пайдалы қазбаларды өндiру және техногендiк құралымдарды қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етудi, патенттердi, сызбаларды немесе модельдердi, тауар белгiлерiн немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; өнеркәсiп, сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; "ноу-хауды" пайдаланғаны үшiн; кинофильмдердi, бейнефильмдердi, дыбыс жазу немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн төленетiн төлем. Бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңiз және әуе кемелерi өнеркәсiптiк жабдыққа жатады.
27-1) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы - қазақстандық қор биржасының негізгі сессиясында қалыптасқан және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілеген тәртіппен анықталған теңгенің шетел валютасына орташа салыстырылған биржалық бағамы;
теңгенің қазақстандық қор биржасында сауда-саттық жүргізілмейтін шетел валютасына бағамы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілейтін тәртіппен кросс-бағамдар пайдаланыла отырып есептеледі;
28) арнаулы салық режимi - салық төлеушiлердің жекелеген санаттары үшiн белгiленетiн және жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ақы төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептiлiгiн берудiң оңайлатылған тәртiбiн қолдануды көздейтiн бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртiбi;
29) заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi - филиал, өкiлдiк;
30) сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасы - тауар сыныптамасының тауарларды сипаттау мен олардың кодын белгiлеудiң үйлестiрiлген жүйесiне негiзделген кодтары жүйесi;
31) уәкiлеттi мемлекеттiк орган - мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
32) уәкiлеттi органдар - бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi есептеудi және (немесе) жинауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген салық органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары;
32-1) ақпараттарды өңдеу жөнiндегi қызметтер көрсету - ақпараттық массивтердi жинау мен қорытуды, жүйеге келтiрудi жүзеге асыру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының иеленуiне беру жөнiндегi қызметтер;
33) салық төлеушінің электрондық құжаты - белгіленген электрондық форматта берілген, ол қабылданып және бірдейлігі расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
34) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарынан жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның салық төлеушіге тиесілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандардың реттілігі;
35) бағалы қағаздар - акциялар, борыштық бағалы қағаздар, туынды бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар деп танылған мүлiктiк құқықтың өзге де объектiлерi.
2. Салық заңдарының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдерi осы Кодекстiң тиiстi баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңдары салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, заңдардың сол салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
2-тарау. Салық төлеушінің және салық агентінің
құқықтары мен міндеттері. Салық
қатынастарындағы өкілдік
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
11-бап. Салық төлеушiнiң құқықтары
1. Салық төлеушi:
1) қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы, салық заңдарындағы өзгерiстер туралы салық қызметi органдарынан ақпарат алуға;
2) салық қатынастары мәселелерi бойынша өз мүдделерiн жеке өзi не өз өкiлi арқылы немесе салық консультантының қатысуымен бiлдiруге;
3) салық бақылауы нәтижелерiн алуға;
4) салық бақылауы нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу жөнiнде салық қызметi органдарына түсiндiрме табыс етуге;
5) жеке шотынан салық мiндеттемелерiнiң орындалуы бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйi туралы көшiрме алуға;
6) осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен салықтық тексеру актiлерi бойынша хабарламаға және салық қызметi органдары лауазымды адамдарының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасауға;
7) салық құпиясының сақталуын талап етуге;
8) салық салуға қатысы жоқ ақпарат пен құжаттар табыс етпеуге құқылы.
2. Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Салық төлеушiнiң мiндеттерi
1. Салық төлеушi:
1) осы Кодекске сәйкес салық мiндеттемелерiн дер кезiнде және толық көлемiнде орындауға;
2) салық қызметi органдарының анықталған салық заңдарын бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезiндегi заңды қызметiне кедергi жасамауға;
3) нұсқама негiзiнде салық қызметi органдары лауазымды адамдарының салық салу объектiсi және салық салумен байланысты объект болып табылатын мүлiктi тексеруiне жол беруге;
4) салық есептiлiгi мен құжаттарды осы Кодексте көзделген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының трансферттік бағаларды қолдану кезінде мемлекеттік бақылау мәселелерін реттейтін заңдарында көзделген ақпарат пен құжаттарды табыс етуге;
5) осы Кодекске сәйкес қолма-қол ақшамен, төлемдiк банк карточкаларымен, чектермен сауда операцияларын жасаған немесе қызметтер көрсеткен кезде тұтынушылармен ақшалай есеп айырысуды фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде пайдалана және тұтынушының қолына бақылау чегiн бере отырып жүргiзуге;
6) заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуына (осы Кодекстiң 69-бабы 7-тармағының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда) және (немесе) таратылуына байланысты құжаттық тексеруді жүргізу туралы салық органына өтініш беруге міндетті.
2. Салық төлеушi осы Кодексте көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Салық агентiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Салық агентiнiң, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеушi сияқты құқықтары бар және сондай мiндеттерi болады.
2. Салық агентi сондай-ақ:
1) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес төлем көзiнен ұсталатын салықтарды дұрыс және дер кезiнде есептеуге;
2) салық төлеушiден тиiстi салықтарды ұстап қалуға және осы Кодексте көзделген тәртiппен және мерзiмде оларды бюджетке аударуға;
3) салық төлеушiлерге төленген табыстардың, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салықтар сомасының есебiн, соның iшiнде әрбiр салық төлеушi бойынша жеке-жеке жүргiзуге;
4) тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша салық органына осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген тәртiппен салық есептiлiгiн табыс етуге;
5) осы Кодекстiң 177-бабының 6-1-тармағының ережелерiн қолдануға мiндеттi.
14-бап. Осы Кодекспен реттелетiн салық қатынастарындағы
өкiлдiк
1. Салық төлеушi салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға заңды немесе уәкiлеттi өкiлi арқылы қатысуға құқылы.
2. Салық төлеушiнiң атынан заң негiзiнде уәкiлеттi болатын тұлға салық төлеушiнiң заңды өкiлi болып танылады.
3. Салық төлеушi салық қызметi органдарымен қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi болатын жеке немесе заңды тұлға салық төлеушiнің уәкiлеттi өкiлi болып танылады. Салық төлеушiнiң уәкiлеттi өкілi салық төлеушi беретiн сенiмхат (құрылтай құжаттары) негiзiнде әрекет етедi, сенiмхатта оның өкiлеттiктерiнің нақты тiзбесi көрсетiледi.
4. Салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға салық төлеушiнiң өзiнiң қатысуы оны өкiл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкiлдiң қатысуы салық төлеушiнi аталған қатынастарға өзiнiң қатысу құқығынан айырмайды.
5. Салық төлеушi өкiлдерiнiң салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға сол салық төлеушiнiң қатысуына байланысты жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) салық төлеушiнiң әрекеттерi (әрекетсiздiгi) болып танылады.
3-тарау. Салық қызметі органдары. Кеден органдары.
Салық қызметі органдарының басқа мемлекеттік
органдармен өзара іс-қимылы
ҚР 21.03.02 ж. N 312-II; 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi мен құрылымы
1. Салық қызметi органдарына салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің толық түсуiн, мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және дер кезiнде аударылуын қамтамасыз ету жөнiндегi, сондай-ақ салық төлеушiлердiң салық мiндеттемелерiн орындауына салық бақылауын жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер жүктеледi.
2. Салық қызметi органдары уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен салық органдарынан тұрады.
3. Салық органдарына аймақаралық салық комитеттері, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерi, ауданаралық салық комитеттерi, аудандар, балалар және қалалардағы аудандар бойынша салық комитеттерi жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық комитеттері құрылуы мүмкін.
4. Салық органдары тиiстi жоғары тұрған салық қызметi органына төменнен жоғары қарай тiкелей бағынады және жергiлiктi атқарушы органдарға жатпайды.
5. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган салық органдарына басшылық жасауды жүзеге асырады.
6. Салық органдарының бiрiншi басшыларын қызметке уәкiлеттi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы тағайындайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Салық қызметi органдарының құқықтары
1. Салық қызметi органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге және бекiтуге;
2) өз құзыретi шегiнде салық мiндеттемелерiнiң туындауы, орындалуы мен тоқтатылуы жөнiнде түсіндiрудi жүзеге асыруға және түсiнiктеме беруге;
3) осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiнің ақша құжаттарына, бухгалтерлiк кiтаптарына, есептерiне, сметаларына, ақшасының бар-жоғына, бағалы қағаздарына, есеп айырысуларына, декларацияларына және салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты өзге де құжаттарына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген талаптарды сақтай отырып, тексеру жүргiзуге;
5) салық төлеушiден уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандар бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу (ұстау мен аудару) жөнiнде құжаттар, оларды толтыру жөнiнде түсiндiрмелер, сондай-ақ салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың дұрыс есептелгендiгiн және дер кезiнде төленгендiгiн (ұсталғандығын және аударылғандығын) растайтын құжаттар берудi талап етуге;
6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен салық тексеруiн жүзеге асыру барысында салықтық құқық бұзушылықтар жасалғанын айғақтайтын құжаттарды салық төлеушiден алып қоюға;
7) орналасқан жерiне қарамастан табыс табу үшiн пайдаланылатын кез келген салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi тексеруге, салық төлеушiнiң мүлiктерiне (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу жүргiзуге;
8) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен салық төлеушiден электрондық құжаттар түрiндегi ақпарат алуға;
9) тексерiлетiн салық төлеушiге - заңды тұлға мен жеке кәсiпкерге салық салуға байланысты мәселелер бойынша коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген талаптарды сақтай отырып, банктерден немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оның банк лоттарының бар-жоғы және олардың нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы мәлiметтер алуға;
10) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда салық төлеушiнің салық мiндеттемесiн жанама әдiспен айқындауға;
10-1) салық тексерулеріне басқа да мемлекеттік органдардың мамандарын тартуға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соттарға талаптар қоюға құқылы.
12) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап-арыз беруге құқылы.
2. Салық қызметi органдарының Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген өзге де құқықтары бар.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен (бұр. ред. қара) 17-бап өзгертілді
17-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi
1. Салық қызметi органдары:
1) салық төлеушiнiң құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғауға;
3) салық төлеушiнiң салық мiндеттемелерiн орындауына, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық есептелуiне және уақтылы төленуiне, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының дер кезiнде ұсталуына және аударылуына салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiлердiң, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердің есебiн, есептелген және төленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есебiн белгiленген тәртiппен жүргiзуге;
5) белгiленген салық есептiлiгiнiң нысандарын толтыру тәртiбiн түсiндiруге;
6) салық тексеруiн қатаң нұсқамалар бойынша жүргiзуге;
7) осы Кодекс ережелерiне сәйкес салық құпиясын сақтауға;
8) осы Кодексте көзделген мерзiмдер мен жағдайларда салық төлеушiге салық мiндеттемелерiнiң орындалуы жөнiнде хабарлама тапсыруға;
9) салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша үш күн мерзiмнен кешiктiрмей салық мiндеттемелерiн орындауы жөнiндегi бюджетпен есеп айырысуларының жай-күйi туралы оның жеке шотынан көшiрменi беруге;
10) салық төлеушiге берiлетiн, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiнің орындалу фактiсiн растайтын квитанциялар көшiрмесiнiң бес жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге;
11) мемлекет меншiгiне айналған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және өткiзу тәртiбiнiң сақталуын, оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиiстi уәкiлеттi органға толық және уақтылы тапсырылуын, сондай-ақ оны сатудан түскен ақшаның бюджетке толық және дер кезiнде түсуiн бақылауды жүзеге асыруға;
12) салық мiндеттемелерiнің орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерiн қолдануға және салық төлеушiден салық берешегiн осы Кодекске сәйкес мәжбүрлеп өндiрiп алуға;
13) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес салық төлеушiге әкiмшiлiк айыппұлдар салуға мiндеттi.
2. Салық тексеруi барысында салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден қасақана жалтару фактiлерi, сондай-ақ қылмыс белгiлерiн көрсететiн әдейi, жалған банкроттық фактiлерi анықталған кезде, салық органдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн тиiстi құқық қорғау органдарының тергеуiне жататын материалдарды жiбередi.
3. Салық қызметi органдары Қазақстан Республикасының салық заңдарымен көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.
18-бап. Мүдделер қақтығысы
Салық қызметi органдары лауазымды адамдарының жақын туысы (ата-анасы, жұбайы (зайыбы), аға-iнiлерi, апа-қарындастары, балалары) немесе жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, апа-қарындастары, ата-анасы мен балалары) болып табылатын және (немесе) қаржылық жағынан тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар салық төлеушiге қатысты мұндай лауазымды адамның қызметтiк мiндеттерiн жүзеге асыруына тыйым салынады.
19-бап. Кеден органдарының салықтар алу жөнiндегi өкiлеттiгi
Кеден органдары, Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан тауарлар өткiзiлген кезде, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алуды жүзеге асырады.
20-бап. Уәкiлеттi органдардың өкiлеттiктерi
Уәкiлеттi органдардың бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi алу жөнiндегi өкiлеттiктерi осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде айқындалады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 21-бап толықтырылды
21-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлеттiктерi
1. Жергiлiктi атқарушы органдар салық төлеушi - жеке тұлға төлейтiн мүлiк, көлiк құралдары салықтары мен жер салығын жинауды жүзеге асыра алады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар аталған салықтарды жинауды уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлеген қатаң есептiлiк құжаты болып табылатын квитанция негiзiнде жүзеге асырады.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) салық төлеушi жеке тұлғаға салықты төлеу фактiсiн растайтын квитанция беруге;
2) төленген салық сомаларын растайтын квитанция берiлген күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей оларды дер кезiнде және толық көлемде банкке енгiзуге, ал елдi мекенде банк болмаған жағдайда үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, оларды жергiлiктi бюджетке енгiзуге;
3) квитанциялардың дұрыс толтырылуы мен сақталуын қамтамасыз етуге;
4) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен және мерзiмдерде салық органына квитанциялардың пайдаланылуы, сондай-ақ банкке (жергiлiктi бюджетке) салық сомаларының енгiзiлуi туралы есептi табыс етуге мiндеттi.
4. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы талондардың берілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
22-бап. Салық қызметi органдарының басқа мемлекеттiк органдармен өзара iс-әрекетi
1. Салық қызметi органдары орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдармен өзара iс-әрекет жасайды, бiрлескен бақылау шараларын қолданады, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттiк органдар салық заңдарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi орындауда салық қызметi органдарына жәрдемдесуге мiндеттi.
3. Салық қызметi органдары мен кеден органдары өздерiне жүктелген салық бақылауын жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi өзара iс-әрекет жасау арқылы орындайды.
4. Салық қызметi органдары мен жергiлiктi атқарушы органдар салық жинауды жүзеге асыру бойынша бiр-бiрiмен өзара iс-әрекет жасайды.
23-бап. Салық қызметi органдарының лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау
1. Салық қызметi органдарының лауазымды адамдары қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде заңмен қорғалады.
2. Қызметтегi жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметi органдарының лауазымды адамының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген жағдайда, оған республикалық бюджет қаражатынан бес айлық жалақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi, кейiн бұл сома Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлi адамдардан өндiрiп алынады.
3. Қызметтегi жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметi органдарының лауазымды адамының денсаулығына кәсiби қызметiмен одан әрi айналысуына мүмкiндiк бермейтiн ауыр зиян келген жағдайда, оған республикалық бюджет қаражатынан, кiнәлi адамдардан кейiн сомасы өндiрiп алынатын, бес жылдық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық жалақысы мен зейнетақысының мөлшерi арасындағы айырма (өмiр бойы) төленедi.
4. Салық қызметi органдарының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қайтыс болған жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлерiне):
1) қаза тапқан (қайтыс болған) адамның соңғы лауазымы бойынша республикалық бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде және тәртiппен асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы тағайындалады.
5. Қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты салық қызметi органдары лауазымды адамдарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян, сондай-ақ салық қызметi органдары лауазымды адамдарының отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян, осы сома кейiн кiнәлi адамдардан өндiрiп алына отырып, республикалық бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтеледi.
2-бөлім. Салық міндеттемесі
4-тарау. Жалпы ережелер
24-бап. Салық мiндеттемесi
1. Салық төлеушiнiң салық заңдарына сәйкес мемлекет алдында туындаған мiндеттемесi салық мiндеттемесi деп танылады, оған сәйкес салық төлеушi салық органына тiркеу есебiне тұруға, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi айқындауға, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеуге, салық есептiлiгiн жасауға, оны белгiленген мерзiмде табыс етуге, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге мiндеттi.
2. Мемлекет салық қызметi органы арқылы салық төлеушiден - оның салық мiндеттемелерiн толық көлемiнде орындауын талап етуге, ал олар орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда оларды қамтамасыз ету жөнiндегi тәсiлдердi және осы Кодексте көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
25-бап. Салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер
Мүлiк пен iс-әрекеттер салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер болып табылады, олардың болуына байланысты салық төлеушiнің салық мiндеттемесi туындайды.
Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемнiң әрбiр түрi бойынша салық салу объектiсi мен салық салуға байланысты объект осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес айқындалады.
26-бап. Салық базасы
Салық базасы дегенiмiз салық салу объектiсi мен салық салуға байланысты объектiнiң құн, физикалық немесе өзге де сипаттамалары, олардың негiзiнде бюджетке төленуге тиiс салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы айқындалады.
27-бап. Салық ставкасы
1. Салық ставкасы салық базасының өлшем бiрлiгiне салық есептеулерiнің шамасын бiлдiредi.
2. Салық ставкасы салық базасының өлшем бiрлiгiне процентпен немесе абсолюттi сомамен белгiленедi.
28-бап. Салық кезеңi
Осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес жекелеген салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдерге қатысты белгiленген уақыт кезеңi салық кезеңi деп түсiнiледi, ол аяқталған соң салық базасы айқындалады және бюджетке төленуге тиiс салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы есептеледi.
5-тарау. Салық міндеттемесін орындау
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен (бұр. ред. қара) 29-бап өзгертілді
29-бап. Салық мiндеттемесiн орындау
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, салық төлеушi салық мiндеттемесiн орындауды дербес жүзеге асырады.
2. Салық төлеушi салық мiндеттемесiн орындау үшiн мынадай iс-әрекеттер жасайды:
1) салық органына тiркеу есебiне тұрады;
2) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң есебiн жүргiзедi;
3) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi, салық базалары мен салық ставкаларын негiзге ала отырып, бюджетке төленуге тиiстi салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасын есептейдi;
4) салық есептiлiгiн жасайды және оны белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде салық қызметi органдарына табыс етедi;
5) салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есептеп шығарылған және есептелген сомаларын, сондай-ақ салық мiндеттемесi орындалмаған жағдайларда, салық өсiмпұлдары мен айыппұлдарын төлейдi.