды орындау есебiнен жүзеге асырылатын болады:
1) жануарлар дүниесiн қорғау мен басқарудың мемлекеттік жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын нығайту;
2) тұяқты жануарлардың сирек кездесетiн түрлерi мен түр тармақтарының және киiктiң таралу аймағының негiзгi бөлігінiң қамтылуын ескере отырып, жаңа ЕҚТА-лар ұйымдастыру және қазiргiлерiн қайта ұйымдастыру;
3) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктер таралымдарының жай-күйiне тұрақты жедел баға берiп отыру;
4) жерден және авиациямен есепке алудың түзетулер енгiзiлген әдiстемелерiн пайдаланып, тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң уақтылы көктемгi-күзгі есебiн жүргізiп отыру;
5) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктер таралымдарының жас-жыныс құрамын сипаттайтын бастапқы деректерге жыл сайын баға берiп отыру, сондай-ақ таралымдардағы көбеюдiң табысты болуын немесе оның жайсыз факторларын айқындайтын жәйттердi анықтау;
6) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктер таралымдарының жай-күйiне жыртқыштардың (қасқыр) әсер етуiн бағалау және қасқырлар санын реттеп отыру жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру;
7) тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктер таралымдарын қорғау және қалпына келтiру жөніндегі бағдарламалар мен iс-шараларды көрсету үшiн және туындайтын проблемаларды, соның iшiнде қасақылық үшiн әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiктi күшейту қажеттiлiгiне байланысты проблемаларды түсiндiру үшiн бұқаралық ақпарат құралдарын (республикалық және жергiлiктi деңгейлерде) тарту.
Жоғарыда аталған iс-шараларды орындау және тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң таралымдардағы саны өсiмiнiң шынайы тiркелген деректерi олардың таралымдарының қалпына келуге бет бұрғанына айғақ болады.
5.1.1. Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерiн күзетудi ұйымдастыру
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң таралымдарын және олар мекендейтiн жерлердi сақтау үшiн жануарлардың сирек кездесетiн түрлерiн қорғауды қолданыстағы заңнамамен сәйкестендiру қажет.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердiң таралымдарын қорғау мiндеттерi сан қырлы және абиотикалық, биотикалық және антропогендiк факторлардың терiс ықпалын болдырмау немесе азайту жөніндегі шаралар кешенiн қамтиды. Алайда сирек кездесетiн тұяқты жануарлар мен киiктерге жойылып кету қатерi төнiп отырған қазiргі кезде шұғыл бірiншi кезектегi шаралар ретiнде қасақылықтың әсерiн таралымдардың табиғи өсiмiн (қалпына келуiн) қамтамасыз ететiн деңгейге дейiн азайту, ал содан соң оны әлеуметтiк фактор ретiнде қажет, мұның өзi түптеп келгенде тұяқты жануарлар санының оңтайлы мөлшерге дейiн тұрақты түрде өсуiн қамтамасыз ететiн болады.
5.2. Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердi және олар мекендейтiн жерлердi сақтауға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Айрықша қорғалатын табиғи аумақтардың желісін құру эндемикалық, сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлердi, бірегей және эталондық учаскелердi, жалпы алғанда табиғи экологиялық жүйелердi сақтаудың әлемдiк қауымдастық таныған барынша тиiмдi шарасы болып табылады.
Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерi мен киiктердi қорғау жөнiнде жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiн қабылдау және қазiргi осындай аумақтардың көлемiн кеңейту үшiн мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен тиiстi табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi алдын ала әзiрлеп алу қажет.
Алайда жаңа ЕҚТА-лар құру және қазiргi осындай аумақтардың көлемiн кеңейту - ұзақ процесс.
Осы проблемаларды 2005 жылдан 2007 жылға дейiнгi мерзiмде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тиiстi қаулыларын қабылдау деңгейiнде шешу сирек кездесетiн тұяқты жануарлардың мекендеу ортасын қорғаудың принциптi түрде жаңа, неғұрлым жоғары деңгейiн қамтамасыз етедi және олардың санын тұрақтандыруға негiз болады.