2. Бірдейлендіру пломбылар қою, мөр басу, санмен, әріппен және өзге де таңба қою, бірдейлендіру белгілерін салу, мөртабандар қою, сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу, тауарларды егжей-тегжейлі сипаттап жазу, сызбалар жасау, масштабтық бейнелер, фотосуреттер, иллюстрациялар жасау, тауардың ілеспе құжатын және өзге де құжаттаманы пайдалану жолымен және өзге де тәсілдермен жүргізіледі.
3. Бірдейлендіру құралдарын қолдану және дайындау тәртібін, сондай-ақ олардың стандарттарын уәкілетті орган белгілейді. Кедендік мақсаттар үшін бірдейлендіру құралдары ретінде пломбылар, мөрлер немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетел мемлекеттерінің кеден органдары қойған өзге де бірдейлендіру құралдары танылуы мүмкін.
4. Тауарлар мен көлік құралдары жойылуының, қайтарымсыз жоғалуының немесе елеулі түрде бүлінуінің нақты қаупі болу жағдайларын қоспағанда, бірдейлендіру құралдарын тек кеден органдары өзгертуі, алып тастауы немесе жоюы мүмкін немесе бұл олардың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Кеден органына бірдейлендіру құралдарының өзгерістері, алынып тасталуы немесе жойылуы туралы тез арада хабарланады және аталған қатердің бар екендігіне дәлелдеме беріледі.
477-бап. Кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын түгендеу
Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына, сондай-ақ оларға қатысты кедендік төлемдер және салықтар төленбеген немесе кедендік төлемдер және салықтар бойынша жеңілдіктер берілген тауарларға кез келген уақытта түгендеу жүргізуге құқылы.
478-бап. Тұлғалардың кедендік бақылау жүргізу уақытының ең қысқа кезеңі туралы талаптарды сақтауы
Тұлғалар кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті ең қысқа уақыт кезеңі туралы талаптарды сақтауға міндетті. Тұлғаға өзінің осындай талаптарды сақтамауының салдарынан келтірілген зиян өтелуге жатпайды.
479-бап. Кедендік бақылау жүргізу кезінде заңсыз зиян келтіруге жол бермеушілік
Кедендік бақылау жүргізу кезінде тасымалдаушыға, декларантқа, олардың өкілдеріне, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының, бос қоймалардың иелеріне, бажсыз сауда дүкендерінің иелеріне және кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының әрекеттері (әрекетсіздігі) және шешімдері мүдделеріне әсер ететін өзге де тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына заңсыз зиян келтіруге жол берілмейді.
13-Бөлім. Валюталық және экспорттық бақылау
саласындағы кедендік бақылау
62-тарау. Кеден органдарының валюталық бақылау
саласындағы функциясы
480-бап. Кеден органдарының валюталық бақылау саласындағы функциялары
Кеден органдары өз өкілеттіктерінің шегінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде Қазақстан Республикасы валюталық заңдарының сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді.
481-бап. Кеден органдарының валюталық бақылау саласындағы өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын сақтау мақсатында кеден органдары:
1) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тауарлардың және көлік құралдарының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы қозғалысы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді;
3) кеден органдары анықтаған Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін және екінші деңгейдегі банктерді хабардар етеді.
63-тарау. Кеден органдары жүзеге асыратын
экспорттық бақылау
482-бап. Экспорттық бақылау органы ретіндегі кеден органы
1. Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз құзыреті шегінде экспорттық бақылау саласындағы реттеуді жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз құзыреті шегінде экспорттық бақылау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді шығару жолымен кеден органдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындайды.
483-бап. Кеден органдарының экспорттық бақылау саласындағы құзыреті
1. Кеден органдары экспорттық бақылауға жататын тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтуі кезінде оларға кедендік бақылауды жүзеге асырады.
2. Кеден органдары экспорттық бақылау саласындағы нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға қатысады, экспорттық бақылауға жататын өнімдердің Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілуінің алдын алады және жолын кеседі.
484-бап. Ақпараттың жасырындығын сақтау
Кеден органдарының экспорттық бақылауды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адамдары сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан және өзге де тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардан өздері алған ақпараттың жасырындығын сақтауға міндетті.
14-Бөлім. Тауарлар мен көлік құралдарын мемлекет
меншігіне айналдыру
64-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын мемлекет
меншігіне айналдыру
485-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын мемлекет меншігіне айналдыру
Тауарлар мен көлік құралдары:
1) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша тәркілеу қолданылған кезде сот шешімінің;
2) мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген кедендік декларацияның және тауарларды немесе көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісінің негізінде мемлекет меншігіне айналдырылады.
486-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдыру тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдары кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мемлекет меншігіне айналады.
2. Кеден органы сот шешімінің негізінде қабылдап алу-беру актісі бойынша тәркіленген тауарларды немесе көлік құралдарын тиісті уәкілетті мемлекеттік органға береді.
487-бап. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын мемлекет меншігіне айналдыру тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын өткізген тұлға мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген кедендік декларацияны кеден органына мәлімдейді және береді.
2. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдары кедендік декларация және қабылдап алу-беру актісі бойынша тауарларды немесе көлік құралдарын тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берген кезден бастап мемлекет меншігіне айналады.
65-тарау. Кеден органдары мемлекет меншігіне айналдырған
тауарлармен көлік құралдарына билік ету тәртібі
488-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету
Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
489-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен
көлік құралдарына билік ету тәсілдері
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен оларды өткізу, одан әрі пайдалану, кәдеге жарату немесе жою жолымен жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
2. Егер тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осындай тауарлар мен көлік құралдарын жою немесе кәдеге жарату - тауарларды өткізетін тұлғаның есебінен, егер ол тұлға анықталмаса - меншік иесінің немесе иесінің есебінен, ал олар болмаған кезде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
490-бап. Сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу
1. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жүзеге асырылады.
2. Аталған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
491-бап. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын өткізу
1. Кеден органы мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген кедендік декларацияға және тауарларды немесе көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісіне сәйкес, көрсетілген тауарларды немесе көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісі ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органға тапсырады.
2. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді тиісті уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
492-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізуден алынған қаражат
Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізуден алынған қаражат тиісті бюджетке түседі.
15-Бөлім. Шағымды қарау және ол бойынша шешім қабылдау
66-тарау. Кеден органының және кеден органы
лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне
(әрекетсіздігіне) шағымдану
493-бап. Шағымдану құқығы
1. Егер кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешімі және (немесе) әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан кез келген тұлғаның құқықтары мен мүдделері бұзылса, оларды іске асыруға кедергілер туындаса не оған қандай да болмасын міндет заңсыз жүктелсе, кез келген тұлға, сондай-ақ оның өкілдері осындай шешімге, әрекеттерге (әрекетсіздікке) кеден органдарына, оның ішінде жоғары тұрған кеден органына не уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
2. Уәкілетті орган шығарған Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
3. Сотқа жіберілетін шағымды беру, қарау және шешу тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгіленеді.
4. Сотқа шағым беру шағым бойынша шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
494-бап. Шағым беру тәртібі
1. Кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым осындай шешім қабылдаған немесе әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған лауазымды адам қызмет істейтін кеден органына не жоғары тұрған кеден органына беріледі. Кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жоғары тұрған кеден органына не уәкілетті органға беріледі.
2. Егер шағымды жоғары тұрған кеден органы қарауға тиіс болса, онда шағым, сондай-ақ ол бойынша материалдар (егер олар бар болса), тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның мекенжайына шағым берген адамды хабардар ете отырып жіберіледі.
3. Шағым жоғары тұрған кеден органына берілген кезде, осы орган шағым тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, кеден органының шағым берілген шешіміне әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қорытынды мен материалдарды сұратады немесе шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған лауазымды адамы туралы кеден органының қорытындысы мен материалдарын сұратады.
495-бап. Шағым беру мерзімдері
1. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым:
1) тұлғаға кеден ісі саласында оның құқығының бұзылуы, оларды іске асыруға кедергілер жасалуы не Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделмеген қандай да болмасын міндеттемелерді жүктеу туралы белгілі болған күннен бастап;
2) кеден органы немесе осы органның лауазымды адамы Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделген шешімді қабылдау үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір жылға дейінгі мерзімде берілуі мүмкін.
2. Кеден органының берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы хабарламасына шағым он күнге дейінгі мерзімде берілуге тиіс.
3. Дәлелді себеппен өтіп кеткен шағым беру мерзімі шағымданған тұлғаның жазбаша өтініші негізінде сот тәртібімен қалпына келтірілуі мүмкін.
496-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша түрде беріледі.
2. Шағымда:
1) шағымның берілген күні;
2) шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған кеден органының атауы немесе кеден органы лауазымды адамының қызметі, тегі, аты және әкесінің аты (егер олар белгілі болса);
3) шағым беріп отырған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе атауы, оның тұрғылықты жері немесе орналасқан жері;
4) кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) мәні;
5) тұлға кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы өзінің құқығы бұзылды, оларды іске асыруға кедергілер жасалды не заңсыз қандай да болмасын міндеттер жүктелді деп есептеуіне негіз болған жағдайлар көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда істің мәні үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға шағым беруші адам немесе оның өкілі қол қоюға тиіс.
5. Шағымға кеден органы және (немесе) кеден органы лауазымды адамы шешімінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңсыздығын растайтын құжаттар және (немесе) материалдар (олар болған кезде) қоса тіркеледі.
497-бап. Шағым берудің салдарлары
Шағым беру:
1) жоғары тұрған кеден органы немесе шағымды қарайтын уәкілетті орган шағым жасалған кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасы кеден заңдарына сәйкес келмейді деп ұйғаруға жеткілікті негіз бар деп есептеген;
2) берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайларды қоспағанда, кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімін немесе әрекеттерін (әрекетсіздігін) орындауды тоқтата тұрмайды.
67-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымды қарау
498-бап. Шағымды қарайтын органдар
1. Кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы не уәкілетті орган қарайды.
2. Кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды - осы лауазымды адам қызмет атқаратын кеден органы немесе жоғары тұрған кеден органы, ал кеден органы басшысының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы, уәкілетті орган қарайды.
3. Кеден органының атынан шағым бойынша шешімді осы кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қабылдайды. Бұл ретте шағымдарды қарауды кеден органының шешім қабылдаған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған лауазымды адамы немесе оған қарағанда төмен тұрған лауазымды адам жүргізе алмайды.
4. Тұлғаның шағымы түскен күні тиісті органда міндетті тіркелуге тиіс. Кеден органының шағымды тіркеуден бас тартуға құқығы жоқ.
499-бап. Шағымды қарау
1. Тұлғаның белгіленген тәртіппен тіркелген шағымын шағымның мәні бойынша тиісті кеден органы қарайды.
2. Шағым мәні бойынша мынадай жағдайларда:
1) белгіленген шағымдану мерзімі сақталмаған және тұлға өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш бермеген не өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш қабылданбаған;
2) шағымға қол қойылмаған немесе тиісті түрде өз өкілеттіктерін растамаған тұлға немесе оның өкілі қол қойған;
3) кеден ісі саласында құқықтық өкілеттігі жоқ өзге органның шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) шағымның нысанасы болып табылған жағдайда қаралмайды.
3. Жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмей қайта берілген шағым, егер ол бойынша егжей-тегжейлі материал бар болса және шағым берген тұлғаға белгіленген тәртіппен жауап қайтарылған болса, қарауға жатпайды.
4. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бас тарту себептері көрсетіле отырып, шағым берген тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі.
500-бап. Шағымды қайтарып алу
1. Шағым берген тұлға шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін кез келген сатысында оны қайтарып алуына болады.
2. Қайтарып алу шағымды қайтарып алуға негіз болған дәлелдер көрсетіле отырып, жазбаша нысанда ресімделеді.
501-бап. Шағымды қарау мерзімдері
1. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағымдарды қоспағанда, шағым тіркелген күннен бастап он бес күн мерзімнен кешіктірмей қаралуға және ол бойынша шешім қабылдануға тиіс.
2. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағым оны тіркеген күннен бастап бір айға дейінгі мерзімде қаралуға тиіс.
502-бап. Шағым бойынша шешім
1. Шағымды қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған кеден органы немесе уәкілетті орган:
1) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңды деп таниды;
2) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамның шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) толық не ішінара заңсыз деп таниды және оны өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жаңа шешім қабылдауға міндеттейді.
2. Егер шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органы немесе уәкілетті орган қажет деп тапса, онда бір шағым бойынша осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, бірін-бірі теріске шығармайтын бірнеше шешім қабылдануы мүмкін.
3. Шағымды қарайтын орган кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныған немесе осы адам өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда лауазымды адамды тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде шаралар қолданады.
4. Шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органының немесе уәкілетті органның шешімі жазбаша нысанда қабылданады және онда:
1) шағымды қараған органның атауы;
2) шағым бойынша шешім қабылдаған органның лауазымды адамының қызметі, тегі және аты-жөні;
3) шағым жасаған тұлғаның тегі және аты-жөні немесе атауы;
4) шағымның қысқаша мәні;
5) шағым бойынша қабылданған шешім;
6) қабылданған шешімнің дәлелдемелері және негіздері;
7) кеден ісі саласында бұзушылыққа жол берген лауазымды адамға қатысты қолданылған шаралар;
8) қабылданған шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс.
5. Осы Кодекстің 501-бабында белгіленген мерзімдерде шағым берген тұлғаға шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімнің көшірмесі жіберіледі.
68-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымданудың оңайлатылған тәртібі
503-бап. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі
1. Тұлға кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған кеден органының басшысына, ал кеден органы лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы лауазымды адам қызмет істейтін кеден органының басшысына немесе оның орнындағы адамға оңайлатылған тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Егер өткізуге байланысты тұлға шағым жасап отырған шешім қабылданған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасалған, сондай-ақ өзге де әрекеттер жасалған және тұлғаның пікірі бойынша, заңсыз шығыстарға әкеп соққан тауарлар мен көлік құралдарының құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) оңайлатылған тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
3. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды оңайлатылған тәртіппен қарау және ол бойынша шешім қабылдау осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым беру үшін кедергі болып табылмайды.
504-бап. Оңайлатылған тәртіппен шағымдану және шешім қабылдау тәртібі
1. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі тұлғаның кеден органының басшысына жазбаша шағыммен өтініш жасауынан тұрады.
2. Оңайлатылған тәртіппен берілген шағым тез арада қарауға жатады және ол бойынша шешім шағым берілген күні қабылдануға тиіс.
3. Оңайлатылған тәртіппен шағымды қараған кезде шағымды қарайтын кеден органының басшысы оңайлатылған тәртіппен шағымды қарау туралы акті жасайды, онда шағым жасаған тұлға туралы мәлімет, шағымның қысқаша мазмұны және қабылданған шешім көрсетіледі.
4. Шағымды қарау туралы актіге шағымды қараған кеден органының басшысы және шағым жасаған тұлға қол қояды. Шағымды қарау туралы актінің көшірмесі шағым жасаған тұлғаға беріледі.
16-Бөлім. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
69-тарау. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
505-бап. Кеден органдарындағы қызмет
1. Кеден органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кеден органдарының міндеттерін, құқықтарын және міндеттемелерін, сондай-ақ құқық қорғау органдарының функцияларын іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтары мемлекеттік қызметінің арнаулы түрі болып табылады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі осы Кодекспен, осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
506-бап. Кеден органдарына қызметке қабылдау
1. Өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға денсаулық жағдайы, дене бітімінің дамуы және білім деңгейі жөнінен қабілетті, кеден органдарына қызметке қабылданған Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті азаматтары кеден органдарының лауазымды адамдары болып табылады.
2. Кеден органдарына қызметке қабылдау үшін:
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қызметке жарамдылығы туралы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияларының медициналық қорытындысының болуы;
2) міндетті арнаулы тексерудің болуы;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болу қажет.
3. Кеден органдарына қызметке орналасқаннан кейін арнаулы атақ берілмей, үш айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарымен айқындалатын негіздер бойынша, сондай-ақ жағымсыз себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдарды кеден органдарына қызметке қабылдауға болмайды.
5. Кеден органдарына қызметке қабылданған әскери міндеттілер белгіленген тәртіппен әскери есептен шығарылады және кеден органдарында арнаулы есепте тұрады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 570-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
507-бап. Жаңадан қабылданғандарды кеден органдарына қызметке қабылдау
Кеден органына қызметке орналасқан, жаңадан қабылданғандар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден бекеттерінде, кедендерде және уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде міндетті тағлымдамадан өтеді.
508-бап. 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
509-бап. Кеден органы лауазымды адамының анты
Кеден органының лауазымды адамы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан халқына адал болуға ант береді.
510-бап. Кеден органы лауазымды адамының арнаулы атақтары
1. Кеден органының лауазымды адамына атқаратын қызметіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен мынадай арнаулы атақтар беріледі:
1) кішi басшы құрам:
кеден қызметінің прапорщигi;
кеден қызметінің аға прапорщигi;
2) орта басшы құрам:
кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты;
кеден қызметiнiң лейтенанты;
кеден қызметiнiң аға лейтенанты;
кеден қызметiнiң капитаны;
3) аға басшы құрам:
кеден қызметiнiң майоры;
кеден қызметiнiң подполковнигi;
кеден қызметiнiң полковнигi;
4) жоғары басшы құрам:
кеден қызметiнiң генерал-майоры;
кеден қызметiнiң генерал-лейтенанты.
2. Арнаулы атақтар берілген кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Киім нысанының үлгілері мен айырым белгілерін, онымен қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Нысанды киім кию тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың ережелері мамандандырылған кеден мекемелерінің басшылары мен мамандарына да қолданылады.
511-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына берілетін арнаулы атақтар бірінші және кезекті болып бөлінеді.
2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті береді.
3. Кіші, орта, аға басшы құрамның арнаулы атақтарын уәкілетті органның басшысы береді.
4. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар атқарып отырған лауазымдарына сәйкес беріледі.
5. Аға басшы құрамның лауазымына қабылданған адамдарға, егер оның анағұрлым жоғары дәрежелі шені, арнаулы немесе әскери атағы болмаса, кеден қызметінің подполковнигі атағынан жоғары емес бірінші арнаулы атақ берілуі мүмкін.