Ғылым қорының кейбір мәселелерi туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 ж. 30 қаңтардағы № 113 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 тамыздағы № 529 Қаулысымен күші жойылды
"Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Ғылым қоры туралы ереже бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгiленген тәртiппен Ғылым қорының қаржы активтерiн шоғырландыру үшiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тиiстi шотын ашсын.
3. "Ғылым қорының кейбір мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 24 қыркүйектегi № 1048 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 32, 340-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 30 қаңтардағы
№ 113 қаулысымен
бекітілген
Ғылым қоры туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ғылым қоры туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi және Ғылым қорының (бұдан әрi - Қор) қалыптастырылуы, жұмыс iстеуi және басқарылу мәселелерiн реттейдi.
Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
Қор - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң қазынашылық органдарындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шотында шоғырландырылатын қаржы активтерiнiң жиынтығы;
Қор Кеңесi - осы Ережеде көзделген тәртiппен құрылатын, Қордың қаражатын басқаратын жоғарғы орган;
грант туралы келісім-шарт - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен грант алушы арасында жасалатын келісім-шарт;
грант алушы - осы Ережеде көзделген жобалар мен iс-шараларды iске асыратын және Қор кеңесiнiң шешiмiне сәйкес Қор қаражатынан қаржыландырылатын заңды және жеке тұлғалар.
2. Қор iргелi, бастамашылық және тәуекелдiк зерттеулердi Қорға республикалық бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздерден түскен қаражат есебiнен грант түрiнде мақсатты қаржыландыру үшiн құрылады ("Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы).
3. Қорды басқару мен оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi уәкiлеттi мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырады.
4. Қор өз қызметiнде "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 9 шiлдедегi Заңын және басқа нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алады.
2. Қорды басқару және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету
5. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қорды басқарады, оның iшiнде:
1) Қордан қаржыландырылатын ғылыми зерттеулердің тақырыптарын бекiтедi;
2) Қордан қаржыландырылатын іргелі, бастамашылық және тәуекелдік зерттеулер бағдарламаларын бекiтедi;
3) грант туралы келісім-шарттың үлгi нысанын бекiтедi;
4) Қор қаражатын пайдалану нәтижелері туралы Қазақстан Республикасының Yкіметіне жыл сайын есеп бередi;
5) Қорға сырттай аудит жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
6) белгiленген тәртiппен бекітілген ipгелі, бастамашылық және тәуекелдік зерттеулердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
7) Қор қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылайды;
8) құрамына төраға, оның орынбасары және Кеңес мүшелерi кiретін Қop Кеңесiн қалыптастырады. Қор Кеңесiнiң жеке құрамы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен үш жылдық мерзiмге бекітіледi. Көрсетілген мерзiм өткен соң Қор құрамының кем дегенде үштен бip бөлiгі жаңартылады.
6. Қор Кеңесi:
1) уәкілетті мемлекеттік органға Қор қаражатынан қаржыландырылатын іргелі, бастамашылық және тәуекелдiк зерттеулердің басым бағыттарының тақырыптары жөнiнде ұсыныстар енгізеді;
2) қаржыландыруға конкурстық ірiктеуден өткен жобаларды қабылдайды, жыл сайын жұмыстарды жалғастыру немесе тоқтату жөнінде ұсынымдар енгізеді;
3) осы Ережеде көзделген тәртіппен Қор қаражатын тiкелей басқаруды жүзеге асырады;
4) жыл сайын мемлекеттік уәкілетті органға Қорды басқару және пайдалану мәселелерi жөнiнде ұсынымдар, Қордан қаржыландырылатын ғылыми зерттеулердің, жобалардың және iс-шаралардың орындалуы, Қордың қаржыландыру жоспарының орындалуы мен оның түсімдері және Қорды басқаруға байланысты өзге де мәлiметтер туралы есеп бередi;
5) Қор қаражатынан қаржыландырылатын іргелі, бастамашылық және тәуекелдiк зерттеулер жобалары мен бағдарламаларына конкурстық iрiктеу және сараптамалық бағалау өткізу тәртібі туралы ұсыныстар әзiрлейдi;
6) мемлекеттік және қоғамдық, оның ішінде халықаралық ұйымдардың өзара қарым-қатынасында Қорды бiлдiредi.
3. Қор қаражатын пайдалану тәртібі
7. Қор қаражаты есебiнен қаржыландыру үшiн мәлімделген жобаларды даярлау, бағалау және iрiктеу жөніндегі іс-шараларды Қор Кеңесi жүзеге асырады.
8. Қор қаражаты есебiнен қаржыландыру үшiн мәлімделген жобаларды даярлау, бағалау мен іріктеу жөнiндегі іс-шараларға әдістемелік жетекшілікті үйлестірудi Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырады.
9. Іpгелі, бастамашылық және тәуекелдік зерттеулерді Қорға республикалық бюджеттен түсетiн қаражат есебiнен грант түрінде қаржыландыруға берiлетiн өтінiмдер нысанын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі белгiлейдi.
10. Конкурстық ірiктеу және Қазақстан Республикасының Бiлім және ғылым министрлiгі ұйымдастыратын тәуелсіз мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы негізінде Қордан қаржыландыруды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүргізеді.
11. Конкурстық іргелі, бастамашылық және тәуекелдік зерттеулер жобалары мынадай өлшемдерді ескерумен бағаланады.
1) жобаның белгiленген тәртiппен бекітiлген іргелi, бастамашылық және тәуекелдік зерттеу бағдарламаларының басымдықтарына, негізгі бағыттарына сәйкес келуi;
2) жоспарланған зерттеулердiң жаңалығы, өзектілігі, жинақтылығы және практикалық маңыздылығы (жаңа техника мен технологиялар жасауға бағытталуы), олардың Қазақстан Республикасында, тану және алыс шет елдерде бұрын жүргізiлген {жүргiзiлiп жатқан) ұқсас зерттеулерден айырмашылығы;
3) шешу жолдары мен күтілетін нәтижелердiң зерттеу міндеттеріне сәйкестігі;
4) ғылыми негiздеменiң (негізгi жарияланымдар, авторлық куәлiктер, патенттер және т.б.) болуы;
5) орындаушылар ұжымының біліктiлiгi мен қойылған міндетті орындауға оның тәжiрибесiнiң (кадр құрамы, жоба тақырыбы бойынша жарияланымдар, соңғы 3 жылдағы ғылыми зерттеулер нәтижелерi сәйкестігі;
6) зерттеулердің ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуiнің болуы;
7) сұралып отырған қаржыландырудың негіздемесі.
12. Жобаларды конкурстық ірiктеу нәтижелері бойынша шешімді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі құратын конкурстық комиссия қабылдайды және хаттама түрiнде ресiмдейдi.
13. Конкурстық ірiктеуден өткен жобалар бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен грант алушы арасында грант туралы келісім-шарт жасалады. Жұмыстарды қаржыландыру бір жылға ашылады.
14. Грант туралы келісiм-шарт міндетті түрде грантты пайдаланудың мақсаты мен шарттарын, грант алушының Қор Кеңесiне ғылыми зерттеулердің орындалу барысы, олардың нәтижелерi туралы есеп беру міндетін, грантты пайдалану тәртібiн және грант туралы үлгілік келісім-шарттың өзге де негізгі шарттарын көздеуі қажет.
Грант алушы Қор Кеңесiне Қордан қаржыландырылатын, iске асырылатын жоба немесе iс-шаралар бойынша тоқсан сайын есеп бередi.
4. Қорды қалыптастыру және пайдалану туралы есеп беру
15. Қор қаражатын есептеудi Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырады.
16. Қор Кеңесi жыл сайын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне Қорды басқару нәтижелерi туралы есеп бередi.
17. Қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепте мынадай мәлiметтер болуы тиiс:
1) есептiк кезеңдегi Қордың түсiмдерi мен қаражаттық шығындары туралы;
2) жобалар мен iс-шаралар тiзбесi және олардың есептiк кезеңдегi қысқаша нәтижелерi;
3) өзге де қажеттi мәлiметтер.
18. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша есептер белгiленген тәртiппен Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу институтында мемлекеттік тiркеуден өтедi.