тауарға кеден төлемдерi мен салықтарын салу;
кеден статистикасын жүргізу;
Қазақстан Республикасының сыртқы сауда саясатын мемлекеттік реттеудiң өзге де шараларын қолдану үшiн пайдаланылатын құны;
18) "тауар" - материалдық дүниенiң кез келген жылжымалы заты, соның iшiнде валюта, валюта құндылықтары, энергияның электр, жылу және басқа түрлерi мен осы баптың 21-тармағында көрсетiлген көлiк құралдарынан басқа көлiк құралдары;
19) "Отандық тауар" - Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарлар не Қазақстан Республикасы аумағында еркiн айналысқа түскен тауарлар;
20) "шетел тауары" - осы баптың 19-тармағында көрсетiлмеген тауар;
21) "көлiк құралы" - контейнерлер мен басқа да көлiк жабдықтарын қоса, жолаушылар мен тауарлардың халықаралық тасымалы үшiн пайдаланылатын кез келген құрал;
22) "кедендiк алып жүру" - тауарларды, көлiк құралдарын және олардың құжаттарын Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарының iлесе алып жүруi;
23) "шартты түрде шығару" - белгiленген шектеулердi, талаптарды немесе шарттарды сақтау мiндеттемесiмен ұштастырылған тауарлар мен көлiк құралдарын шығару;
24) "қойма мекемесi" (барлық түрлерi) - белгiлi бiр кеден режимдерi кезiнде жүзеге асыру үшiн жеке жаңа заңды тұлға құруды қажет етпейтiн қызмет түрi.
25) "кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган" өзiне табысталған құқықтардың шегiнде кеден iсiне жалпы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн мемлекеттік орган;
26) "орталық кеден органы" - осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы кеден iсiне тiкелей басшылықты жүзеге асыратын орган.
II бөлім. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы
арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу
3-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын
өткізудің негізгі қағидаттары
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 19-бап өзгерді
19-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан
Республикасына әкелу және Қазақстан
Республикасынан әкету құқығы
Барлық тұлғалардың осы Заңда көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасына тауарлар мен көлiк құралдарын, соның iшiнде сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыру кезiнде әкелуге, Қазақстан Республикасынан әкетуге бiрдей негiздерде құқығы бар.
Осы Заңда көзделгеннен өзге реттерде, Қазақстан Республикасына тауарлар мен көлiк құралдарын әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге ешкiм құқығынан айырылмайды немесе ешкiмнiң құқығы шектелмейдi.
20-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан
Республикасына әкелуге және Қазақстан
Республикасынан әкетуге тыйым салу
Қазақстан Республикасының заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкіметі актілерімен, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен мемлекет қауiпсiздiгi, моральдық-имандылық мүдделерi, адам өмiрi мен денсаулығын сақтау, айналадағы табиғи ортаны, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, Қазақстан Республикасы мен шетел халықтарының көркем, тарихи және археологиялық игiлiктерiн, меншiк құқығын, соның iшiнде интеллектуальдық меншiк объектiлерiне құқығын қорғау, әкелiнетiн тауарларды тұтынушылардың мүдделерiн және Қазақстан Республикасының басқа да өмiрлiк маңызды мүдделерiн басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасына жекелеген тауарлар мен көлiк құралдарын әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынады.
Әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарлар мен көлiк құралдары, егер Қазақстан Республикасының заң актілерімен немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен бұл тауарлар мен көлiк құралдарын тәргiлеу көзделмесе, тиiсiнше Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге не Қазақстан Республикасының аумағына дереу қайтаруға жатады.
Тауарлар мен көлiк құралдарын қайтаруды тауар өткізушi тұлға немесе тасымалдаушы өз есебiнен жүргiзедi. Тауарлар мен көлiк құралдарын дереу қайтару мүмкiн болмаған немесе iске аспаған жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органдарының иелiгіндегі уақытша сақтау қоймаларына табыс етiледi. Сақтау ақысы тауарлар өткізушi тұлға немесе тасымалдаушы есебiнен төленедi.
Уақытша сақтау қоймаларындағы әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарлар мен көлiк құралдарын сақтаудың шектi мерзiмi - үш тәулiк. Сақтаудың белгiленген мерзiмi өтiсiмен мұндай тауарлар мен көлiк құралдары өзге кеден режимiне мәлiмделуге тиiс. Тауарлар мен көлiк құралдарын өзге кеден режимiне мәлiмдемеген жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiп пен шартқа орай мемлекет кiрiсiне айналдырылады.
21-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан
Республикасына әкелуге және Қазақстан
Республикасынан әкетуге қойылатын шектеулер
Қазақстан Республикасының заң актілерімен, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінің актілерімен, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге, Қазақстан Республикасынан әкетуге шектеулер белгiленуi мүмкiн. Мұндай шектеулердi белгiлеген кезде осы шектеулер қолданылатын тауарлар мен көлiк құралдарын сыртқа шығаруды Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана жүргiзе алады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген шектеулердi белгiлейтiн актiлер күшiне енгiзiлерден кемiнде отыз күн бұрын жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының кеден органдары шектеулердiң күшiне енуiне байланысты тауарларды өткізушi тұлғаның не тасымалдаушының шығындарын өтемейдi.
22-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы
арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткізу
тәртібі
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткізу осы Заңда көзделген тәртiппен олардың кеден режимiне сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 22-1-баппен толықтырылды
22-1-бап. Кеден режимдерiнiң түрлерi
Кеден заңдарын қолдану мақсатында кеден режимдерiнiң мынадай түрлерi белгiленедi:
1) тауарларды еркiн айналыс үшiн шығару;
2) тауарлардың керi импорты;
3) тауарлар транзитi;
4) кеден қоймасы;
5) бажсыз сауда жасайтын дүкен;
6) кеден аумағында тауарларды өңдеу;
7) кедендiк бақылаумен тауарларды өңдеу
8) тауарларды уақытша әкелу және уақытша әкету;
9) еркiн кеден аймағы;
10) еркiн қойма;
11) тауарларды кеден аумағынан тысқары жерлерде өңдеу;
12) тауарлар экспорты;
13) тауарлардың керi экспорты;
14) тауарларды жою;
15) мемлекеттiң пайдасы үшiн тауардан бас тарту.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 23-бап жаңа редакцияда
23-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарының кеден режимiн таңдау және
өзгерту
Тұлға, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, тауар мен көлiк құралының сипатына, мөлшерiне, шығарылған, келген немесе арналған елiне қарамастан, кез-келген уақытта кез-келген кеден режимiн таңдауға немесе оны басқасына өзгертуге құқылы.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 24-бап жаңа редакцияда
24-бап. Кедендiк ресiмдеу және кеден бақылауы
Тауарлар мен көлiк құралдары осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттармен кедендiк ресiмдеуге және кедендiк бақылауға жатады.
25-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарының Қазақстан
Республикасының кеден шекарасынан өтетiн
орны мен уақыты
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан өткізуге Қазақстан Республикасының кеден органдары белгiлеген жерлерде және олардың жұмыс уақытында жол берiледi. Өзге жерлерде және Қазақстан Республикасының кеден органдарының жұмыстан тыс уақытында тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан Қазақстан Республикасының кеден органының келісімiмен ғана өткізуге болады.
26-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы
арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк
құралдарын пайдалану және иелiк ету
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалану және иелiк ету олардың кеден режимдерiне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 27-бап жаңа редакцияда
27-бап. Кеден төлемдерi мен салығы бөлiгiнде кеден жеңiлдiктерi
берiлетiн, шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк
құралдарын пайдалану және (немесе) иелiк ету
Кеден төлемдерi мен салығы бойынша жеңiлдiктер белгіленген шектеулердi, талаптарды немесе шарттарды сақтаған кезде берiлетiн тауарлар мен көлiк құралдары шартты түрде шығарылады және осындай жеңiлдiктер берiлуге байланысты мақсаттарда ғана пайдаланылады. Осы тауарлар мен көлік құралдары оларды осындай мақсаттарда қолданған секілді өзге мақсаттарда пайдалануға кеден төлемдерi мен салығы төленіп, бұл жайында кеден органдарына хабарланған және осы заңда көзделген басқа да талаптар орындалған жағдайда жол берiледi.
Осы бапта белгiленген талаптарды сақтауға жауапкершiлiк кедендiк ресiмдеу кезiнде шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдары пайдалануына және (немесе) иелiк етуiне берiлген тұлғаға жүктеледi. Декларант шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдары пайдалануына және (немесе) иелiк етуiне берiлген тұлғамен бiрге ортақтаса жауап бередi.
III бөлім. Тауарлардың кеден режимі
4-тарау. Тауарларды еркін айналысқа шығару
28-бап. Тауарларды еркiн айналысқа шығарудың
режимiн белгiлеу
Тауарларды еркiн айналысқа шығарудың кеден режимi әкелiнген тауарлардың Қазақстан Республикасының кеден аумағында тұрақты қалуы немесе тұтынылуы үшiн белгiленедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 29-бап жаңа редакцияда
29-бап. Тауарларды еркiн айналысқа шығаруға қойылатын талаптар
Тауарларды еркiн айналысқа шығару:
осы Заңда көзделген кеден төлемдерi мен салығы төленген;
тарифтiк емес реттеу шаралары мен валюталық реттеу саласындағы талаптар сақталған;
осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген басқа да талаптар орындалған;
кедендiк ресiмдеу аяқталған жағдайларда жүзеге асырылады.
5-тарау. Тауарлардың кері импорты
30-бап. Тауарлардың керi импорты режимiн белгiлеу
Тауарлардың керi импорты - бұл экспорттың кеден тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының кеден аумағынан әкетiлген Отандық тауарлары кеден бажы мен салығы алынбай сондай-ақ тауарларға тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай осы Заңның 31-бабында белгiленген мерзiмде керi әкелiнетiн кеден режимi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 31-бап жаңа редакцияда
31-бап. Тауарлардың керi импортына қойылатын талаптар
Тауарлардың керi импортының кеден режимiне:
Қазақстан Республикасының аумағынан одан тыс жерлерге экспорттың кеден режимiне сәйкес бұдан бұрын әкетiлген;
әкетілген сәттен бастап үш жыл iшiнде Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелiнген;
табиғи тозудың не тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайларында кемудiң салдарынан болған өзгерістердi, апаттық немесе тежеусiз күштiң әсер етуi, сондай-ақ тауарлармен олардың сақталуын, ұсақ жөндеудi қамтамасыз ету жөніндегі операцияларды жүзеге асыру салдарынан тауарлардың бүлiнуi мен өзге де нашарлауы, нәтижесiнде әкету сәтiнде айқындалатын құны ұлғаймаған жағдайларын қоспағанда, тауарларды орналастыруға рұқсат етiледi. Тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайларында тауарлардың табиғи тозуы немесе кемуi осы тауарларға қатысты стандарттармен айқындалады. Апаттың немесе тежеусiз күштiң әсер өтуi салдарынан жай-күйiнiң өзгеру фактiсi Қазақстан Республикасының шет елдегi консулдық мекемелерiнiң растамасымен құжаттай қуатталуға тиiс.
Бұл ретте әкету күнi кеден декларациясы қабылданған күн болып саналады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Әкету кеден бажын және өзге де
сомаларды қайтару
Тауарлардың керi импорты кезiнде керi импорт жасаған тұлғаға Қазақстан Республикасының кеден органы тауарлар экспортқа шығарылған сәттен бастап үш жыл iшiнде бұрын төленген кеден бажын қайтарып бередi.
Тауарлардың керi импорты кезiнде тауарларды өткізушi тұлға тауарларды экспортқа шығару кезiнде төлемдер ретiнде немесе өзге жеңiлдiктер нәтижесiнде алған сомаларын қайтарады.
Осы сомалардан басқа олардан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің қайта қаржыландыру ресми ставкасы бойынша проценттер өндiрiлiп алынады.
Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген сомалар мен олардың проценттерi кеден төлемдерi үшiн белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының кеден органына төленедi.
6-тарау. Тауарлар транзиті
33-бап. Тауарлар транзитiнiң кеден режимiн белгiлеу
Тауарлар транзитiнiң кеден режимi тауарларды кеден бажы, салық өндiрiлiп алынбай және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы, сондай-ақ шет мемлекеттiң аумағы арқылы кеден бақылауымен өткізуге арналған.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 34-бап өзгерді
34-бап. Тауарлар транзитiне қойылатын талаптар
Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы транзитпен өткiзiлетiн тауарлар:
табиғи тозу немесе тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезiнде кему салдарынан болған өзгерістердi қоспағанда өзгерiссiз күйiнде қалуға және кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмауға;
егер Қазақстан Республикасының Үкіметі транзит жолдары мен бағыттарын белгiлеген болса, солар бойынша тасымалдануға;
жiберiлген кеден органына жөнелтушi кеден органы белгiлеген әдеттегi жеткізу мерзiмiне сәйкес мерзiмде көлiк құралының, белгiленген жол бағытының мүмкiндiктерiн және тасымалдаудың басқа жағдайларын негiзге ала отырып, бiрақ айына екi мың шақырымдық есеппен белгiленетiн шектi мерзiмнен асырылмай жеткiзiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған тауарларды транзиттiң кедендiк режимiмен орналастыруға рұқсат етiлмейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 35-бап жаңа редакцияда
35-бап. Тауарлар транзитiне берiлетiн рұқсат
Тауарлар транзитi Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен Қазақстан Республикасының кеден аумағында еркiн айналысқа шығарған кезде тарифтiк емес реттеу шараларын және (немесе) кеден бажын және (немесе) салық алуды қолдану белгiленген тауарларға:
көлiк құралының тиiсiнше жабдықталуына қойылатын Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген талаптар сақталған;
кеден бажы мен салықтарын төлеудi қамтамасыз ету уәкiлеттi банктің кепiлдiгi түрiнде берiлген немесе тиесiлi сомалар Қазақстан Республикасы кеден органының депозитiне енгiзiлген жағдайда;
тауарлар кедендік алып жүрілген жағдайда транзитке рұқсат етіледi.
Бұл ретте, егер транзитке қойылатын талаптарды сақтау осының алдындағы шараны қолдану арқылы қамтамасыз етiлмейтiн болса атап өтiлген шаралардың әрбiр кейiнгiсi қолданылады. Тасымалдаушы кедендiк алып жүрудi қолдануды таңдауға құқығы бар.
Көлiк құралын тиiсiнше жабдықтауды қамтамасыз етуге байланысты тасымалдаушыда пайда болған шығыстарды Қазақстан Республикасының кеден органы өтемейдi.
Қазақстан Республикасының Yкіметі транзитке кеден бажы мен салықтарын төлеген жағдайда ғана рұқсат етiлетiн тауарлардың тiзбесiн белгiлейдi.
36-бап. Жiберiлген кеден органына тапсырылуға
тиiстi тауарлар құжаттары
Жiберiлген кеден органына тапсырылуға тиiстi тауарлардың құжаттары өздерi қатысты болып отырған тауарлар сияқты тәртiппен жеткiзiледi.
37-бап. Авария немесе тежеусiз күш әрекетi
салдарынан қабылданатын шаралар
Авария немесе тежеусiз күш әрекетi кезiнде тауарлар түсiрiледi. Бұл жағдайда тасымалдаушы:
тауарлардың сақталуы мен оларды қандай да болмасын рұқсатсыз пайдалануға жол бермеудi қамтамасыз ететiн барлық қажеттi шараларды қолдануға;
Қазақстан Республикасының таяу маңдағы кеден органына iстiң мән-жайы туралы, тауарлар мен көлiк құралдарының тұрған орны туралы тез арада хабарлауға;
тауарларды Қазақстан Республикасының таяу маңдағы кеден органына тасымалдауды немесе Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамдарын тауарлар тұрған жерге жеткізудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
Қазақстан Республикасының кеден органдары тасымалдаушының осы бапта көзделген шараларды қолдануға байланысты шеккен шығындарын өтемейдi.
38-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тауарлар транзитi тасымалдаушының жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылады.
Егер тауарлар авария немесе тежеусiз күш әрекетi салдарынан жойылған, бiржола жоғалған болмаса, не тауарлар шетел мемлекетi органдарының немесе лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдары бойынша заңсыз әрекеттерi салдарынан иелiктен шығып кеткен болмаса, тауарлар Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз берiлген немесе олар жоғалған, осы жоғалту туралы мәлiмделмеген немесе олар жіберілген кеден органына жеткiзiлмеген жағдайда, тасымалдаушы тиiстi құжаттар берiлген ретте тиiсiнше еркiн айналысқа шығару кезiнде немесе экспортқа шығару кезiнде төленуге жататын кеден төлемдерiн төлеуге тиiс.
7-тарау. Кеден қоймасы
39-бап. Кеден қоймасының режимiн белгiлеу
Кеден қоймасының режимi әкелiнген тауарларды кеден бажын, салығын алмай және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай кеден бақылауымен сақтауға, сондай-ақ кеден бажын, тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, экспортқа шығарылатын тауарларды нақты экспортқа шығарғанға дейiн кеден бақылауымен сақтау үшiн арналған.
40-бап. Кеден қоймалары және олардың үлгiлерi
Кеден қоймасы ретiнде кеден қоймасы режимiне сәйкес тауарларды сақтауға арналған кез келген арнайы белгiленген және соған лайықтап жасалған үй-жай немесе орын танылады.
Кеден қоймасы кез келген тұлға пайдалануға оңтайлы ашық үлгiде және белгiлi бiр тұлғалардың тауарларын сақтауға арналған жабық үлгiде болуы мүмкiн.
Егер ашық үлгiдегi қойманы құру тиiмсiз деп есептеуге негiз болса, онда жабық үлгiдегi кеден қоймалары құрылуы мүмкiн.
41-бап. Кеден қоймаларының иелерi
Қазақстан Республикасының кеден органдары немесе қазақстандық тұлғалар кеден қоймаларының иелерi бола алады.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының қарамағындағы кеден қоймалары ашық үлгiдегi қоймалар болып табылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 42-бап жаңа редакцияда
42-бап. Кеден қоймасын құруға арналған лицензия
Кеден қоймасы Қазақстан Республикасы орталық кеден органының лицензиясын алғаннан кейiн құрылуы мүмкiн. Егер кеден қоймасын Қазақстан Республикасының кеден органдары құрса, аталған лицензияны алудың қажетi жоқ.
Лицензиялауға байланысты қатынастар лицензиялау туралы заңдармен реттеледi.
Кеден қоймасын құруға берiлген лицензияның күшiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы тоқтата тұруы мүмкiн.
Лицензияны қайтарып алу лицензиатқа оны қайтарып алу туралы хабарланған күннен бастап қолданылады.
Лицензияны тоқтата тұру тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап қолданылады.
Лицензияның күшi тоқтатылған кезде шетел тауарларын қоймаға орналастыру кеден бажын, салығын төлеп және тарифтiк емес реттеу шараларын қолданып жүзеге асырылады, ал орналастырылатын отандық тауарлар жөнiнде кеден бажынан босату не кеден бажын қайтару жүргiзiлмейдi.
Кеден органы құрған және жұмыс iстеп тұрған кеден қоймалары ақпараттың мерзiмдi жарияланып тұруын қамтамасыз етедi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Кеден қоймалары иелерiнің міндеттері
Кеден қоймасының иесi:
сақтау орнындағы тауарлардың кеден бақылауынан тыс кеден қоймасынан алынбауын қамтамасыз етуге;
кеден бақылауын жүзеге асыруды қиындатпауға;
кеден қоймасын құруға берiлген лицензия шарттарын сақтап, Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарының кеден қоймасында сақтаулы тауарларға кiруiн қамтамасыз етудi, осы адамдарға кеден бақылауы мен кеден ресiмдеуiн жүзеге асыру үшiн кеден қоймасындағы үй-жайларды, жабдықтар мен байланыс құралдарын тегiн берудi қоса, Қазақстан Республикасы кеден органдарының талаптарын орындауға;
Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген кедендiк қойманың мекемесiне арналған үй-жайдың немесе орынның жабдықталуына қойылатын талаптарды сақтауға.
Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген тәртiппен сақталатын тауарлар мен олардың айналымы туралы есеп жүргiзiп, Қазақстан Республикасының кеден органдарына есеп беруге мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 44-бап жаңа редакцияда
44-бап. Кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетiн тауарларға
қатысты кеден төлемдерi мен салығын төлеу
жауапкершілiгi
Кеден қоймасы арқылы айналысқа түсетiн тауарларға қатысты кеден төлемдерi мен салығын төлеу жөнiнде декларант жауап бередi. Тауарларды кеден қоймасына сақтауға қойған тұлға декларантпен бiрге ортақ жауап бередi.
Осы Заңның 43-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда кеден төлемдерi мен салығын төлеу жөнiнде жауапкершiлiк кеден қоймасының иесiне жүктеледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Кеден қоймасында сақталуға тиiстi тауарлар
Кеден қоймасына, Қазақстан Республикасының Үкіметі тiзбесiн белгiлейтiн тауарларды қоспағанда, кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкiн.
Басқа тауарларға зиян келтiрiлуi мүмкiн немесе сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететiн тауарлар осындай тауарларды сақтау жағдайларына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларына орналастырылуға тиiс.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Кеден қоймасында тауарларды сақтау мерзiмi
Тауарлар кеден қоймасында үш жыл бойы сақталуы мүмкiн, тауарлардың жекелеген санаттары және кеден заңдарының талаптарын сақтамайтын тұлғалар үшiн аталған мерзiм Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлеген тәртiппен шектеледi.
Кеден қоймасында сақтаудың белгiленген мерзiмi өткен соң тауар өзге кеден режимiне берiлуге не Қазақстан Республикасының кеден органы иесi болып табылатын уақытша сақтау қоймасына орналастырылуға тиiс.
Кеден режимi өзгертiлместен тауарларды бiр кеден қоймасынан екiншiсiне ауыстырған кезде сақтау мерзiмi тауарларды кеден қоймасына бастапқы орналастырған күннен бастап есептеледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Кеден қоймасында сақтау кезiнде тауарлармен
жүргiзiлетiн операциялар
Кеден қоймасына орналастырылған тауарлармен операциялар жүргiзiлуi мүмкiн:
осы тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі;
тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі: тауарлар топтарын бөлшектеу, жөнелтілімдердi жинақтау, сұрыптау, орау, қайта орау, таңбалау, тиеу, түсiру, қайта тиеу және басқа осы тәрiздес операциялар.
Осы бапта көрсетiлген операцияларды жүргiзудiң тiзбесi мен тәртібін Қазақстан Республикасының орталық кеден органы белгiлейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Кеден қоймасы режимiмен орналастырылып,
экспорттың кеден режимiне сәйкес әкетуге
арналған тауарларды кеден бажынан босату
немесе төленген сомаларды қайтару
Экспорттың кеден режимiне сәйкес әкетуге арналған тауарлар кеден қоймасы режимiмен орналастырылған ретте, егер тауарларды iс жүзiнде алып кету кезiнде осындай босату немесе қайтарып беру көзделсе, мұндай тауарлар кеден бажынан босатылады не төленген сомалар қайтарылып берiледi. Кеден бажынан босатылған не төленген сомалар қайтарылған ретте тауарлар кеден қоймасы режимiмен орналастырылған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей тасылып әкетiлуге тиiс.
Белгiленген мерзiмнен кешiктiрiлмей тауарлар iс жүзiнде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары әкетiлуi немесе өзге кеден режимiне мәлiмделiнуi тиiс.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Кеден қоймаларының қызметiн құқықтық
реттеу ерекшелiктерi
Кеден қоймалары қызметiнiң осы Заңда көзделмеген ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейді алады.
8-тарау. Бажсыз сауда жасайтын дүкен
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 50-бап жаңа редакцияда
50-бап. Бажсыз сауда жасайтын дүкен режимiнiң мақсаты
Бажсыз сауда жасайтын дүкен - Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелінген тауарлар, кейіннен мұндай тауарлар Қазақстан Республикасының кеден аумағынан әкетiлетiн жағдайда, кеден бажы, салықтар алынбастан, тарифтiк емес реттеу шаралары қолданылмастан бөлшектеп сатылатын кеден режимi.
Тауарларды сату кедендiк бақылаумен Қазақстан Республикасының кеден аумағында халықаралық қатынастар үшiн ашық әуежайларда, порттарда және шекаралық өткелдерде, сондай-ақ халықаралық тасымалдар жасайтын әуе және теңiз кемелерiнiң бортында жүргiзiледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 51-бап жаңа редакцияда
51-бап. Бажсыз сауда дүкенiн ашуға арналған лицензия
Бажсыз сауда дүкенiн отандық тұлға оның иесi Қазақстан Республикасы орталық кеден органының лицензиясын алғаннан кейiн Қазақстан Республикасының кеден органдары анықтайтын жерлерде аша алады.
Лицензиялауға байланысты қатынастар лицензиялау туралы заңдармен реттеледi.
Бажсыз сауда дүкенiн ашуға берiлген лицензияның күшiн Қазақстан Республикасының орталық кеден органы тоқтата тұруы мүмкiн.
Лицензияны қайтарып алу лицензиатқа қайтарып алу жайында хабарланған күннен бастап қолданылады.
Лицензияны тоқтата тұру тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған күннен бастап қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 51-1-баппен толықтырылды
51-1-бап. Бажсыз сауда дүкенiне қойылуға тиiс тауарлар
Бажсыз сауда дүкенiне тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тауарлардан басқа кез-келген тауар қойылуы мүмкiн.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 52-бап өзгертілді