Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1999 ж. 21 қазандағы № 1578 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 21.03.00 ж. № 421; 31.01.01 ж. № 166; 26.09.02 ж. № 1060;
30.09.02 ж. № 1074 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 28.10.04 ж. № 1118 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (Сыртқыісмині) туралы ереже бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 30.09.02 ж. № 1074 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бес вице-министрі, оның ішінде бір бірінші вице-министрі болуына рұқсат етілсін.
3. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 сәуірдегі № 418 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 127-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 тамыздағы № 1093 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 40, 343-құжат) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 13-тармағының;
3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегі № 1301 қаулысында, көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 14-тармағының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1999 жылғы
21 қазандағы
№ 1578 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі
(Сыртқыісмині) туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 21.03.00 ж. № 421; 31.01.01 ж. № 166; 26.09.02 ж. № 1060 қаулыларымен 1-тармақ толықтырылды және өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын және дипломатиялық қызмет органдарының біртұтас жүйесін басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
Министрлiктiң ведомствосы бар, олар - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы iстерi жөніндегі комитет, Инвестициялар жөніндегі комитет.
2. Министрлік өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің Үкіметінің халықаралық шарттарына, актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде есепшоттары болады.
Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан кіреді.
Министрліктің заңдарда белгіленген жағдайларда және тәртіппен мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Министрлік өзінің құзыретіндегі мәселелер бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен міндетті күші болатын бұйрықтар шығарады.
5. Министрліктің штаттық саны лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Министрліктің құрылымын және штаттық санын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штаттық сан лимиті шегінде Сыртқы істер министрі белгілейді.
6. Министрліктің заңды мекен-жайы:
473000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10.
7. Министрліктің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" мемлекеттік мекемесі (Сыртқыісмині).
8. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Министрліктің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Министрліктің өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға кіруге құқығы жоқ.
2. Министрліктің негізгі міндеттері, функциялары және құқықтары
ҚР Үкіметінің 31.01.01 ж. № 166; 26.09.02 ж. № 1060 қаулыларымен 10-тармақ өзгертілді
10. Министрліктің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының тұжырымдамалары мен негізгі бағыттарын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне тиісті ұсыныстар табыс ету;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру және сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу;
3) Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымас беріктігін, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасында оның саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін дипломатиялық жолдармен және әдістермен қорғауды қамтамасыз ету;
4) шет елдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының, заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау;
5) Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға жәрдемдесу;
6) Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдiк инвестициялар тартуға жәрдемдесу;
6-1) Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды әзiрлеу және iске асыру;
7) сыртқы экономикалық байланыстар аясында шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарына кіруі жөнінде жұмыстар жүргізу;
8) дүние жүзіндегі саяси және экономикалық жағдайда, шетелдік мемлекеттердің сыртқы және ішкі саясатын, халықаралық ұйымдардың қызметін зерделеу;
9) мемлекеттік органдарды сыртқы және ішкі саясатты жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.
ҚР Үкіметінің 31.01.01 ж. № 166; 26.09.02 ж. № 1060 қаулыларымен 11-тармақ өзгертілді
11. Министрлік заңдарда белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілікті, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін дипломатиялық жолдармен және әдістермен іске асыру;
3) өзінің құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысу;
4) Қазақстан Республикасының шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізуін және халықаралық шарттарға қол қоюын ұйымдастыру;
5) Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың қызметіне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде ғаламдық және аймақтық мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға ықпал ету;
6) Қазақстан Республикасында мемлекеттік бағдарламаларды және басым инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тікелей шетелдік инвестициялар мен қаржы ресурстарын тарту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жәрдемдесу;
7) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Әлемдік мұхиттың ресурстарын игеру, ғарыштық кеңістікті зерделеу саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандығын, оның қорғанысын және ұлттық қауіпсіздігін, құқықтық тәртіпті қорғауды, Қазақстан Республикасының шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық және қаржы байланыстарын, ғылыми-техникалық, мәдени және өзге де алмасуларын дамыту мен кеңейтуді қамтамсыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге қатысу;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен басқа да ұйымдарының сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялық саясаты мәселелерi үкіметаралық комиссиялардың мәжілістерін дайындау және өткізу жөніндегі бірлескен жұмысын үйлестіру;
9-1) Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсартуға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiруге, сондай-ақ халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөнiндегі шараларды iске асыру жөнiнде жұмыстар жүргізедi.
10) жоғары және үкімет деңгейлеріндегі мемлекетаралық алмасуларды протоколдық қамтамасыз ету;
11) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттар депозитарийінің функцияларын жүзеге асыру;
12) шет елдерде де, Қазақстан Республикасының аумағында да Министрліктің орталық аппаратын және оның өкілдіктерін кадрлық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, дипломатиялық қызмет кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да функцияларды жүзеге асыру.
12. Министрліктің негізгі міндеттерін іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарынан, өзге де ұйымдардан Министрлікке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, анықтамалық және өзге де материалдарды сұратуға және алуға, сондай-ақ заңдардың талаптарын ескере отырып, аталған ұйымдарға ақпарат беруге;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары жобаларының Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келуін бақылауды жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінен, консулдық мекемелерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктерінен (бұдан әрі - шетелдегі мекемелер) келіп түсетін, Қазақстан Республикасының шет елдермен сауда-экономикалық байланыстарын жақсартуға жәрдемдесетін инвестициялық жобалардың, өтінімдердің, басқа да ұсыныстардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асыруға қатысуға;
4) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің қарауына сыртқы саясат және дипломатиялық қызмет мәселелері жөніндегі заң және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстар енгізуге;
5) шетелдегі мекемелерді құру туралы ұсыныстар енгізуге;
6) Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту және елдің шетелдерде оң шырайын қалыптастыру жөнінде бастамашыл ұсыныстар енгізуге;
7) өз құзыретінің шегінде нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
8) ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізуге;
9) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (келісім бойынша) бірлесіп, шет елдегі мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметіне тексерулер мен тексерістер жүргізуге қатысуға;
10) берілген құқықтарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында және шетелдерде Қазақстан Республикасының жер учаскелеріне, ғимараттарына, құрылыстарына және өзге де мүлкіне иелік етуге, оларды пайдалануға және басқаруға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарымен өзіне жүктеген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Министрліктің мүлкі
13. Министрліктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналымдық қаражаттан, сондай-ақ құны Министрліктің балансында көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
14. Министрлікке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
15. Министрліктің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
Министрлікке заңдарда белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Министрліктің қызметін ұйымдастыру
16. Министрлікті Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Сыртқы істер министрі (бұдан әрі - Министр) басқарады.
Министрдің оның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары - вице-министрлері, оның ішінде бір бірінші вице-министрі болады.
17. Министр Министрліктің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуы, оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауаптылықта болады.
18. Министр осы мақсатта:
1) өзінің вице-министрлері мен Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
2) заңдарға сәйкес Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңдарда белгіленген тәртіппен Министрліктің қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Министрлікті білдіреді;
6) заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
19. Министрліктің жанынан сандық және жеке құрамын Министр бекітетін Алқа құрылады.
Алқа халықаралық жағдайдың, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің, Министрліктің орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, оның шетелдегі мекемелерінің практикалық жұмысының негізгі мәселелерін қарайтын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.