Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 шілдедегі № 776 қаулысы
(2010.01.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 622 Қаулысымен күші жойылды
«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Заңының 126-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 2002 жылғы
15 шілдедегi № 776
қаулысымен бекітілген
Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргiзiлетiн
табыс және (немесе) өзге де кiрiс түрлерiнiң
тiзбесi
ҚР Үкіметінің 2010.01.09. № 859 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұстау осы тiзбенiң 2-тармағында көрсетiлген адамдардың кiрiстерiн қоспағанда, ата-анасы алатын ақшалай (ұлттық және (немесе) шетелдiк валютада) жалақының (ақшалай сыйақы, нәпақа) және өзге де кiрiстiң барлық түрiнен жүргiзiледi, соның iшiнде:
1) еңбеккерлерге нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн немесе орындалған жұмыс үшiн еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген белгiленген лауазымдық жалақыларды (ставкаларды) негiзге ала отырып есептелген жалақыдан;
2) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген қосымшаақылар мен үстемеақылардың барлық түрiнен, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу қоры шегінде қаражатты немесе тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылардан;
3) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты және біржолғы сипаттағы сыйлықтардан (сыйақылардан), сондай-ақ материалдық көтермелеудiң өзге де нысандарынан;
4) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңының 62-бабында көзделген өтемақыларды қоспағанда, ақшалай өтемақылардан;
5) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ тек бiрнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетiн ақшалай өтемақыдан;
6) комиссиялық сыйақыдан (штаттағы сақтандыру агенттерiне, штаттағы делдалдарға және басқаларға);
7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бiр жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған қызметтер үшiн алынған сомадан;
8) авторлық сыйақы сомасынан;
ҚР Үкіметінің 2005.29.12. № 1307 қаулысымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) зейнетақы төлемдерiнiң барлық түрiнен, Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңының 62-бабында көзделген жәрдемақыны қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтiк көмек сомасынан;
10) білім беру ұйымдарында оқитындарға төленетiн стипендиялардан;
11) заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысудан түскен табыстардан;
12) мүлiктi жалға беруден түскен табыстардан;
13) бағалы қағаздар бойынша түскен табыстардан және заңды тұлғаның мүлкiн басқаруға қатысудан түскен табыстардан;
14) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен.
ҚР Үкіметінің 2005.30.06. № 662 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.11. № 1068 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.01.09. № 859 қаулысымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Әскери қызметшiлерден, iшкi iстер органдары, прокуратура органдары, қаржы полициясы органдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызметі Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң қызметкерлерiнен, кеден органдарының лауазымды адамдарынан алимент ұстау қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысты олар алатын төлемдердiң мынадай түрлерiнен жүргiзiледi:
1) лауазымдық жалақыдан, әскери (арнайы) атақ бойынша берiлетiн жалақыдан (үстемеақыдан), сыныптық шенге қосымша төлемнен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн үстемеақыдан;
2) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен;
3) дүлей апатқа, өртке, мүлiк ұрлануына, мертiгуге, сондай-ақ бала тууға, жақын туыстары қайтыс болуына байланысты көрсетiлген материалдық көмектен басқа, тұрақты сипаттағы материалдық көмек сомасынан;
4) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты және біржолғы сипаттағы және тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын сыйлықтардан (сыйақылардан);
5) тиiстi органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылар мен қосымшаақылар сомасынан;
6) олар мертiккен жағдайда төленетiн бiр жолғы өтемақыдан, зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшiн өтемақы төлемдерiнен, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жою кезiнде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай сомадан және бір жолғы сипаттағы басқа сомалардан өзге, ақшалай өтемақылардың барлық түрінен;
7) әскери-оқу орындары, арнайы оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) лауазымдық жалақысынан (стипендиясынан).