26-бап. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві, оларды жұмылдыру шарттары
1. Биологиялық қауіпсіздік саласында жеткілікті кадр ресурстарын, биологиялық қатерлерге, оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде барабар ден қоюға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві құрылады.
2. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандардың патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғаларға жұмысқа орналасуға басым құқығы болады.
3. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандар қажет болған жағдайда биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге тартылуы мүмкін.
4. Патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың тізілімі патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервін қамтиды.
7-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ
27-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басым бағыттары
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін әзірленетін және қабылданатын құжаттарында айқындалады.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттары, оның ішінде мыналарды:
1) нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруды;
2) озық халықаралық инновациялық технологияларды ендіруді;
3) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеу мен ендіруді;
4) инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттар әзірлеу мен өндіруді көздеуге тиіс.
3. Инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу және өндіру ғылыми негізделген болуға тиіс.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулер, олардың нәтижелерін беру, жариялау және қолданбалы пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
28-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту кадрларды техникалық және кәсіптік, қосымша, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде даярлауды, оларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды қамтиды және биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадр әлеуетін дамыту мен нығайтуға бағытталған.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ұйымдастырады.
3. Төтенше жағдай туындаған жағдайда төтенше жағдай туғызған патогенді биологиялық агентпен жұмыс істеу бойынша оқытуды көздейтін, биологиялық қауіпсіздік саласындағы қажетті кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау қамтамасыз етіледі.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды оқытуды, кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген ұйымдар жүргізеді.
29-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау
1. Мыналар биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетті мемлекеттік қолдаудың басым бағыттары болып табылады:
1) биологиялық қатерлердің алдын алуды және биологиялық тәуекелдерді басқаруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған отандық ғылыми зерттеулерді қолдау;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттардың, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау, өсімдіктерді қорғау және жеке қорғану құралдарының, зертханалық жабдықтардың өндірісін дамытуды қолдау;
3) практикада қолдану үшін биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің трансфертін қамтамасыз ету.
2. Ғылыми-кадрлық әлеуетті сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау тұрақтылық пен үздіксіздік ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру негізінде конкурстық негізде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша конкурстық рәсімдерден тыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қаржыландырудың өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және патогендігі I – IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен жұмыс істеуге рұқсаты бар субъектілер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін алты ай ішінде осы Заңның 15-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес рұқсаттарды қайта ресімдеуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімде қайта ресімделмеген, патогендігі I – IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен жұмыс істеуге рұқсаттар өз қолданысын тоқтатады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 21 мамыр
№ 122-VII