Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары шеңберінде несиелендірілетін
инвестициялық жобаларды іріктеу ережесі туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2000 ж. 12 қыркүйектегі № 1384 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 21.08.02 ж. № 935 қаулысымен
енгізілген өзгерістерімен)
"Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі шараларды іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 13 қарашадағы № 1162 қаулысына сәйкес несиелендірілетін инвестициялық жобаларды іріктеуді тәртіпке келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қосымшаға сәйкес Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары шеңберінде несиелендірілетін инвестициялық жобаларды іріктеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінiң
2000 жылғы 12 қыркүйектегi
№ 1384 қаулысына
қосымша
Отандық тауар өндiрушілердi қолдау шаралары
шеңберiнде несиелендiрiлетін инвестициялық жобаларды
iрiктеу ережесi
1. "Отандық тауар өндiрушiлердi қолдау жөніндегi шараларды iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 13 қарашадағы № 1162 қаулысына сәйкес осы Ереже отандық тауар өндірушiлердi қолдау шаралары шеңберiнде несиелендiрiлетiн инвестициялық жобаларды iрiктеу тәртібі мен оларға қойылатын талаптарды айқындайды.
ҚР Үкіметінің 21.08.02 ж. № 935 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Отандық тауар өндiрушiлердi қолдау шаралары шеңберiнде өндiрiстi ұйымдастыру мен дамыту жөнiндегі инвестициялық жобаларға мынадай салаларда басымдықпен несиелендiріледi:
- ауыл шаруашылығы өнімдерiн қайта өңдеу;
- тоқыма және тiгiн өнеркәсiбi;
- былғары өндiрiсi, былғарыдан жасалған бұйымдар және аяқ киім өндiрiсi;
- ағаш және ағаштан жасалған бұйымдар өндiрiсi;
- жиhаз өндiрiсi;
- қағаз және картон өндiрiсi;
- химия өнеркәсiбi;
- резеңке және пластмасса бұйымдары өндiрiсi;
- металл емес минералдық өнiмдер өндiрiсi;
- құрылыс материалдары өндiрiсi;
- машиналар және жабдықтар өндiрiсi;
- электрлiк және электрондық жабдықтар өндiрiсi;
- көлiк жабдықтары өндiрiсi;
- фармацевтика және медицина өнеркәсібі.
Инвестициялық жобаларды несиелендiру жарғылық қорының кемiнде 51 пайызы қазақстандық заңды және жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын кәсiпорындарда:
1) жобаның импортты алмастыруға немесе экспортқа бағдарлануы;
2) рынок сыйымдылығы және өндіріске ұсынылып отырған өнімнің ішкі және сыртқы рыноктарда толық қажеттiлiгiне дәйектi негiздемелердiң болуы;
3) жаңадан құрылатын немесе қалпына келтiрiлетiн жұмыс орындарының саны;
4) жобаның Қазақстан немесе оның аймағы үшiн әлеуметтiк мәнi;
5) жобаның бюджеттік тиiмдiлiгi өлшемдерi ескерiле отырып, жүзеге асырылады.
3. Инвестициялық жобалар екiншi деңгейдегi банктерден және/немесе ықтимал заем алушылардан Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне және "Қазақстан Эксимбанкі" жабық акционерлік қоғамына (бұдан әрi - Эксимбанк) қарауға ұсынылады.
4. Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Эксимбанкке инвестициялық жобалар бойынша олардың салалық даму бағдарламаларына сәйкестiгi мәнiнде қорытынды бередi, жобалардың iрiктеу өлшемдерiне сәйкестiгi дәрежесiн бағалауды жүргiзедi.
5. Жобаға кешендi сараптама жүргiзудi Эксимбанк пен екiншi деңгейдегi банктер жүзеге асырады. Жобаларды екiншi деңгейдегi банктер арқылы несиелендiру туралы шешiм қабылдау кезiнде "Қазақстан Эксимбанкi" ЖАҚ осы банктердiң қаржылық жағдайы туралы Ұлттық Банктiң ақпаратын ескередi.
6. Жүргiзiлген кешендік банктiк сараптамалардың қорытындылары Экономика министрлігіне келiсуге жiберiледi. Келiсу нәтижелерi бойынша жобаны қаржыландыру туралы шешiм қабылданады.
7. Рентабельдiлiгi төмен жекелеген әлеуметтiк мәнi бар инвестициялық жобаларды (немесе өтелу мерзiмi он жылдан астам) қаржыландыру үшiн несиелендiрудiң ерекше, оның iшiнде жеңiлдiктi жағдайлары және несиенiң қайтарылу сызбасы белгiленген Үкiметтiң қаулысы қабылданады.
8. "Қазақстан Эксимбанкi" ЖАҚ әрбiр жобаның iске асырылу барысын бақылауды жүзеге асырады және тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Экономика министрлігіне ақпарат жiберiп отырады.