10-бөлiм. Қаржы жылын аяқтау жөнiндегі және есептiк кезеңде
бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi рәсiмдер
294. Қаржы министрлiгi, жергiлiктi уәкiлеттi орган және мемлекеттiк мекеме ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейiн және есептiк кезеңде осы Ереже мен Қаржы министрлiгi белгiлеген тәртiппен бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi барлық операцияларды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 294-1-тармақпен толықтырылды
294-1. Бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландыру жоспарларының және мемлекеттiк мекеменiң ақылы қызметтердi iске асырудан алынатын қаражат жөнiндегi қаржыландыру жоспарларының және кiрiстер және шығыстарды қаржыландыру жоспарларының қолданылуы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында тоқтатылады.
Бюджеттiк бағдарламалар, тиiстi инвестициялық жобалар бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарлары сомасының қалдықтары Қаржы министрлігi белгiлеген тәртiппен есептiк кезеңнiң ішінде қолданылады.
295. Қаржы министрлiгi және жергiлiктi уәкiлеттi орган есептi қаржы жылынан кейiнгi бiріншi банктiк күнi есептiк кезеңде операциялар жүргiзу үшiн тиiстi инвестициялық жобалар бойынша мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары қалдығының (бұдан әрi - жоспардың қалдығы) сомасын айқындайды.
Жаңа қаржы жылының бiрiншi қаңтарындағы ҚБШ қалдығы есептiк кезеңде шығыстарға бағытталатын сомалар шегiнде есептік кезеңнiң шотына аударылады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 296-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
296. Жаңа қаржы жылының 10 қаңтарына дейiнгi мерзiмiнде Қаржы министрлiгi және жергiлiктi уәкiлеттi органдар бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiмен келiсiм бойынша мiндеттемелер, тиiстi инвестициялық жобалар, сондай-ақ ресми трансферттер жөніндегi қаржыландырудың жиынтық жоспарының қалдықтары сомасына жоспар қалдықтарының шегiнде және Қаржы министрлiгi белгiлеген тәртiппен тиiстi ҚБШ рұқсат бередi.
Қаржы жылының iшiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен жергiлiктi бюджеттерге бөлiнген, пайдаланылмаған қаражат ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанына дейiн республикалық бюджетке қайтаруға жатады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 (бұр. ред. қара); 15.03.04 ж. N 320 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 297-тармақ өзгертілді
297. Қазынашылық органы:
Қаржы министрлiгiнiң аумақтық органдарында тiркелген және орындалмаған мемлекеттiк мекемелердің бюджеттiк бағдарламалары (кiшi бағдарламалары) бойынша мiндеттемелердi Қаржы министрлiгi белгiлеген тәртiппен есептi қаржы жылының iшiнде қайта тiркейдi;
ағымдағы қаржы жылына берілген рұқсаттардың шегiнде, Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен үкiметтiк сыртқы заемның шеңберiнде қабылданатын мiндеттемелер бөлiгiнде әрекет ету мерзiмi бiр қаржы жылынан асатын шартты тiркейді;
мiндеттемелердi тiркеудi жүзеге асырады және осы Ереженің 5-бөлiмiнiң 10, 11-тарауларына сәйкес төлемдер жүргiзедi.
298. Мемлекеттiк мекемелер:
Қаржы министрлiгiне және жергiлiктi уәкiлеттi органдарға 10 қаңтарға дейiнгi мерзiмде ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша заң актiлерiне және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен шетелдiк мемлекеттердiң, халықаралық қаржы ұйымдарының, шетелдiк фирмалардың арасындағы келiсiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде ашылған шоттарының көшiрмелерiн ұсынады;
төлем құжатында Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде ашылған шоттарынан ақша аудару үшін есептi кезеңнiң шоттарына сәйкес келетiн және Қаржы министрлiгi жеткiзген ИИК-тің деректемелерi көрсетiледi.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 299-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
299. Есептi кезеңдегi операциялар аяқталғаннан кейiн мемлекеттiк мекемелердiң және аккредитивтердiң шоттарын қоспағанда барлық шоттар жабылуға жатады. Мемлекеттiк мекемелер шоттарының қалдықтарын дербес түрде Қаржы министрлiгi көшiредi және мемлекеттiк мекемелер мынадай тәртiппен:
ақылы қызметтерден түсетiн қаражаттың есебiнен шоттардың қалдықтары ақылы қызметтердiң барлық түрi сақталған жағдайда өздерi жаңа қаржы жылы пайдаланады, ақылы қызметтердің тиiстi түрлерi жоқ болған жағдайда тиiстi бюджеттің кiрiсiне аударылады;
қаржы жылының аяғында демеушiлiк және қайырымдылық көмектен түскен қаражаттың қалдығы келесi қаржы жылында тағайындау бойынша;
жаңа қаржы жылында депозиттiк қаражаттың есебiнен қаражаттың қалдығы депозит шарттарына сәйкес пайдаланады.
Есептiк кезең аяқталғаннан кейiн Қаржы министрлiгi есептiк кезең шоты қалдығының сомасын бюджеттiк бағдарламалар әкімшiсiнiң өтiнiшi бойынша аккредитивке аударуы мүмкiн.
300. Қаржы жылының аяқталуы бойынша операциялар ҚҰБ келiсiм бойынша Қаржы министрлiгi анықтайтын тәртіпте жүзеге асырылады.
11-бөлiм. Бюджеттi атқарудың қосымша рәсімдерi
34-тарау. Бiрыңғай қазынашылық шот және басқа шоттар
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 34-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 301-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
301. Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ҚҰБ-да ұлттық валютада БҚШ және ҚҰБ белгiлеген тәртіпке сәйкес шетелдік валютада корреспонденттiк шоттар (бұдан әрi - валюталық шот) ашады.
СБШ - түсiмдер бойынша операцияларды есептеуге және тиiстi бюджеттен жүргiзiлген төлемдердi есептеуге арналған.
БҚШ - барлық СБШ, мемлекеттiк мекемелердiң шоттары және басқа да шоттар қаражатының қалдықтарын қамтиды.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 (бұр. ред. қара); 15.03.04 ж. N 320 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 302-тармақ өзгертілді
302. Мемлекеттiк мекемелер Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен заем туралы шарттың (келiсiмнiң) ережелерiне сәйкес Қаржы министрлiгiнің рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде мынадай шоттар ашуы мүмкін:
инвестициялық жобаның арнайы шоты - үкiметтiк сыртқы заемның немесе гранттың қаражатынан аванстық төлем арқылы жаңарып отыратын заем туралы шартта (келiсiмде) айтылған заем туралы шартта (келiсiмде) келiсiлген,шетелдiк валютадағы банк шоты. Арнаулы шотты тауарлар (жұмыстар, қызметтер) сатып алуға және заем мен грант туралы тиiстi шартта (келiсiмде) көзделген инвестициялық жобаға әкiмшiлiк жүргiзуге арналған шығыстардың үлесiн мемлекеттiк сыртқы заем немесе грант қаражаты есебiнен өтеу үшiн және белгiленген заңнамалық тәртiппен бюджеттiк бағдарламаның әкімшiсi ашады;
ұлттық валютада төлемдердi жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаның арнаулы шотына қосымша шот (бұдан әрi - теңгелiк шот);
инвестициялық жобаның арнаулы шоты жүргiзетiннен бөлек шетелдiк валютада төлемдердi жүзеге асыру үшiн инвестициялық жобаның арнаулы шотына қосымша шот (бұдан әрi - валюталық шот).
23-тарау. Мемлекеттiк мекемелердiң шоттарын жүргiзу тәртiбi
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 303-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
303. Мемлекеттік мекемелердің бюджеттiк шоттары және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мынадай шоттары:
ақылы қызметтер бойынша шоттары;
демеушiлiк және қайырымдылық көмек бойынша шоттары;
депозиттiк қаражат бойынша шоттары;
Алматы қаласы әкiмiнiң бюджеттен тыс қоры бойынша шоты;
басқа да шоттары болады.
304. Мемлекеттiк мекемелердің шоттары Шоттардың бiрыңғай стандарттық жоспарына сәйкес жүргiзiледi, Қаржы министрлiгi белгiлеген тәртiппен ашылады және жабылады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 305-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
305. Мемлекеттiк мекемелер Қаржы министрлiгiнiң аумақтық органдарына:
бюджеттiк шоттарды ашу үшiн мынадай құжаттарды:
шотты ашуға өтiнiш;
қайтадан құрылған мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк тiркелуi туралы куәлiктiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен куәландырылған көшiрмесiн;
Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен куәландырылған ереженiң (Жарғының) көшiрмесiн;
бюджеттiң орындалуы жөніндегi мемлекеттiк мекеменiң құжаттарына бiрiншi және екiншi қолдарды қою құқығы оның басшысына және уәкiлеттiк қызметкерге жүктелуi туралы бұйрықтың көшiрмесiн;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiсінің мемлекеттiк мекеменi қайта ұйымдастыру туралы уәкiлеттi органның шешiмi (өкiмi, қаулысы, бұйрығы) бекiтiлгеннен кейiн он жұмыс күнi өткен соң Қаржы министрлігінің аумақтық органына бередi;
салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрiн (СТН) бере отырып, мемлекеттiк мекеменiң салық органында есепке тұру фактiсiн растайтын аумақтық салық органы берген белгiленген нысандағы құжат;
ақылы қызметтер бойынша шоттарды ашу үшiн:
бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бекiткен, мемлекеттік мекеменi ақылы қызметтi сатудан алған қаражаттың кiрiстер мен қаражаттың шығыстарды қаржыландыру жоспарын;
демеушiлiк және қайырымдылық көмек бойынша шот ашу үшін:
демеушiлiк және қайырымдылық көмектi берушiлердiң өтiнішін;
жергiлiктi бюджеттердің есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекеме үшін жергiлiктi уәкілеттi органның рұқсаты;
Алматы қаласы әкiмiнiң бюджеттен тыс қоры бойынша шот ашу үшiн:
Алматы қаласының өкiлдi органы бекiткен Қор туралы ереженің көшiрмесiн табыс етедi.
депозиттiк шот ашу үшiн:
Қаржы министрлiгiнiң рұқсатын;
аккредитив ашу үшiн:
мемлекеттік мекеменiң өтiнішін және аккредитивтi ашу және жүргiзу қажеттiлiгiн растайтын басқа құжаттарды табыс eтедi.
306. Осы Ереженің 305-тармағында санамаланғаннан басқа қазынашылықтың аумақтық органдарына бюджеттік бағдарлама әкiмшiсінің басшысы куәландырған, мөр бедерiмен анықталған немесе нотариалды куәландырылған төлем құжаттарына бiрiншi және екінші қол қою құқығы бар тұлғалардың қолдарының және 35-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мөр бедерiнiң үлгiсi бар құжаты тапсырылады. Нотариалдық кеңселер жоқ елдi мекендерде құжатты жергiлiктi әкiм куәландырады.
Қазынашылықтың аумақтық органы белгiлеген кезең iшiнде жаңадан құрылған мемлекеттiк мекеменiң мөрi уақытша болмаған жағдайда мемлекеттiк мекемелердiң құжаттарын, егер олар бiр елдi мекенде орналасқан жағдайда тиiстi бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкімшiсiнің мөр бедерiмен қабылдауға, болмаған жағдайда құжаттарды мөр бедерiнсiз қабылдауға рұқсат етiледi.
Егер тiптi бiр қолдың ауыстырылған немесе қосылған немесе мөрдi ауыстырған жағдайда Қаржы министрлiгiнiң аумақтық органына осы Ережеде бекiтiлген тәртiппен куәландырылған қолдың және мөр бедерiнің үлгiлерi бар жаңа құжат тапсырылады.
Бiрiншi және екiншi қол қою құқығы бар тұлғалардың бiреуiнің қолы уақытша ауыстырылған кезде әрекет ету мерзiмі көрсетіле отырып қолдардың тиiстi үлгiлерi бар уақытша құжат ресiмделедi.
Қазынашылықтың аумақтық органына ұсынылатын құжаттың дұрыстығы мен уақтылылығына мемлекеттік мекеменің бiрiншi басшысы жауап бередi.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 307-тармақ алынып тасталды (бұр. ред. қара)
307. алынып тасталды
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 308-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
308. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiсi мемлекеттiк мекемелердi құру туралы нормативтiк құқықтық кесімдердiң негiзiнде Қаржы министрлiгiне құрылған мемлекеттiк мекемелерді мемлекеттік мекемелердiң анықтамасына кiргiзу туралы қолдаухатты бередi.
Жергіліктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi мемлекеттiк мекемелерді құру туралы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң негізінде Қаржы министрлiгiнiң аумақтық органдарына құрылған мемлекеттiк мекемелердi мемлекеттiк мекемелердiң анықтамасына кіргiзу туралы қолдаухатты бередi.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 309-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
309. Шоттардың бiрыңғай стандарттық жоспары бюджеттiк шоттары, ақылы қызметтер бойынша шоттары, демеушілiк және қайырымдылық көмек бойынша шоттары, депозиттiк қаражаттары бойынша шоттары, Алматы қаласы әкiмiнiң бюджеттен тыс қоры бойынша шоттары үшiн осы Ереженiң 305-тармағында санамаланған құжаттар болған жағдайда, депозиттiк қаражаттың шоттары үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес, ал жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер үшiн жергiлiктi уәкілеттік органдардың рұқсаттары бойынша қалыптастырылады.
310. Мемлекеттiк мекемелер Қаржы министрлiгiнің аумақтық органдарына берiлген құжаттардың жалғандығы үшiн жауап бередi және:
шоттар жоспарын қалыптастыру және жүргiзу, төлем құжаттарын ресімдеу, бюджет қаражатын бюджеттiк бағдарламаның паспортында көзделгенмақсаттарға пайдалану тәртiбiн сақтауға мiндеттi;
шот жоспарына сәйкес бекiтілген жоспарлық соманың кассалық шығыстардан асып түсуi нәтижесінде пайда болған қаражаттың қалдықтарына билiк етуге және Қаржы министрлiгiнің аумақтық органдарынан шоттардың жоспарларына сәйкес көрсетілген операциялар бойынша қажеттi ақпаратты алуға құқығы бар.
311. Қаржы министрлiгi мен оның аумақтық органдарының:
мемлекеттiк мекемелерден Қаржы министрлігінің аумақтық органдарына ұсынылатын құжаттарды осы Ережеде белгiленген тәртiпке сәйкес ресiмдеудi талап етуге;
мемлекеттiк мекемелердің бюджет қаражатын бюджеттiк бағдарламалардың паспортына сәйкес мақсаттарға пайдалануын тексеруге құқығы бар.
36-тарау. Уақытша бос бюджет ақшасын салымдарға
(депозиттерге) орналастыру рәсiмi
312. Уақытша бос бюджет ақшасын ҚҰБ-де салымдарға (депозиттерге) орналастыруды, оларды ұтымды пайдалану және Қаржы министрлiгi мен ҚҰБ арасында жасасқан банк салымының шарты (бұдан әрi - Шарт) негiзiнде республикалық бюджетке табыс алу мақсатында Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
313. Шартта уақытша бос бюджет ақшасының сомасы, сыйақы ставкасы, мерзiмді банктік салымдарды бастапқы орналастыру мерзiмi, банктiк салымдарды қайтару мерзiмi, Шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда сыйақы есептеумен банктiк салымды қайтару мерзiмi көрсетiледi.
Банктiк салымдарға орналастырылған ұлттық болсын, сондай-ақ шетелдiк валюта болсын уақытша бос бюджет ақшасының нақты сомасын Қаржы министрлiгi анықтайды.
Сыйақы ставкасы оны жасасу күнiне Шартпен анықталады және рыноктың конъюнктурасына және ҚҰБ ұсынысына сүйене отырып белгiленедi.
Сыйақы сомасы Шартта көзделген ставкаға сәйкес есептеледi.
Есептелген сыйақымен банктiк салымды қайтару мерзiмiн бұзған кезде ҚҰБ Шарттың ережелерiне сәйкес Қаржы министрлiгiне тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсiмақы) төлейдi.
Мерзiмдiк банктiк салымдарды бастапқы орналастыру мерзiмi үш күнтiзбелiк айдан аспауы тиiс және кейiннен ұзарту үш айдан аспайтын мерзiмге ғана жол берiледi.
Шартты мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда сыйақы есептеу арқылы банктiк салымды қайтару мерзiмi талаптар түскен күндi қоса алғанда бес банктiк күннен аспауға тиiс.
314. Шарттың мерзiмi аяқталғаннан кейiн ҚҰБ банктiк салымның сомасын Шарттағы келiсiлген деректеме бойынша Қаржы министрлiгiне қайтарады, ал сыйақыны Шартқа сәйкес Шарттағы келiсiлген деректеме бойынша республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударады.
ҚҰБ-да ашылған Қаржы министрлiгiнiң шоттарында дебеттiк қалдыққа жол бермеу мақсатында Шарт Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда бiржақты тәртiппен бұзылуы, және де банктiк салым Қаржы министрлiгiнiң тиiстi шоттарына қайтарылуы мүмкін.
12-бөлiм. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына ақша есептеу
және оны пайдалану жөнiндегi рәсiмдер
37-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық
қорына ақша есептеу ережесi
315. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (бұдан әрi - Қор) Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығымен белгiленген түсімдердің есебiнен қалыптастырылады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 (бұр. ред. қара); 15.03.04 ж. N 320 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 316-тармақ өзгертілді
316. Қаржы министрлiгi заңдарда белгiленген тәртiппен:
күн сайын шикiзат секторы ұйымдарынан түскен жоспардан тыс түсiмдердi, республикалық меншiктегі және тау-кен өндiру және өңдеу салаларына жататын мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түскен қаражатты және мемлекет ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телiмдерiн жеке меншiкке сатудан түскен қаражатты Қаржы министрлiгiнің Қазынашылық комитетiнде ашылған Қордың арнайы шотына, содан кейiн Қордың арнайы шотынан Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ҚҰБ шотына;
қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттерден ресми транферттердi аударады.
Шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн жоспардан тыс түсiмдердi Қаржы министрлiгi шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке түскен iс жүзiндегi түсiмдердiң жергiлiктi бюджеттердiң, тұтастай алғанда республикалық бюджет бойынша және жеке жергіліктi бюджеттер бойынша бұрын Қорға аударылған соманы және Қордан алынған шығындар өтемақысын ескере отырып, кiрiстер сыныптамасының кодтары бөлiнiсiнде қаржы жылынан бастап өспелi қорытынды республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң бекiтiлген жылдық көлемiнен және жергiлiктi бюджеттерге түсетiн түсiмдердiң бекiтiлген тоқсандық көлемдерiнен артық сомасы ретiнде анықтайды.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 317-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
317. Шикiзат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң жылдық көлемi тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiледi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi шикiзат секторы ұйымдарынан жергiлiктi бюджеттерге түсетiн түсiмдердің тоқсандық көлемдерін бекiткенге дейiн шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi бюджетке есептеу республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жылдық соманың шегiнде жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының Парламентi 15 желтоқсанға дейiнгi мерзімде кезектi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда, шикізат секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдердi бюджетке есептеу Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алдағы қаржы жылының 1-тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы" Жарлығында белгiленген соманың шегiнде жүзеге асырылады.
318. ҚҰБ инвестициялық кiрiстердi есепке алуды кастодиандардан алынатын ақпараттың негiзiнде жүргiзедi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге түсiмдер мен кiрiстердi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң ҚҰБ шотына заңды және жеке тұлғалар аударады.
319. Қазақстан Республикасы Yкiметiнің ҚҰБ шотының деректемелерi заңды және жеке тұлғаларға - резиденттер мен резидент еместерге, Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiне хабарланады. Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерi Қазақстан Республикасы Үкiметi шотының деректемелерiн Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық комитетiнде сұратады.
38-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық
қорын пайдалану тәртiбi
320. Қордың қаражаты Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына сәйкес пайдаланылады.
ҚР Үкіметінің 14.08.03 ж. N 816 қаулысымен 321-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
321. Қаржы министрлiгi өткен тоқсандарда алынған жергiлiктi бюджеттердің шығындарын өтеу сомасын ескере отырып есептi тоқсанның қорытындысы бойынша он жұмыс күнi iшінде шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке күтiлетiн түсiмдердің болжамын ескере отырып, төртiншi тоқсан үшiн де ағымдағы жылдың жиырма бiрiншi тоқсанынан кешiктірмей 36 және 37 қосымшаларға сәйкес 2-35-нысан бойынша жеке жергiлiктi бюджеттердiң шығындарын өтеу көлемдерін анықтайды.
Жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бұрын алынған жергiлiктi бюджеттердің шығындарын өтеу сомаларын ескеpe отырып, кiрiстердiң сыныптамасы кодтарының бөлiнiсiнде жергілікті бюджеттер бойынша шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке түсетін бекітілген және іс жүзіндегі сомалардың арасындағы айырмашылық түрiнде есептеледi.
Республикалық бюджеттiң шығындарын өтеу шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдер бойынша және тұтастай алғанда түсiмдер бойынша республикалық бюджет атқарылмаған жағдайда жүргізіледі.
Өтемақы мөлшерi республикалық бюджеттiң түсiмдерi бойынша жете атқарылмаған жалпы сомадан аспайды.
Қордан республикалық және жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн мақсатты трансферттер түрiндегi Қордың шығысы тиiстi бюджеттерде бекiтiлген көлемдердiң шегiнде жүзеге асырылады. Қаржы министрлiгi ҚҰБ мыналарды:
38-қосымшаға сәйкес 2-37-нысан бойынша тиiстi бюджеттердің шығындарын өтеудi жабуға арналған хабарламаны;
төлем құжаттарының көлемдерi мен деректемелерін көрсете отырып 2-37-нысан бойынша Қордан тиiстi бюджеттерге мақсатты трансферттер бөлу туралы хабарламаны жiбередi, олар бойынша ҚҰБ тиiстi бюджеттерге мақсатты трансферттердi аударуды жүзеге асырады.
Хабарламаны Қаржы министрлiгiнiң бiрiншi басшысы растайды және оның мөрiмен куәландырылады. Қаржы министрлiгiнiң бiрiншi басшысы болмаған жағдайда хабарламаны бiрiншi басшының міндеттердi жүктеу туралы бұйрығына сәйкес жауапты тұлға растайды.
322. Ағымдағы жыл үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасындағы түпкi есеп айырысуларды Қаржы министрлiгi 39-қосымшаға сәйкес 2-32-нысан бойынша ағымдағы жылғы соңғы жұмыс күнiнде жүргiзедi.
323. ҚҰБ Қаржы министрлiгiнiң тиiстi бюджеттердiң шығындарын өтеудi жабуға арналған және мақсатты трансферттердi бөлу туралы хабарламаларының негiзiнде ҚҰБ мен Қазақстан Республикасының Yкiметi арасында жасалған сенiмдi басқару туралы шартқа (бұдан әрi - сенiмдi басқару туралы шарт) хабарламаны алған сәтiнен бастап он банктiк күн iшінде, ал төртiншi тоқсан үшiн - хабарламаны алған күнi қаражатты тиiстi бюджеттерге аударуды жүзеге асырады.
324. Шикiзат секторы ұйымдарына дұрыс емес немесе артық түскен сомаларды қайтару Қазақстан Республикасы белгiлеген тәртiппен Қордан кейiннен өтей отырып, республикалық және жергiлiктi бюджеттерден жүргiзiледi.
325. Қорды пайдалану жөнiндегi өзге операцияларды жүзеге асыру үшiн ҚҰБ Қаржы министрлiгiне келiсуге мынадай құжаттарды:
сыртқы басқарушыға комиссиялық сыйақының сомасы бар төлем құжатын;
кастодиандардың төленген қызметтерiнiң сомасы бар төлем құжатын;
қажет болған кезде заң кеңесшiсiнiң төленген қызметтерiн қоса алғанда, Қорды сенiмдi басқару кезiнде туындауы мүмкiн басқа шығыстардың сомасы бар төлем құжатын;
сыртқы басқарушылармен басқару жөнiндегi келiсiмдердi мерзiмiнен бұрын бұзу кезiнде пайда болуы мүмкiн шығындардың сомасы бар төлем құжатын;
көрсетiлген сомаға негiзделетiн есептеудi қоса бере отырып, ҚҰБ комиссиялық сыйақысының сомасы бар хабарламаны;
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығында және сенiмдi басқару туралы шартта көзделген өзге өкілеттiктерге сәйкес Қордың өзге шығыстарының сомасы бар төлем құжатын жiбередi.
326. Қаржы министрлiгi сенiмдi басқару туралы шартта белгiленген мерзiмде ҚҰБ 40-қосымшаға сәйкес 2-36-нысан бойынша Қордың шығыстарын растау туралы хабарлама жiбередi.
327. ҚҰБ Қордың шығыстарын растау туралы хабарламаның негiзiнде және сенiмдi басқару туралы шартқа сәйкес Үкiметтiң ҚҰБ шотынан осы Ереженің 325-тармағында санамаланған шығыстарды өтеу үшiн соманы есептен шығарады.
39-тарау. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ҚҰБ шоты
бойынша операцияларды есепке алу
328. ҚҰБ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнің ҚҰБ шоты бойынша операцияларды iшкi бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзедi.
329. Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ҚҰБ шоты бойынша Қорды қалыптастыру және пайдалану жөнiндегi операцияларды есепке алуды жүргiзедi.
330. ҚҰБ нақты уақыт режимiнде Қорға ақша есептеу және Қордан пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асырғаннан кейiн Қаржы министрлiгiне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ҚҰБ шоты арқылы операциялардың жүргiзiлуін растайтын төлем құжаттарын жiбередi.