2) әскери бөлiмдерiндегi жұмыс, оның iшiнде еркiн жалдамалы құрам ретiндегi жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет екi есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласындағы жұмыс - үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласында болған уақыты - екi есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен апарылған адамдардың сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) болған уақыты, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаса - екi есе мөлшерде;
6) заңсыз қылмыстық жауапқа тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру, жер аудару орындарында жазасын өтеу, бас бостандығын шектеу отырып мәжбүрлеп еңбекке тартылған, арнаулы қоныстандыру орындарында ұсталған және психиатрлық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуде болған уақыты - үш есе мөлшерде;
7) Семей сынақ полигонына жапсарлас жатқан аудандардағы 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгi кезеңде жұмыс iстеп, әскери қызмет атқару - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiнгiсi - бiр жарым есе мөлшерде;
8) алапеске және обаға қарсы мекемелерде, иммундық тапшылық вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөнiндегi жұқпалы аурулар мекемелерiндегi жұмыс - екi есе мөлшерде; сот медициналық сараптама мекемелерiндегi және емдеу мекемелерiнiң патология-анатомиялық бөлiмдерiндегi жұмыс - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жұмыс тiзбесi бойынша бiр жарым есе мөлшерде;
9) толық навигациялық кезең iшiнде су көлiгiндегi жұмыс бiр жыл iстеген жұмыс үшiн есептеледi;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсiптiң маусымдық салалар кәсiпорындарындағы толық маусым iшiндегi жұмыс Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзiм бойынша бiр жылғы жұмыс стажына есептеледi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Еңбек стажын растау
1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге Орталықтан зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек стажы еңбек кiтапшасымен расталады.
2. Еңбек кiтапшасы жоқ немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек стажы жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттардың негiзiнде не сот шешімінің негізінде анықталады.
3. Осы Заңның 11-бабының 1-тармағының 5) және 16) тармақшаларына сәйкес қызметтi жүзеге асырған азаматтардың еңбек стажы Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады.
4-тарау. Орталықтан төленетiн зейнетақы
төлемдерiн есептеу
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1; 16.11.99 ж. N 482-1 Заңдарымен 13-бап толықтырылды
13-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн толық көлемiнде есептеу осы Заңның 14-бабына сәйкес белгiленетiн орташа айлық кiрiстiң 60 процентi есебiнен жүргiзiледi.
2. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу жұмыста болған үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшiн орташа айлық табыс негiзге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады.
1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшiн орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi.
3. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн қажеттi еңбек стажынан тыс жұмыс iстеген әрбiр толық жыл үшiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1 процентке өсiрiледi, бiрақ ол зейнетақыны есептеу үшiн ескерiлетiн табыстың 75 процентiнен аспауға тиiс.
4. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің және зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің N 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдардың зейнетақы төлемдері мөлшерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қатарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің 75 процентінен аса алмайды.
14-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн табысты анықтау
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табысқа еңбекке ақы төлеудiң барлық түрлерi және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн өзге де табыстар енгiзiледi.
2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылғы жұмыс iшiндегi табыс қатарынан 36 күнтiзбелiк айдағы жұмыс iшiндегi табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы анықталады.
3. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табыс тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
5-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн
тағайындау
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш беру тәртiбi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы арыз зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн қажеттi стажы мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органға берiледi.
2. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган зейнетақы тағайындау мәселелері бойынша түсiндiрме беруге және азаматтардың тиiстi құжаттарды ресiмделуiне көмек көрсетуге мiндеттi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарауды халықты әлеуметтiк қорғау органы құжаттар табыс етiлген күннен бастап 10 күн мерзiмнен кешiктiрмей жүзеге асырады.
2. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы тиiстi шешiм шығарылғаннан кейiн 5 күннен кешiктiрмей бұл туралы арыз берушiге хабарлайды.
3. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан бас тартылған жағдайда зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы бас тартудың себептерiн жазбаша түрде негiздеп, табыс етiлген құжаттарды арыз берушiге қайтаруға мiндеттi.
4. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға болады.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi зейнетақы тағайындауға өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады.
2. Арыз бен қажеттi құжаттарды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органға бiр мезгiлде берген күн Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш берген күн болып есептеледi.
6-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу
және олардан ұстап алу тәртiбi
18-бап. Орталықтың ұйымдық-құқықтық нысаны
Орталық оралымды басқару құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылады, оның уәкілеттi органын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 19-бап толықтырылды
19-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi өткен ай үшiн төленедi.
2. Осы Заңның 13-бабының 4-тармағымен және 60-бабымен көзделген шектеулер мен жағдайларды ескере отырып, жұмыс iстейтiн зейнеткерлердiң зейнетақыны толық мөлшерiнде алуға құқығы бар.
3. Зейнетақы төлемдерi нотариат куәландырған сенiмхат бойынша төленуi мүмкiн.
20-бап. Өткен уақыт үшiн зейнетақы төлемдерiн алу
1. Есептелген, бiрақ алушы талап етпеген зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн, бiрақ оларды алуға өтiнiш беру алдындағы 3 жылдан аспайтын уақыт үшiн төленедi.
2. Зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын немесе жүзеге асыратын органның кiнәсiнен уақытында алынбаған зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелмей төленедi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 21-бап толықтырылды
21-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезіндегі қателіктер салдарынан артық төленген сомаларды зейнетақы төлемдерін алушының өтініші негізінде ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жасалуы мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жасалады.
3. Зейнетақыдан төленуге тиiстi соманың 50 проценттен астамын ұстап қалуға болмайды.
III Бөлім
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан
зейнетақымен қамсыздандыру
7-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақымен
қамсыздандыруды ұйымдастыру
ҚР 22.12.98 ж. N 328-1 Заңымен 22-бап өзгертілді; ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 22-бап толықтырылды
22-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетiн зейнетақы мөлшерiнен
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерi жеке зейнетақы шоттарында жинақтаған зейнетақы қаражаты бар алушыларға алушының жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда төленедi.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорларына енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерi осы Заңның 9-бабының 1-тармағында және 60-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туған кезде, сондай-ақ егер алушы 55 жасқа толған кезде еңбек қызметiн тоқтатып, оны жүргiзбесе, кем дегенде 35 жыл жарна төлеген мерзiмi, жеткiлiктiлiгiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн жинақталған зейнетақы қаражаты болған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларына енгiзiлген ерiктi зейнетақы жарналарының және заңдарға сәйкес түсетін өзге де қаражаттардың есебiнен зейнетақы төлемдерiн төлеу мынадай жағдайларда:
1) кемiнде 10 жыл кезеңге ерiктi зейнетақы жинақталғанда және 55 жасқа толғанда, тiзбесiн Үкiмет белгiлейтiн азаматтардың белгiлi бiр санаттары үшiн бұл жас 50 жасқа дейiн кемiтiлуi мүмкiн;
2) мүгедектiкке ұшырағанда;
2-1) асыраушысынан, зейнетақы төлемдерін алушыдан айырылғанда.
3) осы Заңның 9-бабының 1-тармағында және 60-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туғанда жүзеге асырылады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлеуді жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетiн зейнетақы төлемдерiне салық заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 23-бап толықтырылды
23-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы жарналарын енгiзу тәртiбi
1. Жеке адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналарын заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк және өзге де қызметпен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке адамдар оларға табыс төленетiн көздерден Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен ұстап қалады.
2. Заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк қызметпен және өзге де қызметпен айналысатын төлем көзiнен мiндеттi зейнетақы жарналарын ұстап қалатын заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке адамдар оларды жинақтаушы зейнетақы қорларына табыстың төленуiмен бiр мезгiлде аударуға мiндеттi.
3. Ерiктi зейнетақы жарналарын салымшы аударады. Ерiктi зейнетақы жарналары үшiншi адамдардың пайдасына аударылуы мүмкiн.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленетiн мiндеттi зейнетақы жарналары үшiншi адамдардың пайдасына төленуге тиiс емес.
5. Салымшының мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорымен мiндеттi зейнетақы жарнасын аударуы туралы зейнетақы шарты болмаған жағдайда осы баптың 2-тармағында аталған адамдар мiндеттi зейнетақы жарналарының ұсталып қалған сомасын мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға мiндеттi.
24-бап. Зейнетақы төлемдерiн алушылардың пайдасына аударылған зейнетақы жарналары туралы мәлiметтер беру
Заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiкпен және өзге де қызметпен айналысатын, мiндеттi зейнетақы жарналарын ұстап қалатын заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке адамдар жинақтаушы зейнетақы қорларында зейнетақы төлемдерiн алушылардың пайдасына аударылған зейнетақылық жарналар туралы мәлiметтер бередi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 25-бап өзгертілді және толықтырылды
25-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерi:
1) зейнетақылық жарналар мен жинақтаушы зейнетақы қорларына және мемлекеттiк емес жинақтаушы қорлардың зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компанияларға төленетiн комиссиялық сыйақыларды шегерiп тастағандағы инвестициялық қызмет есебiнен құралатын инвестициялық кiрiс;
2) заңдарда көзделген басқа көздер есебiнен қалыптасады.
1-1. Заңды және жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне құқығы осы Заңмен көзделген заттық құқықтар разрядына жатады.
2. Салымшының, алушының зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың қарыздары бойынша зейнетақы активтері осы аталған субъектілер таратылғанда және банкротқа ұшырағанда өндіріліп алуға жатпайды.
2-1. Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері тек мына мақсаттарға ғана жұмсалуы мүмкін:
1) тізбесін бағалы қағаздар рыногын реттеу жөніндегі уәкілетті органдар белгілейтін қаржы құралдарына орналастыруға;
2) зейнетақы төлемдерін заңдарға сәйкес жүзеге асыруға;
3) заңдарға сәйкес зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға;
4) қате есептелген зейнетақы жарналарын және өзге де қате есептелген ақшаны қайтаруға.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорларына өзiнiң пайдасына зейнетақы жарналары төленген алушының жинақталған зейнетақы қоры ол қайтыс болған жағдайда заңдарда белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
4. Алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не алушыны жерлеген адамға жинақтаушы зейнетақы қорлары жерлегенi үшiн он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiш шегiнде, бiрақ жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде бiржолы төлем жасайды.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 26-бап өзгертілді және толықтырылды
26-бап. Зейнетақы активтерiн кастодиан-банкте сақтау және есепке алу
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерi кастодиан-банктерде кастодиандық шартқа сәйкес сақталады және шоттарда ескеріледі.
2. Зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компания мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қоры, кастодиан-банк және жинақтаушы зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компания арасында жасалған кастодиандық шарттың талабы болып табылады және зейнетақы активтерiне иелiк етудi қаражатты депозиттерге, мемлекеттiк және корпоративтiк бағалы қағаздар мен тiзбесiн бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiнде уәкiлеттi орган белгiлейтiн басқа да қаржы құралдарына орналастыру арқылы жүзеге асырады.
2-1. Үлгілік кастодиандық шарттың нысанын уәкілетті орган бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісім бойынша әзірлейді және бекітеді.
3. Кастодиан-банк мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiнiң мақсатты орналастырылуына бақылау жасайды және олар заңдарға сәйкес келмеген жағдайларда бұл жөнiнде бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiндегi уәкiлеттi орган мен мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорын дереу хабардар ете отырып, зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компанияның тапсырмаларын жауып тастауға (орындамауға) мiндеттi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін нысаналы орналастырылуына кастодиан-банктің бақылау жасауды жүзеге асыру тәртібін бағалы қағаздар рыногын реттеу жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
4. Кастодиан-банк зейнетақы активтерiн шоғырландыру, оларды орналастыру жөнiндегi, инвестициялық табыс алу жөнiндегi барлық операциялардың есебiн жүргiзедi және жинақтаушы зейнетақы қорын оның шоттарының жай-күйi және зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компанияның қызметi туралы ай сайын хабардар етiп отырады.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорының бiр кастодиан-банкi болуға тиiс.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 27-бап өзгертілді және толықтырылды
27-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары зейнетақы жарналарын өз пайдасына жүзеге асыратын:
1) зейнетақы шартын жасасу үшiн жинақтаушы зейнетақы қорын таңдап алуға;
1-1) уәкілетті орган белгілеген көлемде жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары (акционерлері), зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компания және кастодиан - банк туралы ақпарат алуға;
2) жинақталған зейнетақы қаражаттарының жай-күйi туралы ақпарат алуға;
3) жинақтаушы зейнетақы қорының iс-әрекетiне сот тәртiбiмен шағымдануға;
4) үшiншi адамдардың пайдасына да ерiктi зейнетақы жарналарын төлеудi жүзеге асыруға;
5) зейнетақы шартына және заңдарға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға хақылы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары:
1) зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға және зейнетақы шартына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларының тек біреуіне ғана енгiзуге;
2) жинақтаушы зейнетақы қорларына қордың мiндеттемелерiн орындауына әсер ететiн барлық өзгерiстер туралы өзгерiстер жасалған сәттен бастап 10 күн iшiнде хабарлауға;
3) зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға және зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы төлемдерiн алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Зейнетақы жарналарын өз пайдасына жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерiн алушы зейнетақы жарналарын өз пайдасына жүзеге асыратын салымшының барлық құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ:
1) зейнетақы жасына жетуi бойынша және осы Заңда көзделген өзге де жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы төлемдерiн алуға;
2) өзiнiң жинақтаған зейнетақы қорларын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан екiншiсiне аударуға құқылы, ол күнтізбелік жылына екi реттен аспауы керек;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзi жинақтаған зейнетақы қорын мұра етiп қалдыруға;
4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұру үшiн кеткен жағдайда жинақталған зейнетақы қаражатын алуға құқылы.
2. Зейнетақы төлемдерiн алушы:
1) табыс алуға әкеп соғатын шарт жасасқан ретте өзiнiң дербес зейнетақы шотының нөмiрi мен мемлекеттiк жинақтаушы қорының реквизиттерiн шарт жасалған сәттен бастап 3 күн iшiнде хабарлауға;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының алушы алдындағы мiндеттемелерiн орындауына ықпал жасайтын өзгерiстер туралы жинақтаушы зейнетақы қорына хабарлауға мiндеттi.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 29-бап өзгертілді және толықтырылды
29-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақылық ережелерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) зейнетақы шарттарын өзгерту немесе тоқтату тәртiбiн;
2) зейнетақы жарналары мен төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбi мен ережелерiн;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларының алушылар мен салымшылар алдындағы мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгiн;
4) жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпарат берудi;
5) жинақталған зейнетақы қаражатын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан екiншiсiне аударудың ережелерiн;
5-1) салымшыларға жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары (акционерлері), зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар мен кастодиан-банк туралы мәліметтер беруді;
6) жинақтаушы зейнетақы қорлары, салымшылар мен алушылар арасындағы құқықтық қатынастардың, өзге де ерекшелiктерiн қамтитын зейнетақы ережелерiн белгiлейдi.
2. Зейнетақы ережелерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Зейнетақы ережелерi жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшысы мен ерiктi жарналар алушының мүдделерiне нұқcан келтiрмеуге тиiс.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Салымшының жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасасатын зейнетақы шарты
1. Зейнетақы шарты жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшының арасында үлгiлiк зейнетақы шартына сәйкес жазбаша түрде жасалады.
2. Үлгiлiк зейнетақы шартын уәкiлеттi орган әзiрлеп, бекiтедi және онда мынадай мәлiметтер:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының атауы, заңды мекен-жайы және банктiк реквизиттерi;
2) салымшының тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған жағдайда), әлеуметтік жеке коды, мекен жайы (егер ол жеке тұлға болса) немесе оның атауы, орналасқан жерi және банктiк реквизиттерi (егер ол заңды тұлға болса);
3) шарттың мәнi;
4) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
5) зейнетақы жарналарын енгiзудiң тәртiбi мен шарттары;
6) жеке зейнетақы шотының нөмiрi;
7) жинақтаушы зейнетақы қорының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi жөнiнде есеп беру тәртiбi;
8) тараптардың мiндеттемелердi орындамаған жағдайлардағы жауапкершiлiгi;
9) шарттың қолданылу мерзiмi;
10) шартты өзгертудiң және бұзудың тәртiбi мен ережесi;
11) ерiктi зейнетақы жарналарының алушысы туралы мәлiмет болады.
31-бап. Зейнетақы шарты тараптардың жауапкершiлiгi
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры өзiнiң салымшы мен алушының алдындағы мiндеттемелерi бойынша өз мүлкiмен ғана жауапты болады.
2. Салымшылар мен алушылар жинақтаушы зейнетақы қорларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, дәл сол сияқты жинақтаушы зейнетақы қорлары да салымшылар мен алушылардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
8-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларын
ұйымдастыру
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры
1. Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi болатын жабық акционерлiк қоғам нысанында құрылады.
2. Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерiн бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен бағалы қағаздарға, мемлекеттiк банктердiң депозиттерiне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына орналастыру жолымен инвестициялық қызметтi жүзеге асырады.
33-бап. Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларының түрлерi
1. Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) ашық;
2) корпоративтiк болуы мүмкiн.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорлары алушының жұмыс iстейтiн және тұратын жерiне қарамастан салымшылардан зейнетақы жарналарын қабылдауды жүзеге асырады.
3. Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорлары сол қордың құрылтайшылары және акционерлерi болып табылатын бiр немесе бiрнеше ашық тұлғалардың алушы-қызметкерлерi үшiн құрылады.
4. Алушының заңды тұлғамен - акционермен еңбек шартын бұзуы, корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақы шартын бұзу үшiн негiз болады.
34-бап. Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдық-құқықтық нысаны
Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қоры жабық акционерлiк қоғам нысанында құрылады.
35-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдары мен өкiлдiктерi
Жинақтаушы зейнетақы қорлары уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша филиалдар мен өкiлдiктер ашуға құқылы.
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1 Заңымен 36-бап өзгертілді және толықтырылды
36-бап. Мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлерi
1. Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалар ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және акционерлері бола алады. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары корпоративтік жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және акционерлері бола алады.