2) тиісті қызметтердің биологиялық қатер көзін анықтауға және оқшаулауға бағытталған іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз етуді, жағдайды басқаруды, жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарлары шеңберінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) қалыптастыруды;
3) өз қызметі шеңберінде патогенді биологиялық агенттермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғалардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауын;
4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің, инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының және (немесе) өсімдіктер ауруларының таралу ошақтарының аумағында және оларға тікелей жақын жерде орналасатын объектілерді орналастыру, жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, күрделі жөндеу жүргізу және пайдалануға беру кезінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауды;
5) патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін мамандардың кадр резервінен кадр ресурстарын жұмылдыруды;
6) дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың резервтерін жұмылдыруды, биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шаралардың мұқтаждықтары үшін объектілерді қайта бейіндеуді;
7) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды;
8) халықтың хабардар болу деңгейін және оның қауіпті биологиялық факторлардың әсеріне ден қоюға дайындығын арттыруға бағытталған іс-шараларды;
9) биологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерделеуді жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына енгізуді қамтиды.
4. Биологиялық қатердің көзіне бағытталған іс-шаралар:
1) инфекция жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды, жануарларды уақтылы анықтауды, бүлінген (залалданған) өсімдіктерді анықтауды, оларды есепке алуды және тіркеуді, оқшаулауды (обсервациялауды), диагностикалауды, емдеуді, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарларды алып қоюды, жоюды;
2) инфекция ошақтарын және (немесе) өсімдік ауруларының таралу ошақтарын анықтауды, оқшаулауды, зерттеп-қарауды және жоюды;
3) адамдар мен жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларының, өсімдіктер ауруларының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пайда болуының, әкелінуінің, таралуының алдын алуды;
4) биологиялық қатерлерді ерте анықтау (экспресс-диагностика) әдістемелерін, оның ішінде патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдер коллекцияларын пайдалану арқылы әзірлеуді және жетілдіруді;
5) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімі бойынша дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеуді;
6) биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде биологиялық қорғау шараларын қамтамасыз етуді;
7) ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды, оның ішінде патогенді биологиялық агенттермен заңсыз (санкцияланбаған) жұмыс істеуді, олардың жоғалуын, жымқырылуын, олармен заңсыз жұмыс істеу туралы ақпаратты жасыруды (бермеуді), сондай-ақ патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды қоса алғанда, биологиялық қатерлердің туындауына жедел ден қою мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды қамтиды.
5. Қауіпті биологиялық факторға бағытталған іс-шаралар:
1) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуді;
2) жеке қорғану құралдарын қолдануды, жеке гигиенаны, әлеуметтік қашықтықты сақтауды қоса алғанда, жеке және қоғамдық қорғау шараларын сақтауды;
3) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау, өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеу жүргізуді;
4) санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсартуды;
5) эпидемияға қарсы, эпизоотияға қарсы және фитосанитариялық іс-шаралар, өсімдіктер карантині бойынша іс-шаралар жүргізуді қамтиды.
6. Ауруға бейім организмге бағытталған іс-шаралар:
1) халыққа профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүргізуді;
2) халықтың саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануын қалыптастыруға жәрдемдесуді;
3) адам және (немесе) жануар инфекцияларының таралуын болғызбау мақсатында иммундық профилактиканы және химиялық профилактиканы, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды;
4) медициналық, ветеринариялық және ғылыми қызмет шеңберінде аса қауіпті инфекциялық ауруларды туғызатын патогенді биологиялық агенттермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғаларды биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуді қамтиды.
4-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТАРДЫҢ САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
20-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау және қадағалау) олардың бұзылуының алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған және осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині, терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар немесе патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын объектілер (бұдан әрі – бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері немесе объектілері болып табылады.
3. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілері эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотикалық тәуекел дәрежесі жоғары объектілерге жатады.
Эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотикалық тәуекел дәрежесі жоғары объектілер екі топқа бөлінеді:
1) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер;
2) патогендігі III және (немесе) IV топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілерін аталған топтарға жатқызу патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасы ескеріле отырып, патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарының және патогенді биологиялық агенттер тізбесінің негізінде жүзеге асырылады.
4. Бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген нысандарда жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) осы Заңның 21-бабына сәйкес жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін.
21-бап. Жедел ден қою шараларын қолдану тәртібі
1. Жедел ден қою шаралары бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті не оның жекелеген түрлерін жүзеге асыруды мынадай:
1) патогендігі I және (немесе) II топтардағы аса қауіпті патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша ақпаратты бермеу, жасыру және (немесе) анық емес ақпарат беру;
2) патогендігі I және (немесе) II топтардағы аса қауіпті патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілерді физикалық қорғау, патогенді биологиялық агенттердің санкцияланбаған орын ауыстыруын және олардың осы объектілердің шегінен тыс жерге шығарылуын болғызбау жөніндегі талаптарды бұзу;
3) персоналдың жеке қорғану құралдарының болмауын не санының жеткіліксіз болуын қоса алғанда, ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің персоналын патогенді биологиялық агенттердің зиянды әсерінен қорғау жөніндегі талаптарды бұзу;
4) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын объектілерде олармен жұмыс істеу кезінде желдету жүйесінің не ауаны баптау жүйесінің жарамсыз күйде болуы;
5) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын объектілерде сарқынды суларды (септик, шұңқыр) зарарсыздандыру жөніндегі талаптарды сақтамау, кәріз желісінің жарамсыз күйде болуы;
6) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу нәтижесінде түзілетін қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі талаптарды бұзу;
7) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттердің және ықтимал жұқтырылған материалдың қозғалыс ағымдылығы жөніндегі талаптарды өрескел бұзушылықтар;
8) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қызметті жүзеге асыруға қажетті технологиялық жабдықтың (патогенді биологиялық агенттерді сақтауға арналған контейнерлер мен температурасы төмен шкафтардың, сору шкафының, автоклавтың, термостаттың, су моншасының) болмауы, жарамсыз не жұмыс істемейтін күйде болуы;
9) белгіленген тәртіппен рұқсаты жоқ персоналдың патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруы;
10) патогендігі І және (немесе) ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттерді тасымалдау және (немесе) сақтау талаптарын бұзу негіздерінің бірі бойынша тоқтата тұру құқығын көздейді.
2. Жедел ден қою шаралары бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметке не оның жекелеген түрлеріне мынадай:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның болмауы;
2) эпидемиялық тәуекел дәрежесі жоғары объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы;
3) аса қауіпті инфекциялық ауруларды туғызатын патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттер түрлерінің әрқайсысымен жұмыс істеуге арналған «жұқпалы» аймақ үшін тамбуры (бокс алдындағы бөлмесі) бар жеке оқшауланған үй-жайлардың (бокстардың) болмауы;
4) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын объектілерде желдету жүйесінің не ауаны баптау жүйесінің болмауы;
5) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті не оның жекелеген түрлерін жүзеге асыруды тоқтата тұруға негіз болған мән-жайларды, себептерді белгіленген мерзімдерде жоймау негіздерінің бірі бойынша тыйым салу құқығын көздейді.
3. Бақылау және қадағалау органы профилактикалық бақылау немесе тексеру жүргізу барысында жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болған талаптардың бұзылу фактісін анықтаған кезде жедел ден қою шараларын қолдану туралы нұсқаманы (актіні, қаулыны) ресімдейді.
4. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы нұсқамада (актіде, қаулыда):
1) нұсқаманың (актінің, қаулының) жасалған күні, уақыты және орны;
2) бақылау және қадағалау органының атауы;
3) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
5) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
6) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес бұзушылықтың ауырлық дәрежесін міндетті түрде көрсете отырып, тексеру парағына сәйкес анықталған бұзушылықтардың тізбесі;
7) жедел ден қою шарасы (қызметті оның қолданылу мерзімдерін белгілеп тоқтата тұру немесе оған тыйым салу);
8) анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі ықтимал іс-қимылдарға ұсынымдар мен нұсқаулар;
9) бақылау және қадағалау субъектісі өкілінің (заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының), бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізуге тартылған адамдардың нұсқамамен (актімен, қаулымен) танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
10) бақылау және қадағалау органы басшысының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және қолтаңбасы көрсетіледі.
Жедел ден қою шараларын қолдану туралы нұсқаманың (актінің, қаулының) нысандарын осы Заңның 10-бабының 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар бекітеді.
5. Жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқамаға (актіге, қаулыға) бақылау және қадағалау органының басшысы қол қояды және бақылау және қадағалау субъектісінің басшысына не оның уәкілетті адамына қол қойғызып табыс етіледі.
6. Бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті адамы бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме беріп, нұсқаманы (актіні, қаулыны) қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқаманы (актіні, қаулыны) қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам және бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті адамы қол қоятын хаттама жасалады. Жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқама (акт, қаулы) хаттама жасалған кезден бастап табыс етілді деп саналады.
7. Жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқаманы (актіні, қаулыны) алудан бас тарту оны орындамау үшін негіз болып табылмайды.
8. Жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқаманы (актіні, қаулыны) бақылау және қадағалау субъектісі дереу орындауға тиіс. Бақылау және қадағалау субъектісінің шағым беруі жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқаманың (актінің, қаулының) орындалуын тоқтата тұрмайды.
9. Анықталған бұзушылықтар жойылған жағдайда бақылау және қадағалау субъектісі тиісті бақылау және қадағалау органына өзінің қызметін одан әрі қайта бастау үшін анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Бақылау және қадағалау органы жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқамалардың (актілердің, қаулылардың) орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
10. Анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растайтын тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде бақылау және қадағалау субъектісі патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша өз қызметін не оның жекелеген түрлерін қайта бастайды.
11. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша тыйым салынған қызметті жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
5-тарау. МИКРООРГАНИЗМДЕР КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫ
22-бап. Коллекциялық қызмет
1. Патогенді микроорганизмдердің бірегейлігін, олардың ғылыми, білімдік және практикалық құндылығын, ғылыми, зерттеу және өндірістік қызметте қолданбалы пайдалану мүмкіндігін зерделеу және айқындау, оларға қатысты халықаралық және ұлттық патенттік рәсімдерді жүргізу үшін коллекциялық қызмет жүзеге асырылады.
2. Коллекциялық қызмет патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларында патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді жинау, сәйкестендіру, зерделеу, есепке алу, паспорттау, сақтау (депонирлеу) және күтіп-бағу арқылы жүзеге асырылады.
3. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының сақталуына коллекциялық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бірінші басшылары жауапты болады.
23-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары
1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында бірегей, оның ішінде эталондық ретінде пайдаланылатын, әртүрлі көздерден оқшауланған патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді, иммундық-биологиялық препараттар мен қоректік ортаны стандарттау және бақылау үшін тест-штаммдарын, өндірістік, депонирленген, патенттелген және референтті микроорганизмдер штаммдарын, сондай-ақ ғылыми, білімдік және практикалық құндылық болып табылатын басқа да микроорганизмдер штаммдарын қалыптастыру, толықтыру, есепке алу және орталықтандырып сақтау жүзеге асырылады.
2. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында құрамы шығу тегі, түрлік туыстық белгілері, адамның, жануардың немесе өсімдіктің организміне әсер ету тәсілі бойынша қалыптастырылатын және бастапқы сипаттамалары сақтала отырып, өміршең күйде ұсталатын микроорганизмдердің штаммдары болады.
3. Бірегей болып табылатын, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелген және айналысқа жіберілген дәрілік заттар мен иммундық-биологиялық препараттарды өндіру кезінде пайдаланылатын микроорганизмдердің штаммдары патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында міндетті түрде депонирленуге жатады.
Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің штаммдарын патогендігі, қауіптілік дәрежесі және мақсаты бойынша ұлттық коллекцияларға жатқызу тәртібі патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларында айқындалады.
4. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер аса қауіпті патогенді микроорганизмдердің үлгілерін бөлу, сатып алу және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде олардың үлгілерін патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларына сәйкес патогенді немесе өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциясына ұсынуға міндетті.
5. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары мемлекеттің меншігі болып табылады және жекешелендірілуге жатпайды. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпаратты тарату үшін көзделген талаптарды ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға микроорганизмдердің штаммдарын белгіленген өлшемшарттар бойынша жүйелеу, зерделеу, іздеу және іріктеу мәселелері жөнінде консультациялық және ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді.
7. Микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдар аса қауіпті патогенді микроорганизмнің үлгісін сәйкестендіреді, оны депонирлеуді жүзеге асырады не тиесілігі бойынша микроорганизмдердің тиісті ұлттық коллекциясына жібереді.
8. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын биологиялық қорғау биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары
1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекцияларын қажеттілігіне қарай патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ғылыми, өндірістік, диагностикалық, зерттеу мақсаттарында құрады және олар бастапқы сипаттамалары сақтала отырып, өміршең күйде ұсталады.
2. Патогенді және (немесе) өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
6-тарау. МАМАНДАРДЫ ЖӘНЕ КӨМЕКШІ ПЕРСОНАЛДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
25-бап. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандарды және көмекші персоналды әлеуметтік қорғау
1. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналы зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары және кәсіптік аурулардың жүре пайда болу тәуекелінің болуы, сондай-ақ осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, әлеуметтік қорғалуға жатады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналының:
1) биологиялық тәуекелдер деңгейі ескеріле отырып, еңбегіне ақы төленуіне;
2) денсаулығын сақтауына және биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сай келетін жұмыс жағдайларына;
3) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге құқығы;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.
3. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, ветеринария және ғылым саласында патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналының еңбегіне ақы төлеу лауазымдық айлықақыдан, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары, кәсіптік аурулардың жүре пайда болуының жоғары тәуекелі ескеріле отырып, үстемеақылар мен қосымша ақылардан тұрады.
4. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналына жыл сайынғы негізгі еңбек демалысы берілген кезде кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
5. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналына патогенді биологиялық агенттер мен олардың фрагменттерін табу мақсатында инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерін), ықтимал қауіпті заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи ортаның жекелеген компоненттерінен іріктеу және тасымалдау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін көзделген төлемақы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген адамдарға патогенді биологиялық агенттер мен олардың фрагменттерін табу мақсатында далалық жағдайларда инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерін), ықтимал қауіпті заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи ортаның жекелеген компоненттерінен іріктеу және зерттеу жөніндегі міндеттерді орындау кезінде тұрғынжайды жалдау бойынша шығындарды растайтын құжаттарды ұсыну мүмкін болмаған кезде тұрғынжайды жалдау бойынша шығындарды өтеу растаушы құжаттарсыз Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.