3. Кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде кеден органы кедендік декларациядағы ақпараттарды тексеру мақсатында тұлғалардан жазбаша түрде барлық құжаттар мен мәліметтерді сұратып алуға құқылы.
4. Іріктеп тексеру негізінде кеден органдарының құжаттар мен мәліметтерді тексеруіне жол беріледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. 442-баптың 3-тармағына сәйкес қосымша құжаттар мен мәліметтер сұрату және оларды тексеру, егер осы Кодексте тікелей өзгеше көзделмесе, тауарларды шығаруға кедергі жасамауға тиіс.
443-бап. Ауызша пікір сұрау
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік ресімдеуді жүргізу, алдын ала операциялар мен өзге де кедендік рәсімдер кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары тұлғалардан ауызша пікір сұрауға құқылы, аталған тұлғалардан мұндай пікір сұрау нәтижелері жазбаша нысанда ресімделмейді.
444-бап. Түсіндірмелер алу
Түсіндірмелер алу - кеден органдары лауазымды адамдарының декларанттардан және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді білетін өзге де адамдардан кеден ісі саласындағы қажетті ақпаратты алуы.
Түсіндірме жазбаша нысанда ресімделеді. Адамды түсіндірме алу үшін шақыру туралы хабарламаға тиісті кеден органының басшысы қол қояды және шақырылған адамға қол қойғызып алу арқылы тапсырылады.
445-бап. Кедендік қадағалау
Кедендік қадағалау - кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарының тасымалдануын, олармен жүк және өзге де операциялардың жасалуын көзбен шолып, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып бақылауы.
446-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру
1. Кеден органы лауазымды адамдарының тауарлар мен көлік құралдарын, оның ішінде халықаралық почта жөнелтімдерін, жеке тұлғалардың багажын қарауы кедендік бақылаудағы тауарлардың сипаты, шығарылған жері, жай-күйі, мөлшері туралы, тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүк тиелетін бөліктерінде кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа да қондырылған бірдейлендіру құралдарының бар екендігі туралы мәліметтерді растау үшін жүзеге асырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру - егер мұндай тексеру көлік құралы мен оның жүк тиелетін бөліктерін ашумен және тауарлардың орамаларын бұзумен байланысты болмаса, кедендік бақылау мақсаттары үшін тауарларды, жеке тұлғалардың багажын, көлік құралдарын, жүкке арналған ыдыстарды, кедендік пломбалардың, мөрлердің және өзге де тауарларды бірдейлендіру құралдарының бар-жоқтығын сырттай көзбен тексеру.
3. Кедендік бақылау аймағында тауарлар мен көлік құралдарын тексеру декларант, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері тексеру кезінде қатысуға тілек білдіретін жағдайларды қоспағанда, аталған адамдардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
4. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру нәтижелері бойынша кеден органдарының лауазымды адамдары, егер мұндай тексерудің нәтижелері кедендік мақсаттарда пайдаланылатын болса, белгіленген нысан бойынша акт жасайды. Кеден органының лауазымды адамдары тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамның талабы бойынша акт жасауға міндетті. Кедендік қарау жүргізілгендігі туралы актінің екінші данасы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамға тапсырылады.
447-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау
1. Кедендік тексеріп қарау - кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың орамаларын немесе көлік құралының жүк тиелетін бөліктерін не ыдыстарды, контейнерлерді және тауарлар бар немесе болуы мүмкін өзге де орындарды ашумен байланысты тауарлар мен көлік құралдарына қатысты іс-әрекеті.
Кедендік тексеріп қарау тауарларды кедендік мақсаттар үшін бірдейлендіру, мәлімделетін мәліметтердің дұрыстығын анықтау не Қазақстан Республикасының кеден заңдарын бұзу туралы ақпарат болған кезде мұндай ақпаратты тексеру, сондай-ақ іріктеп тексерудің негізінде кедендік бақылау жүргізу мақсатында жасалады.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, декларант, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлғалар және олардың өкілдері өздерінің бастамасы бойынша тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау кезінде қатысуға құқылы.
3. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттігі бар декларант немесе өзге тұлғалар және олардың өкілдері кеден органы лауазымды адамдарының талабы бойынша тауарлар мен көлік құралдарын тексеріп қарау кезінде қатысуға және кеден органының лауазымды адамдарына қажетті жәрдем көрсетуге міндетті. Тасымалдаушы арнайы уәкілеттік берген өкіл болмаған жағдайда, көлік құралын басқаратын жеке тұлға осы міндетті атқарушы болып табылады.
4. Кеден органы декларант, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері болмаған кезде, мынадай жағдайларда:
1) аталған адамдар тауарлар мен көлік құралдары тапсырылғаннан кейін он күн өткен соң келмеген жағдайда;
2) ұлттық қауіпсіздікке, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени игілігін сақтауға қауіп болған жағдайда және кейінге қалдыруға болмайтын өзге де жағдайларда;
3) тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберген кезде;
4) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағында кедендік режимді бұза отырып қалдырған жағдайда тауарлар мен көлік құралдарына кедендік тексеріп қарау жүргізуге құқылы.
Аталған жағдайларда тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі және уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша кедендік тексеріп қарау актісі ресімделеді.
5. Егер кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардың бір бөлігі бір атаудағы тауарлар ретінде кедендік тексеріп қарауға ұшыраған болса, онда мұндай тексеріп қараудың нәтижелері кедендік декларацияда көрсетілген осындай барлық тауарларға қолданылады.
6. Кедендік тексеріп қараудың нәтижелері бойынша екі дана етіп акт жасалады. Кедендік тексеріп қарау жүргізілгендігі туралы актіде мынадай мәліметтер:
1) кедендік тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды тұлғалары мен оны жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
2) декларанттың, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамның қатысуынсыз кедендік тексеріп қарау жүргізудің себептері;
3) кедендік тексеріп қараудың нәтижелері көрсетіледі.
Актінің екінші данасы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамға не оның өкіліне тапсырылады.
448-бап. Жеке тексеріп қарау
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кедендік бақылаудың ерекше нысаны ретіндегі жеке тексеріп қарау Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін не кедендік бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектілері болып табылатын тауарларды өзінде жасырып, бермей тұр деп ойлауға жеткілікті негіздер болған жағдайда, кеден органы басшысының , оны алмастырушы адамның не Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункті уәкiлетті лауазымды адамының жазбаша шешімі бойынша жүргізіледі.
Жеке тексеріп қарау жүргізуге байланысты рәсімді және жеке тексеріп қарауды рәсімдеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Жеке тексеріп қарау басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаға кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімін көрсетуге, жеке тұлғаны мұндай тексеріп қарауды жүргізу кезіндегі құқықтарымен таныстыруға және жасырған тауарларын өз еркімен беру туралы ұсыныс жасауға міндетті.
3. Кеден органы лауазымды адамының жеке тексеріп қарау жүргізу кезіндегі іс-әрекеті жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмеуге тиіс.
4. Өзіне қатысты жеке тексеріп қарау жүргізіліп отырған жеке тұлғаның:
1) жеке тексеріп қарау жүргізу басталғанға дейін оны жүргізу тәртібімен және жеке тексеріп қарау жүргізу туралы шешіммен танысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектілері болып табылатын өзінде жасырған тауарларын өз еркімен беруге;
3) жеке тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамының жеке тексеріп қарау жүргізу туралы хаттамаға міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
4) жеке тексеріп қарау жүргізудің нәтижелерімен және іс жүргізу құжаттарымен танысуға;
5) жеке тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға;
6) адвокаттың қызметтерін пайдалануға құқығы бар.
5. Өзіне қатысты жеке тексеріп қарау жүргізілген жеке адамға жеке тексеріп қараудың жүргізілгені туралы хаттаманың көшірмесі, тауарлардың алынып қойғаны туралы акті беріледі.
6. Жеке тексеріп қарауды тексеріліп қаралатын адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді. Бұл үй-жайға басқа жеке тұлғалардың енуіне және олардың тарапынан жеке тексеріп қараудың жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс. Тексеріп қаралатын адамның дене органдарын тексеріп зерттеуді маман-дәрігер, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып жүргізуге тиіс.
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, маман-дәрігердің кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімін орындаудан жалтаруға құқығы жоқ.
7. Жеке тексеріп қараудың жүргізілгендігі туралы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша хаттама жасалады.
Хаттамаға - жеке тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды адамы, өзіне қатысты тексеріп қарау жүргізілген жеке тұлға, куәгерлер, ал тексеріп зерттеу жүргізілген кезде - дәрігер қолдарын қояды.
449-бап. Тауарларды арнаулы таңбалармен таңбалау, оларға бірдейлендіру белгілерін қою
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кеден органдары кедендік бақылауды тауарларда (олардың орамаларында) арнаулы таңбалардың, бірдейлендіру белгілерінің немесе оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелудің заңдылығын растау үшін пайдаланылатын тауарларды белгілеудің өзге де тәсілдерінің болуын тексеру жолымен жүзеге асырады.
2. Тауарларда арнаулы таңбалардың, бірдейлендіру белгілерінің немесе тауарларды белгілеудің өзге де тәсілдерінің болмауы, егер өзінен мұндай тауарлар табылған адам, декларант не өзге де мүдделі адам басқаша дәлелдей алмаса, Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды кедендік ресімдеу мен шығару жүргізілмей жүзеге асырылған тауарлар әкелу ретінде қаралады.
450-бап. Тауарлардың және көлік құралдарының есебі мен олар бойынша есептілік жүйесін тексеру
1. Кедендік бақылаудың нысаны ретіндегі тауарлардың және көлік құралдарының есебі мен олар бойынша есептілік жүйесін тексеру мынадай жағдайларда:
1) тұлға осы Кодекстің ережелеріне сәйкес кедендік ресімдеудің оңайлатылған рәсімдерін қолдану туралы мәлімдеген кезде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен есепке алынуға тиіс тауарларды шартты түрде шығарған кезде;
3) кеден брокерлері, кедендік тасымалдаушылар ретіндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ жекелеген кедендік режимдер шеңберінде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты;
4) кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тексеру кезінде қолданылады.
2. Осы бапта көрсетілмеген жағдайларда, есеп пен есептілік жүйесін тексеру кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметті тексеруді пайдалана отырып кедендік бақылау жүргізу кезінде іске асырылуы мүмкін.
451-бап. Тауарлар мен көлік құралдарының есебін жүргізу
1. Шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлік құралдарын, тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары белгіленген тауарларды бақылауды қамтамасыз ету мақсатында кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау кезінде тұлғалар беретін мәліметтер негізінде, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысандарда Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарының есебін жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының аумағында шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлік құралдарын пайдаланатын тұлғалар және осы Кодексте белгіленген өзге де тұлғалар олардың есебін жүргізуге және кеден органдарына уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептілік тапсыруға міндетті.
452-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден бақылауын жүргізу мақсатында кеден органының лауазымды адамдары қызметтік куәлігін және кеден органының басшысы қол қойған нұсқаманы көрсеткен кезде, кедендік бақылауға жататын тауарлар мен көлік құралдары, кедендік бақылау үшін қажетті құжаттар болатын, не болуы мүмкін, не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты қызмет жүзеге асырылатын аумақ пен үй-жайларға (тексеріп қарау мен тінту жүргізу құқығынсыз) кіруге құқығы бар.
2. Кіруге прокурор рұқсат ететін тұрғын үй-жайларды қоспағанда, аумаққа және үй-жайға кіргізуден бас тартқан жағдайда кеден органдарының лауазымды адамдары, аумаққа және үй-жайға екі куәгердің қатысуымен қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кіруге құқылы. Үй-жайларға қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кірудің барлық жағдайлары туралы кеден органдары жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды хабардар етеді. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақ пен үй-жайларға кіруіне қарсылық көрсеткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Кейінге қалдыруды күттірмейтін жағдайларда прокурордың рұқсаты талап етілетін әрекеттер рұқсатсыз да, бірақ кейіннен прокурорды жиырма төрт сағаттың ішінде жазбаша хабардар ете отырып жүргізілуі мүмкін. Прокурор аталған хабарламаны алғаннан кейін жүргізілген әрекеттердің заңдылығын тексереді және олар заңсыз болған жағдайда күшін жояды немесе тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды өз қаулысымен тоқтатады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруінің арнаулы тәртібі белгіленсе, онда мұндай объектілерге кіру осы заң актілерінде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
4. Кедендік бақылаудағы, оның ішінде шартты түрде шығарылған тауарлардың бар екендігін растау мақсатында жүргізілетін үй-жайлар мен аумақтарды тексеру уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, бос қоймаларда, арнаулы экономикалық аймақтарда, бажсыз сауда дүкенінің үй-жайларында, сондай-ақ осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдердің немесе кедендік режимдердің шарттарына сәйкес тауарлар болуы тиіс тұлғаларға жүргізіледі. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру тауарлардың жоғалғаны, оларды иеліктен айырғандығы не оларға осы Кодексте белгіленген талаптар мен шарттарды бұза отырып өзге де тәсілмен билік етілуі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеру үшін, сондай-ақ іріктеп тексеру негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген тұлғалардың үй-жайлары мен аумақтарын тексеруді кеден органдары осындай үй-жайларда немесе аумақтарда Қазақстан Республикасының кедендік аумағына осы Кодексте көзделген тәртіпті бұза отырып әкелінген тауарлардың бар екендігі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеріп шығу үшін жүргізеді. Тексеру нәтижелері жөнінде уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша акт жасалады, оның екінші данасы тексеру жүргізілген тұлғаға беріледі.
6. Үй-жайлар мен аумақтардың осы Кодекстің 89 104, 130, 145, 246-баптарында белгіленген бағалау талаптары мен шарттарына сәйкестігін анықтау үшін тексеруді де кеден органдары жүзеге асырады. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша қорытынды жасалады.
58-тарау. Кедендік сараптама
453-бап. Кедендік сараптама тағайындау
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кедендік сараптаманың мақсаты Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың сапалық құрамын анықтау үшін, олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес дұрыс жіктелуі, сондай-ақ құжаттардың және бірдейлендіру құралдарының түпнұсқалығын тексеру үшін зерттеу жүргізу болып табылады.
2. Кеден органдары:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүзеге асырған;
2) алдын ала шешім қабылдаған;
3) кеден ісі саласында құқық бұзушылықтар анықталған жағдайларда кеден органдары лауазымды адамдарының тауардың сапалық құрамын айқындауы мүмкін болмаған кезде кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тауарлар, кедендік және өзге де құжаттардағы тауарлар туралы мәліметтер, бiрдейлендiру құралдары кедендік сараптамалардың объектілері болып табылады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Кедендік сараптаманы кедендік зертханалардың мамандары жүргізеді.
Кедендік сараптаманы жүргізу үшін:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау сатысында немесе алдын ала шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштері бойынша - кедендік сараптамаға жолдама;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша - кедендік сараптама тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым негіз болып табылады.
Жолдамада, қаулыда не ұйғарымда:
1) кедендік сараптама жүргізу үшін негіздеме;
2) кедендік сараптама жүргізілуге тиіс кеден зертханасының атауы;
3) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
4) сарапшының қарауына берілетін материалдар көрсетіледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамы декларантты кедендік сараптама тағайындау туралы жолдамамен, қаулымен не ұйғарыммен таныстыруға, осы Кодекстің 375, 376-баптарында көзделген құқықтар мен міндеттерді түсіндіруге міндетті. Жолдамаға, қаулыға не ұйғарымға танысқандығы туралы белгі соғылады және декларант қол қояды.
454-бап. Кедендік сараптама жүргізу тәртібі
1. Кедендік сараптама кеден зертханасының үй-жайында да, егер бұл зерттеу сипаты бойынша қажет болса не зерттеу объектісін сараптауға жеткізу мүмкін болмауына байланысты, одан тысқары жерлерде де өткізіледі. Сарапшы кеден зертханасы басшысының жазбаша өкімі бойынша ғана кедендік сараптаманы жүргізуге кіріседі.
2. Кедендік сараптаманың нәтижесі бойынша сарапшының қорытындысы беріледі.
3. Кедендік сараптаманы кеден зертханаларында жүргізу тәртібін және қорытынды нысанын уәкілетті орган бекітеді.
455-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшы:
1) егер қойылған мәселелер өзінің құзыретіне жатпаса, сараптама жүргізуден бас тартуға;
2) өзінің құзыретіне кірмейтін сұрақтарға жауап беруден бас тартуға;
3) кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша материалдар табыс ету туралы өтініш беруге құқылы.
2. Сарапшы:
1) кедендік сараптамаға қатысты материалдармен танысуға;
2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кедендік сараптама мәселелері бойынша консультациялар беруге;
3) бұл тұрғыда мәселе қойылмаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы ой-пікірін қорытындыға енгізуге;
4) кедендік сараптамаға ұсынылған тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне зерттеу жүргізуге және зерттеулердің нәтижелерін толық, жан-жақты және объективті бағалау негізінде қорытынды беруге;
5) іс жүргізуінде немесе қарауында кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар туралы іс бар тұлғаның шақыруы бойынша өзі берген қорытындыны түсіндіру немесе толықтыру үшін келуге;
6) кедендік сараптама нәтижесінде алынған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
3. Өзінің міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
456-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшы қорытындыны жазбаша нысанда өзінің атынан береді.
2. Сарапшының қорытындысында өзі жүргізген зерттеулер және қойылған сұрақтарға негізді жауаптары жазылады.
3. Күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда кеден зертханасы басшысының шешімі бойынша комиссиялық сараптама жүргізіледі, ол бір мамандықтағы бірнеше сарапшыға тапсырылады. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған кезде олардың әрқайсысы немесе бір бөлігі жеке қорытынды беруге құқылы.
4. Кедендік сараптамаларды өз құзыреттерінің шегінде әр түрлі мамандықтағы сарапшылар жүргізу қажет болған жағдайда, кешенді сараптама тағайындалады. Әр сарапшы қорытындының өзі кедендік сараптама жүргізген бөлігіне қол қояды.
5. Табыс етілген материалдар бойынша қорытынды беру мүмкін болмаған кезде сарапшы кеден сараптамасын тағайындаған кеден органына бұл туралы, бас тарту дәлелін көрсете отырып, жазбаша хабарлайды.
457-бап. Қосымша және қайталап жүргізілетін кедендік сараптама
1. Қосымша кедендік сараптама жаңадан ашылған жағдайлар бойынша тағайындалады. Қосымша кедендік сараптама жүргізу бастапқы сараптаманы орындаған сарапшыға немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
2. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама алдыңғы қорытындыға декларант шағымданған жағдайларда сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптаманы тағайындау кезінде жолдамада немесе қаулыда алдыңғы сараптама нәтижелерімен келіспеу себебі көрсетілуге тиіс.
3. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама бойынша іс жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
458-бап. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу
1. Кеден органдары кеден зертханаларында сараптама жүргізу мақсатында тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы.
2. Сынамалар мен үлгілер оларды іріктеп алу нормаларын көздейтін нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде алынады. Кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша акт жасалады.
3. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысады. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кезінде жәрдем көрсетуге, оның ішінде сынамалар мен үлгілер іріктеп алу үшін қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жүзеге асыруға міндетті.
Тауарлар берілгеннен кейін күнтізбелік он күннен соң декларант келмеген жағдайда, сондай-ақ кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар кезінде кеден органдары декларант жоқ кезде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы акт жасай отырып, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Сынамалар мен үлгілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жойылуға немесе кәдеге жаратылуға жататын жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптама аяқталған соң сынамалар мен үлгілер декларантқа қайтарылады.
2009.17.07 № 188-IV ҚР Заңымен 59-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
59-тарау. Кеден ісі саласындағы сыртқы
экономикалық және өзге де қызметке
қатысушыларды кеденнен кейінгі бақылау
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді; 2009.17.07 № 188-IV ҚР Заңымен 459-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
459-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды кеденнен кейінгі бақылау
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды кеденнен кейінгі бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Тексерулер жүргізудің түрлері, негіздері, мерзімдері мен тәртібі «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
3. Кеденнен кейінгі бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 459-1- баппен толықтырылды
459-1-бап. 2009.17.07 № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен 460-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.17.07 № 188-IV ҚР Заңымен 460-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
460-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды бақылау
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды бақылау - кеден органы тауарлар мен көлік құралдарын жібергеннен кейін:
1) камералдық бақылау жүргізу;
2) сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылардың қызметі туралы мәліметтерге мониторинг жүргізу;