Қазақстан Республикасында Жануарлар дүниесінің жекелеген түрлерін
ерекше жағдайларда пайдалану тәртібі жөніндегі ережені
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000
жылғы 28 маусымдағы № 969 Қаулысы
(2008.14.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1108 Қаулысымен күші жойылды
«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес және ителгілер мен жек дуадақтар тұқымының тұрақты жағдайын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасында Жануарлар дүниесінің жекелеген түрлерін ерекше жағдайларда пайдалану тәртібі жөніндегі ереже бекітілсін.
2. «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар қыран құстардың тұқымын сақтап қалу жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 21 тамыздағы № 1150 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., № 28, 344-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 28 маусымдағы
№ 969 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында Жануарлар дүниесiнiң
жекелеген түрлерiн ерекше жағдайларда пайдалану
тәртібі жөніндегі ереже
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген ителгілер мен жек дуадақтарды (бұдан әрi - құстар) ерекше жағдайларда пайдаланудың жекелеген мәселелерi бойынша тиiстi мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілеу мақсатында қабылданды.
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 қарашадағы № 1239 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді(бұрынғы ред. қара)
2. "Жануарлар дүниесiн қорғау өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi - Заң) 22-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі өсiмiн молайту, ғылыми және өзге де мақсаттарға бағытталған ерекше жағдайларда, арнаулы уәкiлетті орган ретiндегі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінiң және ғылыми-зерттеу мекемесi ретiнде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Зоология институтының ұсынысымен (түсiндiрме жазба) құстарды табиғатта аулауға (алуға) байланысты әрбір нақты жағдайға осындай рұқсаттың берiлуi туралы шешім қабылдайды.
3. Уәкiлетті органның Республика Үкіметінiң тиiсті шешiмiнсiз не Республика Үкіметінiң шешiмiнде аталмаған тұлғаларға құстарды аулауға, соның iшiнде сұңқарды аңға салуға рұқсат етуiне жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешімiнде пайдаланудың мақсаттары мен негізгі шарттары, құстарды табиғатта мүмкіндiгінше аулауға рұқсат етілетiн мерзiмдер, заңды және/немесе жеке тұлғалардың, соның iшiнде шетелдiктердiң, құстар мен жойылып кету қатерi төнген өзге де жануарлар түрлерiн қорғау мен өсiмiн молайтуға салымының мөлшерлестiгін ескере отырып, сондай-ақ аулауға құқық алған субъектiлердiң тiзбесi, аталған iс-шараларды олардың одан әрi орындауы мiндеттi түрде айқындалады.
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 қарашадағы № 1239 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді(бұрынғы ред. қара)
4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынысы мен оның соған сәйкес шешiмi Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлiгі Зоология институтының биологиялық жағынан негiзделген ұсыныстары (қорытындылары) және құстардың тұқымына залал келтiрмей табиғатта аулаудың ықтимал орындары, саны және мерзiмi, сондай-ақ олардың өсiмiн одан әрi молайту жөнiндегі шаралар көзделген мемлекеттік экологиялық сараптамасы негізiнде дайындалады.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң өз ұсынысында мiндеттi түрде:
құстардың қандай мақсатпен ауланатыны;
оларды сақтау және өсiмiн молайту жөнiнде қандай iс-шараларды жүзеге асыру көзделетіні;
жануарлардың және олардың түр-тұқым әр алуандығының табиғи топтануының тұтастығы бұзылмайтындығы;
құстарды аулауда қандай экологиялық талаптар қойылатындығы;
оларды мүмкiндiгінше аулау орындары, негізгі шарттары мен мерзiмдерi;
болжалды төлеу мерзiмдерi мен төлемдердiң мөлшерлерi;
Үкiметтiң негiзделген және заңды шешiм қабылдауын талап ететiн өзге де ақпаратты көрсетедi.
5. Үкiмет шешiм қабылдаған жағдайда, арнайы уәкiлетті орган сол шешiм мен Заңның нормалары негiзiнде тиiстi заңды және/немесе жеке тұлғалармен жануарлар дүниесiн пайдалануға шарт жасасады, содан кейiн нақты заңды немесе жеке тұлғаға тиiстi дербес рұқсат бередi.
6. Құстарды аулауға құқық алған тұлғалардың жек дуадақтарға сұңқар салуы Қазақстан Республикасында ұсталған және үйретiлген ителгілермен, сол сияқты Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстандағы СИТЕС Әкiмшiлiк органының талаптары сақтала отырып белгiленген тәртiппен сырттан әкелiнген жыртқыш қыран құстардың әр алуан түрлерiмен "Қазақстан Республикасының Құрып кету қауіп төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 қарашадағы № 1239 қаулысымен 7-тармақ өзгертілді(бұрынғы ред. қара)
7. Құстарды аулауды, сондай-ақ сұңқар салуды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінiң бақылауымен және басшылығымен мүдделi мемлекеттік органдардың, өзге де заңды тұлғалардың өкiлдерiнiң, сондай-ақ жеке тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылады.
Құстарды аулау Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі арнаулы уәкiлеттi органдардың лауазымды тұлғаларының және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Зоология институтының орнитолог мамандарының тiкелей бақылауымен және қатысуымен жүзеге асырылады.
8. Шетелдiк азаматтар мен оларды қамтамасыз ету топтарын алып жүру, күзеттi ұйымдастыру және қызмет көрсету қазақстандық тараптан шарттық негiзде жүзеге асырылады.
9. Заңды және жеке тұлғаларға, соның iшінде шетелдiк те құсбегілiктiң дәстүрлі ұлттық түрлерiн сақтау, жаңғырту және жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуын ынталандыру мүдделерiнде белгiленген тәртiппен құстарды торда өсiретін питомниктер ұйымдастыруға, оларды баулу, жаттықтыру жөніндегі мектептер ашуға, мамандар даярлауға, сондай-ақ ғылыми мақсаттарда жұмыс жүргiзуге рұқсат берiледі.
10. Ұсталған құстарды әкету рәсiмiн, сондай-ақ оларды транзиттiк тасымалдауды Қазақстан Республикасындағы СИТЕС Әкiмшiлік органы құстардың өлiм-жiтімiне әкелiп соқтыратын iс-әрекеттерді болдырмау жағдайында Жойылып кету қатерi төнген фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда жасау туралы конвенцияның (бұдан әрi - СИТЕС Конвенциясы) және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерiнiң талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
11. СИТЕС Конвенциясының талаптарына сәйкес торда өсiрiлген құстарды әкету:
әр 100 бастан 30 бас арақатынасында, егер 70 бас тиiстi тәртiппен есепке алу және бақылау рәсiмдерi сақталып бостандыққа жiберiлген жағдайда рұқсат етіледi.
12. Мыналарға:
бір жасар және одан үлкен табиғатта ауланған құстарды әкетуге, қыран құстарды жем ретiнде пайдалана отырып ителгiлердi аулауға жол берiлмейдi.
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 қарашадағы № 1239 қаулысымен 13-тармақ өзгертілді(бұрынғы ред. қара)
13. ҚР Үкіметінің 2008 ж. 14 қарашадағы № 1061 Қаулысымен күші жойылды (бұр. ред. қара)
14. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемдер, кiрiстер мен шығыстарының бюджеттік жiктемесiнiң кодтарына сәйкес Қазақстан Республикасының республикалық бюджет кірiсіне сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерiн сақтау мен олардың өсiмiн молайтуға осы сомалардың бюджеттен бөлiнуiн кейiн қамтамасыз етiп аударылады.
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 қарашадағы № 1239 қаулысымен 15-тармақ алынып тасталды(бұрынғы ред. қара)