Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне "Астана - жаңа
қала" арнайы экономикалық аймағы мәселелері бойынша өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының
2002 жылғы 21 наурыздағы № 312-ІІ Заңы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 224-құжат):
1-баптың 1) тармақшасында:
үшінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
"Егер салық төлеуші осы тармақшада аталған айналымдармен қатар сату бойынша басқа да айналымдарды жүзеге асыратын болса, ол осы тармақшада аталған айналымдар бойынша және басқа да айналымдар бойынша бөлек есеп жүргізуге міндетті.";
төртінші абзацтағы "Астана қаласының аумағында тіркелген салық төлеушілерге:" деген сөздер "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органында салық төлеушілер ретінде тіркелген мына тұлғаларға:" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші және он екінші абзацтармен толықтырылсын:
"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органына берілген, салық төлеушінің қосылған құн салығынан босатылудан бас тартуын растайтын мәлімдеме негізінде салық төлеушілер осы тармақшада көзделген жеңілдікті қолданбауға хақылы.
Осы тармақшада аталған салық төлеушілер 2002 жылғы 15 наурыздан кешіктірмей "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органына:
2002 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өз шегінде "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы құрылатын аумақта тұрған және құрылыс процесінде пайдаланылмаған тауар-материалдық қорлардың қалдықтары бойынша;
2002 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өз шегінде "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы құрылатын аумақта салынып жатқан әрбір объект бойынша тауар-материалдық қорлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын қоса алғанда, аяқталмаған құрылыстың құны бойынша мәліметтер беруге міндетті.
Осы тармақшада аталған мәліметтер Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісе отырып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігі белгілеген тәртіп пен нысанда табыс етіледі.";
Он үшінші абзацтағы "мұнай өнімдері" деген сөздер "бензин, дизель отыны" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы он төртінші абзацпен толықтырылсын:
"1-1. Осы баптың 1-тармағында аталған айналымдар бойынша есепті кезең ішінде есептелген салықтың сомасына есепке жатқызылған салық сомасының артығы салық төлеушіге оның өтініші бойынша белгіленген мерзімдерде "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органынан растау алынғаннан кейін әкелінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесінде іс жүзінде тұтынылған бөлігінде қайтарылады. Аймақтың аумағында құрылған атқарушы органның "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органының сұрау салуы бойынша беретін, әкелінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесінде пайдаланылғаны туралы құжат растау үшін негіз болып табылады.".
2. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 1998 жылғы 20 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 7-8, 79-құжат; 2001 ж., № 15-16, 228, 229-құжаттар):
3-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы 7-3), 7-4) және 7-5) тармақшалармен толықтырылсын:
"7-3) "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағына әкелінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесінде пайдаланылған фактісін растайтын құжаттарды салық органының сұрау салуы бойынша бір ай мерзімде береді;
7-4) "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы құрылыс процесіне қатысатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің есебін жүргізеді;
7-5) шаруашылық жүргізуші субъектілермен "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асыру жөнінде шарттар жасасады.".
3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 11-12, 168-құжат):
15-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
"Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық комитеттері құрылуы мүмкін.";
208-баптың 6-тармағындағы "Уәкілетті" деген сөз "Егер осы Кодекстің 208-1-бабының 3-тармағында өзгеше көзделмесе, уәкілетті" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 208-1-баппен толықтырылсын:
"208-1-бап. Қосылған құн салығы бойынша есепке қойылатын орын
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы бойынша есепке қою салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеу орны бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға арнайы экономикалық аймақтың аумағында объектілер салу жөніндегі қызметті жүзеге асырған жағдайда, ондай заңды тұлғаны не оның құрылымдық бөлімшесін қосылған құн салығы бойынша есепке қоюды арнайы экономикалық аймақ аумағындағы салық органы жүзеге асырады.
3. Егер осы баптың 2-тармағында аталған заңды тұлға өзін қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы өтініш бермесе, оның арнайы экономикалық аймақтың аумағында объектілер салу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі аталған заңды тұлғаның өтінішінсіз қосылған құн салығын дербес төлеуші деп қарастырылады.".
2-бап. Осы Заң 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті