Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi және оның орынбасарлары;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшесiнiң басшысы мен мамандары;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы көлiктегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары - көлiктегi бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлер, олардың орынбасарлары мен мамандар;
тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдардың басшылары тиiстi аумақтардағы бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлер, олардың орынбасарлары мен мамандар;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк шекарадағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары мен мамандары уәкiлеттi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Көлiктегi бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi мен мемлекеттiк шекарада халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнің басшыларын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
4. Тиiсті аумақтардың Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
5. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының басшылары қызметiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық саладағы жоғары арнаулы медициналық бiлiмi бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
11-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдары нормаларының орындалуын тексеру мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiлерiне кедергiсiз (қызмет куәлiгiн көрсетiп) баруға, объектiлерге бару жиiлiгiн объектiнiң эпидемиологиялық маңыздылығына қарай халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуды жою туралы жеке және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беруге;
3) Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарынан, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалардан халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерi бойынша ақпарат сұратуға және алуға;
4) халықтың пайдалануы мен қолдануына арналған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ шаруашылық қызметте Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен әкелуге, сондай-ақ өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салуға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде:
елдi мекендер құрылысын, өнеркәсiптiк және азаматтық мақсаттағы объектiлердi орналастыруды,салуды және қайта жаңғыртуды жоспарлауға;
жер қойнауын пайдалануға, санитарлық-қорғау аймақтарының, суды пайдалану мен сарқынды суларды бөлiп тастау жағдайларына, уытты, радиоактивтiк және басқа да зиянды заттарды кәдеге асыру мен көмуге жасалған келiсiм-шарттар;
шикiзаттың, технологиялық жабдықтың, тамақ өнiмдерi өндiрiсi процестерінің, азық-түлiк шикiзатының, өнеркәсiп бұйымдарының, құрылыс материалдарының, иондандырушы сәулелену көздерінің, химиялық заттар мен өнiмдердің, биологиялық, дәрi-дәрмектiк, дезинфекциялаушы, дезинсекциялаушы және дератизациялаушы құралдардың және азық-түлiк шикiзаты, тамақ өнiмдерi мен ауыз су құйылып, салынатын орауыш және полимерлiк материалдардың, парфюмерлiк-косметикалық және басқа да кең тұтынылатын тауарлардың, медициналық иммунобиологиялық препараттардың, жабдықтардың, аспаптар мен жұмыс құралдарының жаңа түрлерiне арналған стандарттар мен техникалық шарттардың жобалары бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны қарауға және беруге;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын жұқпалы және паразиттiк аурулар әкелу мен таратудан, адамның денсаулығына қауіптілігi ықтимал өнiмдi, химиялық, уытты, радиациялық және биологиялық заттарды әкелуден санитарлық қорғау жөнiндегi бақылау функцияларын жүзеге асыруға;
7) балаларға арналған тауарларға, тамақ қоспаларына олардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келетiндiгiн қарауға және қорытындылар беруге;
8) бiлiм беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемелерi мен оқу режимдерiн қарауға және ол жөнiнде қорытындылар беруге;
9) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдарын бұзу фактiлерiн қарау үшiн жеке адамдарды, лауазымды адамдарды, заңды тұлғаларды санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына шақыруға;
10) халықтың декреттелген топтарына жататын, жұқпалы, паразиттiк аурулардың көздерi болып табылатын, сондай-ақ медициналық қараудан уақтылы өтпеген адамдарды жұмыстан уақытша шеттету туралы ұйғарымдар шығаруға;
11) шектеу шараларын, оның iшiнде жекелеген объектiлерде карантин белгiлеуге;
12) жұқпалы және паразиттiк аурулардың ықтимал таратушы көздерi болып табылатын, сондай-ақ жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласып жүрген адамдарды зертханалық тексеру нәтижелерi алынғанға дейiн оларды жұмыстан шеттете отырып, медициналық тексеруге жiберуге;
13) жұқпалы және паразиттiк аурулардың көздерi болып табылатын адамдарды мiндеттi түрде ауруханаға жатқызуға жiберуге;
14) халыққа мiндеттi түрде вакцина егудi, үй-жайларда және көлiк құралдарында, аумақтарда, жұқпалы және паразиттiк аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жүргiзудi талап етуге;
15) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердiң бұзылуы жойылғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жекелеген жұмыс түрлерiн, жұмыс iстеп тұрған, салынып жатқан немесе қайта жаңартылып жатқан объектiлердi пайдалануды тоқтата тұруға;
16) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiптi деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шикiзаттың, өнiмнің, технологиялық жабдықтардың, процестердің, құрал-саймандардың жаңа түрлерiн өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салуға;
17) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;
18) халықтың декреттелген тобына санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бiлуiне аттестаттау жүргiзуге;
19) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасау үшiн өнiмнің құнын өтемей, сараптама жасауға жеткiлiктi және оған қажеттi көлемнен аспайтын мөлшерде өнiмнiң үлгiлерiн көруге және iрiктеу жүргiзуге құқылы.
12-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерi
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары:
1) мемлекеттiк органдарды санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің бұзылуы туралы хабардар етуге;
2) кәсiби уланулар мен науқастанулардың, жұқпалы және паразиттiк аурулардың пайда болу себептерi мен жағдайларын анықтауға және оларға талдау жасауға;
3) жеке және заңды тұлғаларды санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердiң бұзылу салдары туралы ескертуге;
4) халықтың иммунитетiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
5) жеке және заңды тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерi жөнiндегi өтiніштерiн қарауға және тиiстi шаралар қабылдауға;
6) өзiнің қызметтiк мiндеттерiн орындаған кезде белгiлi болған ақпаратқа қатысты дәрiгерлiк құпияны сақтауға мiндеттi.
13-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актiлерi
1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының анықталған бұзылуына қарай мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау нәтижелерi бойынша құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау мақсатында лауазымды адамдар мынадай актiлер:
1) санитарлық-эпидемиологиялық тексеру актiсiн;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының бұзылуы туралы хаттаманы;
3) профилактикалық және iндетке қарсы iс-шараларды жүргiзу туралы бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлердiң қаулысын;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк жаза қолдану туралы, әкiмшiлiк жауапқа тарту, адамдарды жұмыстан уақытша шеттету, шаруашылық қызметтi тоқтата тұру туралы қаулысын;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы және санитарлық-iндетке қарсы iс-шаралар жүргiзу туралы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзуды жою туралы ұйғарым шығарады.
2. Актiлердің, хаттамалардың, қаулылардың, ұйғарымдардың нысандарын, оларды жасау және беру тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актiлерi жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
4. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қаулылары мен ұйғарымдарының орындалмауына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
14-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жеке немесе заңды тұлғалар жоғары тұрған мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына не сотқа шағымдануы мүмкiн.
15-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық нормалау
1. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық нормалау:
нормативтiк құқықтық актiлердiң негiздемесi бойынша бiрыңғай талаптарды әзiрлеудi және олардың әзiрленуiн бақылауды;
нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеудi (қайта әзiрлеудi), сараптауды, бекiту мен жариялауды;
нормативтiк құқықтық актiлердi зерделеудi, қолдану практикасын қорытындылауды, қолданылуын бақылауды;
халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң бiрыңғай деректер банкiн түзу мен жүргiзудi қамтиды.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттiк жүйесiнің құжаттары санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер, нұсқаулықтар, әдiстемелiк ұсынымдар, әдiстемелiк нұсқамалар мен басқа да құжаттар болып табылады.
3. Санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер Қазақстан Республикасының аумағында жүрген барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
4. Мемлекеттiк органдар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерiне қатысты өздерiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу мен бекiту кезiнде оларды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсуге мiндеттi.
5. Нормативтiк-техникалық сипаттағы санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.
16-бап. Адамның денсаулығына зиянды әсер ететiн өнiмдер мен заттардың жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу
1. Адамның денсаулығына зиянды әсер ететiн өнiмдер мен заттардың мынадай жекелеген түрлерi:
1) халық үшiн ықтимал қауiп төндiретiн, өндiрiске алғаш рет енгiзiлген және бұрын пайдаланылмаған заттар және олардың негiзiнде дайындалған материалдар мен препараттар (бұдан әрi - заттар);
2) Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелiнген, сумен және тамақ өнiмдерiмен араласатын тағамдық қоспалар, бояғыштар, бұйымдар мен материалдар мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген заттар мен жекелеген өнiм түрлерiн мемлекеттiк тiркеу:
1) заттар мен жекелеген өнiм түрлерiнің халық пен тiршiлiк ету ортасы үшiн қауiптiлiгiн сараптамалық бағалау;
2) заттар құрамының, өнiмдердің жекелеген компонентiнiң санитарлық ережелерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн белгiлеу;
3) заттар мен жекелеген өнiм түрлерiн халық пен қоршаған ортаға зиянды әсерiн болдырмау жөнiндегi арнаулы шараларды, соның iшiнде оларды кәдеге асыру мен жою жағдайларын әзiрлеу негiзiнде жүргiзiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған заттар мен жекелеген өнiм түрлерiн мемлекеттiк тiркеу халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен жүргiзiледi.
4. Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етiлген заттар мен өнiмдердiң тiзiлiмi мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялануға тиiс.
17-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
Санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер:
1) өндiрiстiк, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлiк құралдарын күтiп-ұстау мен пайдалануға және жолаушылар мен жүктердi тасымалдау шарттарына;
2) құрылыс салуға жер учаскесiн таңдауға;
3) объектiлердi жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
4) өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдерге;
5) жеке және тұрмыстық мұқтаждарға арналған тауарларға және оларды өндiру технологияларына;
6) тамақ өнiмдерiне, оларды өндiруге, тасымалдауға, сақтауға және сатуға;
7) Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн өнiмге;
8) халықтың қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
9) химиялық заттарды, биологиялық және дәрi-дәрмек заттары мен материалдарын қолдануға;
10) шаруашылық-ауыз суымен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына;
11) қалалық және селолық елдi мекендердегi, өнеркәсiп ұйымдары аумақтарындағы атмосфералық ауаға, өндiрiстiк, тұрғын үйдің және басқа да үй-жайлардың ауасына;
12) топыраққа, қалалық және селолық елдi мекендердiң, өнеркәсiп алаңдарының аумақтарын күтiп-ұстауға;
13) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, зарарсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
14) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету арнайы және емдеу-профилактикалық тамақтану жағдайларына;
15) биологиялық заттармен, биологиялық және микробиологиялық организмдермен және олардың токсиндерiмен жұмыс iстеу жағдайларына;
16) адамға әсер етудiң физикалық факторларының көздерiмен жұмыс iстеу жағдайларына;
17) балалар мен жасөспiрiмдердi тәрбиелеу, оқыту және өндiрiстiк практика жағдайларына;
18) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
19) радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
20) жұмыстар мен қызметтердi ұйымдастыруға, шикiзаттың жаңа түрлерiне, технологиялық жабдықтар мен процестерге, құрал-саймандарға, азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдеріне, құрылыс материалдарына, ион сәулелерiнің көздерiне, ыдысқа, химиялық, биологиялық және дәрi-дәрмек заттарына, орайтын және полимерлiк материалдарға, парфюмерлiк-косметикалық, полиграфиялық өнiм мен кеңiнен тұтынылатын басқа да тауарларға әзiрленетiн нормативтiк-техникалық құжаттамаға (стандарттарға, техникалық шарттарға, рецептiлерге) қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды белгiлейдi.
3-тарау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы жеке тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердәі және
заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
18-бап. Жеке тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Жеке тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы:
1) адамның және оның келешек ұрпағының денсаулық жағдайына терiс әсер етпейтiн факторлары бар қолайлы тiршiлiк ету ортасына;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы сенiмдi ақпаратты, соның iшiнде санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысын уақтылы алуға;
3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы жөнiндегi iс-шараларға қатысу және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшiн қоғамдық бiрлестiктер құруға;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерi жөнiндегi хаттармен, шағымдармен, өтiнiштермен мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға жүгінуге және олардың шешiлуін талап етуге;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу салдарынан басқа жеке адамдардың, жеке кәсiпкерлердің және заңды тұлғалардың кінәсінен олардың денсаулығына немесе мүлкіне келтiрiлген зиянның орнын толтыруға;
6) денсаулығының нашарлау себептерiн анықтау үшiн қажеттi санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысын талап етуге және алуға құқықтары бар.
2. Жеке тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мiндеттерi:
1) өзiнiң денсаулығын және айналасындағы адамдардың денсаулығын күту, өз балаларына гигиеналық тәрбие беру және оларды салауатты өмiр сүруге үйрету жөнiнде қамқорлық жасау;
2) басқа азаматтардың денсаулығын сақтау мен қолайлы тiршiлiк ету ортасына құқықтарын бұзуға әкеп соғатын iс-әрекеттердi жүзеге асырмау;
3) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасы заңдарын сақтау.
19-бап. Жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аумақтың, объектiнің санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйi туралы уақтылы сенiмдi ақпарат алуға;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысуға;
3) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тексерулер жүргiзу жөнiнде мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің органдары мен ұйымдарына жүгінуге құқылы.
2. Жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар өздерi жүзеге асыратын қызметке сәйкес:
1) санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар жүргiзуге;
2) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің, сондай-ақ мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актiлерi мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларының талаптарын орындауға;
3) орындалатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердің және өнiмдердің өндiрiлуi, тасымалдануы, сақталуы және халыққа сатылуы кезiнде қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
4) өз құзыретi шегiнде өндiрiстiк бақылау жасауды, оның iшінде зертханалық зерттеулер мен сынақтарды жүргiзуге, жұмысты орындау мен қызмет көрсету кезiнде, сондай-ақ өнiмдi өндiру, тасымалдау, сақтау және сату кезiнде санитарлық ережелердің сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыруға;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына қауiп төндiретiн авариялық жағдайлар, өндiрiстің тоқтауы, технологиялық процестердiң бұзылуы туралы жаппай және топтық жұқпалы, паразиттiк, кәсiби аурулар мен уланулар пайда болған жағдайда халықты, жергіліктi атқарушы органдарды, Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнің мемлекеттiк органдарын уақтылы хабардар етуге;
6) қызметкерлердi кәсiби және гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге және кәсiби даярлығы бар мамандардың жұмыс iстеуiне рұқсат беруге;
7) зертханада зерттеулер жүргiзу үшiн санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң лауазымды тұлғаларына өнiмдердің, шикiзаттың, тауарлардың, өндiрiстiк ортаның сынамаларын iрiктеп алуға мүмкiндiк беруге;
8) халықтың декреттелген тобының қатарындағы адамдарды, жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарды және түрлi ауру көздерiн таратушыларды, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдi медициналық қараудан өтпегендердi жұмысқа жiбермеуге және жұмыстан шеттетуге;
9) тауарлардың, өнiмдердің, шикiзаттардың санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкес еместiгi анықталған жағдайда оларды сатуға рұқсат бермеуге, сондай-ақ оларды пайдалануға немесе кәдеге асыру мүмкiндiгi туралы шешiм қабылдауға;
10) санитарлық паспорты болуға;
11) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттiк органдарына халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерiне қатысты есепке алу және есептiлiк құжаттамасын тексеруге беруге;
12) шаруашылық және өзге де қызметтi, егер ол халықтың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн болса, тоқтата тұруға мiндеттi.
20-бап. Өндiрiстiк бақылау
1. Өндiрiстiк бақылауды өндiрiсте және өзге де өндiрiстiк-шаруашылық қызмет саласында жұмыс iстейтiн адамдар жүргiзедi және ол өнiмдi өндiру, сақтау, тасымалдау мен сату жұмыстарды орындау мен қызмет көрсету процесiнде санитарлық ережелердiң сақталуы мен санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралардың орындалуына зертханада зерттеулер мен сынақтар жүргiзудi қамтиды.
2. Өндiрiстiк бақылау санитарлық ережелерде және мемлекеттiк стандарттарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Өндiрiстiк бақылауды жүзеге асыратын адамдар оның уақтылы, толық және сенiмдi жүзеге асырылуына жауапты болады.
4-тарау. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
21-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының құрамдас бөлiгi болып табылады, оны санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүргiзедi және:
1) тiршiлiк ету ортасы объектiлерiнің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, халық денсаулығына әсер етуiн кешендi түрде бағалау;
2) жұқпалы, паразиттiк аурулардың шығу және халықтың улану себептерi мен жағдайларын зерттеу;
3) шаруашылық немесе өзге де қызмет процесiнде қабылданған шешiмдердің санитарлық ережелерi мен гигиеналық нормативтерiнің талаптарына сәйкестiгiн бағалау мiндеттерiн шешедi.
22-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзу
1. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының қаулылары немесе ұйғарымдары бойынша әрi жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша жүргiзiледi.
2. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша сараптама жүргiзу үшiн олар қаржыландыруды қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қажеттi құжаттама берiледi.
3. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргiзудің тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелерi бойынша сапасы мен объективтiлiгi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болатын қорытынды бередi.
5. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзу үшiн санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары сараптама объектiсiнiң қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн бағалауды зерделеуге қажеттi материалдарды сұратып алуға құқығы бap.
23-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны тексеру мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелерiнiң негiзiнде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң лауазымды адамдары бередi.