42-бап. Су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау туралы бассейндiк келiсiмдер
1. Су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау туралы бассейндiк келiсiмдер (бұдан әрi - бассейндiк келiсiмдер) бассейндiк басқармалардың, жергiлiктi атқарушы органдардың және су объектiсi бассейнiнiң шегiнде орналасқан басқа да субъектiлердiң арасында олардың қызметiн бiрiктiру және үйлестiру, сондай-ақ су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды iске асыру мақсатында жасалады.
2. Бассейндiк келiсiмдерде тараптардың орындау мерзiмi көрсетiлiп, нақты су қорғау iс-шараларын iске асыру үшiн қажеттi күштер мен құралдарды кооперациялау жөнiндегi мiндеттемелер болады.
3. Бассейндiк келiсiмдердi дайындау су шаруашылығы баланстары, су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғау схемалары, су объектiлерiн пайдалану, қалпына келтiру және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар, ғылыми және жобалық әзiрлемелер, даму болжамдары және өзге бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Бассейндiк келiсiмдердiң мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шарттармен және тәртiппен, қаражаты су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға арналған қорлар құруы мүмкін.
43-бап. Бассейндiк кеңес
1. Бассейндiк кеңес бассейндiк келiсiм шеңберiнде құрылатын консультациялық-кеңесшi орган болып табылады.
2. Тиiстi бассейндiк басқарманың басшысы басқаратын бассейндiк кеңес жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың басшыларынан, мемлекеттiк органдардың аумақтық органдарының басшыларынан және су пайдаланушылардың өкiлдерiнен тұрады. Бассейндiк кеңестiң құрамына қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Бассейндiк кеңестiң әзiрлiк жұмысын ұйымдастыру бассейндiк басқармаға жүктеледi.
3. Бассейндiк кеңес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы көкейкестi мәселелердi қарайды, бассейндiк келiсiмге қатысушылар үшiн ұсыныстар мен ұсынымдар енгізеді.
8-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
мемлекеттік жоспарлау
44-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк жоспарлаудың мiндеттерi
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк жоспарлаудың мiндеттерi:
халықтың ауыз су мен тұрмыстық қажеттерiнiң бiрiншi кезекте қанағаттандырылуын ескере отырып, су пайдаланушылардың арасында суларды ғылыми негiзделген түрде бөлудi қамтамасыз ету;
сулардың қорғалуын және олардың зиянды әсерiнiң алдын алуды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Су қорын пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк жоспарлау үшiн су шаруашылығы баланстары, суларды кешендi пайдалану мен қорғау схемалары жасалады, сондай-ақ өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы әзiрленедi.
45-бап. Су шаруашылығы баланстары
1. Су шаруашылығы баланстары су объектiлерiнiң бассейндерi, экономикалық аудандар және тұтас республика бойынша су ресурстарының болуын және оларды пайдалану мүмкiндiгiн бағалауға арналған.
2. Негiзгi өзендердiң бассейндерiне арналған және тұтас республика бойынша су шаруашылығы баланстары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi.
3. Су шаруашылығы баланстарын әзiрлеуге байланысты шығындар республикалық бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылады.
46-бап. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары
1. Cу ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары су ресурстарын ықпалдасып басқару мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдау мақсатында әзiрленедi.
2. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемаларын су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен ғылыми және мамандандырылған жобалау ұйымдарын тарта отырып әзiрлейдi.
3. Кешендi схемаларда көзделетiн iс-шаралар:
1) өндiрiс технологиясын жетiлдiру негiзiнде су ресурстарын ұтымды әрi үнемдi пайдалануға;
2) суы аз және сусыз процестердi қолдануға;
3) суару жүйелерiнде және сумен жабдықтау жүйелерiнде су ресурстарының қайтарымсыз ысырабын азайтуға;
4) су ресурстарын реттеу, өзен ағындысын бассейнаралық қайта бөлу, тазартылмаған ағынды сулар ағызу көлемiн азайту есебiнен жергiлiктi су ресурстарын мүмкiндiгiнше барынша пайдалануға;
5) қалаларды, елдi мекендердi, ауыл шаруашылығы алқаптары мен басқа да объектiлердi су басуының және топан су басуының алдын алуға бағытталуға тиiс.
4. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi және республикалық бюджеттiң есебiнен қаржыландырылады.
47-бап. Өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы
1. Өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемалары құрамында су объектiлерiне экологиялық жағынан жол берiлетiн деңгейде су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы әзiрленедi.
2. Су ресурстарын өндiргiш күштер мен экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында пайдалану және қорғау болжамын орталық атқарушы органдар республикалық бюджеттiң есебiнен әзiрлейдi.
3. Орталық атқарушы органдар әзiрлеген өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында су ресурстарын пайдалану және қорғау болжамдары су ресурстарын пайдаланудың жол берiлетiн деңгейi нысанасында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органда келiсуден өтедi.
9-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы бақылау мен сараптама
48-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылаудың мiндеттерi мен түрлерi
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылаудың мiндеттерi:
шаруашылық және өзге де қызметтiң әсерiнен сулардың жай-күйi мен өзгеруiн қадағалау;
су қорғау iс-шараларының орындалуын тексеру болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау жүзеге асырылады.
49-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды өз құзыретi шегiнде мыналар жүзеге асырады:
1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
2) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы;
3) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган;
4) өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
6) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
7) фитосанитарлық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
8) жергiлiктi атқарушы органдар.
2. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiредi.
3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
50-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Осы Кодекске сәйкес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адамдар мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы және оның орынбасары, Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары және Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары;
тиiстi бассейннiң су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлар және олардың орынбасарлары, тиiстi бассейн басқармасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары және тиiстi бассейн басқармасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған лауазымды адамдар cу қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен белгiленген үлгiдегi тиiстi қызметтiк куәлiкпен, омырауға тағатын белгімен, техникалық құралдармен қамтамасыз етiледi.
51-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) мемлекеттiк органдарға, жеке, лауазымды және заңды тұлғаларға олар үшiн Қазақстан Республикасы су заңдары нормаларының орындалуы мiндеттi талаптар қоюға, су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген көлемдерде, коллекторлық-сорғыту және ағынды суларды ағызудың жол берiлетiн шектi нормаларын сақтау жөнiнде тиiстi шаралар жүргiзуге және су ресурстары мен ағынды сулардың сапасын зертханалық бақылауды ұйымдастыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану қызметiнiң түрлерiне лицензияның немесе рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру және оларды қайтарып алу туралы ұсыныстар енгiзуге;
3) нұсқамалар негiзiнде қызметтiк куәлiгiн көрсете отырып ұйымдарға және өзге де объектiлерге баруға, су ресурстарын пайдаланудың жай-күйiн тексерудi жүзеге асыруға, су ресурстарын пайдалану мен оларды қорғау ережелерiнiң анықталған заң бұзушылықтарын жою туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар беруге құқығы бар. Су объектiлерiнде өз бетiмен су алу, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы кезiнде су пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгiзуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың жай-күйiн анықтауға қажеттi мәлiметтердi, соның iшiнде зертханалық талдау деректерiн алуға;
5) Қазақстан Республикасының су заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;
6) су объектiлерiне белгiленген талаптарды бұза отырып жүргiзiлген ағынды су ағызуды шектеу, тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы, сондай-ақ су объектiлерiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн жекелеген өндiрiс объектiлерiнiң, цехтар мен кәсiпорындардың қызметiн тоқтату жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
7) лауазымды адамдарға, ұйымдардың басшыларына су объектiлерiн пайдалану мен қорғаудың белгiленген нормалары мен ережелерiн бұзуға жол берген адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныс енгiзуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы мәселенi шешу үшiн қажет болған жағдайда материалдарды құқық қорғау органдарына беруге;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдерiн барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi және оған жоғары тұрған мемлекеттiк органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағымдануға болады.
52-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерi
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының су заңдары талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыруға;
2) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезiнде жеке және заңды тұлғалармен өзара iс-қимыл жасауға;
3) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылу фактiлерi туралы өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдарды хабардар етуге;
4) су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу кезiнде жеке және заңды тұлғаларға жәрдем көрсетуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
53-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылау
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылау Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган, өнеркәсiп қауiпсiздiгі саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган, ал жер асты сулары бойынша - жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелердiң негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды меншiк құқығында немесе өзге де заттық құқығында су объектiлерiн ластайтын көздерi бар жеке және заңды тұлғалар қамтамасыз етедi.
3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган аттестаттаған зертханалар жүзеге асырады.
54-бап. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк сараптама
1. Су қорын пайдалану және қорғау саласында мемлекеттiк сараптаманың мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
1) су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама;
2) су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн шаруашылық және басқа да объектiлердi салуға және қайта жаңғыртуға, пайдалануға, консервациялауға және таратуға арналған жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасына мемлекеттiк сараптама;
3) жер асты суларының қорларына және жер асты су объектiлерi туралы геологиялық ақпаратқа мемлекеттiк сараптама;
4) су шаруашылығы және өнеркәсiптiк гидротехникалық құрылыстардың төтенше жағдайлардың талаптарына сәйкестiгiне мемлекеттiк сараптама;
5) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптамалар.
2. Су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама осы қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн және қабылданатын басқару және шаруашылық шешiмдерiн бағалау үшiн жүзеге асырылады. Су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама мiндеттi болып табылады.
3. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн шаруашылық және басқа да объектiлердi салуға және қайта жаңғыртуға, пайдалануға, консервациялауға және таратуға арналған жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасына мемлекеттiк сараптама оның сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен бастапқы деректерге, нормативтiк құжаттардың техникалық шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн тексеру мақсатымен жүзеге асырылады.
4. Жер асты су қорларына және жер асты су объектiлерi туралы геологиялық ақпаратқа мемлекеттiк сараптаманы жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Су шаруашылығы объектiлерi мен өнеркәсiптiк гидротехникалық құрылыстардың төтенше жағдайлар талаптарына сәйкестiгiне мемлекеттiк сараптаманы өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
6. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптамаларды тиiсiнше халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
7. Мемлекеттiк сараптаманы жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
10-тарау. Суды ұтымды пайдалануды, қорғауды және оның
жай-күйін жақсартуды қамтамасыз ететін талаптар
55-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану кезiндегi табиғат қорғау талаптары
1. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсiп қауiпсiздiгi, су ресурстарын ұдайы молайту және ұтымды пайдалану шарттары мен ережелерi сақтала отырып, сондай-ақ аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық салдары ескерiле отырып жүргiзiледi.
2. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, қайта жаңғырту, пайдалану, консервациялау, тарату Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның оң қорытындысы болған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Құрылыс жұмыстарын орындау кезiнде жерлердi қайта өңдеу, су ресурстарын ұдайы молайту мен ұтымды пайдалану, аумақтарды абаттандыру және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiнде шаралар қолданылады.
56-бап. Су объектiлерiне ластаушы заттардың ағызылуын азайту жөнiндегi талаптар
1. Cу ресурстарын пайдалану мен қорғау ластаушы заттарды ағызылу нүктелерiнде нормалауға тиiстi бассейн, ағын су немесе учаске шегiнде барлық ұйымдардың су шаруашылығы қызметiн жинақтап нормалауға негiзделедi.
2. Ағызылатын суды тазарту дәрежесiне және сапасына қойылатын талаптар су объектiсiн ықтимал мақсатты пайдалану бағыттары бойынша айқындалып, есептеулермен негiзделедi және онда су объектiсiнiң нақты жай-күйi, техникалық және экономикалық мүмкiндiгi, жоспарланатын көрсеткiштерге қол жеткiзу мерзiмдерi ескерiлуге тиiс.
3. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен бiрлесе отырып, су объектiсiнiң әрбiр бассейнi үшiн судың жай-күйi мен сапа өлшемдерiнiң мақсатты көрсеткiштерiн әзiрлеуге мiндеттi.
4. Бассейн iшiндегi су объектiлерi жай-күйiнiң мақсатты көрсеткiштерiне кезеңдеп көшу мерзiмдерiн бассейндiк басқармалар мен жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық органдары және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып бекiткен әдiстеменiң негiзiнде белгiлейдi.
57-бап. Экономика салалары және қоршаған ортаны қорғау талаптарын қамтамасыз ету үшiн кешендi су жiберудi негiздеу
1. Кешендi су жiберу санитарлық-эпидемиологиялық және табиғат қорғау талаптарын қамтамасыз ету жағдайларын негiзге алып, сондай-ақ экономика салаларының қажеттерi ескерiле отырып белгiленедi.
2. Табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жiберу басым бағыт болып табылады.
3. Табиғат қорғау су жiберуi су объектiсiнiң табиғи жағдайының сақталуын қамтамасыз етуге тиiс. Ең төменгi шығысты сақтаудан басқа, табиғат қорғау су жiберуi су жайылуы мен су тасуы кезiнде су объектiлерiнiң кезеңдiк шайылуын қамтамасыз етуге тиiс.
4. Табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жiберудiң көлемiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган су объектiлерi бассейндерi бойынша белгiлейдi.
5. Авариялық су жiберу су тасыған және су жайылған кезде су объектiсiндегi судың қалыпты деңгейде ұсталуын және су объектiлерi арналарының шайылуын қамтамасыз етуге тиiс.
11-тарау. Жер үсті және жер асты суларын мемлекеттік
есепке алу, мемлекеттік су кадастры, су объектілерінің
мемлекеттік мониторингі. Су қорын ұтымды пайдалану
мен қорғауды ғылыми және инновациялық-ақпараттық
қамтамасыз ету
58-бап. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу
1. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасының аумағындағы су ресурстарының сандық және сапалық көрсеткiштерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүйелi түрде анықтау және тiркеу болып табылады.
2. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу деректерi жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң сапалық және сандық көрсеткiштерi бойынша, олардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiк дәрежесi, зерттелуi мен пайдаланылуы бойынша жай-күйiн сипаттайды.
3. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алуды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп су пайдаланушылар мен гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын жер үстi және жер асты суларын пайдалану есебiнiң деректерi негiзiнде жүзеге асырады.
59-бап. Мемлекеттiк су кадастры
1. Мемлекеттiк су кадастры су объектiлерiнiң жай-күйiмен пайдаланылуы туралы, олардың су ресурстары туралы, су пайдаланушылар туралы жүйелендiрiлген ресми деректер жиынтығы болып табылады.
2. Мемлекеттiк су кадастры бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзiледi және суларды мемлекеттiк есепке алу деректерiне негiзделедi.
3. Мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген су объектiсiнiң паспорты болады, онда тiркеу нөмiрi, атауы және физикалық-географиялық, геологиялық-гидрологиялық, техникалық, құқықтық және экономикалық көрсеткiштерi қамтылатын кешендi сипаттамасы көрсетiледi.
4. Мемлекеттiк су кадастрын жүргiзудi су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және гидрометеорологиялық қызметтермен бiрлесiп жүзеге асырады.
5. Су пайдаланушылар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органға және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлуге тиiс қажеттi деректердiң бәрiн ұсынуға мiндеттi.
6. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк су кадастрында қамтылған ақпаратқа мүдделi жеке және заңды тұлғалардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi
1. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингi жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
2. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi олардың жай-күйiне гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық көрсеткiштердi тұрақты қадағалау, жағымсыз процестердi уақтылы анықтау, олардың дамуын бағалау мен болжау мақсатында алынған ақпаратты жинау, өңдеу және беру, жүзеге асырылатын су шаруашылығы iс-шараларының зиянды зардаптарын болғызбау және тиiмдiлiк дәрежесiн айқындау жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу жүйесi болып табылады.
3. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп әзiрленген әдiстеме бойынша бiрлесiп жүзеге асырады.
61-бап. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды ғылыми және инновациялық-ақпараттық қамтамасыз ету
1. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды ғылыми қамтамасыз ету мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалануды негiздеу;
2) су шаруашылығы кешенiн дамытуды бағалау мен болжау;
3) су үнемдеудiң ғылыми-әдiстемелiк және технологиялық негiздерiн әзiрлеу;
4) су шаруашылығы жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеу;
5) басқару шешiмдерiн қабылдау үшiн ұсынымдар әзiрлеу.
2. Iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер республикалық бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған басқа да қаражат көздерiнiң есебiнен қаржыландырылады.
3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы инновациялық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iске асырылады және:
1) ұйымдастыру жағдайларын қалыптастырумен;
2) жалпы ұлттық сипаты бар инновациялық су шаруашылығы мен су қорғау бағдарламалары үшiн тiкелей мемлекеттiк инвестициялар бөлу арқылы мемлекеттiк қолдаумен қамтамасыз етiледi.
4. Су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалану мен қорғауды ұзақ мерзiмдi және орташа мерзiмдi жоспарлау, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп су ресурстарын пайдаланудың республикалық ақпараттық-талдау жүйесiн құруы мүмкiн.