14) 127-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ қылмыстық істі мәні бойынша шешетін басқа да шешiмі анықталған мән-жайларға да, олардың соттың үкімі мен шешімі шығарылған адамға қатысты құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi. Бұл ереже соттың үкімі мен басқа да шешiмдерiн жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша кассациялық тәртіппен тексеруге, олардың күшiн жоюға және оларды өзгертуге кедергi болмайды.»;
15) 148-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы қорғаушыны түскен материалдармен таныстырады.
Сот отырысына заңды өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы, сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларға уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.»;
16) 152-баптың он бірінші бөлігіндегі «немесе қадағалау» деген сөздер алып тасталсын;
17) 167-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Азаматтық талап қою азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қойылады.»;
18) 169-баптың бірінші және екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген сатысында талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеуге құқылы. Талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеме жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында берiледі және қылмыстық iске қоса тiгіледі. Егер талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеме сот отырысында мәлімделсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
2. Азаматтық талапкердің қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгі іс жүргiзу сатысында талап қоюдан бас тарту туралы арызы жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында берiледі және қылмыстық iс материалдарына қоса тiгіледі. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.»;
19) 181-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы жеке тұлғаның арыздары ауызша және жазбаша не электрондық құжат нысанында болуы мүмкiн.
Жазбаша арызға не электрондық құжат нысанындағы арызға оны берген адам осы баптың екінші бөлігінде арыз иесі туралы айтылған мәліметтерді көрсете отырып қол қоюға тиiс.»;
20) 220-бапта:
он үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Тұрғын үй-жайды қарап-тексеру онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсуiмен немесе тергеу судьясының санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса немесе олардың психикалық немесе өзге де ауыр науқастардан зардап шегетiнi көрінеу белгiлi болса немесе олар қарап-тексеруге қарсы болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мәжбүрлеп қарап-тексеру туралы қаулы шығарады, оған тергеу судьясынан санкция алынуға тиiс. Санкция беруден бас тартылған жағдайда, қарап-тексеру жүргiзiлмейдi.»;
мынадай мазмұндағы 13-1, 13-2, 13-3 және 13-4-бөліктермен толықтырылсын:
«13-1. Тұрғын үй-жайды мәжбүрлеп қарап-тексеруді жүргізу қажет болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында қарап-тексеруді жүргізу өтінішхатын қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді. Қаулыға қарап-тексеруді жүргізу қажеттігін дәлелдейтін қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.»;
13-2. Прокурор берілген материалдарды дереу қарап, оны тергеу судьясына жібереді не бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады.
Прокурордың бас тартуы осыған ұксас өтінішхатпен қайта өтініш жасауға кедергі болмайды.
13-3. Материал сотқа келіп түскен соң, тергеу судьясы қарап-тексеруді санкциялау туралы өтінішхатты дереу қарайды.
13-4. Өтінішхатты және ұсынылған материалдарды қарап болған соң, тергеу судьясы қарап-тексеруді санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.»;
он төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Егер тұрғын үй-жай оқиға орны болса және оны қарап-тексеруді кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үй-жайды қарап-тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiннен материалдар прокурорға бiр тәулiк мерзiмде жіберіледі.
Прокурор берілген материалдарды дереу қарағаннан кейiн, жүргізілген қарап-тексерудің заңдылығын тексеру үшін оны тергеу судьясына жібереді. Егер прокурор қарап-тексеру заң бұзушылықпен жүргізілгенін анықтаса, материалдар тергеу судьясына жіберілмейді және оның заңсыз екенi туралы уәжді қаулы шығарылады.
Тергеу судьясы жүргізілген қарап-тексерудің заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады, ол қылмыстық істің материалына қоса беріледі.
Жүргізілген қарап-тексерудің заңсыз екенi туралы шешiм қабылданса, оның нәтижелеріне iс бойынша дәлелдеме ретiнде жол берiлмейді.»;
21) 254-баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Тiнту мен алуды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәждi қаулы бойынша жүргізеді. Тiнтуді жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға тергеу судьясының санкциясы алынуға тиiс.
Тiнту мен алуды жүргізу туралы қаулыны санкциялау осы Кодекстің 220-бабының 13-1, 13-2, 13-3 және 13-4-бөліктерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Тұрғын үй-жайда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 220-бабының он үшінші, 13-1, 13-2, 13-3 және 13-4-бөлiктерiнiң қағидалары бойынша жүргiзiледi.
3. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және (немесе) алып қойылуға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту және алу тергеу судьясының санкциясынсыз, осы Кодекстiң 220-бабының он төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізілуі мүмкiн.»;
22) 255-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жеке басты тінту, мына жағдайлардың біреуі болған кезде:
1) егер осы Кодекстің 254-бабының талаптары сақтала отырып тінту жүргізіліп жатқан үй-жайдағы немесе өзге орындағы адам іс үшін маңызы болуы мүмкін құжаттарды немесе нәрселерді өзінде жасырып отыр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса;
2) егер ол адам ұстап алынған немесе күзетпен қамалған кезде жүргізілген болса, арнайы қаулы шығарылмай және тергеу судьясының санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда жеке басын тінту куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
Тінтілетін адамның денесінің ішіндегі нәрселерді табу қажет болған кезде жеке басын тінтуге тиісті бейіннің мамандары қатысады.»;
23) 310-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
24) 311-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әскери сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
25) 313-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:
1) бірінші сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын апелляциялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау туралы өтінішхаттарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын;
2) бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулылары апелляциялық сатыда қайта қаралғанына не қаралмағанына қарамастан - оларға, апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуларын, Бас Прокурордың наразылықтарын сот алқасында қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.»;
26) 317-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жекелеген жағдайларда, істі неғұрлым тез, жан-жақты және объективті қарау мақсатында, соның ішінде алқабилердің қатысуымен қаралатын сотталушының келісімімен немесе процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша ол бір соттан сол деңгейдегі басқа соттың қарауына берілуі мүмкін.
Бұл ретте істі оның сот отырысында қаралуы басталғанға дейін ғана беруге жол беріледі.»;
27) 347-баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Басты сот талқылауы кезінде сот отырысының хатшысы хаттама жүргізеді.
2. Хаттама компьютерлік, электрондық (аудио-, бейне түсіруді қоса алғанда), машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
3. Егер сот талқылауына аудио-, бейнежазба қолданылмаған болса, қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамада:
1) басты сот талқылауының күні мен датасы, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) қандай іс қаралып жатқаны;
3) соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сот шақырған басқа да адамдар;
4) сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы;
5) соттың жүргізілген реттегі әрекеттері;
6) іске қатысатын адамдардың арыздары, қарсылықтары және өтінішхаттары;
7) соттың кеңесу бөлмесіне бармай шығарған қаулылары;
8) қаулылардың кеңесу бөлмесінде шығарылуына нұсқаулар;
9) іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені;
10) айғақтардың егжей-тегжейлі мазмұны;
11) жауап алуға қатысқан адамдардың сот бөлген немесе жауап алынатын адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары;
12) сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары;
13) сот отырысында жүргізілген қарап-тексерулердің және дәлелдемелерді зерттеу жөніндегі басқа әрекеттердің нәтижелері;
14) азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, өзге де қатыгез немесе адами қадыр-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың қолданылғаны туралы арыздарды қарау нәтижелері және оларды зерттеу процесі;
15) іске қатысатын адамдар хаттамада куәландыруды өтінген фактілерді нұсқау;
16) тараптардың сот жарыссөзінде сөйлеген сөздерінің және сотталушының соңғы сөзінің негізгі мазмұны;
17) үкімнің, қаулының, жеке қаулының жарияланғаны және оған шағым жасау тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы белгі көрсетіледі.
Айғақтар бірінші жақтан және мүмкіндігінше сөзбе-сөз жазылады, сұрақтар мен оларға жауаптар жауап алу кезінде орын алған жүйелілік бойынша жазылады. Бұған қоса, хаттамада, егер сотты құрметтемеушілік орын алған болса, оны куәландыратын фактілер және тәртіп бұзушының жеке басы мен соттың тәртіп бұзушыға қатысты қолданған ықпал ету шаралары туралы да көрсетіледі.»;
28) мынадай мазмұндағы 347-1-баппен толықтырылсын:
«347-1-бап. Басты сот талқылауын аудио-, бейне түсіру құралдарымен түсіріп алу
1. Сот отырысы барысын түсіріп алу аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Жабдықтардың техникалық ақауы болған, жабдықтар болмаған немесе техникалық себептерге байланысты оны қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен түсіру жүзеге асырылмайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазбаны пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып бұл туралы сотқа баяндайды.
2. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) істі қарайтын соттың атауы мен құрамы, судьялардың, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) сотталушының жеке басы туралы деректер;
6) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
7) аудио-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
8) аудармашының, айыптаушының, қорғаушының, сотталушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сот шақырған басқа да адамдардың келгені туралы мәліметтер;
9) іске қатысатын адамдар дәлелдемелер ретінде ұсынған қосымша материалдардың іске қоса тіркелгені туралы мәліметтер;
10) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған датасы көрсетіледі.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Аудио-, бейнежазбаны қамтитын материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, олардың аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
4. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот талқылауының барысын дәл тіркеу үшін тек сот ісін жүргізу мақсаттарында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді анықтау мақсаттарында пайдаланылады.
5. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қолжетімділік тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.»;
29) мынадай мазмұндағы 348-1-баппен толықтырылсын:
«348-1-бап. Басты сот талқылауының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының қысқаша хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстің 347-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген өзге де адамдар сот отырысының аудио-, бейнежазбаларымен және қысқаша хаттамасымен танысуға, жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.
Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулерді қарау осы Кодекстің 349-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.»;
30) 350-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Төрағалық етуші соттың сот отырысының аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланатыны туралы хабарлайды.
Аудио-,бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазбаның болмау себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуі тиіс.»;
31) 419-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағым, наразылық беруге құқығы бар тұлғалар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында - басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған тұлғаны түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.»;
32) 420-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға шағымның, наразылықтың көшірмесі не үкім, қаулы шығарған соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмесімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте, тараптарға ұсыну мерзімі көрсетіле отырып шағымға, наразылыққа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қарсылық беру құқықтары түсіндіріледі. Тараптарға шағымданған, наразылық білдірілген сот актісімен келісуі туралы өз дәлелдерін беру құқығы да түсіндіріледі. Шағымға, наразылыққа келіп түскен қарсылық, тараптардың дәлелдері іске қоса тігіліп, апелляциялық сатыда жиынтық түрде қаралуға жатады.»;
33) 431-баптың бірінші бөлігіндегі 8) тармақтағы «жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды» деген сөздер «жіберу;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақпен толықтырылсын:
«9) осы Кодекстің 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда үкімнің күшін жою және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.»;
34) 442-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 6-1) тармақпен толықтырылсын:
«6-1) шартты түрде соттаудың не жазаны өтеуді кейінге қалдырудың күшін жоюға;»;
35) 446-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер жаңадан шығарылған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын шығарылған үкіміне, қаулысына қайшы келсе, облыстық сот төрағасы кассациялық сатыға туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді.»;
36) 8-бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«8-бөлім. Соттың үкімдері мен қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау»;
37) 50-тарау алып тасталсын;
38) 471-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 445-бабында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.»;
39) 52-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«52-тарау. Сот актілерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық тәртіппен қайта қарауы»;
40) 484, 485, 486, 487 және 488-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«484-бап. Кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері
1. Жоғарғы Сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар бойынша олар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін, прокурордың наразылықтары бойынша, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар мен наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
2. Кассациялық тәртіпте қайта қарауға:
1) қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша;
2) сот талқылауы барысында шығарылған осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты мәселелер бойынша, үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша;
3) тергеу судьясы шығарған сот актілері жатпайды.
3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігі 1) тармағында көрсетілгендер:
1) осы Кодекстің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша;
2) осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
4. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
485-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздері
1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген, мыналарға:
1) кінәсізді соттауға;
2) негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтатуға;
3) сотталған адамның іс-әрекетін дұрыс сараламауға, қылмыстың қайталану түрін және қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелері режимін дұрыс айқындамауға;
4) жәбіленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
5) жазаның дұрыс тағайындалмауына не сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуіне;
6) талап қоюды қараусыз қалдыру жағдайларынан басқа, азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуге, мүлікті тәркілеу туралы мәселені дұрыс шешпеуге;
7) жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыны заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға;
8) осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізілген сот актілері не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты кассациялық алқасы судьясының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шығарған қаулысы бойынша қайшылықтарға әкеп соққан, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар не қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіздер болып табылады.
2. Осы Кодекстің 484-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер:
1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаған не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болған;
2) үкім арқылы адам өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
3) қабылданған сот актісі соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы біркелкілікті бұзған жағдайлар болып табылады.
3. Заңды күшіне енген, өлім жазасы туралы үкімдер өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда кассациялық тәртіппен қайтадан қайта қаралады.
486-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхат беруге, ұсыну енгізуге, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар
1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты осы Кодекстің 414-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдар және сот актілері мүдделерін қозғайтын басқа адамдар және олардың өкілдері беруі мүмкін.
2. Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өз бастамасымен де, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша да, осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсыну келтіруге, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіруге құқылы.
Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса тіркеледі.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі тиісті соттан кассациялық тәртіппен тексеру үшін талап етіп алдыруы мүмкін.
4. Сот істі талап етіп алдыру туралы сұрауды келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды. Сұрау жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін.
Іс талап етіп алдырылған жағдайда наразылық келтіру туралы өтінішхат іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде прокурордың кассациялық тәртіпте қарауына жатады. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
487-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасау мерзімдері
1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі уәждері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына орай неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру мерзімдері шектелмеген.
2. Заңды күшіне енген ақтау үкімін, айыптау үкімін жазаның жеңілдігіне қарай неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша не соттың істі тоқтату туралы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беруге олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде жол беріледі.
Аталған мерзімді қалпына келтіруге жол берілмейді.
Егер өтінішхат, наразылық, ұсыну Жоғарғы Сотқа бір жыл өткенге дейін келіп түссе, олар сотталған, ақталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдана отырып, дау туғызып отырған сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап бір жыл өтіп кеткен соң да, олар кассациялық сатыда қарауға жатады.