ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы
(2023.28.02. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 11 тамыздағы № 123-ө өкімін қараңыз
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
4-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттары
5-бап. Негізгі биологиялық қатерлер
2-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу
7-бап. Ведомствоаралық үйлестіру
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
9-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыреті
10-бап. Мемлекеттік органдардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
12-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық
3-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
13-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамалар
14-бап. Биологиялық тәуекелдерді басқару
15-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру
16-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг
17-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе
18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы құқықтары мен міндеттері
19-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика
4-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТАРДЫҢ САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
20-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау
21-бап. Жедел ден қою шараларын қолдану тәртібі
5-тарау. МИКРООРГАНИЗМДЕР КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫ
22-бап. Коллекциялық қызмет
23-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары
24-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары
6-тарау. МАМАНДАРДЫ ЖӘНЕ КӨМЕКШІ ПЕРСОНАЛДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
25-бап. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандарды және көмекші персоналды әлеуметтік қорғау
26-бап. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві, оларды жұмылдыру шарттары
7-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ
27-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басым бағыттары
28-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту
29-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
31-бап. Өтпелі ережелер
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды және биологиялық қатерлерді болғызбауға бағытталған.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауруға бейім организм – патогенді биологиялық агентке инфекциялық және (немесе) паразиттік аурудың дамуы арқылы реакция беретін немесе оның тасымалдаушысы болатын адамның, жануардың, өсімдіктің организмі;
2) әлеуметтік қашықтық – адамдар арасындағы инфекция жұқтыру тәуекелінің деңгейін төмендетуге қажетті оңтайлы арақашықтық;
3) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің (бұдан әрі – табиғи ортаның жекелеген компоненттері) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;
4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар – Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ осы Заңның 9-бабының 11) тармақшасына сәйкес бекітілетін тізбеге енгізілген нормативтік техникалық құжаттарда, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттарда қамтылған, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормалар;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган – биологиялық қауіпсіздік саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) биологиялық қорғау – патогенді биологиялық агенттерді құқыққа сыйымсыз пайдаланудан физикалық қорғау (ұйымдастырушылық іс-шаралардың, инженерлік-техникалық құралдардың және оларды қорғау жөніндегі іс-қимылдардың жиынтығы), патогенді биологиялық агенттермен қауіпсіз жұмыс істеуді бақылау, есепке алу және қамтамасыз ету, олардың жоғалуын, жымқырылуын, оларға санкцияланбаған қол жеткізуді немесе олармен санкцияланбаған жұмыс істеуді, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау жөніндегі шараларды қабылдау арқылы іске асырылатын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
7) биологиялық тәуекел – патогенді биологиялық агенттердің адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге зиян келтіру ықтималдығы, сондай-ақ олардың табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу ықтималдығы;
8) көмекші персонал – патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу кезінде қосалқы функцияны орындайтын жұмыскерлері;
9) қауіпті биологиялық фактор – патогенді биологиялық агенттердің және оларды қамтитын объектілердің, тасымалдаушылар мен жұқтырғыштардың адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге теріс әсер ету, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу тәуекелдерін арттыруға алып келетін оқиға, жағдай, қасиет және (немесе) процесс;
10) микроорганизм штаммы – белгілі бір биологиялық қасиеттері бар микроорганизм түрінің біртекті өсіндісі;
11) патогенді биологиялық агент – адамның, жануардың немесе өсімдіктің организмінде инфекциялық және (немесе) паразиттік процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар;
12) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу – патогенді биологиялық агенттерді зерттеу, жою және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу мақсатында оларды бөлуге (табуға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналымына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процестері (сатылары);
13) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын маман (бұдан әрі – маман) – техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі білімі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары білімнен кейінгі білімі және (немесе) ғылыми дәрежесі бар және белгіленген тәртіппен патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге жіберілген жеке тұлға;
14) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъект – осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
15) химиялық профилактика – адамға, жануарға инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың алдын алу үшін химиялық препараттарды тағайындау;
16) ықтимал қауіпті биологиялық объект – патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызмет жүзеге асырылатын жылжымайтын (стационарлық) немесе орналастырылатын мобильді объект.
2-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заң биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
4-бап. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттары
Биологиялық қауіпсіздік мынадай қағидаттардың негізінде қамтамасыз етіледі:
1) патогенді биологиялық агенттермен тек қана әскери емес мақсаттарда жұмыс істеу: бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау) және (немесе) оның қорларын жинақтау, пайдалану мақсатында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге тыйым салынады;
2) биологиялық қатерлерді алдын ала тану: мемлекеттік органдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы өкілеттіктерді іске асыру кезінде биологиялық қатерлер профилактикасының қажеттілігін басым тәртіппен басшылыққа алуға, биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг деректері негізінде биологиялық қатерлерді талдауға және болжауға тиіс;
3) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді бақылауда ұстау: патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, оларды сақтау биологиялық тәуекелдерді басқару, патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат беру тәртібін қолдану, биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу, мониторингтеу және болжау (модельдеу), биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде қамтамасыз етіледі;
4) мемлекеттік реттеу шараларының мөлшерлес болуы: биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика шаралары биологиялық факторлардың қауіптілік дәрежесіне, оның ішінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамаға сәйкес мөлшерлес болуға тиіс;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінің басымдығы: халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіре алатын немесе Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінен айыруға алып келетін міндеттемелерді қабылдауға жол берілмейді.
5-бап. Негізгі биологиялық қатерлер
1. Мыналар негізгі биологиялық қатерлер болып табылады:
1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың (бұдан әрі – төтенше жағдай) туындауы;
2) адамның және (немесе) жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруы жағдайы;
3) халықтың, жануарлардың инфекциялық сырқаттанушылығының орташа статистикалық деңгейден асып түсуі;
4) инфекциялық аурулардан болатын өлімнің (өлім-жітімнің) орташа статистикалық деңгейден асып түсуі;
5) өсімдіктер ауруларының зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары таралуы;
6) Еуразиялық экономикалық одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне және (немесе) өсімдіктер карантині бойынша іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне енгізілген өсімдіктердің карантиндік ауруларының таралуы;
7) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу кезінде туындаған, биологиялық тәуекелдің туындауына нақты немесе ықтимал мүмкіндік жасайтын жағдай;
8) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі талаптардың бұзылуы, оның ішінде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі ақпаратты жасыру;
9) патогенді биологиялық агенттерге санкцияланбаған қол жеткізу;
10) патогенді биологиялық агенттермен реттелмейтін еркін жұмыс істеу;
11) патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілері және (немесе) диверсиялар, патогенді биологиялық агенттерді бактериологиялық (биологиялық) және уытты қару ретінде әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау) және пайдалану үшін биологиялық технологияларды және өзге де аралас технологияларды қолдану;
12) патогенді биологиялық агенттердің дәрілік, химиялық және (немесе) биологиялық құралдардың әсеріне төзімділігін (резистенттілігін) қалыптастыру;
13) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мамандар біліктілігінің төмендігі, кадрлардың жетіспеушілігі;
14) аса қауіпті инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар және (немесе) тасымалдаушылар болып табылатын халықтың көшуі және жануарлар мен өсімдіктердің мекендеу ортасының өзгеруі;
15) Қазақстан Республикасының аумағында ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін және (немесе) патогенді биологиялық агенттерді қолдануға байланысты соғыс қимылдары.
2. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ұйымдастырушылық іс-шараларды әзірлеу кезінде осы баптың 1-тармағында санамаланған биологиялық қатерлерді болғызбауға бағытталған тетіктерді көздейтін ережелердің тұжырымдалуын қамтамасыз етуге міндетті.
2-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы негізгі проблемалар мен қатерлер, стратегиялық мақсаттар, негізгі бағыттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер және нәтижелердің көрсеткіштері, ведомствоаралық өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында айқындалады.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласында жедел ведомствоаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және үйлестірілген шараларды қабылдау биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады.
3. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеудің рұқсат беру тәртібін енгізу;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
4) биологиялық тәуекелдерді басқару;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу, мониторингтеу және болжау (модельдеу) арқылы жүзеге асырылады.
7-бап. Ведомствоаралық үйлестіру
1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар, ұйымдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды реттеу мен іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдем көрсетуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда күзетілетін адамдардың және объектілердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді және ұйымдастыруды жүзеге асырады.
3. Терроризмге және экстремизмге қарсы, оның ішінде патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ведомствоаралық үйлестіруді Қазақстан Республикасының терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады.
4. Ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін және (немесе) патогенді биологиялық агенттердің әсерінен туындаған төтенше жағдайлар кезінде басшылықты және салааралық үйлестіруді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды іске асыруды, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуді Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарлары биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың іс-қимылдарының, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың алгоритмдерін көздейтін биологиялық қауіпсіздік саласындағы ден қою хаттамаларын да (сценарийлерін) қамтуға тиіс.
Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган және мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін және (немесе) патогенді биологиялық агенттердің әсерінен туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша, оның ішінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) іске асыру арқылы жәрдем көрсетеді.
5. Соғыс жағдайы режимі жағдайларында және Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі мен қорғанысы шеңберінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды ведомствоаралық үйлестіруді Қазақстан Республикасының қорғаныс және Қарулы Күштер туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне мыналар жатады:
1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды жүзеге асыруды ұйымдастыру;
2) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларын және оларды қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдардың тізбесін бекіту;
3) патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасын ескере отырып, патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарын және патогенді биологиялық агенттердің тізбесін бекіту;
4) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындау.
9-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:
1) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты нормативтік құқықтық актілердің, нормативтік техникалық құжаттардың, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттардың жобаларын келісу;
2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені жүргізу;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларын әзірлеу және бекіту;
4) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерді, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерді, патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттерді және олармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандарды есепке алудың жүзеге асырылуын мониторингтеу;
5) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларын және оларды қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдардың тізбесін әзірлеу;
6) биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың үлгілік бағдарламаларын келісу;
7) патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасын ескере отырып, патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарын және патогенді биологиялық агенттердің тізбесін әзірлеу;
8) патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін мамандардың кадр резервін қалыптастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
9) биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту;
10) биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемелерін келісу;
11) биологиялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік техникалық құжаттардың, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттардың тізбесін әзірлеу және бекіту;
12) биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау тиімділігіне мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
13) осы Заңның 10-бабының 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар жүргізетін биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау тиімділігін мониторингтеу;
14) биологиялық қатерлерді талдау және болжау;
15) биологиялық қауіпсіздік саласындағы нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды келісу;
16) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;
17) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес жұртшылыққа Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі туралы хабар беру;
18) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
10-бап. Мемлекеттік органдардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
1. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде мына мемлекеттік органдар жүзеге асырады:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;
2) ветеринария саласындағы уәкілетті орган;
3) өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган;
4) өсімдіктерді қорғау саласындағы уәкілетті орган;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган;
7) ғылым саласындағы уәкілетті орган;
8) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
9) мемлекеттік кіріс органдары;
10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган;
11) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары;
12) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары;
13) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі.
2. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде, оның ішінде:
1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес жұртшылыққа биологиялық қатерлердің тәуекелдеріне алып келетін жағдайлар туралы хабар беру;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы статистикалық ақпаратты және өзге де есепке алу мен есептік құжаттаманы (ақпаратты) беру;
4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты нормативтік құқықтық актілердің, нормативтік техникалық құжаттардың, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттардың жобаларын келісу;
5) биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемелерін әзірлеу және бекіту;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы жүзеге асырады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, ғылым саласындағы, өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органдар осы баптың 2-тармағында көрсетілген функциялардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің, ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің тізілімдерін жүргізуді;
2) патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттердің, патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың тізілімдерін жүргізуді;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды жүргізуді;