2. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру, мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы қорытындылар шығару, сондай-ақ осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдардың мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету - этика жөніндегі уәкілге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметке, ал олар болмаған жағдайда персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) немесе мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы айқындайтын адамға жүктеледі.
3. Мүдделер қақтығысын анықтау:
1) жеке мүдделер туралы декларацияларды талдау;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау;
3) мүдделер қақтығысы туралы жолданымдарды, хабарларды, хабарламаларды немесе өзге ақпаратты қарау;
4) тексеру, ревизия немесе аудит жүргізу;
5) цифрлық кадр жүйесін (ол болған кезде) мониторингтеу арқылы жүзеге асырылады.
Мүдделер қақтығысы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізу немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу нәтижелері бойынша анықталуы мүмкін.
Жүргізілген тексеру, ревизия, аудит, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізу немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу нәтижелері бойынша мүдделер қақтығысы жағдайында шарттар немесе мәмілелер жасасу, актілер немесе басқа да шешімдер қабылдау фактілері анықталған жағдайда, тиісті уәкілетті орган немесе ұйым осы Заңда көзделген шараларды қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органға растаушы материалдарды жібереді.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін мән-жайлар болған кезде осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адам Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы жазбаша мәлімдеуге міндетті.
Мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды және (немесе) бағдарламаларды іріктеуге қатысатын не жобаларды және (немесе) бағдарламаларды мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландыру немесе мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну туралы шешімдер қабылдауға қатысатын алқалы орган мүшесі жеке мүдделері, сондай-ақ алқалы органның тиісті мәселені қарауы кезінде объективтілікке, тәуелсіздікке немесе бейтараптыққа әсер ететін өзге де мән-жайлар болған жағдайда алқалы органға өздігінен бас тартуын мәлімдеуге міндетті.
Автомобиль жолдарында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын адам, егер осы адам және (немесе) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары және (немесе) онымен байланысы бар басқа да адамдар жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға және (немесе) техникалық қадағалау жүргізілетін автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде тікелей немесе жанама түрде қатысқан болса, тапсырыс берушіге өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде аталған адамдардың өздігінен бас тартуы уәжді болуға және мәселені қарау басталғанға дейін (техникалық қадағалау жүзеге асырылғанға дейін) жазбаша түрде мәлімделуге тиіс. Егер өздігінен бас тартудың негізі өздігінен бас тартуды мәлімдейтін адамға мәселені қарау барысында (техникалық қадағалауды жүзеге асыру барысында) белгілі болса, өздігінен бас тарту туралы мәлімдеме мәселені қарау барысында (техникалық қадағалауды жүзеге асыру барысында) берілуі мүмкін.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше тәртіп белгіленбесе, ықтимал немесе нақты мүдделер қақтығысын реттеу осы Заңның 15-2 және 15-3-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
6. Жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келген орын алған мүдделер қақтығысы жағдайында осы Заңның 26-бабының 3-тармағында көзделген шаралар қабылданады.
15-2-бап. Ықтимал мүдделер қақтығысын реттеу
1. Осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар ықтимал мүдделер қақтығысын жою бойынша шараларды өз бетінше қабылдайды.
2. Ықтимал мүдделер қақтығысының болуын немесе болмауын анықтауда қиындықтар туындаған жағдайда, осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдарға немесе қызметтерге жазбаша сұрау салу жіберуге құқылы.
3. Осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдар мен қызметтер дереу, бірақ ықтимал мүдделер қақтығысы туралы сұрау салу немесе өзге де ақпарат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ықтимал мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы қорытынды шығарады.
Ықтимал мүдделер қақтығысы болған жағдайда оны реттеу жөніндегі ұсынымдары бар қорытынды ықтимал мүдделер қақтығысы туындаған адам, оның тікелей басшысы және (немесе) өзге де мүдделі тұлғалар бір мезгілде хабардар етіле отырып, осы баптың 4-тармағында көзделген шараларды қабылдау жөніндегі өкілеттігі бар адамға ұсынылады.
Ықтимал мүдделер қақтығысы болмаған жағдайда, қорытынды сұрау салуды жіберген тұлғаға немесе өзге де мүдделі тұлғаларға ұсынылады.
4. Шешім қабылдауға құқығы бар адам ықтимал мүдделер қақтығысының болуы туралы қорытындыны алған күннен бастап дереу, бірақ он жұмыс күнінен кешіктірмей, өз құзыреті шегінде оны реттеу жөніндегі мынадай шаралардың қандай да бірін қабылдауға:
1) мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін мәселе бойынша жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін орындауды басқа жұмыскерге (қызметшіге) тапсыруға;
2) мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін өзгертуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актілерінде көзделген өзге де шараларды қабылдауға міндетті.
5. Мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін мәселе бойынша объективті шешім қабылдау үшін өкілеттіктерді өз орынбасарына немесе өзге де уәкілетті адамға уақтылы беруге міндетті.
15-3-бап. Нақты мүдделер қақтығысын реттеу
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында мүдделер қақтығысы туралы хабардар етудің өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар өздерінде мүдделер қақтығысының туындағаны туралы өздеріне белгілі болған кезден бастап дереу, бірақ екі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы өзінің тікелей басшысын (ол болған кезде) бір мезгілде хабардар ете отырып, осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдарды немесе қызметтерді жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
2. Осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдар мен қызметтер мүдделер қақтығысының туындағаны туралы хабарламаны немесе өзге де ақпаратты қарау қорытындылары бойынша дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей, нақты мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы қорытынды шығарады.
Нақты мүдделер қақтығысы болған жағдайда оны реттеу жөніндегі ұсынымдары бар қорытынды нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам, оның тікелей басшысы немесе өзге де мүдделі тұлғалар бір мезгілде хабардар етіле отырып, осы баптың 3-тармағында көзделген шараларды қабылдау жөніндегі өкілеттігі бар адамға ұсынылады.
Нақты мүдделер қақтығысы болмаған жағдайда, қорытынды мүдделер қақтығысының туындағаны туралы хабарлама жіберген адамға, оның тікелей басшысына немесе өзге де мүдделі тұлғаларға ұсынылады.
3. Шешім қабылдауға құқығы бар адам нақты мүдделер қақтығысының болуы туралы қорытындыны алған күннен бастап дереу, бірақ он жұмыс күнінен кешіктірмей, өз құзыреті шегінде оны реттеу жөніндегі мынадай шаралардың қандай да бірін қабылдауға:
1) мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін орындауды басқа жұмыскерге (қызметшіге) тапсыруға;
2) мүдделер қақтығысы туындаған жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін өзгертуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актілерінде көзделген өзге де шараларды қабылдауға міндетті.
4. Мүдделер қақтығысы туындаған адам бұл жөнінде өзіне белгілі болған кезде мүдделер қақтығысына байланысты мәселе бойынша лауазымдық өкілеттіктерін орындауды осы баптың 3-тармағында көзделген шараларды қабылдауға өкілеттігі бар адамнан нұсқаулар алғанға дейін, бірақ он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге уақытша тоқтата тұруға міндетті.
Осы баптың 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін одан арғы әрекет туралы нұсқаулар алмаған адам тиісті мәселе бойынша өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындауды жалғастырады.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімде нақты мүдделер қақтығысын реттеу мүмкін болмаған жағдайда, нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам тиісті қорытындыны алған күннен бастап үш айдан кешіктірмей, мүдделер қақтығысын болғызбайтын тең дәрежелі лауазымға тағайындалады, ал мұндай тағайындау мүмкін болмаған кезде бұл адамға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда сол мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде өзге лауазым ұсынылуы мүмкін.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда, нақты мүдделер қақтығысы туындаған адам жұмыстан шығарылуға немесе атқаратын лауазымынан өзгедей босатылуға тиіс, сол сияқты оның өкілеттігі осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім ішінде тоқтатылады.
6. Мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша объективті шешім қабылдау үшін өкілеттіктерді өз орынбасарына немесе өзге де уәкілетті тұлғаға уақтылы беруге міндетті.
15-4-бап. Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны немесе уақтылы қабылдамағаны үшін жауаптылық
1. Осы Заңның 15, 15-1, 15-2 және 15-3-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамау немесе уақтылы қабылдамау, соның ішінде жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келмеген мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыру осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдардың, сондай-ақ осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдардың (қызметтер жұмыскерлерінің) тәртіптік жауаптылығына алып келеді.
2. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар, сондай-ақ осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған адамдар (қызметтер жұмыскерлері) жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келген, соның салдарынан шарттар немесе мәмілелер жасалған, актілер немесе басқа да шешімдер қабылданған өздеріне белгілі болған мүдделер қақтығысы жағдайларын реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны немесе уақтылы қабылдамағаны, оның ішінде мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асырғаны үшін, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, әкімшілік жауаптылықта болады.
3. Осы Заңның 15-1-бабының 2-тармағында аталған, мемлекеттік лауазымды не мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымды атқармайтын адамдар (қызметтер жұмыскерлері) жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келген, соның салдарынан шарттар немесе мәмілелер жасалған, актілер немесе басқа да шешімдер қабылданған өздеріне белгілі болған мүдделер қақтығысы жағдайларын реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны немесе уақтылы қабылдамағаны үшін жұмыстан шығарылуға немесе атқаратын лауазымынан өзгедей босатылуға тиіс.
Ескертпе. Осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысы туралы хабардар еткен немесе осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдеген жағдайда, осы бапта көзделген жауаптылыққа тартылмайды.
15-5-бап. Жеке мүдделерді декларациялау
1. Осы Заңның 12-бабы 7-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдар мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға орналасқан немесе қызмет (жұмыс) бабымен ауыстырылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және нысан бойынша жеке мүдделер туралы декларацияны толтыруға міндетті.
2. Жеке мүдделер туралы декларация жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жазбаша түрде беріледі.
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жеке мүдделер туралы декларациядан алынған мәліметтерді цифрлық кадр жүйесіне (ол болған кезде) енгізеді.
3. Жеке мүдделер туралы декларацияда толық емес, анық емес мәліметтер көрсетілген жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар декларация берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жеке мүдделер туралы қосымша декларация беруге құқылы.
4. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) жұмыскерлері қатарынан жеке мүдделер туралы декларацияларды жинауға жауапты адамдар тағайындалады.
5. Жеке мүдделер туралы декларация осы баптың 1-тармағында аталған адамның жеке ісіне қоса тіркеледі.
6. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар қосымша декларацияны беру мерзімі ескеріле отырып, жеке мүдделер туралы декларацияны ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуға тиіс.»;
11) 16-бапта:
25-тармағының 11) тармақшасының екінші абзацы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1-тармақтың 3) тармақшасындағы «қақтығыстарын болғызбау» деген сөздер «қақтығысын болғызбау және реттеу» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің басшысы, жұмыскерлері немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын орындайтын жауапты адам өз өкілеттіктерін квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органынан, лауазымды адамдарынан тәуелсіз жүзеге асырады, директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету кезінде тәуелсіз болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын орындайтын жауапты адамның құзыреті, жұмысын ұйымдастыру және жұмыс істеу тәртібі квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ереже негізінде квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актісінде айқындалады.»;
25-тармағы 11) тармақшасының алтыншы абзацы 2026 ж. 24 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
үшінші бөліктегі «іс-қимыл» деген сөз «саясат» деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын орындайтын жауапты адам квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережеде көзделген тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.»;
25-тармағының 12) - 17) тармақшалары 2026 ж. 24 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
12) 17-бапта:
2-тармақтағы «іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын» деген сөздер «саясат жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы «іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздер «саясат жөніндегі уәкілетті орган, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 18 және 19-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«18-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне мыналар жатады:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті орган мен оның ведомствосы;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері - мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар.
19-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген өкілеттіктерге ие болады.»;
14) 20-бапта:
тақырыптағы және бірінші абзацтағы «іс-қимыл» деген сөз «саясат» деген сөзбен ауыстырылсын;
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуді және бекітуді;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды және олардың жолын кесуді, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауды;
2-2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыруды және іске асыруды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді;»;
4) тармақшадағы «жыл сайын» деген сөздер алып тасталсын;
4-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4-1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту және жою мәселелерінде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіруді, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды;»;
6) тармақша алып тасталсын;
10) тармақшадағы «іс-қимыл жөніндегі» деген сөздер «саясат жөніндегі» деген сөздермен ауыстырылсын;
15) мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:
«20-1-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті орган мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерін осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлеу және бекіту;
2) сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру;
3) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның негізгі қызмет бағыттары бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу, шет мемлекеттердің тиісті органдарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функциялар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы өз қызметін осы уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырады.»;
16) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:
1) мыналарға:
мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан ақпарат пен материалдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратуға;
құжаттарды немесе өзге мүлікті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес алып қоюға құқылы;
2) мыналарға:
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының бұзылуы анықталған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға міндетті.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
17) мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:
«21-1-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:
1) мыналарға:
мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан ақпарат пен материалдарды, оның ішінде цифрлық ресурстардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратуға;
іс жүргізудегі қылмыстық істер бойынша шақыртуға келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуге;
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге мүлікті алып қоюға немесе тінту мен алуды жүргізуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға немесе оларда басқару функцияларын орындайтын адамдарға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды қабылдау туралы ұсынуларды Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда уәкілетті органдардан, лауазымды адамдардан және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйелерді құруға және пайдалануға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зерттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастыруға;
ұстап алынғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге;
сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің, сотқа дейінгі тергеп-тексеру практикасына талдау жүргізуге құқылы;
2) мыналарға:
сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтауға, олардың жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге;
сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындауға, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға міндетті.