Радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиілікті құрылғылардың индустриялық радиобөгеуілдерден сыртқы қорғалуы техникалық регламенттер мен радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиілікті құрылғылардың осы түрлеріне арналған стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген нормалардан төмен болмауға тиіс.
12-бап. Радиожиілік спектрін бөліп беру, жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлектеу және иелікке беру (тағайындау) жөніндегі жалпы ережелер
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасында радиожиіліктер спектрін пайдалану:
1) пайдаланушылардың радиожиілік спектріне қол жеткізуінің рұқсаттық тәртібі;
2) мемлекеттік басымдықтар ескеріле отырып, барлық пайдаланушылардың радиожиілік спектріне тең қол жеткізу құқығы;
3) радиожиілік спектрін пайдаланудың ақылы болуы;
4) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) мерзім белгілемей бөлектеуге, иелікке беруге (тағайындауға) жол бермеу;
5) осы іс-шараларға жұмсалатын шығыстардың орны толтырыла отырып, радиожиілік спектрін пайдалануды конверсиялау;
6) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану рәсімдерінің айқындығы және ашықтығы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Радиожиілік спектрін бөліп беру Халықаралық электр байланыс одағының Радиобайланыс регламентіне сай, уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының радио қызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер диапазонында жиілік белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.18.01. № 546-ІV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру, бөлектеу және иелікке беру тәртібін радиожиілік органдары әзірлейді.
Телевизия және радио хабарларын тарату мақсаттары үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес конкурстық негізде өткізіледі.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында ұлттық телерадио хабарларын тарату операторына жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) конкурс өткізбей бөлінеді.
4. Жиіліктерді иелікке беру Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды, қорғанысты, қауіпсіздікті және құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету мүддесіне орай, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқа жиіліктерге көшуіне байланысты залалдарын бір мезгілде өтей отырып өзгертілуі мүмкін.
5. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығы уәкілетті орган азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін және Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін беретін рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды; 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-1. Жеке және заңды тұлғаларға өздеріне иелікке берілген жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) уақытша немесе тұрақты пайдалану құқығын басқа жеке немесе заңды тұлғаларға беруге, мына жағдайларды:
1) радиожиілік спектрін негізгі пайдаланушы келісім берген жағдайда, өндірісішілік қызмет үшін радиожиіліктерді бірлесіп пайдалануды қоспағанда, тыйым салынады. Әрбір пайдаланушыға радиожиілік спектрін пайдалануға арналған жеке рұқсат ресімделеді;
2020.02.07. № 355-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) ұялы байланыс қызметтерін көрсету үшін, оның ішінде ұялы байланыстың виртуалды операторының қызметі үшін бөлінген радиожиіліктерді бірлесіп пайдалануды қоспағанда, тыйым салынады. Радиожиіліктерді бірлесіп пайдалану шартпен ресімделеді.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Байланыс операторларына және радиожиiлiк спектрiн өндiрiсiшiлік қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдалануды көздейтiн тұлғаларға радиожиiлiк спектрiн пайдалануға арналған рұқсат уәкiлеттi органға белгiленген үлгiдегi өтiнiм келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрмей берiледi.
Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға арналған рұқсатта байланыс түрі немесе стандарты, пайдаланудың аумағы, пайдаланылатын радиоэлектрондық құралдардың типі мен техникалық өлшемдері, сондай-ақ елді мекендерді және (немесе) аумақтарды байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер көрсетіледі.
Көрсетілетін байланыс қызметтеріне кең жолақты қолжетімділікті ұйымдастыру үшін берілген, радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттарды алған жеке және заңды тұлғалар осындай рұқсаттарды алған кезден бастап екі жылдан аспайтын мерзімде берілген рұқсаттарды пайдалану аумағындағы әрбір елді мекендегі халықтың кемінде отыз пайызына сапасы бойынша ең төмен шекті мәндерге сәйкес келетін көрсетілетін байланыс қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну үшін техникалық инфрақұрылымның болуын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талабы уәкілетті орган берген радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттар шеңберінде өзіне осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдаған байланыс операторларына қолданылмайды.
Байланыс операторының Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамауы, сондай-ақ радиожиілік спектрін бір жыл ішінде пайдаланбауы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
Уәкілетті орган байланыс операторларының мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер ұсыну жөніндегі қосымша міндеттемелерін белгілей алады.
7. Өтінім берушіге азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден мынадай негіздер бойынша:
1) мәлімделген жиіліктер белдеуі, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес келмесе;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мәлімделген радиоэлектрондық құралдардың сәулелену және қабылдау параметрлері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға, нормаларға сәйкес келмесе;
3) қолданыстағы және пайдалану үшін жоспарланып отырған радиоэлектрондық құралдармен электромагниттік үйлесімділік сараптамасының оң қорытындысы болмаса;
4) пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұрын иелікке берілген, мәлімделген жиілік белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) азаматтық пайдаланушылардың қарамағында болса;
5) радиожиілік пайдаланылатын, байланыс саласындағы кәсіпкерлік қызмет түріне лицензиар Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген тәртіппен беретін тиісті лицензия болмаса;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арнасы) Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органымен келісу жүргізудің оң нәтижелері болмаса, бас тартылады.
7) 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттің қорғанысы және қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 8-1 тармақпен толықтырылды; 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 8-1-тармақ жаңа редакцияда
8-1. Радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттың қолданысы мынадай негіздер бойынша:
1) пайдаланушының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатты ерікті қайтару туралы өтініші бойынша;
2) радиожиілік спектрі бір жыл бойы пайдаланылмағанда;
3) байланыс операторы Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендерді және (немесе) аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағанда;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес үш тоқсанға мемлекеттік бюджетке төлемақы төлемегенде;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсат берілгеннен кейін екі жыл өткен соң ол пайдаланылатын әрбір елді мекендегі және (немесе) аумақтағы халықтың кемінде отыз пайызына көрсетілетін байланыс қызметтеріне кең жолақты қолжетімділік беру үшін жағдайларды қамтамасыз ететін техникалық инфрақұрылым болмағанда;
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
6) уәкілетті органның:
байланыс саласындағы перспективалық технологияларды іске асыру;
радиожиілік спектрін перспективалық пайдалану жоспарларына сәйкес радиожиілік спектрін, жиілік белдеулерін тиімді пайдалану мақсатында радиожиілік спектрін қайта бөлуді жүргізу туралы шешімі бойынша;
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
7) дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылғанда немесе заңды тұлға таратылғанда;
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
8) байланыс операторы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған күннен бастап алты ай ішінде радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану туралы хабарламаны және азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігінің есептемесін ұсынбағанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тоқтатылады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) радиожиілік органдарымен келісу жүргізілген жағдайда, келісу жүргізу мерзімі сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс, бұл ретте өтінімді қарау мерзімі қажетті келісулерді жүргізу уақытына, бірақ күнтізбелік отыз күннен асырмай ұзартылуы мүмкін.
Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес іргелес жатқан мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) радиожиіліктерді халықаралық үйлестіруді жүргізу қажет болған жағдайда өтінімді қарау мерзімі, бірақ алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін, бұл жөнінде өтінім беруші алдын ала электрондық нысанда хабардар етіледі.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
13-бап. Нөмірлеу ресурсын бөлу мен оларды пайдалануды реттеу және нөмірлер беру
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою тәртібін Қазақстан Республикасының уәкілетті органы айқындайды.
2. Уәкілетті орган нөмірлеудің бөлінген және резервтік ресурстарының тізілімін жүргізеді.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 14-бап жаңа редакцияда
14-бап. Төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай енгізілген кезде байланыс желілерін басқару
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 30 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай қатері төнген немесе туындаған, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде байланыс желілерін басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша, үкiметтiк және президенттік байланысты, шұғыл қызметтердің байланыс желілері мен құралдарын қоспағанда, байланыс желiлерi мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағына сәйкес олардың қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай қатері төнген немесе туындаған, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдары пайдаланылған жағдайда олар шеккен шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Байланыс желілері мен құралдарының иелері адамдар өмірінің теңіздегі, жердегі, әуедегі, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау саласындағы кезек күттірмейтін іс-шараларды жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туралы хабарлармаларға абсолюттік басымдық беруге тиіс.
2015.16.11. № 404-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Байланыс операторлары өтеусіз негізде бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметіне қоңырау шалушы абоненттің орналасқан жерін анықтау және әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері төнген немесе қатер туындаған және жойылған, төтенше жағдай енгізілген кезде, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібі мүддесінде халықтың ұялы байланысының абоненттік құрылғыларына қысқа мәтіндік хабарлар жіберу жөнінде қызметтер көрсетуге міндетті. Көрсетілген мақсаттарда байланыс операторларының желілерін пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
5. Байланыс операторлары әлеуметтік сипаттағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай қаупі төнген және (немесе) туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде жедел штабтардың сұратуы бойынша олардың иелігіне мобильді байланыс станцияларын беруге міндетті.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
6. Ұялы байланыс операторлары өз желілерінде кеңінен хабар тарату технологиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 15-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Байланыс операторларының, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторының, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры операторының жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторлары және (немесе) байланыс желілерін иеленушілер:
1) байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарды барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған іс-шараларды жүргізудің нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2) тармақша жаңа редакцияда
2) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыруға міндетті. Қызметтік ақпаратты сақтау Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылады. Шетелдегі Қазақстан Республикасының абоненттеріне байланыс қызметтерін көрсету жағдайларын қоспағанда, қызметтік ақпарат пен біріктірілген деректерді Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге беруге тыйым салынады;
3) байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметтік ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған іс-шараларды жүргізудің нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;
2024.05.07. № 115-VІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындаған, байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарға және тәртіпке сәйкес жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз етуге;
5) байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес жасалатын байланыс қызметтерін көрсету туралы тиісті шарт жасалған кезде ғана байланыс қызметтерін көрсетуді, сол сияқты байланыс операторы өкілінің абоненттік нөмірлерді таратуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңға және «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес байланыс операторлары, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорының операторы және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры операторы байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың абоненттік нөмірлердің және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорларындағы мәліметтерге қол жеткізуін өтеусіз қамтамасыз етуге міндетті.
4. 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Байланыс операторларының, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторының, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры операторының жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара қарым-қатынастары осы Заңға және «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледі.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес иеленушінің өтініші бойынша өз желісіндегі ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының жұмысын сәйкестендіру коды бойынша тоқтата тұруға не қайта бастауға міндетті.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды
15-1-бап. Байланыс операторларының радиосигналды бұғаттауға не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтауға және (немесе) оның жолын кесуге арналған арнайы техникалық жабдықты пайдаланатын мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
1. Ішкі істер органдары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуді қамтамасыз ету мақсатында олардың аумақтарының шегінде радиосигналды бұғаттауға не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтауға және (немесе) оның жолын кесуге арналған арнайы техникалық жабдықты қолданады.
2. Байланыс операторлары:
1) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында радиосигналды бұғаттауға не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтауға және (немесе) оның жолын кесуге арналған арнайы техникалық жабдықты орнату кезінде ішкі істер органдарына консултациялық-техникалық жәрдемдесуді;
2) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында радиосигналдың таралуын азайту мақсатында уақтылы ден қоюды және шаралар қолдануды қоса алғанда, өзінің байланыс желілерін оңтайландыруды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Радиосигналды бұғаттауға арналған арнайы техникалық жабдық Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 15-2-баппен толықтырылды
15-2-бап. Байланыс операторларының сот орындаушыларымен өзара іс-қимылы
Байланыс операторлары сот орындаушыларына өтеулі шарттық негізде атқарушылық іс жүргізу тараптарының ұялы байланысының абоненттік құрылғыларына мәтіндік хабарларды жөнелту (жіберу) жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынады.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-бап. Техникалық байланыс құралдарының сәйкестігін растау
Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінде пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары электромагниттік сәулелену көздері болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар, пошта байланысының техникалық құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сәйкестігі расталуға тиіс.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама
1. Байланыс операторы байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті бастаған кезден бастап уәкілетті органға қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында хабарлама жіберуге міндетті.
Хабарламада:
байланыс операторының атауы;
байланыс операторының бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
байланыс қызметтерінің атауы;
байланыс қызметтерін көрсету аумағы көрсетіледі.
2. Байланыс операторының атауы, оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі, байланыс қызметтерінің атауы және байланыс қызметтерін көрсету аумағы өзгерген жағдайда, байланыс операторы осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті.
3. Байланыс операторы байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті тоқтатқан кезден бастап уәкілетті органға қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында хабарлама жіберуге міндетті.
Хабарламада байланыс операторының атауы және оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 16-2-баппен толықтырылды; 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 16-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-2-бап. Радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама
Жеке және (немесе) заңды тұлғалар, оның ішінде шет мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық өкілдіктері, радиоәуесқойлық қызметтердің радиоэлектрондық құралдары мен жоғары жиілікті құрылғыларын қоса алғанда, радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану басталғанға немесе тоқтатылғанға дейін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламар туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын нысан бойынша хабарлама жіберуге міндетті.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 17-бап жаңа редакцияда