Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан
Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы N 361-II Заңы
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы (4 - 17 баптар)
саласындағы мемлекеттік реттеу
3-тарау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы (18 - 20 баптар)
саласындағы жеке тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің және
заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
4-тарау. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама (21 - 23 баптар)
5-тарау. Санитарлық-індетке қарсы (профилактикалық) (24 - 30 баптар)
іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу
6-тарау. Қорытынды ережелер (31 - 32 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасы халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайын белгілейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) санитарлық-эпидемиологиялық тексеру актiсi - объектiнiң халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкестiгін тексеру нәтижелерi бойынша мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам беретiн құжат;
2) адамның тiршілік етуiне қолайлы жағдайлар - тiршiлiк ету ортасы факторларының адамға зиянды ықпалы жоқ кездегi жай-күйi;
3) зиянды өндiрiстiк фактор - әсерi белгілі бiр жағдайда жұмыс iстеушiнің еңбекке қабiлеттілiгiнің кәсiби тұрғыда, уақытша немесе тұрақты түрде төмендеуiн тудыруы, соматикалық және жұқпалы аурулардың жиiлiгiн арттыруы, денсаулығының бұзылуына әкелуi мүмкiн ортаның және еңбек процесiнiң факторы;
4) адамға зиянды әсер - тiршiлiк ету ортасының адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн әсерi;
5) гигиеналық норматив - тiршiлiк ету ортасының белгiлi бiр факторын адам үшiн қауiпсiздiгi және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан сипаттайтын көрсеткiштiң зерттеулер арқылы белгiленген шектi мөлшердегi ең көп немесе ең аз сандық және (немесе) сапалық мәнi;
6) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау - халықтың денсаулығын сақтау мен тiршiлiк ету ортасын қорғау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарын бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу жөнiндегi қызметi;
7) дезинфекция, дезинсекция және дератизация - өндiрiстiк, тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орындардың үй-жайларында және аумақтарда жүйелi түрде жүргiзiлетiн, жұқпалы және паразиттiк аурулардың қоздырғыштарын, тұрмыстағы жәндiктер мен кемiргiштердi жоюға бағытталған шаралар кешенi;
8) дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық қызмет көрсету - дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдары мен препараттарын дайындауға, өндiруге, өңдеуге және көтерме саудада сатуға байланысты қызмет, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсету түрлерi;
9) халықтың декреттелген тобы - қызмет көрсету саласында жұмыс iстейтiн, айналасындағы адамдарға жұқпалы және паразиттiк аурулар жұқтыру қаупiн көбiрек төндiретiн адамдар;
10) жұқпалы және паразиттiк аурулар - тiршiлiк ету ортасы биологиялық факторларының адамға әсер етуi себептi туындайтын және таралатын адам аурулары;
11) жеке медициналық кiтапша - мiндеттi медициналық қараулардың нәтижелерi енгiзiлетiн, халықтың декреттелген тобының өкiлiне берiлетiн жеке құжат;
12) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiлерi - жеке және заңды тұлғалар, қызметi, қолданылуы мен пайдалануға берiлуi адам денсаулығының жай-күйiне және қоршаған ортаға зиян келтiруi мүмкiн ғимараттар, құрылыстар, өнiмдер және өзге де объектiлер;
13) шектеу iс-шаралары, оның iшiнде карантин - жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған және шаруашылық пен өзге де қызметтің ерекшe режимiн көздейтiн шаралар;
14) улану - тiршiлiк ету ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының қатты немесе созылмалы әсер етуi кезiнде туындайтын адам аурулары;
15) мерзiмдi медициналық қарау - денсаулықтың жай-күйiн ширақ қадағалауды қамтамасыз ету, аурудың бастапқы белгiлерiн дер кезiнде анықтау, жалпы, кәсiби, жұқпалы және паразиттiк аурулардың алдын алу және оларды таратпау мақсатында, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жүргiзiлетiн халықтың денсаулығын қарау;
16) қауіптілігi ықтимал химиялық және биологиялық заттар - белгiлi бiр жағдайларда және белгiлi бiр шоғырлануы адамның немесе адамдардың келешек ұрпақтарына зиянды әсерiн тигiзуi мүмкiн, қолданылуы мен пайдаланылуы санитарлық ережелермен және гигиеналық нормативтермен регламенттелетiн заттар;
17) алдын ала медициналық қарау - жұмысқа алынатын және оқуға түсетiн адамдар денсаулығының жай-күйiн анықтау, жазатайым оқиғалардың, жалпы, кәсiби, жұқпалы және паразиттiк аурулардың алдын алу және оларды таратпау мақсатында қарау;
18) халықтың денсаулығына қауiп төндiретiн өнiм - халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген, оларды қолдану немесе пайдалану кезiнде адамның денсаулығына зиянды әсер етуi мүмкiн өнiмнiң түрлерi;
19) азық-түлiк шикiзаты - тамақ өнiмдерiн дайындау үшiн пайдаланылатын, өсiмдiктен, жануардан алынатын, микробиологиялық, минералды және жасанды түрдегi шикiзат;
20) санитарлық паспорт - мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектiнің, көлiк құралының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкестiгiн растайтын және оларды пайдалануға немесе қолдануға құқық беретiн құжат;
21) санитарлық-эпидемиологиялық нормалау - санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң санитарлық-гигиеналық және iндетке қарсы ережелер мен нормативтердi әзiрлеу, жүйелеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi қызметi;
22) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (бұдан әрiсанитарлық ережелер) - сақталмауы адам өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн, сондай-ақ аурулардың пайда болу және таралу қаупiн туғызатын, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды (соның iшiнде тiршiлiк ету ортасы факторларының адам үшiн қауіпсiздiк және (немесе) зиянсыздық белгiлерiн) белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер;
23) санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар - тiршiлiк ету ортасы факторларының адамға зиянды әсерiн жоюға немесе азайтуға, жұқпалы, паразиттiк аурулардың пайда болуына және таралуына, жаппай улануды болдырмауға және оларды жоюға бағытталған шаралар;
24) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы - тiршiлiк ету ортасының адамға зиянды әсер ету факторлары жоқ және оның тiршiлiк етуiне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етiлетiн кездегi халық денсаулығының жай-күйi;
25) санитарлық-эпидемиологиялық жағдай - белгiлi бiр уақытта белгiлi бiр аумақтағы халықтың денсаулығы мен тiршiлiк ету ортасының жай-күйi;
26) санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды - жобалық құжаттаманың, тiршiлiк ету ортасы факторларының, шаруашылық және өзге де қызметтiң, өнiмдердiң, жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн (сәйкес еместiгiн) куәландыратын құжат;
27) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг - халық денсаулығы мен тiршiлiк ету ортасының жай-күйiн қадағалаудың, оларды талдаудың, бағалау мен болжаудың, сондай-ақ халық денсаулығының жай-күйi мен тiршiлiк ету ортасы факторларының әсерi арасындағы себеп-салдарлық байланысты айқындаудың мемлекеттiк жүйесi;
28) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама - өнiмдердің, жұмыстардың, қызмет көрсетулер мен шаруашылық объектiлерiнің және өзге де қызметтердің санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау мақсатындағы органолептикалық, санитарлық-гигиеналық, эпидемиологиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, радиологиялық және басқа да зерттеулер мен физикалық факторлар өлшемдерінің кешенi;
29) санитарлық-карантиндiк бақылау - ел аумағына жұқпалы және паразиттiк ауруларды, сондай-ақ адам денсаулығына қауiптілігi ықтимал заттар мен өнiмдi кiргiзуге жол бермеу мақсатында өткiзiлетiн, адамдар мен жүктердiң мемлекеттiк шекара арқылы өтуiн бақылау;
30) әлеуметтiк-гигиеналық мониторинг - халық денсаулығының жай-күйi мен қоршаған орта объектiлерiн бақылаудың, олардың арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтаудың, оларды бағалау мен болжаудың мемлекеттiк жүйесi;
31) адамның тiршiлiк ету ортасы (бұдан әрi - тiршiлiк ету ортасы) - табиғи, антропогендiк және әлеуметтiк факторлардың, адамның тiршiлiк ету жағдайын белгiлейтiн ортаның (табиғи және жасанды) жиынтығы;
32) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағыуәкiлеттi орган - азаматтардың денсаулығын қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
33) тiршiлiк ету ортасының факторлары - тiршілік ету ортасының адамға және (немесе) келешек ұрпақ денсаулығының жай-күйiне әсер ететiн немесе әсер ете алатын биологиялық, химиялық, физикалық, әлеуметтiк және өзге де факторлары;
34) iндет - жұқпалы аурулардың әдетте тiркелетiн науқастану деңгейiнен айтарлықтай жоғары жаппай таралуы;
35) эпидемиологиялық маңызды объектiлер - шығаратын өнiмi және (немесе) қызметi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары бұзылған жағдайда халық арасында тамақтан уланулардың және жұқпалы аурулар таралуының пайда болуына әкеп соғуы мүмкiн объектiлер.
2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық- эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің мiндеттерi мен принциптерi
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң мiндеттерi мен принциптерi:
1) азаматтардың денсаулығын сақтауға, тiршiлiк етудiң қолайлы жағдайларына және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа құқықтары мен мiндеттерiн iске асыру;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтің профилактикалық сипаты, тiршiлiк ету ортасы факторларының халық денсаулығына зиянды әсер етуiнiң алдын алу;
3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы жариялылық;
4) санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шараларды орындау және лауазымды, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарын мiндеттi түрде сақтауы;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ететiн iс-шаралардың ғылыми-практикалық негiздiлiгi;
6) Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк;
7) жеке және (немесе) заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарын бұзуы салдарынан адамның немесе бiр топ адамдардың денсаулығына келтiрген залалын өтеу мiндеттiлiгi болып табылады.
2-тарау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесi
Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметi мемлекеттiк органдар, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары кiретiн бiртұтас жүйе болып табылады.
1. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына:
1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган, оның мемлекеттiк шекарадағы және көлiктегi аумақтық бөлiмшелерi;
2) тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар;
3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың бөлiмшелерi жатады.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кiретiн ұйымдар:
1) республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станция;
2) мемлекеттiк шекарада, аумақтарда, көлiкте санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар, санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк ұйымдар;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу ұйымдары;
4) обаға қарсы мемлекеттiк мекемелер болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiн қаржыландыру
1. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi қаржыландыру:
1) республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаты;
2) жеке және заңды тұлғалармен жасасқан шарттар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының жұмыстар мен қызметтер орындағаны үшiн түсетiн қаражаттар;
3) жеке және заңды тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдықтары;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттен:
1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк шекарадағы және көлiктегi аумақтық бөлiмшелерi;
3) республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станция;
4) мемлекеттiк шекарада және көлiкте санитарлық-эпидемиологық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың бөлiмшелерi;
6) обаға қарсы мемлекеттiк мекемелер;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу ұйымдары қаржыландырылады.
3. Жергiлiктi бюджеттерден:
1) тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар;
2) аумақтарда санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар қаржыландырылады.
4. Індетке қарсы күрес мақсатында республикалық және жергiлiктi бюджеттерде арнаулы қаржы-қаражат көзделедi.
6-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылықты жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасында жұқпалы және паразиттiк аурулардың әкелiнуiне және таралуына санитарлық-карантиндiк бақылауды жүзеге асырудың және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық қорғауды қамтамасыз етудің тәртiбiн белгiлейдi;
4) Қазақстан Республикасының аумағында iндет пайда болған кезде халықтың өмiр сүруiнiң және шаруашылық қызметiн жүргiзудiң ерекше жағдайлары мен режимдерiн белгiлейдi;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлейдi;
6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
7) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган:
1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзедi;
2) Қазақстан Республикасының аумағында барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауына мiндеттi, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында шешiмдер қабылдайды;
3) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларын iске асыру бойынша салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
5) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгi (сәйкес еместiгi) туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бередi;
6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер мен бағдарламаларды Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарына сәйкес келтiру туралы талап қояды;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметiне Қазақстан Республикасының аумағында шектеу шараларын, оның iшiнде карантин енгiзу (тоқтату) туралы ұсыныс енгiзедi;
8) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi дамыту жөнiндегi шараларды белгiлейдi;
9) тәртiп орнатады және жұқпалы, паразиттiк, кәсiби және басқа да аурулар мен улануларды тiркеудi жүзеге асырады;
10) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн санитарлық ережелердi, гигиеналық нормативтердi, нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
11) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы құжаттаманың есепке алу, есептiлiгi тәртiбi мен нысанын белгiлейдi;
12) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
13) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялауға жататын қызметтiң түрлерiне лицензиялар бередi;
14) санитарлық-эпидемиологиялық мониторингтi ұйымдастырады және оны өткiзу тәртiбiн белгілейдi;
15) халықтың гигиеналық оқуын өткiзу тәртiбiн белгiлейдi;
16) Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған қауiптiлiгi ықтимал химиялық, биологиялық заттардың тiзiлiмiн жасайды және жүргiзедi;
17) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
8-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi
Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) жергiлiктi бюджеттi әзiрлейдi және олардың аурулардың профилактикасына арналған шығыстар бөлiгiнде атқарылуын және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiнде шешiмдер қабылдайды және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
4) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
5) жұқпалы аурулардың профилактикасы жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыру мен өткiзудi бақылауды жүзеге асырады.
9-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының функциялары
1. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттiк органдары:
1) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асырады;
2) аумақты жұқпалы, паразиттiк аурулардың әкелiнуiнен және таралуынан санитарлық қорғау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады;
3) санитарлық ережелердi, гигиеналық нормативтердi, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен есепке алу мен есептілік нысандарын әзiрлейдi;
4) өз құзыретi шегiнде тамақтан улану, жұқпалы, паразиттiк және басқа да аурулар, оның iшiнде себептерi белгiсiз аурулар кезiнде санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар кешенiн ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы жөнiндегi ұсыныстарды мемлекеттiк органдардың қарауына енгiзедi;
6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы бағдарламаларды әзiрлеуге қатысады;
7) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинггi жүзеге асырады, есепке алу мен статистиканы жүргiзедi;
8) халықтың декреттелген тобына санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi оқытуды ұйымдастырады және салауатты өмiр салтын насихаттауға қатысады;
9) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу және өзге де ұйымдардың қызметiн үйлестiредi;
10) дезинфекцияны, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастырады;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды мемлекеттiк сатып алуды, сақтауды, тасымалдау мен пайдалануды ұйымдастырады;
12) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет үшiн ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге және мамандарды даярлауға тапсырысты жүзеге асырады;
13) санитарлық ережелерге сәйкестiгiне тиiстi құжат бере отырып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының зертханаларын аттестаттауды және сынақ орталықтары мен зертханаларын аккредитациялауды жүргiзедi және ведомстволық өндiрiстiк зертханалардың қызметiне бақылау жасауды жүзеге асырады;
14) адамдарды, тамақ өнiмдерiн, өндiрiстiк шикiзатты, шаруашылық-ауыз суын, химиялық, уытты және радиациялық заттарды тасымалдау үшiн пайдаланылатын көлiк құралдарының санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн тексерудi жүзеге асырады, сондай-ақ оларды пайдалануға келiсiм бередi; көлiк құралының санитарлық талаптарға сәйкестiгi санитарлық паспортпен расталады, оны беру, есепке алу және жүргiзу тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi;
15) мемлекеттiк органдармен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы басқа да мекемелермен өзара iс-қимыл жасайды;
16) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзедi;
17) әлеуметтiк-гигиеналық мониторинг ұйымдастырады және жүргiзедi;
18) халықты аурулар, тiршiлiк ету ортасының жай-күйi және өткiзiлiп жатқан санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар туралы уақтылы хабардар ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары:
1) жұқпалы және паразиттiк аурулардың диагностикасына қатысады;
2) санитарлық-химиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және уытты зертханалық зерттеулердi, шу мен вибрация, электромагниттiк өрiс пен адамның тiршiлiк ету ортасының басқа да факторларын өлшеудi орындайды;
3) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының зертханаларын санитарлық ережелерге сәйкестiгiне аттестаттауды жүргiзуге және сынақ орталықтары мен зертханаларын аккредитациялауға қатысады;
4) жаңа аспаптар мен құрал-жабдықтарды, зертханалық зерттеулер мен өлшемдердiң әдiстемелерiн сынақтамадан өткiзедi және енгiзедi;
5) азаматтар мен заңды тұлғалардың өтiнiшi бойынша шарт негiзiнде сертификаттық зерттеулер мен сараптама жүргiзуге қатысады;
6) дезинфекциялық iс-шаралар жүргiзедi;
7) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзедi;
8) профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық және дезинфекциялаушы) препараттарды сатып алу жөнiндегi бюджеттiк бағдарламаларды, нормативтiк-конкурстық және тендерлiк құжаттамаларды әзiрлеуге қатысады;
9) әлеуметтiк-гигиеналық мониторинг өткiзуге қатысады.
10-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар
1. Осы Заңға сәйкес мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнің лауазымды адамдары: