398-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
лауазымды адамдарының өздерiнiң қызметтiк
мiндеттерiн тиiстi дәрежеде атқаруының
кепiлдiктерi
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде өкiмет өкiлдерi болып табылады.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамы өзiне жүктелген мiндеттердi атқару үстiнде тек қана Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де актілерін және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады әрi өзiнiң бастығы мен тiкелей бастықтарына ғана бағынады.
Мемлекеттік органдардың, саяси және қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, өзге де заңды тұлғалардың, олардың лауазымды адамдары мен өзге де қызметкерлерiнiң, жеке кәсiпкерлердiң сондай-ақ жеке тұлғалардың қандай болсын нысанда Қазақстан Республикасы кеден органы немесе оның лауазымды адамы қабылдайтын шешiмге не осы лауазымды адам жүзеге асыратын әрекетке әсер ету мақсатында заңсыз ықпал етуiне немесе араласуына жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасының заңдарына көрiнеу қарама қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамы Қазақстан Республикасы заңдарын басшылыққа алуға мiндеттi.
Қазақстан Республикасының кеден органдарында саясы мақсатты көздейтiн саяси партиялардың, бұқаралық қоғамдық қозғалыстар мен олардың ұйымдарының құрылуына және қызметiне жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамдары өз қызметiнде саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың шешiмдерiмен шектеулi болмайды.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарының кәсiпкерлiк қызметпен, соның iшiнде делдалдар арқылы айналысуға, үшiншi тұлғалардың кеден мәселелерi жөніндегі сенiмдi өкiлi болуға, ғылыми, оқытушылық қызметтен басқа кез келген ақы төленетiн жұмысты қоса атқаруға, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кеден iсiне байланысты жұмыстарды атқаруға, өзiнiң қызмет бабын пайдалану арқылы адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген кез келген көмек көрсетiп бұл үшiн сыйақы алуға, қызметiн пайдалануға және жеңiлдiктер алуға, өз бетiмен немесе өкiлi арқылы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi басқаруға қатысуға құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарына ереуiлдер ұйымдастыруға және оларды өткізуге қатысуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамын қорлау, қорқыту, оған қарсылық көрсету, күш қолдану немесе оның өмiрiне, денсаулығына қатер төндiрiп, мүлкiне қол сұғу осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы кеден органдары лауазымды адамының өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты осы лауазымды адамның отбасы мүшелерiнiң өмiрiн, денсаулығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн және мүлкiн қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделедi.
399-бап. Қазақстан Республикасының кеден органы
лауазымды адамының заңды өкiмдерiн
немесе талаптарын орындау мiндеттілігi
Қазақстан Республикасының кеден органы лауазымды адамының заңды өкiмдерi немесе талаптары мемлекеттік органдардың, тұлғалардың, лауазымды адамдар мен өзге де қызметкерлердiң орындауы үшiн мiндеттi.
Қазақстан Республикасының кеден органы лауазымды адамының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сондай-ақ осы лауазымды адамға жүктелген мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн басқа да әрекеттер осы Заңда көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
59-тарау. Мәжбүр ету шараларын арнайы құралдар
мен атыс қаруын қолдану
400-бап. Мәжбүр ету шараларын, арнайы құралдар мен
атыс қаруын қолданудың шарттары мен шектерi
Осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен Қазақстан Республикасы кеден органдарының медициналық тексеруден өткен лауазымды адамдарының мәжбүр ету шараларын, арнайы құралдар мен атыс қаруын қолдануға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары мәжбүр ету, арнайы құралдар мен атыс қаруын қолданумен байланысты жағдайларды iс-қимылға жарамдылықтың арнайы даярлығынан, сондай-ақ оқтын-оқтын тексеруден өтуге мiндеттi.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамы мәжбүр ету шараларын, арнайы құралдар мен атыс қаруын қолданған кезде:
мәжбүр ету шараларын, арнайы құралдар мен қаруды қолдануды кешеуiлдету өзiнiң өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретiн, өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын, тұтқиылдан болған немесе қарулы шабуыл жасалған, әскери техника мен көлiк құралдарын пайдалану арқылы шабуыл жасалған кезде немесе өзге де жағдаяттарда, егер осындай ескертудiң қалыптасқан жағдайда орынсыз болған немесе мүмкiн болмаған жағдайларын қоспағанда, бұл ретте өз талаптарының орындалуы үшiн жеткiлiктi уақыт бере отырып, оларды қолдану ниетi туралы ескертуге;
дене жарақатын алған адамдарға дәрiгер келгенге дейiнгi көмек көрсетудi қамтамасыз етуге және болған оқиға туралы Қазақстан Республикасы кеден органының бастығына немесе оның орнындағы тұлғаға дереу хабарлауға;
құқық бұзушылықтың сипаты мен оны жасаған адамдардың қауiптілік деңгейiне, сондай-ақ көрсетiлген қарсы әрекеттiң күшiне қарай қауiптi жою кез келген залалдың мейлiнше төмен болуына ұмтылуға мiндеттi.
Қазақстан Республикасы кеден органының бастығы немесе оның орнындағы тұлға кiсi өлiмiнiң немесе ауыр дене зақымдарын түсiрудiң барлық жағдайлары туралы прокурорға дереу хабарлауға мiндеттi.
Мәжбүр ету шараларын, арнайы құралдар мен атыс қаруын өкiлеттiгi шегiнен асыра қолдану Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
401-бап. Мәжбүр ету шараларын қолдану
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасаған адамдарды ұстау, көрсетiлген қарсылықты еңсеру, заңды өкiмге немесе талапқа бағынбаудың жолын кесу, кеден бақылауында тұрған үй-жайға, аумаққа кіруге тауарлар мен көлiк құралдарына қол жеткізуге кедергi жасаудың, осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген аталған адамдарға жүктелген мiндеттердi атқаруға кедергi келтiретiн өзге де әрекеттердiң жолын кесу үшiн мәжбүр ету шараларын қолдануға құқылы.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 402-бап өзгерді
402-бап. Арнайы құралдарды қолдану
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) азаматтарға, Қазақстан Республикасы кеден органдарының қызметкерлерiне немесе қоғамдық тәртiптi сақтау және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру, сондай-ақ кепiлге алынғандарды босату үшiн;
2) Қазақстан Республикасы кеден органдарының иелiгіндегі немесе пайдалануындағы үйлерге, үй-жайларға, ғимараттар мен көлiк құралдарына, кеден бақылауындағы тауарлар мен көлiк құралдарына жасалған шабуылға тойтарыс беру үшiн, сондай-ақ басып алынған жағдайда аталған объектiлердi босату үшiн;
3) егер құқық бұзушылар бағынбаса, қарсылық көрсетiп, өзге де қарсы әрекеттер жасаса не айналасындағыларға немесе өзiне зиян тигiзуi мүмкiн болса, оларды ұстап, Қазақстан Республикасы кеден органының қызмет үйiне апару үшiн;
4) Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамына күшпен қарсылық көрсетудi тыю үшiн;
5) жүргiзушiсi Қазақстан Республикасы кеден органы лауазымды адамының тоқтау жөніндегі талабын орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн;
6) Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамының өзiне жүктелген мiндеттердi атқаруына қасақана кедергi келтiрiлетiн басқа да жағдайларда қол кiсендерiн, резiңке таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алдандыратын жарық, дыбыс шығару құралдарын, үй-жайларды ашатын құрылғыларды, көлiктi ықтиярсыз тоқтататын құралдарды, су шашу құралдарын, жауынгерлiк күрес тәсiлдерiн, қызмет иттерiн, басқа да арнайы құралдарын қолдануға құқылы.
Әйелдерге, мүгедектiгiнiң анық белгiлерi бар адамдарға және жас балаларға қатысты, олар қарулы қарсылық көрсеткен, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндіретін топтасқан не өзге де шабуыл жасаған жағдайлардан басқа реттерде, арнайы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары қолданатын арнайы құралдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 403-бап өзгертілді
403-бап. Атыс қаруын алып жүру, сақтау және пайдалану
Қазақстан Республикасының кеден органдарының лауазымды адамдары қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде атыс қаруын өзiмен бiрге алып жүру, сақтау және пайдалану құқығын иеленедi.
Атыс қаруы құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының тұлғасын, нақты ахуалды ескере отырып және осы Заңмен белгiленген жағдайлар мен шекте ғана қолданылады.
Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының атыс қаруын өзiмен бiрге алып жүру, сақтау және пайдалану құқығы берiлген санаттарын Қазақстан Республикасының Yкіметі анықтайды.
Қазақстан Республикасының кеден органдарында пайдаланылатын атыс қаруының түрлерi мен оның оқ-дәрiлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Қазақстан Республикасы орталық кеден органының және Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды тұлғалары қарулар мен оқ-дәрiлердi жоғалтқаны, салақ сақтағаны, оларды күзету жөніндегі мiндеттерiн лайықты орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
404-бап. Атыс қаруын қолдану және пайдалану
Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының төтенше шара ретiнде атыс қаруын мынадай жағдайларда:
1) азаматтарды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату үшiн;
2) Қазақстан Республикасы кеден органдарының қызметкерлерiне және олардың отбасы мүшелерiне жасалған шабуылға тойтарыс беру үшiн;
3) Қазақстан Республикасы кеден органдарының иелiгіндегі немесе пайдалануындағы үйлерге, үй-жайларға, ғимараттар мен көлiк құралдарына, кеден бақылауында тұрған тауарлар мен көлiк құралдарына жасалған шабуылға тойтарыс беру үшiн;
4) қарулы қарсылық көрсеткен не ауыр қылмыс жасау үстiнде қолға түскен адамдарды, сондай-ақ қаруды тапсыру туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан қарулы адамды ұстау үшiн;
5) егер жүргiзушi Қазақстан Республикасы кеден органдары қызметкерлерiнiң тоқтау жөніндегі бiрнеше дүркiн қойған заңды талаптарына бағынбаса және сонысымен азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарын оларды iстен шығару арқылы тоқтату үшiн;
6) хайуандардың шабуылынан қорғану үшiн;
7) қару қолданатындығы туралы ескерту, дабыл белгiсiн беру немесе көмекке шақыру үшiн қолдануға құқығы бар.
Әйелдерге, мүгедектiк белгiсi анық көрiнiп тұрған адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы қарсылық көрсеткен, қарулы шабуыл жасаған жағдайлардан басқа кезде, сондай-ақ қару қолдану басқа азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруi мүмкiн жағдайларда атыс қаруын қолдануға тыйым салынады.
Атыс қаруын қолданудың барлық жағдайларында Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамы айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шаралар қолдануға және прокурорды хабардар етуге мiндеттi.
ҚР 22.12.98 ж. № 327-1 Заңымен 60-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
60-тарау. Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды
адамдарын қаржыландыру, материалдық-техникалық жағынан
қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау
ҚР 22.12.98 ж. № 327-1 Заңымен 405-бап жаңа редакцияда
405-бап. Қазақстан Республикасының кеден органдарын
қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан
қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының кеден органдарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
ҚР 10.10.01 ж. № 247-II Заңымен 406-бап өзгертiлді
406-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды
адамдары қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен
жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамына қызметтiк мiндеттерiн атқару кезеңiнде мертiккен кезде, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, өтем алуға құқығы бар адамдарға бiр жолғы өтем төленедi.
Бiр жолғы өтемдi төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдары қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақатының, жаралануының (контузияның), мертiгуiнiң, ауруының салдарынан болған мүгедектiгi анықталған кезде оларға:
I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражаты;
II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражаты;
III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгуге (жарақатқа, жаралануға, контузияға) ұшыраған жағдайда, оған бiр жарым айлық ақшалай қаражаты, жеңiл мертiгуге ұшыраған жағдайда айлық ақшалай қаражатының жартысы мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
Осы бапта көзделген бiр жолғы өтемдi есептеу үшiн қолданылатын ақшалай қаражат лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы үшiн қосымша ақыдан тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамының қаза табуы (қайтыс болуы), жарақат алуы, жаралануы (мертiгуi), ауруы қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты емес мән-жайлардан болғандығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiр жолғы өтем төленбейдi.
ҚР 10.10.01 ж. № 247-II Заңымен 407-бап алып тасталды
408-бап. Қазақстан Республикасының кеден органдары
лауазымды адамдарының алған кiрiстерiне табыс
салығын салу
Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының қызметтiк мiндеттерiн атқаруымен байланысты алынған кiрiстерiне табыс салығын салудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының салық заңдарымен белгiленедi.
ҚР Президентінің 21.12.95 ж. № 2703 Жарлығымен 409-бап өзгертілді
409-бап. Қазақстан Республикасының кеден органы лауазымды
адамының демалысы
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамына демалыс орнына барар және қайтар жолда жүрген уақыты есептелмей, ұзақтығы 30 жұмыс күнiнен тұратын жыл сайынғы демалыс берiледi.
Ұзақтығы 45 тәулiктен тұратын кезектi демалыстар биiк таулы аймақтарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын Қазақстан Республикасының климаттық жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерiнде қызмет өткеретiн лауазымды адамдарға берiледi.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарына:
осы органдарда 10 жыл қызмет атқарғаннан кейiн - ұзақтығы 5 күнтiзбелiк күннен тұратын;
15 жыл қызмет атқарғаннан кейiн - ұзақтығы 10 күнтiзбелiк күннен тұратын;
20 жыл қызмет атқарғаннан кейiн - ұзақтығы 15 күнтiзбелiк күннен тұратын ақылы қосымша демалыс берiледi.
ҚР Президентінің 21.12.95 ж. № 2703 Жарлығымен 410-бап өзгертілді
410-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
лауазымды адамдарын тұрғын үй алаңымен,
телефонмен қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасы кеден органдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен құрылатын қызметтiк тұрғын үй қоры болуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамы қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты қаза тапқан жағдайда қайтыс болған адамның отбасының Қазақстан Республикасы кеден органы лауазымды адамының қайтыс болған күнiнен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей, ол кезекке қойылған кездегi негiздерде тұрғын үй алаңын алу құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарына пәтер телефондары техникалық мүмкiндiк болған жағдайда өтiнiш берiлген күннен бастап үш ай iшiнде орнатылады.
ҚР Президентінің 21.12.95 ж. № 2703 Жарлығымен 411-бап өзгертілді
411-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдары
лауазымды адамдарының қызметтiк iссапарға
шығу кезіндегі құқығы
Қазақстан Республикасы кеден органының қызметтiк iссапарға жіберiлген лауазымды адамы көлiктiң барлық түрiне жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу және қызметтiк iссапар куәлiгiмен қонақ үйге кезектен тыс орналасу құқын пайдаланады.
ҚР Президентінің 21.12.95 ж. № 2703 Жарлығымен 412-бап өзгертілді
412-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
лауазымды адамдарын зейнетақымен қамтамасыз
ету
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарын және олардың отбасылары мүшелерiн зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарының зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн өздерi бұрын есепте тұрған емдеу мекемелерiнде медициналық қызмет көрсету құқығы сақталады.
61-тарау. Қазақстан Республикасы кеден органдарының қызметіне қол
сұғатын әкімшілік тәртіп бұзушылықтар, осындай құқық
бұзушылықтар үшін жауапкершілік, олар туралы іс
жүргізу және оларды қарау
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 413-бап өзгерді
413-бап. Қазақстан Республикасының кеден органы
лауазымды адамының өкіміне немесе талабына
бағынбау
Осы Заңның басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы кеден органы лауазымды адамының қызметтiк мiндеттерiн атқару үстіндегі заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, -
бес айлық есептік көрсеткіштен он жалақыға дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 414-бап өзгертілді
414-бап. Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды
адамын, кеден бақылауын жасауға, кедендiк ресiмдеудi
жүргiзуге, сондай-ақ кеден ережелерiнiң бұзылуы
туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысушы
адамдарды, сондай-ақ бөгде куәгерлердi қорлау
Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамын өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты, сондай-ақ кеден бақылауын жасауға, кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге, кеден ережелерiнiң бұзылуы туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысу үшiн тартылған яки шақырылған тексерушiлердi, сарапшыларды, мамандарды, аудармашыларды, куәлердi, сол сияқты бөгде куәгерлердi қорлау, қылмыс белгiлерi болмаған жағдайда, -
бес айлық есептік көрсеткіштен он жалақыға дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 415-бап өзгерді
415-бап. Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды
адамына, кеден бақылауын жасауға, кедендiк ресiмдеудi
жүргiзуге, сондай-ақ кеден ережелерiнiң бұзылуы
туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысушы
адамдарға, сол сияқты бөгде куәгерлерге қатысты
күштеу әрекеттерiн жасаумен қорқыту
Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамына қатысты, сондай-ақ кеден бақылауын жасауға, кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге, кеден ережелерiнiң бұзылуы туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысу үшiн тартылған яки шақырылған тексерушiлерге, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға, куәгерлерге, сол сияқты бөгде куәгерлерге қатысты дене жарақатын түсiру, ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасаумен қорқыту, қылмыс белгiлерi болмаған жағдайда, -
он айлық есептік көрсеткіштен жиырма жалақыға дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
416-бап. Куәнiң түсiнiктемелер беруден бас тартуы
немесе жалтаруы
Куә ретiнде кеден ережелерiнiң бұзылуы туралы iс бойынша сұралуға тиiстi адамның, өзiне қарсы, өз жұбайы мен туыстық шеңберi заңмен анықталатын жақын туыстарына қарсы айғақ болу жағдайларын қоспағанда, қажеттi түсiнiктемелердi беруден дәлелсiз себептермен бас тартуы немесе жалтаруы, -
ең төменгi үш жалақы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 417-бап өзгертілді
417-бап. Тексерiстi, тексерудi, түгендеудi жүргiзуге
кедергi келтiру не одан бас тарту
Заңды тұлғаның лауазымды адамдарының, жеке кәсiпкерлердiң Қазақстан Республикасы кеден органының қаулысы бойынша тексерiстi, тексерудi, түгендеудi жүргiзуге кедергi келтiруi, не одан бас тартуы, егер бұларды жүргiзу оның жарғысында, ережесiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, -
жеке кәсiпкерлерге жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғаның лауазымды адамдарына - елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әдеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 418-бап өзгертілді
418-бап. Сарапшы мен маманның кеден ережелерiнiң
бұзылуы туралы iстi жүргiзуге, кеден
бақылауын жасауға немесе кедендiк
ресiмдеудi жүргiзуге қатысудан бас тартуы
немесе жалтаруы
Сарапшының қорытынды беруден, аудармашының кеден ережелерiнiң бұзылуы туралы iстi жүргiзуге немесе қарауға, ал маманның бұған қоса кеден бақылауын жасауға немесе кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге қатысудан да дәлелсiз себептермен бас тартуы немесе жалтаруы, -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
419-бап. Лауазымды адамның сараптама жүргiзу туралы
қаулыны немесе тапсырманы не маманды шақыру
туралы талапты орындаудан бас тартуы немесе
жалтаруы
Қазақстан Республикасы кеден органының сараптама жүргiзу туралы қаулысы немесе тапсырмасы не кеден бақылауын жасауға, кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге, кеден ережелерiнiң бұзылуы туралы iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысу үшiн маманды шақыру туралы талабы жiберiлген лауазымды адамның бұларды орындаудан дәлелсiз себептермен бас тартуы немесе жалтаруы, -
лауазымды адамға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 420-бап өзгертілді
420-бап. Қазақстан Республикасының кеден органы лауазымды
адамының кеден тексеруi мен басқа да iс-әрекеттердi
жасауына кедергi келтiру
Қазақстан Республикасының кеден органы лауазымды адамының осы Заңда көзделген кеден тексеруi мен басқа да iс-әрекеттердi жасауына кедергi келтiру, егер осындай кедергi келтiру қылмыстық жауапкершiлiкке немесе осы Заңның басқа баптарына сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соқпаса, -
бес айлық есептік көрсеткіштен жиырма жалақыға дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 16.07.99 ж. № 426-1 Заңымен 421-бап өзгертілді
421-бап. Қабылданатын шешiмге не iске асырылатын әрекетке
әсер ету мақсатында заңсыз ықпал ету немесе араласу
Заңды тұлғалардың, олардың лауазымды адамдарының және өзге де қызметкерлерiнiң тарапынан Қазақстан Республикасының кеден органы немесе оның лауазымды адамы қабылдайтын шешiмге не осы лауазымды адам iске асыратын әрекетке ықпал ету мақсатында қандай болсын нысанда заңсыз ықпал ету немесе араласу, сол сияқты жеке кәсiпкерлер мен жеке тұлғалардың осындай ықпал етуi немесе араласуы, -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
422-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
қызметiне қол сұғатын әкiмшiлiк құқық
бұзушылықтар туралы iстердi жүргiзу мен қарау
Қазақстан Республикасының кеден органдарының қызметiне қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi жүргiзу мен оларды қарау осы Заңның ХII бөлiмiнде көзделген тәртiпке қатысты осы тараудың ережелерiне сәйкес, ал олар реттемеген бөлiгiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi Қазақстан Республикасының кеден органдарының осыған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жүргiзедi, осы құқық бұзушылықтар туралы iстердi Қазақстан Республикасының сот органдары қарайды.
423-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының
қызметiне қол сұғатын әкiмшiлiк құқық
бұзушылық туралы iстi жолдау