Қазақстан Республикасының радиоқызметтерi арасында 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейiнгі жиiлiктер диапазонындағы жиiлiктер белдеулерiн бөлу кестесiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 11 қыркүйектегі № 1379 қаулысы
(2009.31.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 624 Қаулысымен күші жойылды
«Радиожиiлiк спектрiн мемлекеттік мұқтаждар үшiн пайдаланудың тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 шiлдедегi № 652 қаулысына сәйкес және радиожиiлiк спектрiн пайдалануды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының радиоқызметтерi арасында 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейiнгi жиiлiктер диапазонындағы жиiлiктер белдеулерін бөлу кестесі бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
ҚР Үкіметінің 2009.31.03 № 454 Қаулысымен кесте жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2000 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 1379 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының радиоқызметтері арасында 3 кГц-тен 400 ГГц-ке
дейінгі жиіліктер диапазонындағы жиіліктер белдеулерін бөлу кестесі
1. Жалпы ережелер
2. Қолданылатын қысқартулар мен анықтамалар
3. Кесте суреттемесі (Радиобайланыс регламентінің кестесі)
4. Жиілік жолақтарын Қазақстан Республикасы радиоқызметтері арасында бөлу кестесі
Радиобайланыс Регламент кестесіне 1-ескертпе
Радиобайланыс Регламент кестесіне 2-ескертпе
1. Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасының радиоқызметтері арасында 3 кГц-тен 400 ГТц-ке дейінгі жиіліктер диапазонындағы жиіліктер белдеулерін бөлу кестесі (бұдан әрі - Кесте) радиоэлектрондық құрылғыларға (бұдан әрі - РЭҚ) тапсырыс беруші, жасаушы немесе оларды шет елдерден сатып алушы, сондай-ақ қолданыстағы РЭҚ-да жиіліктерді пайдалануды жоспарлауды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасындағы жиіліктерді бөлу және пайдалану шарттарын регламенттейтін құжат болып табылады. Алайда Кесте Қазақстан Республикасының Үкіметі осы міндеттерді шешу үшін уәкілеттік берген тиісті мемлекеттік органның тиісінше ресімделген рұқсатын алмай жиілік жолақтарын (номиналдарын) РЭҚ-ны жасау, өндіру, шетелден әкелу және пайдалану үшін қолдану құқығын бермейді.
Жаңадан жасалынып (жетілдіріліп) жатқан РЭҚ-га жиілік жолақтарын (номиналдарын) белуді Қазақстан Республикасының радиожиіліктер жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясы (бұдан әрі - ҚР РЖВК) жүзеге асырады, ал РЭҚ-ны азаматтық мақсатта пайдалану үшін жұмыс жиіліктерін тағайындауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
Қажет болған жағдайда РЭҚ-тың жекелеген типтері үшін РЭҚ-тар Кестеде осы жолақ көзделген құралдарға, сондай-ақ үкіметтік мақсаттағы РЭҚ-ға кедергілер тудырмайтын жағдайда Кестеден тыс жиілік жолақтары (номиналдары) бөлінуі мүмкін.
Кестенің негізіне Халықаралық электр байланыс одағы бекіткен Радиобайланыс регламентінің жиіліктер бөлу кестесінде (бұдан әрі - Радиобайланыс регламентінің кестесі) белгіленген жиіліктер жолағын бөлу енгізілген. Радиобайланыс регламентінің кестесіне өзгерістер кезекті Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясы өткеннен соң енгізіледі. Ұлттық бөлу Кестесіне өзгерістер, радиожиіліктік спектрін пайдаланудың қазіргі жай-күйін ескере отырып, қажет болған жағдайда, бірақ 5 жылда бір реттен сирек болмай енгізілуі мүмкін.
2. Қолданылатын қысқартулар мен анықтамалар
1) қысқартулар:
ДРК — Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясы;
ҚР РЖВК — Қазақстан Республикасының радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы;
ҒНЖЖ — Ғаламдық навигациялық жерсеріктік жүйе;
АҚГТЖ — Апат кезіндегі және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғаламдық теңіздегі жүйе;
« Жер - ғарыш» - Жер станциясынан ғарыш станциясына ақпарат беру радио желісі;
« ғарыш - Жер» - Ғарыш станциясынан жер станциясына ақпарат беру радио желісі;
« ғарыш - ғарыш» - Ғарыш станцияларының арасындағы ақпарат беру радио желісі;
ЖЖС - Жердің жасанды серігі;
ЭИСҚ — Эквивалентті изотропты сәулелену қуаты;
ХЭО-Р — Халықаралық электр байланысы одағы, радиобайланыс секторы;
РЛС - Радиолокациялық станция;
ҚР — Қазақстан Республикасы;
РЭҚ — Радиоэлектронды құрылғы;
РР — Радиобайланыс регламенті;
GSM — Global System for Mobile communications (Жаһандық ұтқыр байланыс жүйесінің стандарты);
ІМТ — International Mobile Telecommunications (Халықаралық ұтқыр байланыс стандарты);
ІМО — Халықаралық теңіз ұйымы;
MSI — Теңіздегі қауіпсіздікке байланысты ақпарат;
2) жалпы анықтамалар:
электр байланысы — кез келген түрдегі белгілерді, сигналдарды, жазбаша мәтіндерді, бейнелер мен дыбыстарды немесе хабарларды сым бойымен, радиомен, оптикалық немесе басқа электромагниттік жүйелермен тарату, сәулелену немесе қабылдау;
сәулелену — құрылған радиотаратушы станциясының радиациясы немесе радио таратушы станциялар радиациясын жасау;
радиация — кез келген көзден шығатын радиотолқындар нысанындағы энергия ағыны;
радио — радиотолқындарды қолданғанда пайдаланылатын жалпы термин;
радиотолқындар немесе Герц толқындары — кеңістікте жасанды толқын жолсыз таралатын, жиілігі 3000 ГГц шамадан төмен шектелетін электромагниттік толқындар;
радиобайланыс — радиотолқындар арқылы жүзеге асырылатын электробайланыс;
метеорлық радиобайланыс — иондалған метеорлар іздерінен шағылысудан таралатын радиотолқын арқылы жүзеге асырылатын электробайланыс;
жер бетіндегі радиобайланыс — ғарыш радиобайланысы мен радиоастрономияны қоспағанда кез келген радиобайланыс;
ғарыш радиобайланысы — бір немесе бірнеше ғарыш станциясы немесе бір немесе бірнеше шағылыстырғыш жерсеріктер немесе ғарыштағы басқа да объектілер пайдаланылатын кез келген радиобайланыс;
радиоанықтама — объектінің тұрған орнын, жылдамдығын және/немесе басқа да сипаттамаларын немесе радиотолқындардың таралу қасиеттері арқылы осы параметрлерге қатысты ақпарат алу;
радионавигация — кедергілерді табуды қоса алғанда навигация мақсатында пайдаланылатын радиоанықтама;
радиолокация — радионавигация мақсатынан басқа мақсаттарда пайдаланылатын радиоанықтама;
радиоторуыл — станцияның немесе объектінің тұрған бағытын анықтау мақсатында радиотолқындар қабылдауды пайдаланатын радиоанықтама;
радиоастрономия — ғарыштан шыққан радиотолқындарды қабылдауға негізделген астрономия;
3) радиоқызметтер анықтамалары:
радиобайланыс қызметі — белгілі бір электр байланысы мақсатында осы Бөлімде анықталған радиотолқындарды таратуды, сәулеленуді және/немесе қабылдауды қамтитын қызмет;
тіркелген қызмет — белгілі бір тіркелген пункттер арасындағы радиобайланыс қызметі;
тіркелген жерсеріктік қызмет — жер бетіндегі белгілі бір аймақтарда орналасқан станциялардың, бір немесе бірнеше жерсеріктерін пайдаланатын радиобайланыс қызметі; берілген орналасу орны белгілі бір тіркелген орынды немесе белгілі бір аймақтарда орналасқан кез келген тіркелген орынды көрсетеді; кейбір жағдайларда бұл қызмет жер серіктер арасындағы қызмет те пайдаланылуы мүмкін жерсерігі мен жерсерігі желілерін қамтиды; тіркелген жерсеріктік қызметке басқа да ғарыштық радиобайланыс қызметінің фидер желілері де кіруі мүмкін;
жерсерік аралық қызмет — жасанды жерсеріктердің арасындағы байланысты қамтамасыз ететін радиобайланыс қызметі;
ғарыш пайдалану қызметі — тек қана ғарыш кемелерін пайдалануға, атап айтқанда ғарыш іздеу, ғарыш телеметриясы мен ғарыш телебасқару мақсатына арналған радиобайланыс қызметі. Бұл функциялар әдетте, ғарыш станциясы жұмыс істейтін қызмет шеңберінде ғана қамтамасыз етіледі;
жылжымалы қызмет — жылжымалы және құрлықтағы станциялар немесе жылжымалы станциялар арасындағы радиобайланыс қызметі;
жылжымалы жерсеріктік қызмет (радиобайланыс қызметі) — жылжымалы жер бетіндегі станциялар мен бір немесе бірнеше ғарыш станциялар арасындағы немесе осы қызметті пайдаланатын ғарыш станциялары арасындағы немесе жылжымалы жер бетіндегі станциялар арасындағы бір немесе бірнеше ғарыштық станциялар арқылы жасалынатын радиобайланыс қызметі. Бұл қызметке оның жұмыс істеуіне қажетті фидер желілерін де қамтуы мүмкін;
құрлықтағы жылжымалы қызмет — базалық станциялар мен құрлықтағы жылжымалы станциялар немесе құрлықтағы жылжымалы станциялар арасындағы жылжымалы қызмет;
құрлықтағы жылжымалы жерсеріктік қызмет — жер бетіндегі жылжымалы станциялар құрлықта орналасқан жылжымалы жерсеріктік қызмет;
теңіздегі жылжымалы қызмет — жағадағы станциялар мен кеме станциялары арасындағы жылжымалы қызмет немесе кеме станциялары арасындағы, немесе бір-бірімен өзара әрекеттес кеме ішілік байланыс станциялары; құтқарушы құралдар станциялары мен радиомаяк станциялары - апат орындарын көрсеткіштері де осы қызметке қатыса алады;
теңіздегі жылжымалы жерсеріктік қызмет — жылжымалы жер бетінің станциялары теңіз кемелерінің борттарында орналасқан жылжымалы жерсеріктік қызмет; құтқарушы жабдықтар станциялары мен радиомаяк станциялары - апатқа ұшырау орындарын көрсеткіштер де осы қызметке қатыса алады;
әуедегі жылжымалы қызмет — әуедегі жылжымалы қызметтің тұрақты станциялары мен әуедегі кемелер станциялары арасындағы, немесе құтқару жабдықтары станциялары қатыса алатын әуедегі кемелер станцияларының өз арасындағы жылжымалы қызмет; радиомаяк станциялары - апатқа ұшырау орындарын көрсеткіштер де қауіп пен апатқа ұшыраудың белгілі бір жиіліктерінде осы қызметке қатыса алады;
әуедегі жылжымалы (R)* қызмет — байланыс үшін қор ретінде қалдырылған, негізінен ұлттық немесе халықаралық азаматтық әуе жолдарындағы ұшулар сақтығы мен тұрақтылығына қатысты әуедегі жылжымалы қызмет;
әуедегі жылжымалы (ОR)** қызмет — байланысқа арналған, негізінен ұлттық немесе халықаралық азаматтық әуе жолдарынан бөлек байланыстарды да қамтитын, ұшуларды үйлестіруге қатысты әуедегі жылжымалы қызмет;
әуедегі жылжымалы жерсеріктік қызмет — жылжымалы жер бетінің станциялары әуе кемелерінің борттарында орнатылған жылжымалы жерсеріктік қызмет; құтқарушы жабдықтар станциялары мен радиомаяк станциялары - апатқа ұшырау орындарын көрсеткіштер де осы қызметке қатыса алады;
әуедегі жылжымалы (R)* жерсеріктік қызмет — байланыс үшін қор ретінде қалдырылған, негізінен ұлттық немесе халықаралық азаматтық әуе жолдарындағы ұшулар сақтығы мен тұрақтылығына қатысты жерсеріктік әуедегі жылжымалы қызмет;
әуедегі жылжымалы (ОR)** жерсеріктік қызмет — байланысқа арналған, негізінен ұлттық немесе халықаралық азаматтық әуе жолдарынан бөлек байланыстарды да қамтитын, ұшуларды үйлестіруге қатысты жерсеріктік әуедегі жылжымалы қызмет;
радиохабар тарату қызметі — хабардың таратылуы көпшіліктің тікелей қабылдауына арналған радиобайланыс қызметі. Бұл қызмет дыбыс таратуды, теледидар және басқа түрлі хабарларды таратуды жүзеге асыра алады;
жерсеріктік радиохабар тарату қызметі — ғарыш станцияларымен берілетін немесе таратылатын сигналдарды халықтық тікелей қабылдауына арналған радиобайланыс қызметі. Жерсеріктік радиохабар тарату қызметінде « тікелей қабылдау» ұғымына жеке сияқты, ұжымдық қабылдау да жатады;
радиоанықтама қызметі — радиоанықтау мақсаттарына арналған радиобайланыс қызметі;
радионавигациялық қызмет — радионавигация мақсаттарына арналған радиоанықтама қызметі;
жерсеріктік радионавигациялық қызмет — радионавигация мақсаттарына арналған жерсеріктік радиоанықтама қызметі. Сонымен қатар бұл қызметке, жұмыс атқаруға қажетті фидер жолдары да жатады;
теңіздегі радионавигациялық қызмет — теңіз кемелеріне қызмет көрсету үшін және оларды қауіпсіз пайдалануға арналған радионавигациялық қызмет;
әуедегі радионавигациялық қызмет — әуе кемелеріне қызмет көрсету мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған радионавигациялық қызмет;
әуедегі жерсеріктік радионавигациялық қызмет — жер бетінің станциялары әуе кемелерінің борттарында орналасқан жерсеріктік радионавигациялық қызмет;
радиолокацияльқ қызмет — радиолокация мақсаттарына арналған радиоанықтама қызметі;
метеорологиялық қосалқы қызмет — гидрологияны қоса алғанда метеорологияға пайдаланылатын бақылаулар мен зерттеулердің радиобайланыс қызметі;
жерсеріктік Жерді зерттеу қызметі — жер бетінің станциялары мен бір немесе бірнеше ғарыш станцияларының арасындағы, ғарыш станцияларының арасындағы жолдарды қосатын радиобайланыс қызметі:
1) жер серіктеріне орнатылған белсенді және белсенді емес датчиктердің көмегімен алынатын, қоршаған ортаның күйін қоса алғандағы Жердің сипаттамалары мен оның табиғи құбылыстарына қатысты деректер;
2) бұған ұқсас хабарлар Жер бетінде немесе әуедегі орналасқан платформалардан жиналады;
3) мұндай хабарлар тиісті жүйелерге тән жер бетінің станцияларына берілуі мүмкін;
4) платформаларға сұраныс жүзеге асырылуы мүмкін.
Бұл қызметке оның жұмыс істеуіне қажетті фидер жолдары да қосылуы мүмкін.
метеорологиялық жерсеріктік қызмет — метеорологияға қажетті Жерді зерттеудің жерсеріктік қызметі;
стандартты жиіліктер мен уақыт сигналдарының қызметі — белгілі бір жиіліктер, уақыт сигналдары немесе екеуі де жоғары дәлдікте орнатылған ғылыми, техникалық және басқа да мақсаттарда таратуды қамтамасыз ететін, жалпылама қабылдауға арналған радиобайланыс қызметі;
жерсеріктік стандартты жиіліктер мен уақыт сигналдарының қызметі — жер серіктерінде орнатылған ғарыш станцияларын пайдаланатын, стандартты жиіліктер мен уақыт сигналдарының қызметі мақсаттарында да қолданылатын радиобайланыс қызметі. Бұл қызметке оның жұмыс істеуіне қажетті фидер жолдары да қосылуы мүмкін;
ғарыш зерттеу қызметі — ғарыш станциялары мен баска да объектілердің ғарышта ғылым мен техникалық зерттеулер мақсатында қолданылатын радиобайланыс қызметі;
әуесқойлық қызмет — әуесқойлардың, яғни қажетті рұқсаттары бар, радиотехникамен пайда табу үшін емес, тек жеке басының қызығушылығына байланысты айналысатын, өзін-өзі жетілдіруге, өзара байланыс және техникалық зерттеу жүргізу мақсаттарында пайдаланылатын радиобайланыс қызметі;
жерсеріктік әуесқойлық қызмет — жер серіктерінде орналасқан ғарыш станцияларын әуесқойлық қызметі мақсаттарында пайдаланатын радиобайланыс қызметі;
радиоастрономия қызметі — радиоастрономияны пайдалануды жүзеге асыратын қызмет;
қауіпсіздік қызметі — адам өмірін және мүлкінің қауіпсіздігі мақсатында тұрақты немесе уақытша пайдаланылатын кез келген радиобайланыс қызметі
4) радиостанциялар мен жүйелер анықтамалары:
станция — радиобайланыс немесе радиоастрономия қызметін қамтамасыз ететін, белгілі бір жерде қажетті, қосалқы қондырғыларын қоса алғанда бір немесе бірнеше таратқыштар немесе қабылдағыштар не таратқыштар мен қабылдағыштардың жиынтық тобы. Әр станция өзінің атқаратын тұрақты немесе уақытша қызметіне сай топтастырылады;
жер бетіндегі станция — жер бетіндегі радиобайланысты қамтамасыз ететін станция. Осы кестеде, ерекше ескертілмеген жағдайда, кез келген станция жер бетінің станциясы болып есептелінеді;
жердегі станция — Жер бетінде немесе атмосфераның негізгі бөлігінде орналасқан:
1) бір немесе бірнеше ғарыш станцияларымен;
2) бір немесе бірнеше өзіне ұқсас станциялармен, бір немесе бірнеше шағылыстырғыш жер серіктері немесе аспандағы басқа да объектілердің көмегімен байланысқа арналған станция.
ғарыш станциясы — Жер атмосферасының негізгі бөлігінің шегінен ары жайғасқан немесе сол шектен ары шығуға арналған объектіде орналасқан станция;
құтқару жабдықтарының станциясы — тек қана құтқару мақсаттарына арналған құтқару қайықтарында, салдарында немесе басқа да құтқару құралдарында орнатылған теңіздегі немесе әуедегі жылжымалы қызметтердің жылжымалы станциясы;
тіркелген станция — тіркелген қызмет станциясы;
әуедегі тіркелген станция — әуедегі тіркелген қызмет станциясы;
жылжымалы станция — анықталмаған пункттердегі қозғалыс немесе аялдау кезіндегі жұмыстарға арналған жылжымалы қызмет станциясы;
жылжымалы жер бетінің станциясы — анықталмаған пункттерден қозғалыс немесе аялдаған уақытында жұмысқа арналған жылжымады жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі станциясы;
құрлықтық станция — қозғалыс уақытындағы жұмыстарға арналмаған жылжымалы қызмет станциясы;
жер бетінің құрлықтық станциясы — белгілі бір тіркелген пунктте немесе құрлықтағы белгілі бір аймақта орналасқан жылжымалы жерсеріктік қызметтің фидер жолдарын қамтамасыз ететін тіркелген жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі немесе кейбір жағдайларда жылжымалы жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі станциясы;
базалық станция — құрлықтық жылжымалы қызметтің құрлықтық станциясы;
жер бетіндегі базалық станция — белгілі бір тіркелген пунктте немесе құрлықтың белгілі бір аймағында құрлықтық жылжымалы жерсеріктік қызметтің фидер жолдарымен қамтамасыз ету үшін орналасқан тіркелген жерсеріктік жылжымалы қызметтің немесе, кейбір жағдайларда, құрлықтық жылжымалы жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі станциясы;
құрлықтық жылжымалы станция — жер бетінің географиялық елдер шекаралары немесе құрлықтар арасында ауыса алатын жылжымалы құрлықтық қызметтің жылжымалы станциясы;
құрлықтық жылжымалы жер бетінің станциясы — жер бетінің географиялық елдер шекаралары немесе құрлықтар арасында ауыса алатын құрлықтық жылжымалы жерсеріктік қызметінің жылжымалы жер беті станциясы;
жағалық станция — теңіздегі жылжымалы қызметтің құрлықтық станциясы;
жағалық жер бетіндегі станция — фидер жолдарымен теңіздегі жылжымалы жерсеріктік қызметті қамтамасыз ету үшін белгілі бір тіркелген құрлықтағы пунктте орналасқан тіркелген жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі немесе кейбір жағдайларда теңіздегі жылжымалы жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі станциясы;
кемедегі станция — кеме бортына орналасқан, құтқару жабдықтар станцияларына жатпайтын, бір орында тұрақты бекітілмеген, теңіздегі жылжымалы қызметтің жылжымалы станциясы;
жердегі кеме станциясы — кеме бортына орналасқан теңіздегі жылжымалы жерсеріктік қызметтің жерде орналасқан жылжымалы станциясы;
кеме ішінің байланыс станциясы — кеменің ішкі байланысына арналған немесе кеме мен құтқару қайықтары және құтқару салдарының арасындағы, құтқару жабдықтарының жаттығулары немесе құтқару әрекеттері кезіндегі байланысқа арналған немесе итерілетін және тіркеуге алу кемелерінің байланыстары үшін, сонымен бірге жағаға жақындап, арқандау кездерінде нұсқаулар беру үшін кеме бортына орналасқан теңіздегі жылжымалы қызметтің аз қуатты жылжымалы станциясы;
әуедегі жылжымалы қызметтің тұрақты станциясы — әуедегі жылжымалы қызметтің құрлықтық станциясы. Кейбір жағдайларда, әуедегі жылжымалы қызметтің тұрақты станциясы теңіз кемесінің бортына немесе теңіз платформасына орнатылуы мүмкін;
әуедегі кеме станциясы — әуе кемесінің бортына орнатылған, құтқару жабдықтары станцияларының қатарына жатпайтын, әуедегі жылжымалы қызметтің жылжымалы станциясы;
әуе кемесінің жер бетіндегі станциясы — әуе кемесінің бортына орнатылған, әуедегі жылжымалы жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі жылжымалы станциясы;
радиохабар станциясы — радиохабарларды тарату қызметінің станциясы;
радиоанықтама станциясы — радиоанықтау қызметінің станциясы;
радиомаяк станциясы — сәулеленуі жылжымалы станцияның өзінің торуыл бағытын немесе радиомаяк станциясының бағытына қатынасын анықтайтын радионавигация қызметінің станциясы;
апат орнының радиомаяк-көрсеткіш станциясы — сәулеленуі іздеу мен құтқару әрекеттерін жеңілдететін жылжымалы қызмет станциясы;
апат орнының радиомаяк-көрсеткіш жерсеріктік станциясы — сәулеленуі іздеу мен құтқару әрекеттерін жеңілдететін жылжымалы жерсеріктік қызметтің жер бетіндегі станциясы;
әуесқойлық станция — әуесқойлық қызмет станциясы;
радиоастрономиялық станция — радиоастрономиялық қызмет станциясы;
кемелік апаттық таратқыш — тек қана апаттық жиіліктерінде, апаттық немесе апаттық жағдайларға байланысты, олардың шұғылдығы мен қауіпсіздігіне байланысты пайдаланылатын кемелік таратқыш;
радар — эталондық сигналдарды ізделініп отырған орындардан шағылысқан немесе қайта таратылған радиосигналдармен салыстыра отырып табуға негізделген радиоанықтау жүйесі;
радиолокацияльқ маяк-жауапбергіш (ракон) — навигациялық тіркелген белгімен РЖС-тен (радар) қабылданған сигналмен автоматты түрде сұраныстық радардың экранында қашықтық, торуыл және тануды қамтамасыз ететін деректерді жаңғыртып айырмашылықты сигнал беретін қабылдау-тарату құрылғысы;
стандартты жиіліктер мен уақыт сигналдарының станциясы — стандарт жиіліктер мен уақыт сигналдары қызметінің станциясы;
маркерлік маяк — әуе кемесін өз орнын көрсететін мәліметпен қамтамасыз ететін, тіктен тік өзгеше түрлі радиотолқын сәулесін шығаратын, әуедегі радионавигациялық қызметтің таратқышы;
радиобиіктік өлшегіш — әуе кемесінің немесе ғарыш кемесінің бортына орнатылған, әуе кемесінің немесе ғарыш кемесінің жер немесе басқа да беттен биіктігін өлшейтін радионавигациялық кондырғы;
фидер жолы — ғарыш станциясына дейін немесе кері бағытта, анықталған орында орналасқан, тіркелген жерсеріктік қызметке жатпайтын, ғарыш радиобайланыс туралы ақпарат беретін, жер бетінің станциясынан шығатын радиожол. Анықталған орын белгілі бір белгіленген пунктте немесе анықталған аймақтың шегіндегі кез келген белгіленген пунктте болуы мүмкін;
бөгеуіл — бір немесе бірнеше сәулеленуден, радиациядан немесе индукциядан туындайтын, сапаның кез келген нашарлауынан, қателер мен ақпараттарды жоғалтуға әкелуінен көрінетін, мұндай энергияның болмаған кезінде, олардан арылу мүмкіндігі болатын, радиобайланыс жүйесінің қабылдау кезіндегі күтілмеген энергияның әсері;
Зиянды бөгеуіл — радионавигациялық қызметке немесе басқа да қауіпсіздік қызметтеріне кесірін тигізетін немесе сапаны әжептеуір төмендететін, немесе осы Кестеге сәйкес жұмыс істейтін радиобайланыс қызметін әлденеше рет үзетін немесе қиындататын бөгеуіл.
5) ғарышқа қатысты анықтамалар алыс ғарыш — Жерден 2x106 км немесе одан артық қашықтықтағы ғарыш кеңістігі;
жер серігі — берілген үлкен массалы денені айналатын, қозғалысы негізінен тұрақты түрде сол дененің тартылыс күшімен анықталатын дене;
шағылыстырғыш жер серігі — радиобайланыс сигналдарға шағылыстыруға арналған жер серігі;
белсенді датчик — Жерсеріктік немесе ғарыш зерттеу қызметіндегі мәліметтерді радиотолқындар тарату мен қабылдау негізінде алатын өлшегіш аспап;
белсенді емес датчик — Жерсеріктік немесе ғарыш зерттеу қызметіндегі мәліметтерді табиғи текті радиотолқындар қабылдау негізінде алатын өлшегіш аспап;
геосинхрондық жер серігі — айналу периоды Жердің өз осімен айналу периодына тең жер серігі;
геостационарлық жер серігі — тура және айналма орбитасы жер экваторы жазықтығында жататын, сондықтан Жермен салыстырғанда қозғалыссыз болатын геосинхрондық жер серігі; жалпылама айтқанда Жермен салыстырғанда шамамен тұрақты тұратын жер серігі;
геостационарлық, жер серіктерінің орбитасы — тура және айналма орбитасы жер экваторы жазықтығында жататын, геосинхрондық жер серігінің орбитасы.
3. Кесте суреттемесі (Радиобайланыс регламентінің кестесі)
Ашық кітаптың сол жақ бетінде Халықаралық электробайланыс одағының (ХЭО) Радиобайланыс Регламентінің жиілік жолақтарын қызметтер бойынша орналастыру және жол асты ескертпелері 1,2 және 3 Аудандарға арнап келтірілген.
Радиобайланыс Регламентінің жиіліктер бөлу Кестесі, әрқайсысы бір-бір ауданға сай, үш бағаннан тұрады. Жиіліктер орналастыру нұсқауы жиіліктер бөлу кестесінің бүкіл енін алуы мүмкін немесе оның бір, әлде екі ғана бағанын қамтуы мүмкін. Бұл сәйкесінше, дүниежүзілік немесе аудандық бөлулерге сәйкес келеді.
Әрбір бөлудің жиіліктер жолағы кестенің сәйкес бөлігінің сол жақ жоғарғы бұрышында көрсетіледі.
Аттары үлкен әріптер мен басылған қызметтер (мысалға, ТІРКЕЛГЕН) бірінші реттік деп аталады.
Аттары кіші әріптер мен басылған қызметтер (мысалға, Жылжымалы) екінші реттік деп аталады.
Екінші реттік қызмет станциялары:
1) жиіліктер тағайындалған немесе келешекте тағайындалатын бірінші реттік қызметтер станцияларына зиянды бөгеуілдер тудырмауы тиіс;
2) жиіліктер тағайындалған немесе келешекте тағайындалатын бірінші реттік қызметтер станцияларынан зиянды бөгеуілдерден қорғанысты талап ете алмайды;
3) бірақ олар, тура сол станцияның өзінен немесе басқа бір екінші реттік, жиіліктері кейінірек тағайындалатын қызмет станцияларынан зиянды бөгеуілдерден қорғанысты талап ете алады.
Бір категория (бірінші, екінші реттік) ішінде қызметтер француз аттарына сәйкес алфавит тәртібімен қойылады. Бір категория деңгейінде, тізімде алып тұрған орыны олардың салыстырмалы артықшылығын көрсетпейді.
Егер, Кесте ішіндегі бөлінуге жақша ішіндегі қосымша қосылатын болса, онда бұл қызметке бөліну көрсетілген жұмыс түрімен шектеледі.
Қызмет аттарынан кейін берілген немесе осы жолақ бөлінген қызметтерге Кесте ішінде көрсетілген ескертпе нөмірлері бүкіл бөлінгенге толығымен қатысты.
Қызмет атының оң жағынан берілген ескертпе нөмірлері тек осы нақты қызметке қатысты.
Кейбір жағдайларда, мәтін аумағын қысқарту мақсатымен, жиіліктер бөлу кестесінің ескертпелеріндегі ел аттары қысқартылған түрде беріледі. Ескертпе қосымшада келтірілген.
4. Жиілік жолақтарын Қазақстан Республикасы радиоқызметтері арасында бөлу кестесі
Ашық кітаптың оң жақ бөлігінің бірінші (сол жақ) бағанында Қазақстан Республикасы радиоқызметтеріне жиілік жолақтарын бөлу, сонымен қатар, Кестеде жиілік жолақтарын (номиналдарын) Қазақстан Республикасының радиоэлектрондық жабдықтары пайдалануының шарттарын анықтай түсетін жол асты ескертпе нөмірлері келтірілген.
Ескертпелер келесі топтарға бөлінген:
5.nnn - Қазақстан Республикасында міндетті түрде пайдаланылатын Радиобайланыс Регламенті Кестесіне ескертпе;
Кnn - Қазақстан Республикасы радиоқызметтері арасындағы жиіліктер жолағын бөлу Кестесіне ұлттық ескертпелер.
Ескертпе мәтіндері 1 және 2 қосымшаларында берілген.
« Категория» бағанында жиіліктер жолағын пайдалану категориялары көрсетіледі, яғни: