Конкурстық өтінімдер болмаған кезде жоба бойынша конкурс өтпеді деп есептеледі. Бұл ретте қайта конкурс өткізуге жол беріледі.
41-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің ерекшеліктері
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс осы Заңның ережелері ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің шарттары, күні, орны мен уақыты туралы ақпаратты, сондай-ақ оның нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптестерге жазбаша нысанда жібереді.
42-бап. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізудің ерекшеліктері
1. Конкурсты ұйымдастырушы қолданылу аясын және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін техникалық жағынан күрделі және (немесе) бірегей ретінде айқындаған жағдайларда, екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізіледі. Конкурсты ұйымдастырушы біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық ұсыныстары негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларын қалыптастыруды жүзеге асырады.
2. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс екі кезеңді қамтиды.
Бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
1) техникалық тапсырманы қалыптастыру;
2) екi кезеңдiк рәсiмдердi пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөнiндегi конкурсты өткiзу туралы хабарландыруды жариялау;
3) конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптестерге техникалық тапсырма беруі;
4) әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды беруі;
5) конкурсты ұйымдастырушының техникалық ұсыныстарды қарауы және әлеуетті жекеше әріптестермен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының талаптарына қатысты мәселелерді талқылау;
6) конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын әзірлеуі және бекітуі;
7) бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды берген әлеуетті жекеше әріптестерге конкурсты ұйымдастырушының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың екiншi кезеңiне қатысуға шақыру жiберуi.
Екінші кезеңде осы Заңның 40-бабының ережелеріне сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.
43-бап. 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 44-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
44-бап. Тікелей келіссөздер негізінде жекеше әріптесті айқындау
Тікелей келіссөздер негізінде жекеше әріптесті айқындау технологиялар трансферін көздейтін бірегей объектілерді құруға және пайдалануға бағытталған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды
44-1-бап. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ерекшеліктері
1. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік осы Заңның ережелеріне сәйкес іске асырылады және кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген жобалар үшін (оның ішінде бірнеше жобаны қамтамасыз ету үшін) жеке түрде, сондай-ақ индустриялық аймақтарды құру шеңберінде жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобаларын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталады.
2. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту шеңберінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құруды (реконструкциялауды) және (немесе) пайдалануды мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес жекеше әріптес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру нәтижесінде пайда болған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, егер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік меншікке беріледі.
4. Жекеше әріптестің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құруға (реконструкциялауға) бағытталған инвестициялық шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру ерекшеліктерін, оның ішінде жекеше әріптесті айқындау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
45-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс (аукцион) нәтижелері негізінде не осы Заңда белгіленген жағдайларда тікелей келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша жасалады.
2. 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жазбаша нысанда жасалады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жазбаша нысанын сақтамау мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жарамсыздығына әкеп соғады.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әртүрлі шарттардың элементтерін қамтитын шарт болып табылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қатынастарына тиісті бөліктерде, егер тараптардың келісімінен немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мәнінен өзгедей туындамаса, элементтері осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында қамтылатын шарттар туралы заңнама қолданылады.
46-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мазмұны
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында мынадай ережелер қамтылуға тиіс:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезеңі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің көрсетілген объектісіне мүліктік құқықтар (оның ішінде меншік құқығы) туралы мәліметтер;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының мақсаттары, міндеттері, тікелей және түпкілікті нәтижелері;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) сервистік келісімшарттарды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құрудың (оның ішінде салудың және қажет болған кезде жобалаудың) немесе реконструкциялаудың немесе жаңғыртудың, сондай-ақ пайдаланудың шарттары мен көлемдері;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) сервистік келісімшарт бойынша қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын мүлік туралы мәліметтер және мүлікке қойылатын талаптар;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары, сондай-ақ инвестициялардың мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары;
4) шығындарды өтеу және кіріс алу көздері, мемлекеттiк қолдау ұсынылған жағдайда оның түрлерi, көлемдерi, ұсынылу мерзiмдерi мен шарттары;
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет түрлері;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердің көлемдері мен түрлерi;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар, оның ішінде ұсынылатын қызметтердің сапа индикаторларын және толық пайдалану әзірлігінің өлшемшарттарын бұзғаны үшін ақаулы ұпайларды есептеу;
8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде өндірілетін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі;
9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мерзімі;
10) операторды (операторларды) тағайындау тәртібі;
11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлғалар туралы мәліметтер;
12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындау үшін тартылатын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері;
13) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;
14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері;
15) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары арасында тәуекелдерді бөлу және тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралардың сипаты;
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын валюта құрамдасы бойынша іске асыру кезінде валюталық тәуекелдерді реттеу тетігі;
16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының жауапкершілігі;
17) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын өзгерту және бұзу шарттары;
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды
17-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда тараптардың шығыстарын өтеу тәртібі;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
18) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша дауларды сот арқылы және (немесе) соттан тыс шешу тәртібі;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қабылдаған міндеттемелерді орындауын бағалау өлшемшарттары, оларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда тұрақсыздық айыбын (ақша сомасында немесе сомада пайызбен міндетті түрде көрсете отырып) төлеу;
20) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындаудан біржақты бас тартудың айрықша жағдайлары;
21) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда залалдарды өтеудің тәртібі мен мерзімдері;
22) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берiлетiн мүлiктi күтiп-ұстау ауыртпалығының, сондай-ақ көрсетiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелдерiнiң өту шарттары мен мерзiмдерi;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және оған мониторинг жүргізу тәртібі;
24) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының толық атауы;
25) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының орналасқан жерi (заңды мекенжайы) және банктiк деректемелерi;
26) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі;
27) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың өзге де шарттары.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптары елеулі болып табылады және олар мұндай өзгерістердің бюджеттік тиімділігі (ақшалай мәнде) оң болған (бюджет шығыстарын ұлғайтпаған, мемлекеттік кірісті ұлғайтқан) жағдайда, сондай-ақ мұндай өзгерістер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапалық сипаттамаларына және (немесе) көлеміне және (немесе) қолжетімділігіне қойылатын талаптарды төмендетпесе, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының экономикалық және (немесе) әлеуметтік тиімділігі сақталған не ұлғайған жағдайда тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін, бұған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу кезінде оның талаптарында мұндай өзгерістердің көзделу жағдайлары қосылмайды.
2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында, осы баптың 1-тармағында көзделген шарттардан басқа:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының органдарын қалыптастыру тәртібі;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру мен толықтыру тәртібі;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының акционерлері (қатысушылары) арасындағы қатынастар;
4) корпоративтік дауларды шешу тәртібі қамтылады.
3. Егер жекеше әріптес Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша қолданылатын құқықты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары айқындайды.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты қазақ, орыс және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісімі бойынша айқындалған өзге де тілдерде жасалуға тиіс.
5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жекелеген түрлері бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалады.
47-бап. Жекеше әріптестің кредиторымен тікелей келісім
Жекеше әріптестің кредиторымен тікелей келісімде мынадай шарттар көзделеді:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптарының орындалмауына әкеп соқтыратындай елеулі бұзылу жағдайлары туралы мемлекеттік әріптестің жекеше әріптес кредиторларына хабарлау міндеттемесі;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты және (немесе) талап ету құқығын біреуге беру бойынша құқықтарды кепілге беру немесе мемлекеттік әріптестің келісуімен жекеше әріптестің борышын аудару;
3) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің міндеттемелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптары бойынша оның орындалмауына әкеп соқтыратындай етіп елеулі бұзған жағдайда, жекеше әріптес кредиторларының жекеше әріптесті ауыстыруды талап ету, сондай-ақ жекеше әріптестің жаңа кандидатурасын ұсыну құқығы;
4) осы баптың 3) тармақшасында көзделген жағдайларда жекеше әріптесті ауыстыру тәртібі;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттар.
48-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мерзімі
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мерзімі осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында белгіленген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мерзімінен аспауға тиіс.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісуі бойынша оның қолданылу мерзімі осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі мынадай жағдайларда:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптарына байланысты емес мән-жайлар нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы кідіртілгенде немесе тоқтатыла тұрғанда;
2) мемлекеттік әріптестің және (немесе) мемлекеттік органдардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы тоқтатыла тұрғанда;
3) мемлекеттік әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделмеген талаптарды қоюы нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға байланысты шығыстар ұлғайғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен сот шешімімен ұзартылуы мүмкін.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 49-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
49-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын өзгерту, бұзу, тоқтату негіздері
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісуі бойынша өзгертілуі және бұзылуы мүмкін.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына оны өзгертуді немесе бұзуды көздейтін қосымша келісім мүдделі мемлекеттік органдармен келісу қорытындысы бойынша жасалады.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын тиісті бюджет комиссиясының қарауынсыз мемлекеттік міндеттемелер мөлшерінің өзгеруіне алып келетін өзгертуге жол берілмейді.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының бұзылуымен не қолданылу мерзімінің аяқталуымен;
2) жекеше әріптестің таратылуымен;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Мемлекеттік әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты:
1) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі түрде бұзған кезде;
2) егер жекеше әріптес өзінің дәрменсіздігіне (банкроттығына) байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жүзеге асыруға қабілетсіз болғанда;
3) қоғам мен мемлекет мүддесінде, оның ішінде мұндай әрекеттер ұлттық қауіпсіздікті, халықтың денсаулығын және оның имандылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалған кезде ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.
5. Жекеше әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік әріптес және (немесе) мемлекеттік орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі түрде бұзған кезде ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.
50-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді біреуге беру және жекеше әріптестің борышын аудару
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді біреуге беру және жекеше әріптестің борышын аудару, мемлекеттік әріптестің жазбаша келісімі және жекеше әріптестің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға жалпы және қосымша (арнайы) біліктілік талаптарына сай болған жағдайда ғана жол беріледі.
2018.04.07. № 171-VІ ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша кепіл нысанасы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің құқықтарын мемлекеттік әріптестің жазбаша келісімімен ғана кепілге беруге құқылы.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысы түріндегі ақшалай түсімдер бойынша өзінің талап ету құқықтарын кредиторға кепілге беру мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін қарыздық қаржыландыруды тарту мақсатында ғана жүзеге асырылады.
3. Жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің құқықтарын кредиторға кепілге беруі және осы құқықтардың құнын есепке алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің пайдалануға берілген объектілері бойынша инвестициялық шығындарды өтеу мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарында көзделген сомалар мен мерзімдер шегінде толық көлемде жүзеге асырылады.
2018.04.07. № 171-VІ ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды
51-1-бап. Жекеше әріптесті ауыстыру
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жекеше әріптес кредитор алдындағы және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, мемлекеттік әріптеспен және кредитормен келісу бойынша жекеше әріптесті ауыстыруға жол беріледі, ол жекеше әріптесті ауыстыру мақсатында мемлекеттік әріптестің конкурс (аукцион) өткізуі арқылы жүзеге асырылады.
2. Жекеше әріптес ауыстырылған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша құқықтар мен міндеттер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптесті ауыстыру туралы келісім жасалған кезден бастап жаңа жекеше әріптеске беріледі.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптесті ауыстыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
52-бап. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы жалпы ережелер
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құрады.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы өз қызметін акционерлік қоғамның не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асырады, онда мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес жиынтығында дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызына ие болады.
Егер мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құруды көздейтін жағдайда, олар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасуға құқылы.
Егер мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құруды көздейтін жағдайда, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы қатынастар мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен реттеледі.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының қызметі осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңнамасымен реттеледі.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталына қатысу үшін мемлекеттік бюджеттен ақша бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында жекеше әріптестің мемлекеттік әріптеске немесе мемлекеттік әріптестің жекеше әріптеске мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларына (қатысу үлестеріне) меншік құқықтарын беруі (өтеулі немесе өтеусіз) көзделуі мүмкін.
53-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысы
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының атауы көрсетіле отырып, заңды тұлғаның мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында әрекет ететіні жөнінде мәлімет қамтылуға тиіс.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы жарғысының ережелері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қайшы келмеуге тиіс.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы жарғысының арасында қайшылықтар болған жағдайда:
1) егер олар мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ішкі қатынастарға жататын болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының;
2) егер оларды қолдану мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының үшінші тұлғалармен қатынастары үшін мәні болса, жарғының талаптары қолданылуға тиіс.
54-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құқықтық реттеу
1. Мемлекеттік әріптестің не жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясына қатысуын тоқтатудың шарттары мен тәртібі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалады.
2. Мемлекеттік әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларын (қатысу үлестерін) үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығаруына, кепілге қоюына немесе оған өзгеше ауыртпалық салуына жекеше әріптестің келісімімен ғана жол беріледі.
Жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларын (қатысу үлестерін) үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығаруына, кепілге қоюына немесе оған өзгеше ауыртпалық салуына мемлекеттік әріптестің келісімімен ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің келісімінсіз:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға немесе, міндетті енгізілуі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды қоспағанда, оның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының облигациялар мен өзге де бағалы қағаздар шығаруына;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын қайта ұйымдастыруға және таратуға;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің келісімін алу көзделген өзге де әрекеттерді жасауға жол берілмейді.
4. Осы бапта көрсетілген жағдайларда келісім беру тәртібі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында айқындалуға тиіс.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 7-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-ТАРАУ. ИННОВАЦИЯЛАРДАҒЫ, АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
55-бап. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік
1. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мынадай:
1) жаңа технологияларды, технологиялық процестерді, техникалық регламенттерді әзірлеу және оларды жетілдіру;
2) тәжірибелік үлгіні, тәжірибелік-конструкторлық қондырғыны дайындау, сынақтар (тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды қоса алғанда), зерттеулер (зертханалық зертеулерді қоса алғанда) жүргізу;
3) аз сериялы өндірісті (тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті) ұйымдастыру және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру (стартап- компаниялар құруды қоса алғанда) міндеттеріне қол жеткізуге бағытталады.
2. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына байланысты зияткерлік қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды бағалау (қайта бағалау) мәселелерін міндетті түрде көздеуге тиіс.