2. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ортақ пайдаланудағы су объектiлерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi
Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртiбi, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi
1. Қоршаған орта мен аймақ экономикасына басым ықпал ететiн және шаруашылық қызметтi реттеудiң ерекше құқықтық режимiн талап ететiн жаратылысы табиғи су объектiлерi ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi деп танылады.
2. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiнiң тiзбесiн және олардағы шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
21-бап. Су объектiлерiнiң және су қоры жерлерiнiң айналымдық қабiлетi
Осы Кодекстiң 7-бабының 2-тармағында аталған жерлердi қоспағанда, су объектiлерiнiң, су қоры жерлерiнiң айналымына, сондай-ақ олар орналасқан су объектiлерi мен жерлердiң иелiктен шығарылуына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болатын сатып алуға, сатуға, кепiлге беруге және басқа да мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.
2-Бөлім. Су объектілерін пайдалану құқығы.
Су шаруашылығы құрылыстарына меншік құқығы және
өзге де құқықтар
3-тарау. Су объектілерін пайдалану құқығы
22-бап. Су объектiлерiн пайдалану құқығы
1. Жеке және заңды тұлғаларға cу объектiлерiн пайдалану құқығын жергiлiктi атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша табыстайды.
2. Жеке және заңды тұлғаларға су объектiлерi:
1) қысқа мерзiмдi пайдалану;
2) ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығымен табысталады.
3. Қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылға дейiнгi мерзiмге, ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
4. Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
23-бап. Су сервитуты
1. Су объектiлерiне су сервитуты қауымдық және жеке су сервитуттары нысандарында болады.
2. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн әркiм пайдалана алады, бұл жағдайда қауымдық су сервитуты су объектiсiн пайдалану құқығының ажырамас бөлiгi болып табылады.
3. Ортақ пайдаланудағы су объектiсi болып табылмайтын су объектiсiне қауымдық су сервитуты Қазақстан Республикасы заңдарының, жергiлiктi атқарушы орган актiсiнiң немесе оны пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлғалардың су объектісiн пайдалану тәртiбiн жариялауы негiзiнде туындауы мүмкiн.
4. Су объектiсiн ұзақ мерзiмдi немесе қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы өзге де мүдделi тұлғалардың пайдасына (жеке су сервитуты) шектелуi мүмкiн.
5. Жеке су сервитуты қауымдық су сервитуты сияқты негіздерде белгiленедi, сондай-ақ сот шешiмiнiң негiзiнде де белгiленуi мүмкiн.
6. Қауымдық және жеке су сервитуттары:
1) құрылыстарды, техникалық құралдар мен құрылғыларды қолданбай су алу;
2) суат және мал айдау;
3) су объектiлерiн сал, қайық және басқа да шағын көлемдi кемелер үшiн су жолдары ретiнде пайдалану мақсаттарында белгiленуi мүмкiн.
7. Су сервитуттарын жүзеге асыру үшiн арнайы су пайдалануға лицензия және рұқсат алу талап етiлмейдi.
4-тарау. Су шаруашылығы құрылыстарына меншік
құқығы және өзге де құқықтар
24-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына меншiк құқығы
1. Су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк не жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Жеке меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға, иемденуге және оларға билiк етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.
25-бап. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары
1. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк меншiкте болады және жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлмейдi және жекешелендiруге жатпайды.
2. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
26-бап. Республикалық меншiктегі су шаруашылығы құрылыстары
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдарына бекiтiлiп берiледi.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлуi және жекешелендiрiлуi мүмкiн.
27-бап. Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары
Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындарға бекiтiлiп берiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарынан басқалары, жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi мүмкiн.
28-бап. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерiне меншiк құқығы
1. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерi республикалық, коммуналдық меншiкте, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
2. Республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттiк ұйымдар жүзеге асырады.
Коммуналдық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттiк және өзге де ұйымдар жүзеге асырады.
3. Ауыз сумен жабдықтаудың жекелеген жүйелерi тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кiруi мүмкiн.
29-бап. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары
1. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша осы құрылыстарға қызмет көрсететiн су пайдаланушыларға немесе олардың бiрлестiктерiне жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi, сондай-ақ сатылуы немесе өтеусiз берiлуi мүмкiн.
30-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттiк басқару
1. Ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда және республиканың немесе аймақтың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар жекелеген су шаруашылығы құрылыстарының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша осы құрылыстарға қатысты уақытша мемлекеттiк басқаруды енгiзуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттiк басқаруды енгiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
31-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды және олармен мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу
1. Су шаруашылығы құрылыстарына және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтар Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы заңдарына сәйкес мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды мемлекеттiк тiркеу құрылысқа су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы паспорты болған жағдайда жүргiзiледi.
32-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлердiң жауапкершiлiгi
1. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйiнiң қауiпсiздiгi үшiн жауапты болады.
2. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгiн меншiктенушiлердiң қамтамасыз етуiн қадағалауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, төтенше жағдайлар және өнеркәсiп қауiпсiздiгi жөнiндегі уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
3-Бөлім. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік реттеу
5-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару
33-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметі, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы басқару құрылымы кешендiлiгi мен қоса бағыныстылығы ескерiле отырып, мынадай деңгейлерге бөлiнедi:
1) мемлекетаралық;
2) мемлекеттiк;
3) бассейндiк;
4) аумақтық.
3. Мемлекеттiк органдар су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi шаралар бағдарламасын әзiрлеуге және жүзеге асыруға азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердi тартуы мүмкiн.
34-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi принциптерi
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау;
2) тұрақты су пайдалану - суды ұқыпты, ұтымды және кешендi пайдалану мен қорғауды ұштастыру;
3) су пайдаланудың оңтайлы жағдайларын жасау, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн сақтау;
4) бассейндiк басқару;
5) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау мен басқару функцияларын және су ресурстарын шаруашылық пайдалану функцияларын бөлу принциптерiне негiзделедi.
35-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi мiндеттерi
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi мiндеттерi:
1) экономика салаларын сумен қамтамасыз етудi талдау және бағалау, кемшiлiктердi анықтау және оларды жою жөнiндегi шараларды айқындау;
2) су ресурстарының қолда бар көлемiн, олардың сапасын және оларды пайдалану құқықтарының болуын айқындау;
3) су тұтыну, су беру және су қорғау технологияларын жетiлдiрудiң негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
4) қолда бар су ресурстарының көлемiн ұлғайту және су тапшылығын жабу үшiн оларды ұтымды қайта бөлу жөнiндегi iс-шаралардың болжамы және оларды ұйымдастыру;
5) жылдың сулылығына қарай суға қажеттiлiктi қанағаттандыру басымдығы бойынша су ресурстарын бөлiп су пайдалану құрылымын белгiлеу;
6) ғылыми негiзделген нормативтер негiзiнде су пайдалану мен қайтарымды суларды ағызуды лимиттеу;
7) экологиялық талаптар мен шектеулердi жоспарлау және сақтау;
8) су объектiлерiнiң сандық және сапалық жай-күйi мен су пайдалану режимiн бақылау;
9) мемлекеттiк меншiктегi су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын тиiмдi басқару;
10) су шаруашылығы қызметтерiн көрсету рыногын дамыту;
11) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласында шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп басқару.
6-тарау. Мемлекеттік органдардың су қорын пайдалану мен
қорғауды басқару саласындағы құзыреті
36-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқаруды ұйымдастырады;
3) суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
4) сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнiң тiзбесiн бекiтедi;
5) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйелерiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтер құнын субсидиялау тәртiбiн бекiтедi;
6) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн бекiтедi;
7) су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы баланстарын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлейдi;
8) су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн белгiлейдi;
9) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды келiсу, орналастыру және пайдалануға беру тәртiбiн, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын белгiлейдi;
10) жер үстi көздерiндегi су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлем ставкаларын бекiтедi;
11) республика облыстарының арасындағы су қатынастарын реттеу ережелерiн бекiтедi;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
13) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленген өзге де функцияларды орындайды.
37-бап. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
1. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
2) экономиканың су секторының даму бағдарламаларын әзiрлейдi;
3) негiзгi өзендердiң бассейндерi мен тұтас алғанда республика бойынша басқа да су объектiлерi бойынша су ресурстарын кешендi пайдалану және қорғау схемаларын әзiрлейдi;
4) экономика салаларында су тұтынудың үлестiк нормаларын келiседi;
5) ортақ су пайдаланудың үлгi ережелерiн бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң түрлерiне лицензия немесе рұқсат берудi, олардың күшiн тоқтата тұруды жүзеге асырады;
7) бассейндер мен су пайдаланушылар деңгейiнде су пайдалану лимиттерiн бекiтедi;
8) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтер құнын субсидиялау тәртiбiн әзiрлейдi;
9) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
10) су пайдаланудың үлестiк нормалары мен нормативтерiн бекiтедi;
11) суды және оның пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзудi жүзеге асырады;
12) су объектiлерi деректерiнiң ақпараттық базасын құрады және оған барлық мүдделi адамдардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi;
13) су объектiлерiн пайдалану және республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң режимiн, сондай-ақ тiкелей су объектiлерiнде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiн бекiтедi;
14) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы жобалау, iзденiс, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды ұйымдастырады;
15) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға қабылдау-беру жөнiндегi жұмысқа қатысады, су шаруашылығы құрылыстарының және су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, түбiн тереңдету және өзге де жұмыстарды жүргiзу жобаларын келiседi;
16) республикалық меншiктегi су объектiлерiн, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды ұйымдастырады;
17) Қазақстан Республикасының су заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;
18) су шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды дайындайды және iске асырады;
19) жер үстi көздерiндегi су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлем ставкаларын әзiрлейдi;
20) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын әзiрлеуге қатысады;
21) су қатынастарын реттеу, трансшекаралық су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шектес мемлекеттермен ынтымақтастық жасауды жүзеге асырады;
22) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн әзiрлейдi;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерi барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
38-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдардың су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi
Жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен үлгi ережелердiң негiзiнде аймақтық жағдайлардың ерекшелiктерiн ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерiн белгiлейдi;
2) жергiлiктi бюджеттердiң құрамында су объектiлерiн пайдалану мен қорғауға бағытталған шығыстарды бекiтедi;
3) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
4) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға беру және алып қою тәртiбiн белгiлейдi;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
39-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi
Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2) бассейндiк су шаруашылығы басқармаларымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және санитарлық қорғау аймақтарын белгiлейдi;
3) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша су объектiлерiн оқшау және бiрлесiп пайдалануға бередi;
4) бассейндiк кеңестердiң жұмысына және бассейндiк келiсiмге қатысады;
5) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды әзiрлейдi, оларды қаржыландыру мен iске асыруды қамтамасыз етедi;
6) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi бассейндiк бағдарламалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуге және iске асыруға үлес қосып қатысуды жүзеге асырады;
7) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындармен басқа да құрылыстарды орналастыруды және пайдалануға берудi, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, түбiн тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiседi;
8) тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
бассейндік басқару
40-бап. Бассейндiк су шаруашылығы басқармасының мiндеттерi мен функциялары
1. Бассейндiк су шаруашылығы басқармалары (бұдан әрi - бассейндiк басқармалар) - облыстарда өзiнiң аумақтық бөлiмшелерi бар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдары, олардың негiзгi мiндетi тиiстi бассейн аумағындағы су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру болып табылады.
2. Бассейндiк басқармалар мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) бассейндiк принцип негiзiнде гидрографиялық бассейннiң су ресурстарын кешендi басқару;
2) оң экономикалық әсерге, орынды, әдiл және экологиялық жағынан тұрақты су пайдалануға қол жеткiзу мақсатында су қатынастары субъектiлерiнiң су ресурстарын пайдалану жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
3) тиiстi бассейн шегiнде перспективалық жоспарлар мен даму бағдарламалары негiзiнде су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау туралы бассейндiк келiсiмдер дайындау және iске асыру;
4) су қорын пайдалану мен қорғауға, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының су заңдарын сақтауына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп бассейндер бойынша мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастрын және су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингін жүргізу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң түрлерiне лицензия немесе рұқсат беру, олардың күшiн тоқтата тұру;
7) мүдделi мемлекеттiк органдардың қорытындыларын:
тиiстi бассейннiң су объектiлерiн ұтымды пайдалану жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органдардың жоспарларын;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындардың және басқа да құрылыстардың құрылыс орнын айқындау жөнiндегi ұсыныстарды;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды салу мен қайта жаңғырту жобаларын;
су объектiлерiнде, су қорғау белдеулерi мен аймақтарында құрылыс, түбiн тереңдету, пайдалы қазбалар, су өсiмдiктерiн өндiру жөнiндегi жарылыс жұмыстарын, кабельдер, труба құбырларын және басқа да коммуникацияларды төсеу, ағаш кесу, сондай-ақ бұрғылау, ауыл шаруашылығы және басқа да жұмыстарды жүргiзу туралы құжаттарды;
су пайдаланушылардың су объектiлерiн сақтау, олардың жай-күйiн жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жоспарларын келiсу;
8) судың жай-күйiне әсер ететiн өндiрiстiк, ауыл шаруашылық және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың нәтижесiнде туындаған зардаптарды жою жөнiндегi жұмыстарға қатысу;
9) су пайдаланушылар деңгейiнде және тиiстi бассейн бойынша су пайдалану лимиттерiн айқындау;
10) жер асты суларының қорларын бекiтуге қатысу;
11) бiрлесiп пайдаланылатын су қоймаларының салааралық, облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар iрi су қоймаларының жұмыс режимiн бақылауды жүзеге асыру;
12) облысаралық, аймақаралық, мемлекетаралық су объектiлерi бойынша су алу мен су бөлу жоспарларын әзiрлеу және олардың сақталуын бақылау;
13) тиiстi бассейн суларын кешендi пайдалану мен қорғау схемасын, су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiн келiсу;
14) тиiстi бассейн бойынша су шаруашылығы баланстарын әзiрлеуге қатысу;
15) cу объектiлерiн оқшау және бiрлесiп пайдалануға беру туралы ұсыныстарды және оларда су пайдалану шарттарын келiсу;
16) судың жай-күйiне әсер ететiн, су қорын пайдалану мен қорғау саласында белгiленген нормалар мен ережелердi бұзып жүзеге асыратын су шаруашылығы объектiлерi мен өзге де объектiлердi қаржыландыруды, жобалауды және салуды тоқтату туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен талаптар қою;
17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлiлердi жауапкершiлiкке тарту үшiн Қазақстан Республикасы су заңдарының бұзылуы туралы материалдарды құқық қорғау органдарына және сотқа беру;
18) Қазақстан Республикасының су заңдары бұзылған жағдайда мемлекетке келтiрiлген залалды өтеу туралы сотқа талап-арыз беру;
19) су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiнде жүргiзiлiп жатқан жұмыс туралы, судың жай-күйi мен сапасын жақсарту жөнiнде қолданылып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету;
20) су қорын пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдармен және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасау;
21) су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау iсiнде халық арасында ағарту және тәрбие жұмыстарын жүргiзу;
22) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
41-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық органдарының су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн iске асыруға қатысуы
1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық атқарушы органы аумақтық органдарының су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн iске асыруда:
1) жасалған су шаруашылығы баланстары, тиiстi бассейннiң су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары негiзiнде су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жоспарларын келiсуге;
2) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесiп тиiстi бассейннiң су объектiлерiнiң мониторингiн жүргiзуге;
3) өз құзыретi шегiнде су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға;
4) бассейндiк келiсiмдер әзiрлеуге және ведомстволық бағыныстағы аумақтарда олардың жүзеге асырылуын бақылауға;
5) су объектiлерiн пайдалану, ұдайы молайту және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк (аймақтық және бассейндiк) бағдарламалар үшiн ұсыныстар әзiрлеуге қатысады.
2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық органдары су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бекiтiлген бас схемаларына сәйкес су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн жүзеге асыруға қатысады.