2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6-бап. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Энергетикалық жабдықты пайдалану және оның техникалық жай-күйі, энергия өндіруші ұйымдар (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда), энергия беруші ұйымдар және жүйелік оператор бөлігінде электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган (бұдан әрі - бақылау органы) бақылау субъектілері (объектілері) қызметінің Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан осы Заңға сәйкес - қашықтан бақылау және тексеру, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі мен осы Заңға сәйкес тергеп-тексеру нысанында жүзеге асырады.
2. Бақылау органы мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру, электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңның 6-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Энергетикалық жабдығы бар жеке немесе заңды тұлғалар, энергия өндіруші ұйымдар (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда), энергия беруші ұйымдар және жүйелік оператор бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.
4. Бақылау органы мемлекеттік бақылауды:
1) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына, сондай-ақ энергетикалық жабдықты пайдалану кезінде техникалық және технологиялық нормалардың сақталуына;
2) энергетикалық жабдықты, электр станцияларын, электр желілерін, тұтынушылардың электр қондырғыларын қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуына;
3) электр энергиясын өндірудің, берудің, жабдықтаудың және тұтынудың сенімділігі мен қауіпсіздігіне;
4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуін тексеруден өтпеген жұмыскерлерді электр қондырғыларында жұмыс істеуге жібермеу немесе жұмыстан шеттету бойынша;
5) энергия өндіруші ұйымдардың (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда), энергия беруші ұйымдардың және жүйелік оператордың, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңге даярлығына және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуіне жүзеге асырады.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-1-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6-1-бап. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
1. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының электр энергетикалық кешенінің қауіпсіз, сенімді және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар беретін ақпаратты және ай сайынғы есептілікті;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасын сақтау мәселелері бойынша - оны бұзушылық туралы ақпарат келіп түскен кезде, электр энергетикасы саласындағы бақылау органының сұрау салуы бойынша алынған ақпаратты;
3) электр энергетикасы кәсіпорындары комиссияларының объектілер мен жабдықтың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін бағалау жөніндегі жұмысына қатысу кезінде алынған құжаттамалар мен материалдарды талдау арқылы жүргізіледі.
3. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым дарға, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтыну шыларға қатысты жүргізіледі.
4. Бақылау органы электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды ресімдейді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.
5. Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - қорытындыға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
6. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау органына бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін бақылау органына бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалуы туралы ақпаратты береді.
Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
7. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды жіберген органға бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
9. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде жүргізіледі.
10. Электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау бір жыл ішінде екі реттен асырмай жүргізіледі.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-2-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-2-бап. Қашықтан бақылау
1. Бақылау органы қашықтан бақылауды электр энергиясын өндіру, беру, жабдықтау және тұтыну қауіп сіздігіне, сенімділігіне және сапасына әсер ететін бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау арқылы тұрақты негізде жүргізеді.
2. Бақылау органы қашықтан бақылауды осы баптың 1-тармағына сәйкес бұзушылыққа жол берген бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау және ақпараттық жүйелер, бақылау субъектілері (объектілері) ұсынған есептілік, ашық дереккөздер, бұқаралық ақпарат құралдары деректерінің, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтердің, оның ішінде мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде алынған ақпараттың негізінде жүргізеді.
3. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды жасалады және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бақылау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі.
Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Бақылау органдары қашықтан бақылауды жүргізу шеңберінде:
1) бақылау субъектілерінен (объектілерінен) және олардың лауазымды адамдарынан жазбаша түрде мәліметтер мен құжаттарды не олардың көшірмелерін сұратуға;
2) бақылау нысанасына жататын түсініктемелер алу үшін бақылау субъектілерін шақыруға құқылы.
5. Бақылау субъектілері (объектілері) бақылау органының сұрау салуында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды бақылау органы белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
6. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды екі данада жасалады. Бір данасы бақылау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі, екінші данасы бақылау органында қалады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - қорытындыға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
7. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде, қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органына бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпаратты береді.
Бақылау субъектісі (объектісі) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
8. Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қашықтан бақылауды жүргізген, қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды жіберген бақылау органына қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
Бақылау субъектісі қарсылықта бақылау органына жіберілетін ескертулерді және (немесе) дәлелдерді баяндауға міндетті.
Қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органы қарсылықты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ескертулерді және (немесе) дәлелдерді ескере отырып, қарсылықты қабылдау немесе уәжді негіздемемен қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
9. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау осы Заңға сәйкес бақылау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-3-бап. Электр энергетикасы саласындағы тексерулер
1. Бақылау субъектісін (объектісін) тексеру (бұдан әрі - тексеру) - бақылау органының осы Заңның 6-бабының 4-тармағында көзделген талаптардың сақталуы тұрғысынан бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты қызметі.
Тексеру бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүзеге асырылады, оның нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің (объектісінің) бұзушылықтары анықталған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасалады.
2. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
3. Жоспарлы тексерулер тексеруді тағайындау туралы акт негізінде, жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде бақылау органы бекіткен тексерулердің жылдық тізіміне сәйкес жүргізіледі.
Тексерулердің жылдық тізімі бақылау субъектілерін (объектілерін) негізгі жабдықтың тозу дәрежесі және (немесе) технологиялық бұзушылықтар саны бойынша бөлу ескеріле отырып қалыптастырылады және бақылау органының интернет-ресурсында тексерулер жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешік тірілмей орналастырылады.
Бақылау субъектілері (объектілері) негізгі жабдықтың тозу дәрежесі бойынша:
1) тозуы 50 пайызға дейін болса - қауіп-қатер дәрежесі төмен;
2) тозуы 51-ден 75 пайызға дейін болса - қауіп-қатер дәрежесі орташа;
3) тозуы 75 пайыздан астам болса - қауіп-қатер дәрежесі жоғары болып бөлінеді.
Бақылау субъектілері (объектілері) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес технологиялық бұзушылықтар саны бойынша:
1) II дәрежедегі істен шығулар болғанда - қауіп-қатер дәрежесі төмен;
2) I, II дәрежедегі істен шығулар болғанда - қауіп-қатер дәрежесі орташа;
3) авариялар, I, II дәрежедегі істен шығулар болғанда - қауіп-қатер дәрежесі жоғары болып бөлінеді.
Қауіп-қатердің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, екі жылда бір реттен асырылмай жүргізіледі.
Қауіп-қатердің орташа және жоғары дәрежелеріне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.
Тексерулердің жылдық тізімі әкімшілік дереккөздердің, сондай-ақ ақпараттық құралдардың деректері негізінде автоматты режимде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып қалыптастырылады.
Бақылау органдары автоматты режимде жұмыс істейтін ақпараттық жүйе болмаған кезде тексерулердің жылдық тізімін негізгі жабдықтың тозуы және (немесе) технологиялық бұзушылықтар саны бойынша қауіп-қатер дәрежелерін ескере отырып, дербес қалыптастырады.
Бақылау органы сол бір бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулер тізімін және электр энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін жасаған кезде тексерулер жүргізу кезеңінің бірыңғай мерзімдері белгіленеді.
Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулер жүргізудің жылдық тізімдері тексеру тағайындалған объектілер міндетті түрде көрсетіле отырып қалыптастырылады.
Тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тексерілетін бақылау субъектісі (объектісі) таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгертілген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар мен оларға байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган тексерулер тізімінің нысанын бекітеді.
4. Бақылау органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, бақылау субъектісін (объектісін) не оның уәкілетті адамын, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды тексерудің басталу күнін көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын тексеру жүргізудің басталуы туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
5. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей қатердің алдын алу және (немесе) жою мақсатында нақты бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша бақылау органы тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Бақылау органы, осы баптың 6-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау субъектісіне (объектісіне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы туралы бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеруді жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталардан кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарлауға міндетті.
6. Бақылау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін мыналар негіз болады:
1) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес аварияларды немесе І дәрежедегі істен шығуларды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ісшаралардың орындалуын бақылау;
2) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген іс-шараларды орындамау, оның ішінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат бермеу және (немесе) бұзушылықтарды жоймау;
3) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылық фактісін дәлелдейтін растайтын материалдар қоса берілген жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
4) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес авариялар немесе І дәрежедегі істен шығулар туралы ресми дереккөздерден алынған ақпарат;
5) егер бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп бермесе және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоймаса, жоспарлы тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
6) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің не нұқсан келтіру қатерінің нақты фактілері бойынша прокурордың талабы;
7) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
8) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;
9) жоғары тұрған мемлекеттік орган бірінші басшысының Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты шаралар қабылдау туралы тапсырмасы.
7. Анонимді жолданымдар болған жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 6-4-баппен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6-4-бап. Тексерулерді жүзеге асыру тәртібі
1. Бақылау органының тексеруге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне (объектісіне):
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
2. Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеруді жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды адамдары туралы мәліметтер (қажет болған кезде);
5) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, объектілер тізбесі;
6) тексеру түрі;
7) тексеру нысанасы;
8) тексеруді жүргізу мерзімі;
9) тексеруді жүргізу негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) бақылау субъектісінің (объектісінің) құқықтары мен міндеттері;
12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген лауазымды адамның қолтаңбасы;
13) бақылау субъектісі (объектісі) басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тағайындау туралы акт мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы акт тексеруді тағайындаған бақылау органының тексерулерді тіркеу журналында тіркеледі.
4. Тексеруді тағайындау туралы актіні қолма-қол табыс еткен кезде қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және актіні қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жүзеге асырылады.
Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту оны орындамау және тексерудің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ бақылау органы лауазымды адамдарының тексеру субъектісіне (объектісіне), тексеруді жүргізу үшін қажетті материалдарға, жабдыққа қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
6. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеруді жүргізе алады.
Бұл ретте тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау органының шешімімен өзгеруі мүмкін, бұл туралы бақылау субъектісі (объектісі) ауыстырудың себебі көрсетіле отырып, тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейін хабардар етіледі.
7. Тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ тексеру нысанасы ескеріле отырып белгіленеді және:
1) жоспарлы тексерулерді жүргізу кезінде қауіп-қатердің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілері (объектілері) үшін - жиырма жұмыс күнінен, қауіп-қатердің орташа және төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілері (объектілері) үшін - он бес жұмыс күнінен;
2) жоспардан тыс тексерулерді жүргізу кезінде он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
8. Бақылау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) арнаулы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ жұмыс көлемінің едәуір болуына байланысты тексеруді жүргізу мерзімін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеруді жүргізу мерзімдерін ұзарту тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзарту себебі көрсетіледі.
9. Бақылау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) тексеруді:
1) мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын арнаулы зерттеулер, сынақтар мен сараптамалар жүргізілген жағдайда (қорытынды алынғанға дейін);
2) үшінші тұлғалардан мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған кезде (оларды алғанға дейін);
3) тексеруді жүргізуге кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде бір рет қана тоқтата тұруы мүмкін.
Тексеруді тоқтата тұру тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеруді тоқтата тұру туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және тоқтата тұру себебі көрсетіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тексеруді тоқтата тұру үшін негіздер тоқтатылғаннан кейін тексеру тоқтатыла тұрған мерзімінен бастап қайта басталады.
Тексеруді қайта бастау тексеруді тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеруді қайта бастау туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді қайта бастау күні көрсетіледі.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тоқтата тұру туралы акт және тексеруді қайта бастау туралы акт мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
10. Тексеру нәтижелері бойынша бақылау органының лауазымды адамы (адамдары) - тексеру нәтижелері туралы акт және бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.