Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс
комитетiнiң кейбір мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004
жылғы 28 қазандағы № 1115 қаулысы
(2008.24.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2008.24.04. № 387 қаулысымен 1-тармақтың 3) тармақшасын қоспағанда күші жойылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесiн одан әрi жетілдiру жөніндегі шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi № 1449 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған:
3) Комитеттiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi бекітілсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкiметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1115 қаулысымен
бекiтілген
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң
Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитетi туралы ереже
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2006.27.04. № 333 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитетi (бұдан әрi - Комитет) орталық атқарушы орган құзыретiнiң шегiнде банкроттық рәсiмдердi жүргiзу саласында арнайы атқару және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң ведомствосы болып табылады.
Комитеттің өзiне берiлген өкілеттiктер шегінде дәрменсiз борышкердiң банкроттық рәсiмдерiнiң (банктердi және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), сондай-ақ соттан тыс тарату рәсiмiнiң жүргізуiн бақылауды жүзеге асыру негiзгi мiндетi болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тiлде өз атауы бар мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiде бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде шоттары және Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексiнде, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Комитеттің, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкілетті болса, оның мемлекеттiң атынан азаматтық құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
Комитеттің облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша заңды тұлғалар болып табылатын аумақтық органдары бар.
4. Комитеттiң штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi.
ҚР Үкіметінің 2005.22.10. № 1063 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Комитеттің заңды мекен-жайы: Астана қаласы, Абай көшесi, 20.
6. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті" мемлекеттік мекемесi.
7. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
8. Комитетті ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
9. Комитетке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектілерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетін қызметтi жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттiң функциялары және құқықтары
ҚР Үкіметінің 2006.27.04. № 333 Қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) арнайы атқару:
егер борышкердің жекелеген кредит берушімен немесе өзге тұлғамен жасаған мәмілесі банкроттық туралы іс қозғалғаннан немесе соттан тыс тарату рәсімін өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бір кредит берушінің басқа кредит беруші алдындағы талаптарын артықшылықты қанағаттандыруға әкеп соқса, борышкер оны банкрот деп танығанға дейін не кредит берушілерді таратудың соттан тыс рәсімін өткізу туралы шешім қабылданғанға дейін жасаған мәмілені жарамсыз деп тану туралы өтініш енгізеді;
кредит берушілер комитеті оңалту және конкурстық басқарушылармен жасалатын оңалту және конкурстық басқарушыларды тағайындау тәртібі мен шарттары, олардың кандидатураларына қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде сыйақыға құқығы, дәрменсіз борышкердің істері мен мүлкін басқару «көлігіндегі өкілеттіктер көлемі туралы келісімді келіседі;
лицензиялау туралы заңнамаға сәйкес банкроттық рәсімдерінде төлем қабілеті жоқ борышкерлердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия береді;
борышкерге оңалту рәсімдерін қолдануға келісім береді;
оңалту, конкурстық басқарушыларды және сырттан байқаушы әкімшіні тағайындайды;
кредит берушілер комитетінің құрамын қалыптастырады және бекітеді және дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсімі мен оңалту рәсімінде оның алғашқы отырысын шақырады;
кредит берушілер комитеті оңалту немесе конкурстық басқарушымен, сондай-ақ сырттан байқаушы әкімшімен жасайтын келісімдер жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін қарайды;
оңалту және конкурстық басқарушылар (таратушы) ұсынған конкурстық іс жүргізудің, оңалту рәсімінің және таратудың соттан тыс рәсімінің әкімшілік шығыстары сметасының жобасын келіседі;
оңалту басқарушысының оңалту рәсімінің жүргізілу барысы туралы ағымдағы есептерін қарайды (жасалған мәмілелер туралы ақпаратты талап етеді);
сырттан байқаушы әкімшінің сыртқы байқау рәсімінің жүргізілу барысы туралы ағымдағы есептерін қарайды;
оңалту басқарушысының қорытынды есебін келіседі және оңалту рәсімін жүргізу нәтижелері бойынша қорытынды береді;
оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгінеді;
конкурстық іс жүргізу, оңалту рәсімі кезінде, сондай-ақ сырттан байқау рәсімі кезінде кредит берушілер комитетінің құрамын бекітеді;
кредит берушілер талаптарының тізілімін бекітеді;
кредит берушілер мен оңалту (конкурстық) басқарушылары арасындағы кредит берушілер талаптарының тізіліміне енгізу туралы келіспеушіліктерді қарайды;
конкурстық іс жүргізу мерзімін ұзартады;
конкурстық массаны сату жоспарының жобасын қарайды;
оңалту, конкурстық басқарушылардың және сырттан байқаушы әкімшінің іс-әрекеттеріне шағымдарды қарайды;
өз құзыреті шегінде мониторингіні жүзеге асырады;
кредит берушілер комитеті сырттан байқаушы әкімшімен борышкер мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, нәтижесінде борышкер төлемге қабілетсіз болған сырттан байқау рәсімін енгізгенге дейін жасалған оның мәмілелері мен іс-әрекеттерін анықтау және талдау, мүлікті түгендеу актілері бойынша салыстыру жүргізу жөніндегі іс-шаралар туралы және «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге іс-шаралар туралы жасаған келісімдерді келіседі;
борышкерді оңалту жоспарын мақұлдайды;
оңалту жоспарындағы өзгерістерді келіседі;
оңалту басқарушысының оңалту рәсімінің аяқталғаны туралы мәлімдемесіне қорытынды береді;
сауықтыруға қатысушының оңалту басқарушысымен дәрменсіз борышкерге кредит берушілердің талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету міндеттемесін өзіне алмаған сауықтыруға қатысушының жауапкершілігі туралы келісімін бекітеді;
борышкер мүлкін сату жоспарын келіседі;
тарату теңгерімін және конкурстық іс жүргізу және оңайлатылған банкроттық рәсімдер кезінде кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлікті пайдалану туралы есепті қоса бере отырып, кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін сотқа берілетін конкурстық басқарушының өз қызметі туралы есебін келіседі;
жоқ борышкердің мүлкі болмаған не егер оның құны конкурстық іс жүргізуді өткізуге байланысты әкімшілік шығыстарды жабу үшін жеткіліксіз болған жағдайда конкурстық іс жүргізуді қозғамастан, жоқ борышкерді банкрот деп тануды келіседі;
егер заңды тұлғаны тарату лауазымды және оны білдіруге өкілеттік берілген тұлғалар болмаған кезде конкурстық іс жүргізуді қозғамай жүргізілген жағдайда «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес кредит берушілер талаптарының тізілімін және қорытынды есепті жасауды ұйымдастырады;
жоқ борышкердің мүлкін сатуды ұйымдастырады;
«Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында көзделген өкілеттіктер шеңберінде жүзеге асырылатын дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсімін жүргізу туралы шешім қабылдайды;
2) бақылау-қадағалау:
банкроттық рәсімдерінде және дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсімінде оңалту және конкурстық басқарушылардың қызметін, сондай-ақ сырттан байқау рәсімі кезінде сырттан байқаушы әкімшінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;
«Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда оңалту, конкурстық басқарушыларды және сырттан байқаушы әкімшіні шеттету туралы шешім қабылдайды;
конкурстық сауда-саттықта борышкердің конкурстық массасын сату кезінде жариялылықтың, бәсекелестіктің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
жалған және қасақана банкроттық белгілерін анықтайды;
«Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көрсетілген жағдайлар кезінде жасалған мәмілелерді анықтау жөнінде шаралар қабылдайды;
банкроттық рәсімдерінде дәрменсіз борышкерлердің мүлкі мен істерін басқаруға лицензиясы бар тұлғаларды тіркеп, есепке алуды жүзеге асырады;
төлемге қабілетсіз және дәрменсіз ұйымдардың мониторингін жүзеге асырады;
камералдық бақылауды жүзеге асырады;
банкроттық рәсім, сондай-ақ дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсім тараптарының Қазақстан Республикасының банкроттық саласындағы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
оңалту және конкурстық басқарушылардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген банкроттық рәсімдерін, сондай-ақ дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсімін сақтауын тексеруді жүзеге асырады;
тексеру актісінде көрсетілген нәтижелер негізінде Қазақстан Республикасының банкроттық саласындағы қолданыстағы заңнамасын бұзуды жою мерзімін көрсете отырып, банкроттық саласындағы құқықтық кесімдерді бұзу анықталған кезде оңалту және конкурстық басқарушыларға ұсынымдар шығарады.
ҚР Үкіметінің 2006.27.04. № 333 Қаулысымен 11-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11. Комитет:
1) бұйрықтар шығаруға;
2) оңалту рәсіміне борышкердің өзі бастамашылық жасаған жағдайда, борышкердің мүлкі иесінің немесе ол өкілеттік берген органның қолдаухаты бойынша кредит берушілер комитетінің келісімімен оңалту рәсімін жүргізуді борышкердің басшысына жүктеуге;
3) конкурстық және оңалту басқарушыларына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы және борышкер берген, оның ішінде жалға немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға немесе таратудың соттан тыс рәсіміне бастамашылық жасалғанға дейін үш жыл ішіндегі кезеңде бұрын жасалған мәмілелер бойынша орындауды қамтамасыз етуге берген мүлікті осы мүлікті өтеусіз, нарықтық бағадан едәуір төмен баға бойынша немесе кредит берушілердің мүдделеріне зиян келтіре отырып, жеткіліксіз негізде алған тұлғалардан қайтаруды міндетті талап ету туралы мәлімдеме жолдауға;
4) конкурстық және оңалту басқарушыларына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы және банкроттық туралы іс қозғалғанға немесе таратудың соттан тыс рәсіміне бастамашылық жасалғанға дейін үш жылға дейінгі кезеңде борышкер берген мүлікті алдындағы міндеттемелер басқа кредит берушілердің мүдделеріне зиян келтіре отырып, оларды орындау мерзімі басталғанға дейін орындалып кеткен кредит берушілерден қайтаруды міндетті талап ету туралы мәлімдеме жолдауға;
5) сауықтыруға қатысушыдан растаушы құжаттарды талап етуге;
6) конкурстық, оңалту басқарушыларының не сырттан байқаушы әкімшінің қолдаухаты бойынша конкурстық іс жүргізудің, оңалту рәсімі мен сырттан байқау рәсімінің пайдасына, сондай-ақ кредит берушілердің мүддесін қорғау мақсатында сотқа жүгінуге;
7) оңалту және конкурстық басқарушылардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген банкроттық рәсімдерін, сондай-ақ дәрменсіз борышкерді таратудың соттан тыс рәсімін сақтауына тексеру жүргізуге ұйғарым беруге;
8) тексеруге басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тартуға;
9) сотқа сырттан байқауды енгізу туралы өтініш енгізуге;
10) оңалту басқарушысынан борышкер мүлкіне билік ету жөнінде жасалған мәмілелер туралы ақпарат беруді, ал ол болмаған жағдайда мұндай мәмілелер туралы ай сайын есеп беруді талап етуге;
11) конкурстық іс жүргізу жөнінде қажетті ақпаратты сұрауға құқылы.
3. Комитеттiң мүлкi
12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерімінде көрсетiлетiн өзге де мүліктен құралады.
13. Комитеттің мүлкi республикалық меншiкке жатады.
14. Комитеттiң өзiне бекітілген мүлікті өз бетiнше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
4. Комитеттің қызметiн ұйымдастыру
15. Комитеттi төраға басқарады.
Комитеттiң төрағасын Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Комитет төрағасының санын Үкiмет белгілейтiн орынбасарлары болады. Орынбасарларды Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
16. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді, әрі Комитетке жүктелген міндеттердiң орындалуы мен өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілікте болады.
17. Комитеттің төрағасы:
өзінің орынбасарлары мен Комитеттің аумақтық органдары, құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының міндеттерi мен өкiлеттіктерін айқындайды;
заңнамаға және Қазақстан Республикасы Қаржы министрі бекiтетiн Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жүйесi органдарының қызметкерлерi лауазымдарының номенклатурасына сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
Қазақстан Республикасы Қаржы министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтетiн құрылым мен штат санының лимитi шегiнде штат кестесiн бекiтеді;
заңнамада белгiленген тәртiппен Комитет қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
бұйрықтарға қол қояды;
Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қатынастарда Комитетті білдiредi;
Комитет атынан келісімдер, шарттар және өзге де мәмілелер жасасады;
заңнамаға сәйкес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға Комитет атынан талаптар және талап-арыз ұсыну туралы шешімдер қабылдайды.
18. Комитет қабылдайтын шешімдер Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресімделеді.
5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату
19. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
?кіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1115 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2006.27.04. № 333 Қаулысымен құрылым өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі
Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитетiнiң құрылымы
Басшылық
Ұйымдастыру жұмысы басқармасы
Оңалту, мониторинг және сырттан байқау басқармасы
Банкроттық рәсiмдердiң жүргiзiлуiн бақылау басқармасы
Заң басқармасы
Қазақстан Республикасы
?кіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1115 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2006.27.04. № 333 Қаулысымен тізбе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі
Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитетiнiң
қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
Қаржылық берешектермен жұмыс акционерлік қоғамы жөніндегі орталық