3) Мекендеу ортасының жай-күйi
Мекендеу ортасы - шөлейт аймақтар өзендерінің аңғарларында өсетін тоғайлы ормандар мен қамыстар. Қызылқұм шөлiнiң шет жақтарында сексеуіл жыңғылдарында мекендедi, бірақ шөлде судың жоғалып кетуiне байланысты Сырдария өзеніне қайта оралды. Шөлейт аймақтардың өзендерi аңғарларының шаруашылық мақсатта игерiлуiне және олардың реттеліп отыруына байланысты өзен жайылмасындағы ормандарының алқабы едәуір қысқарып кеттi. Көлемi шағын учаскелерге ғана адам қолы тиген жоқ.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиiмділігi, табиғи өлiм-жiтiмi және оның себептерi
Сырдария жайылмасында тоғай кермаралдары маусымдық қоныс аударып отырды. Қызылқұмда судың жоғалып кетуiмен олар шөл даладан Сырдария өзенiне барып, қар түскеннен кейін ғана кері оралатын. Тәжiкстанда, "Томит" таулы қорығында тоғай кермаралдары жапырақты ағашты ормандар мен жемiс ағаштары екпелерінің белдеуiнде мекендеп, қарсыз мезгілде биiк таудағы аршалықтарға дейiн көтеріледi. Қарашеңгелде бұлтты ауа райында жануарлардың бір бөлiгi күндiз де жайылғанымен, негізiнен таңертеңгiлiк және кешкiлiк мезгілдерде ширақтық танытады. Қыркүйек-қазанда күйлейдi, мамыр-маусымда төлдейдi. Көбінесе бір бұзау табады, 2 бұзау табу - сирек. Ұрғашы бұғылардың бір бөлігi шағылысуға тұңғыш рет 1,5 жаста қатыса берсе де, жыныстық жағынан 2,5 жаста жетiледi. Негiзгi қорегі - әртүрлi шөптер, бұталар мен ағаштардың жапырақтарын, өркендерiн және жемiстерiн сирек жейдi. Азықтандыру алаңдары мен егістiктерде жақсы қоректенедi. Бәсекелестерi - елік, қабан. Жаулары - қасқырлар мен қаңғыбас иттер; жаңа туған бұғы бұзауларына түлкi қауiпті.
5) Түрді жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Алматы хайуанаттар паркiнде қолда ұсталатын олар ойдағыдай көбеюде.
2000 жылы Дүниежүзілiк жабайы табиғат қорының қаражатына Оңтүстiк Қазақстан облысының Түркiстан ауданында Сырдария өзенiнiң жайылмасында бұхар бұғысын өсipу үшiн қоршалған орын салынды. Осы питомниктiң негiзгi мiндетi бұхар бұғысын көбейтiп, кейiннен жануарларды Сырдария өзенiнiң жайылмасына жiберу, яғни бір кездерi ол мекендеген жерлерде осы тұяқты жануардың таралу аймағы мен санын қалпына келтiру болып табылады. Питомниктiң өсiм молайту табыны "Бұхар бұғысын (жойылып кету қатерi төнген түр) сақтау мен өсiмiн молайтудың экологиялық және физиологиялық негiздерi" I№TAS-96-1289 жобасы берген қаражатқа Қазақстан Республикасы Үкіметі Шаруашылық басқармасының Қарашеңгел мемлекеттік аңшылық шаруашылығынан сатып алынған жануарлардан және Қарашеңгел мемлекеттік аңшылық шаруашылығы питомникке тегiн берген бұхар бұғыларынан қалыптастырылды. Қазiргі кезде бұхар бұғысының өсiмiн молайту жөніндегі Түркiстан питомнигiнде 9 бұғы (6 ересек ұрғашы, 2 еркек бұғы және 1 төл (ұрғашы) бар.
6) Тоғай кермаралы санының және оның таралымының жай-күйiнiң салыстырмалы динамикасы
Қазақстандағы тоғай кермаралының бұрынғы саны туралы мәлiметтер жоқ. 20-ғасырдың бас кезiнде Сырдария өзенiнiң атырабында жыл сайын бірнеше дарақ ауланып отырған. 80-жылдардың орта тұсында Қарашеңгел мемлекеттік аңшылық шаруашылығында олардың саны 60 дарақты құрады, ал 90-шы жылдардың аяғына қарай бұғылар саны 300 дараққа дейiн көбейдi.
3.2. Қарақұйрық
1) Түрдiң жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Қарақұйрық (Gazella subgutturosa) - Сүт қоректiлер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiзділер тұқымдастарының өкiлi.
Қарақұйрықтар басқа да жабайы және шөп қоректi үй жануарларымен бірге қуаңшылық аймақтардың экологиялық жүйесiнде өсiмдiктiң негiзгi тұтынушылары болып табылады және, егер осылай тұтыну жол берiлетiн өлшемнен асып кетпесе, оның шығымдылығын арттыруға жәрдемдеседi. Ұзақ жылғы практика көрсетіп бергенiндей, қарақұйрықтардың бір бөлiгін алу, егер түрдiң табиғи өсiмi биологиялық тұрғыдан рұқсат етiлетiн шекте жүргiзiлсе, оған нұқсан келтiрмейдi.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Сирек кездесетiн түр. Бірқатар аудандарда саны мен мекендейтiн жерлерi қысқаруда.
Оның таралу аймағының солтүстiк бөлiгі орналасқан Қазақстанда киiктер тегiнiң және киiктер тұқымдасшасының бірден бір өкiлi.
20-ғасырдың орта тұсына дейiн Қазақстанның іс жүзінде барлық жартылай шөлейт және шөлейт аймақтарында мекендеді, Каспий теңiзiнен Iле ойпатына дейiн тұтас бір таралу аймағы болды. Солтүстiк шекара 47-параллельдiң бойымен өттi, қазіргі кезде таралу аймағының үлкен бөлiгінде ол оңтүстiкке қарай алыстап кеттi. Жекелеген оқшау таралымдар: Iле ойпатында, Тауқұм, Мойынқұм, Қызылқұм және Үстiрт-Маңғышлақ таралымдары пайда болды.
Осы жылдар iшiнде Қазақстанда қарақұйрықтың жалпы саны кемінде 200 мың дарақ болды, және де осы мөлшердiң жартысына жуығы Арал-Каспий су айырығындағы шөл даланың үлесiне тидi. 60-70-жылдары Қазақстан аумағын шаруашылық мақсатта қауырт игеру, сондай-ақ осы кезеңде бірнеше аязды қалың қарлы қыстың болуы 70-жылдардың аяғына қарай республикада 10 мыңдай ғана қарақұйрықтың қалуына душар етті, түрге құрып кету қатері төндi, мұның өзі оны Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізуге түрткі болды.
Қарақұйрық саны мен мекендейтін жерлерi барлық жерде бірдей қысқарып бара жатқан сирек кездесетiн түр ретiнде Халықаралық Табиғат Қорғау Одағы мен Қазақстанның Қызыл кiтаптарына енгізілген.
3) Мекендеу ортасының жай-күйi
Мекендейтiн жерлерi - кеуiп қалған су арналары кесiп өтетін, сексеуiл, жүзгiн, терiскен жыңғылдары көмкерген бекiген құмтөбелер, қиыршық тасты және сазды шөл далалар немесе сексеуiлді не тасбұйырғындық жайылымдары бар ашық қиыршық тасты кеңiстіктер. Аласа құрғақ тауларда және жартастардың жазық жерлерiнде кездеседi. Мекендейтiн жерлерiне қойылатын негiзгi талап - суаттардың болуы, қыста қардың қалың болмауы және жердің жақсы қорғаныштық қасиеттері. Қарақұйрықтың тiршiлік ортасының жай-күйі әбден қанағаттанарлықтай дәрежеде. Соңғы он жылда үй жануарлары санының қысқаруына және жайылым жерлердiң аз пайдаланылуына байланысты қазiргi кезде Қазақстанда қарақұйрықтың таралу аймағының өн бойында өсімдiктердiң қалпына келуi және жайылымдардың жақсаруы байқалады.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсiмталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмін молайтудың тиiмділігi, табиғи өлiм-жiтiмi және оның себептерi
Жартылай отырықшылық күйде өмiр сүреді, шектеулi, бірақ жүйелi түрде маусымдық қоныс аударып тұрады. Күйлеу кезiнде (қараша-желтоқсан) еркек қарақұйрықтарға белгілi бір аумақты иелену тән. Ұрғашы қарақұйрықтардың бір бөлiгi шағылысуға 6 - 7 айдан, қалғандары - 1,5 жастан, еркек қарақұйрықтар 2,5 жастан бастап қатыса алады. Төлдері сәуір-шілдеде туады, жаппай төлдеу мерзiмі - мамыр айы. Қоректенетiн өсімдiктердiң түр құрамы мекендеу аймағына байланысты және жыл бойына өзгерiп отырады. Қарақұйрықтардың гельминтоздардан едәуір мөлшерде қырылып қалуы тіркелмеген, аурулар iшінде көп өлiм-жітiмге ұшырауына туляремия, ауысыл, қой шешегі, хайуанаттар паркінде - некробацилез себеп болуы мүмкiн. Негiзгi жауы - қасқыр, сондай-ақ шопан иттерi, төлiне - түлкi, шибөрi, шұбар және қамыс мысығы, iрi жыртқыш құстар қауiптi. Бәсекелестерi - қойлар, киiктер, шөл кеміргіштерi.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Өзбекстан мен Түркменстан питомниктерiнде ойдағыдай өсiрiлуде. Қазақстанда Алматы хайуанаттар паркiнде бағылды. Бұл әдiс шаруашылық мақсатта пайдалану үшiн мамандандырылған фермаларда өсiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
6) Қарақұйрық санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйi
30-жылдардың орта тұсында Қазақстанда 200 мыңдай қарақұйрық, Олардың 100 мыңы Үстiртте және Маңғышлақта мекендедi. Браконьерлiктің етек алуы, жұттар, iндеттер 70-жылдардың аяқ шетiне қарай республикада 10 мыңдай ғана қарақұйрықтың қалуына әкеп соқты. 90-жылдардың аяғында Қазақстанда 30-50 мың қарақұйрық, оның 20-25 мыңы Маңғыстау облысының аумағында мекендедi. Браконьерлер қарақұйрыққа елеулi қатер төндiредi. Бұл, сiрә, осы заманғы таралу аймағының көп бөлiгiнде осы тұяқты жануар санының азайып кетуiнiң негiзгi себебi болып табылады.
Түрдi қорғау жөнiнде жасалған iс-шаралар жүйесi өз нәтижесiн бердi. Қарақұйрықтарды заңсыз аулағаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiк белгiлендi, бірқатар қорықтар мен қаумалдар түрдiң мекендейтiн жерлерiн де, күзетiлетiн аумақтар шегiне келiп қалған оның топталымдарын да күзетке алды, олар: Барсакелмес, Үстiрт қорықтары, "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркi, Ақтау-Бозашы және Андасай қаумалдары. Қазақстанның аса iрi зоологиялық ғылыми-зерттеу орталығы - ҚР БҒМ Зоология институты түрдiң экологиясы мен этологиясы және республикадағы оның жай-күйiн анықтау жөнiнде арнайы зерттеулер жүргiзе бастады. Iрi көлемдi есепке алу жұмыстары, соның iшiнде авиациялық техниканы тарта отырып жүргiзiлген жұмыстар 80-жылдары Қазақстанда қарақұйрықтың таралу аймағының үлкен бөлiгiнде оның санының егжей-тегжейлі есебiн алуға мүмкiндiк бердi. Түрдiң бір кездегi тұтас таралу аймағының жекелеген оқшау учаскелерге бөлiнiп қалғаны, ыдыраңқы таралымдардың пайда болғаны (Iле, Тауқұм, Мойынқұм, Қызылқұм, Yстiрт-Маңғышлақ таралымдары) анықталды. Республикада түрдiң саны 90-жылдардың басында 30 мыңдай бас болды. Бозашы түбегi, Мойынқұм шөлi және Iле ойпатының оң жағалаудағы бөлiгi негiзгi топтасу орталықтарына айналды. Сан динамикасының өзiнше бір үрдiстерi белгiлi болды - топтасу орталықтарында қарақұйрық саны біртiндеп көбейiп келедi және шағын ыдыраңқы топталымдарда оның саны бірқалыпты сақталуда немесе азаюда, тіптi олар толық жойылып кетуде және басқа жаққа қуып әкетiлуде.
Қазақстанда түрдiң қазiргi жай-күйi түсiнiксiз: бір жағынан алғанда, экстенсивтi мал шаруашылығы қарақұйрық таралымына керi әсер етiп, олар мекендейтін жерлер едәуiр азайып кетсе, екiншi жағынан алғанда, браконьерлiк күрт көбейiп кетті.
1993-1994 жылдардың қаһарлы қысы мен 1994-1996 жылдардың қуаңшылық жазғы маусымдары қарақұйрық таралымдарына елеулi нұқсан келтiрдi. Мәселен, 1995 жылдың аяғында Мойынқұм таралымын ірiктеп зерттеу 80-жылдардың орта тұсындағы 2-3 мың бастан 200-дей ғана қарақұйрықтың қалғанын көрсетті.
3.3. Арқарлар
Осы заманғы жүйелi көзқарастар бойынша Қазақстан аумағында арқарлардың екi түрiнiң және алты түр тармағының өкiлдері мекендейдi. Барлық түр тармақтарының таралымдары барған сайын азып-тозу кезеңін бастан кешіруде және іс жүзінде Батыс, Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтарында ыдыраңқы топталымдар болып табылады, олардың кейбіреулерiнiң саны бірнеше ондаған дарақтан аспайды. Арқарлардың барлық түр тармақтары Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізiлген.
3.3.1. Үстiрт арқары
1) Түрдiң жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Үстiрт арқары (Ovis ammo№ arkal) - Сүт қоректiлер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiздiлер тұқымдастарының өкiлi.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Оның түр тармағы, саны және таралу аймағы шектеулi.
Қой тұқымдастар өкiлдерiнiң ең "аласа тауды мекендейтiн" түрі. Қазақстанда түр тармағының таралу аймағының ең үлкен - солтүстiк бөлiгi бар.
Үстірт арқарының таралу аймағының қазақстандық бөлiгі тұтастай Маңғыстау облысының шегiнде орналасқан. Қазіргі кезде ол мұнда iс жүзінде барлық табиғи мекендеу орындарында кездеседi, олардың iшiнде негiзгiсi - Үстiрттiң Батыс қыраты. Қазiргi географиялық оқшаулану оның Солтүстiк-Батыс Түркменстан, Қарақалпақстан және Қазақстан топталымдарының арасында қалыптасып отыр, бұл ретте Қазақстан аумағындағы Шағаласор ойпаты мен Қапланқыр қыратын мекендейтiн арқарларды осы түр тармағының Солтүстiк-Батыс Түркменстан таралымының құрамында қарау дұрысырақ болады.
3) Мекендеу ортасының жай-күйi
Мекендейтін жерлерi - сусыз ойпаттардың, тау жоталарының құлама жарлары, аласа таулар, жартастар. Мекендейтін жерлердi және олардың элементтерін пайдалану сипаты жыл маусымына, ауа райы жағдайларына, антропогендік әсердiң барлық түрінің қарқындылығына және негізгі азықтық өсiмдiктердiң шығымдылығына байланысты өзгерiп отырады. Тiршілік ортасының жай-күйі қанағаттанарлық.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзімдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиімділігі, табиғи өлiм-жітiмi және оның себептерi
Жартылай отырықшылық күйде өмір сүредi, шектеулі, бірақ жүйелі түрде маусымдық қоныс аударып тұрады. Суаттар саны шектеулi болатын жылдың ыстық мезгілiнде белгілi бір аумаққа қоныстану тән. Табын құрау деңгейi қыста ең жоғары, жазда - ең төменгі шегiне жетiп, жыл бойы өзгерiп отырады. Барлық маусымдарда 2-5 бастан тұратын топтар басым болып келедi, 1985-1991 жылдары табындар мөлшерінiң ауытқуы 1-70 бас болды. Жыныстық толысуға 2,5 жаста жетедi, және де осы жастағы ұрғашы арқарлар шағылысуға түсе берсе, қошқар арқарлар - 4,5-5,5 жаста түседi. Қазан-желтоқсанда күйлейді, наурыз-мамырда төлдейді. Ұрғашы арқарлар 1-2 қозы туады. Бір қошқар арқарға орта есеппен 2,6 ұрғашы арқардан келедi. Орташа өмір ұзақтығы - 4, барынша ұзақтығы - 12 жыл. Туғаннан кейін бірiншi жылы төлдiң өлiм-жiтiмге ұшырауы 70 пайызға жетуі мүмкiн. Негiзгi тосқауыл факторлар - браконьерлiк, шаруашылық мақсатта игеру процесiнде олар мекендейтін жерлердi жойып жіберу. Климаттық факторлар (қуаңшылық, жұт және т.б.) өсiмiн молайтуды немесе төлдiң өсiп-жетiлуiн тек шектейдi.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттігі
1978 жылы Ашхабад және Харьков хайуанаттар парктерiнде, ал 1989-1990 жылдары Алматы хайуанаттар паркінде ойдағыдай көбейдi. Үстiрт қорығының аумағында осы тұяқты жануарды жартылай еркiн жағдайда ұстау үшін қоршау жасап, бұл тәжiрибенi бұдан былай да пайдалану қажет.
6) Үстiрт арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйi
20-ғасырдың 60-жылдарының бас кезінде есепке алынған 7-10 мың бас санының бастапқы деңгейі Үстiрт пен Маңғышлақтың өнеркәсiптiк мақсатта қауырт игерiлуiнiң осы кезеңге тұспа-тұс келуiне байланысты 70-жылдардың аяғына қарай 2-3 есе қысқарды. Осыдан кейінгі жылдары бас санының біртіндеп өсу үрдісі байқалып, 1991 жылы 5,5-5,6 мың басқа жеттi, жануарлардың 40 пайызы Үстiрттiң Батыс қыратында, ал 20 пайызы - Солтүстiк Ақтауда мекендеді. Қазiргi кезде саны барлық жерде бірдей азайып барады. 2002 жылы ол 2500 бас болды.
3.3.2. Алтай арқары
1) Түрдiң жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Алтай арқары (Ovis ammo№ ammo№) - Сүт қоректiлер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiзділер тұқымдастарының өкiлi.
2) Түрдің мәртебесі, оның таралу аймағы
Жойылып кету қатері төнген саны аз түр тармағы.
Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түр тармағының бірi. Республика шегiнде қосымша түрдің таралу аймағының болымсыз алыстағы батыс бөлiгi орналасқан.
Өткен ғасырларда Батыс және Оңтүстiк Алтай тауларында үйреншiкті түр болған. XX ғасырдың басына қарай Батыс Алтайда жойылып кеттi. 50-жылдарға дейiн Нарым және Күршiм жоталарының және Тарбағатай (Алтай) жотасының оңтүстiк далалы беткейлерiнде, Азутауда және Бұқтарма өзенiнiң жоғарғы сағасындағы биiк таулы қыраттарда кездесiп қалатын. Қазiргі кезде Күршiм жотасының оңтүстiк сiлемдерiнде, Қалжын өзенiнiң орта ағысы атырабында және Бұқтарма өзенiнiң жоғарғы сағасы ауданындағы биiк таулы қыраттарда кездеседi.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Мекендейтiн жерлерi - әдетте теңіз деңгейінен 800 метрден 3000 метрге дейін биіктікте, таулы дала учаскелерiнде де, биiк таулы тундрада да кездеседi. Қарсыз кезеңде биік таудағы альпi шалғындарында жайылады, қыста - қары аз далалы, көбінесе оңтүстік беткейлерде болады. Жартастарды қалқалайды. Мекендеу ортасының жай-күйі қанағаттанарлық. Yй жануарлары санының қысқаруы олардың бәсекелестігін едәуір төмендетiп жiбердi.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсiмталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиiмділігi, табиғи өлiм-жітiмi және оның себептерi
Алтайдың қазақстандық бөлiгiнде арқарлар болымсыз маусымдық қоныс аударып тұрады. Бұлтты ауа райында күндiз де қоректенгенімен, негiзiнен таңертеңгiлiк және кешкілік мезгілдерде ширақтық танытады. Қазан-қарашада күйлейді. 5 жасқа толған еркек арқарлардың өз үйiрлерi (4-9 ұрғашы арқарлар) болады. Сәуiр-мамырда төлдейдi. Әдетте бір қозы туады, 2 қозыны (кәрі ұрғашы арқарлар) сирек туады. Төлiн келесi күйлегенге дейін емiзе береді. Жыныстық толысуға ұрғашы арқарлар 1,5 жаста, еркек арқарлар өмiрiнiң үшінші жылында жетедi. Оңтүстік Алтайда арқарлардың 5-8 жануардан тұратын топтары жиі кездеседi. Негiзгi қорегiн астық тұқымдастар, қияқтар, шөп қалдықтары құрайды. Қыста бұтақша азықтарды жиі пайдаланады. Бәсекелестерi - үй малы. Жаулары - ірі жыртқыштар, шопан төбеттері мен қаңғыбас иттер, адам.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Қазақстанда өсірілмейді. 1989 жылдан берi бұл түр тармағы Ресей Ғылым академиясының Сiбір бөлiмшесi Биология институтының тәжiрибелiк шаруашылығында бағылады, мұнда ол ойдағыдай көбеюде.
6) Алтай арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйі
Бұрынғы саны туралы мәліметтер жоқ. Қазіргi кезде олардың саны Оңтүстік Алтайда 50-60 дарақты құрайды.
3.3.3. Қазақстан арқары
1) Түрдің жануарлар дүниесі жүйесіндегі жағдайы
Қазақстан арқары (Ovis ammo№ collium) - Сүт қоректілер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйізділер тұқымдастарының өкілі.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Таралу аймағы жекелеген топтар мен шағын ошақтарды қамтиды.
Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түр тармағының бірi.
Қазақтың таулы өлкелері, солтүстiк Балқаш өңiрі, Қалба Алтайы, Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр. 70-жылдары Ұлытауда жойылып кеттi.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Мекендейтiн жерлері - таулардың далалы, көбiне жазықтау учаскелерi. 60-80-жылдары үй түлiктерiн қауырт жаю салдарынан мекендейтiн жерлерiнiң алаңы едәуір қысқарып кеттi. Қазiргi кезде олар мекендейтiн жерлер алаңының кеңеюі байқалады, өйткенi бірқатар аудандарда үй жануарларының, ең алдымен қойлардың саны едәуір қысқарып кеттi.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзімдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмін молайтудың тиiмдiлiгi, табиғи өлiм-жітімi және оның себептерi
Аз-кем мөлшерде маусымдық қоныс аударады, ал қуаңшылық кезінде және қалың қарлы қыстарда алыс қашықтықтарға ауып барады. Әдетте таңертеңгiлік және кешкілік уақытта ширақтық танытады, қыста көбіне күндiз де жайыла береді. Қазан-қарашада күйлейдi, сәуiр-мамырда төлдейдi. 5 жасқа толған еркек арқарлардың өз үйірлері (2-17 ұрғашы арқарлар) болады. Әдетте бір қозы туады, 2 қозы тууы сирек кездеседi. Төлін келесi күйлегенге дейiн емiзе бередi. Жыныстық толысуға еркек арқарлар 2,5 жаста, ұрғашы арқарлардың бір бөлiгі 1,5 жаста жетеді. Негізгі қорегi - әртүрлі шөптер, бұталар мен кейбір ағаштардың жапырақтарын, өркендерін және жемiстерiн сирек жейді. Бәсекелестері - үй жануарлары. Негiзгi жаулары - қасқыр мен адам.
5) Түрді жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттігi
Қарағанды және Алматы хайуанаттар парктерінде ойдағыдай көбейдi. Қазіргі кезде Алматы хайуанаттар паркiнде бар.
6) Қазақстан арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйі
70-жылдардың бас кезінде Қазақтың таулы өлкелерiнде 7 мың дарақ болды. 90-жылдардың басында қазақстан арқарының саны 11,8 мың дараққа дейiн өстi. Олардың 9,7 мың дараққа дейiнгi мөлшерi Орталық Қазақстанда мекендеді. Қазiргі кезде осы тұяқты жануардың саны Тарбағатайда біршама өссе, Орталық Қазақстанда қазақстан арқарының саны 1991 жылғы 6,1 мың дарақтан 2002 жылы 3,1 мың дараққа дейiн азайып кеттi.
3.3.4. Қызылқұм арқары
1) Түрдің жануарлар дүниесi жүйесіндегі жағдайы
Қызылқұм арқары (Ovis ammo№ severtzovi) - Сүт қоректілер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiздiлер тұқымдастарының өкілi.
2) Түрдiң мәртебесi, оның таралу аймағы
Қазақстанда сирек кездеседi, Өзбекстанда кемiнде 1,1 - 1,2 мың қызылқұм арқары мекендейдi.
Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түр тармағының бірi.
Бұрын Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аралығын мекендеген. Қазiргі кезде бұл арқар Өзбекстан аумағындағы Нұратау жотасында және Орталық Қызылқұмда Ақтау тау сiлемінде ғана сақталған. XVIII ғасырда Қазақстанда қызылқұм арқары Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің сағалары аралығында мекендеген, қазір осы арқардың Нұратау және Ақтау тауларынан Қазақстан аумағына келуiнiң жекелеген оқиғалары байқалады.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Қызылқұм арқары - үйреншiктi тау жануары, тауларда мекендейді. Нұратауда ең жоғары абсолютті биiктiк теңiз деңгейiнен 2169 метр, ал Қызылқұм сiлемдерiнде - 992 метр. Осы аудандарда қазiргi кезде таулардың орта және жоғарғы бөлiктерiнде кездеседi. Тiршiлiк ортасының жай-күйi қанағаттанарлық.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсімiн молайтудың тиімділігі, табиғи өлім-жітімі және оның себептерi
Нұратау тауларында күйлеу қазанның аяқ шенінен желтоқсанның басына дейiн созылады. Қозылар сәуiрде және мамырдың бас кезiнде туады. Буаз болу мерзiмі 5 ай. 1-2 қозы туады. Жыныстық толысу өмiрiнiң 2-ші жылында басталады. Негізгi тосқауыл факторлар - үй малының оларды барлық жерде бірдей тау жайылымдарынан ығыстырып шығаруы және браконьерлердiң тікелей қырып-жоюы.
5) Түрдi жасанды жолмен көбейту және оны қолдану қажеттiгi
Қазақстанда өспейді.
Өзбекстанда Нұратау мемлекеттік қорығының қоршауында бағылады.
6) Қызылқұм арқары санының салыстырмалы динамикасы және оның таралымының жай-күйі
20-ғасырдың орта тұсына қарай Қазақстанда қызылқұм арқары жойылып кетті. Соңғы жылдары осы тұяқты жануарды Өзбекстанмен шекаралас аудандарындағы Қазақстан аумағында тұрақты түрде кездестiру байқалуда.
3.3.5. Тянь-Шань арқары
1) Түрдiң жануарлар дүниесі жүйесiндегі жағдайы
Тянь-шань арқары (Ovis ammo№ karreli№i) - Сүт қоректілер класы, Ашатұяқтылар отряды, Қуыс мүйiздiлер тұқымдастарының өкiлi.
2) Түрдiң мәртебесі, оның таралу аймағы
Таралу аймағы тез тарылып, саны тез қысқарып барады.
Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түр тармағының бірi.
Тянь-Шаньда, Шу-Iле тауларында, Жоңғар Алатауында таралған. 60 және 70-жылдары Ұғам және Піскен жоталарында, Жоңғар Алатауының орта бөлігінде, Қапшағайда және Малайсары жотасында жойылып кеттi; басқа аудандардың көпшілiгiнде оның таралу аймағы тарыла түстi.
3) Мекендеу ортасының жай-күйі
Мекендейтiн жерлері - теңіз деңгейiнен 200 метрден 4000 метрге дейiнгi алаптарда таудың жатық келген жазық учаскелерi. Қыста жемшөп қоры жеткiліктi қары аз тау беткейлерiн жөн көреді, жазда орман шекарасынан жоғары қарай жиі көтерiледi. Мекендейтiн жерлерi малды, ең алдымен қойды шектен тыс жаю салдарынан тарылып барады.
4) Табиғи өсiмi: көбею мерзiмдерi мен жағдайлары, өсімталдығы, жыныстарының ара-қатынасы, өсiмiн молайтудың тиiмдiлiгi, табиғи өлiм-жітiмi және оның себептерi
Жемшөптің жай-күйіне және жетiмдiлiгiне байланысты тiк бағытта маусымдық қоныс аударып тұрады. Әдетте таңертеңгілiк және кешкiлiк уақытта ширақтық танытады, қыста күндiз де жиі жайыла бередi. Қазан-қарашада күйлейді, сәуір-мамырда төлдейді. Әдетте бір қозы туады, ұрғашы арқарлардың 1,9 пайызынан 33,3 пайызына дейін әр жылдары егiз табады. Жыныстық толысуға ұрғашы арқарлар 1,5 жаста, еркек арқарлар 2,5 жаста жетедi. Әртүрлі шөптермен қоректенеді, бұталардың жапырақтары мен өркендерiн сирек жейдi. Бәсекелестері - үй қойлары. Жаулары - қасқыр мен адам.