2) туу туралы акт жазбасының көшірмесін;
3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасын көрсеткен кезде осы Кодексте белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болмаған кезде, соттың туу фактісін анықтау туралы шешімінің көшірмесі көрсетіледі.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 189-бап өзгертілді
189-бап. Баланың тууы туралы өтініш беру мерзімдері
Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 190-бап жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
190-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтінішті ата-анасы немесе олардың бiреуi, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш жасау мүмкiн болмаған жағдайда - мүдделi адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi бередi. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішке, егер ата-анасы немесе олардың біреуі шетелдік не азаматтығы жоқ адам болса, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, егер неке Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде қиылса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмесі қоса беріледі.
Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жүзеге асырылған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдік, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетумен қатар, олардың мәтінінің нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын ұсынады.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттары мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттің немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саяси ведомствосында куәландырылуы мүмкін.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес беріледі.
191-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
192-бап. Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
1. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
2. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе акт жазбасының, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің немесе акт жазбасының негізінде енгізіледі.
Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына әкесі туралы мәліметтер:
1) егер әке болу баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде анықталатын болса, осы Кодекстің 192-1-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі.
Тууды жазу кiтабында баланың әкесiнің тегі - анасының тегi бойынша, баланың аты мен әкесiнiң аты оның көрсетуі бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актілер жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады.
Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 192-1-баппен толықтырылды
192-1-бап. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу
1. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар:
1) ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда әкесінің өтініші;
3) соттың әке болуды анықтау, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы шешімі негізінде енгізіледі.
2. Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуден бас тартылады.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты қалауы бойынша жазылады.
Әкесінің атына «-ұлы, -қызы» деген жалғау қосылып, тегін ауыстырған жағдайларда, әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
197-бап. Өлі туған немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу
1. Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Баланың өлі тууы медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген перинатальдық қайтыс болуы туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеледі.
Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Өлі туған балаға қатысты өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу туралы анықтама беріледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болған жағдайда оның тууын мемлекеттік тіркеу - туу туралы медициналық анықтаманың негізінде, ал қайтыс болған жағдайда перинатальдық қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде жүргізіледі.
Туу және қайтыс болу туралы жасалған акт жазбаларының негізінде қайтыс болу туралы куәлік немесе хабарлама беріледі. Ата-анасының өтінуі бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы анықтама беріледі.
Одан әрі қайтыс болу туралы куәлік қана қайтадан беріледі.
4. Тіркеуші органға баланың өлі тууы туралы немесе баланың тууы және өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болғандығы туралы мәлімдеу міндеті:
1) бала туылған немесе бала шетінеген медициналық ұйымның басшысына;
2) дәрігері баланың өлі тууы, баланың өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болуы фактісін анықтаған медициналық ұйымның басшысына;
3) медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгерге жүктеледі.
198-бап. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала кәмелетке толғаннан кейін тууын мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органның қорытындысы негізінде ауданның, қаланың тіркеуші органы жүргізеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 199-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
199-бап. Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстанның аумағында орналасқан тиісті шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде не, егер Қазақстан Республикасында мұндай жоқ болса, қызметін қоса атқаратын шетелдегі мекемелерде жүргізіледі.
Шетелдіктердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында болу заңдылығы расталмаған шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу олардың қалауы бойынша олар тұрақты немесе уақытша тұратын жердегі тіркеуші органдарда жүргізіледі.
200-бап. Баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша тіркеуші орган баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеуді өз үй-жайында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында қамтамасыз етеді.
201-бап. Баланың туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Баланың туу туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) балаға берілген жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
4) тегі, аты, қалауы бойынша - әкесінің аты, баланың жынысы, туған күні, айы, жылы, туған жері;
5) туған балалардың саны (біреу, егіз немесе одан да көп бала);
6) баланың тірі туғандығы туралы немесе баланың өлі туғандығы туралы белгі;
7) баланың туу фактісін растайтын құжат туралы мәліметтер;
8) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, жасы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, білімі және, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, олардың ұлты;
10) соның негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер енгізілген құжат туралы мәліметтер;
11) өтініш беруші туралы мәліметтер;
12) берілген туу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
202-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Туу туралы куәлік жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне беріледі.
Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
203-бап. Баланың туу туралы куәлігі
Баланың туу туралы куәлігі мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
2) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер бар болса), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) туу туралы куәліктің берілген күнін;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) құжат берген тіркеуші органның атауын қамтиды.
26-тарау. 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27-тарау. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 220-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
220-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Тіркеуші органдар, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініші негізінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.
221-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 222-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
222-бап. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі
1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын беріледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он бесінші күні жүргізеді.
Егер мерзімнің аяқталуы жұмыс күніне тура келмесе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу уақытын тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісуі бойынша тағайындайды. Мемлекеттік тіркеудің уақыты сол үй-жайда қайтыс болуды және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеген уақытпен сәйкес келмейтіндей есеппен тағайындалуға тиіс.
3. Егер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуінің тіркеуші органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінде болуы мүмкін болмаса немесе оған қатысуы тым қиын болса (бір-бірінен алыста тұруы, ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығына байланысты мүгедектігі, әскери қызмет өткеруі және басқалары), белгіленген нысан бойынша толтырылған және некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуі қол қойған неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішті олардың біреуі бере алады.
Жоқ адамның қолтаңбасын тіркеуші органның бастығы, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкері куәландыруы және азаматтың тұрған жеріндегі тіркеуші органның, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің мөрімен бекемделуі мүмкін, нотариус немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нотариаттық әрекеттер жасау құқығы берілген өзге де лауазымды адам, сондай-ақ мынадай тәртіппен:
1) әскери қызметшілерді - тиісті әскери бөлімнің командирі;
2) жүзу уақытында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын - осы кемелердің капитандары;
3) экспедицияларда болатын адамдарды - осы экспедициялардың бастықтары;
4) стационарлық медициналық ұйымдарда болатын адамдарды - осы ұйымдардың бас дәрігерлері;
5) қамаққа алу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан, мекемелерде ұсталатын адамдарды - тиісті мекемелердің бастықтары;
6) жүріп-тұруында қиындықтар бар мүгедектігі бар адамдарды - дәрігерлік-консультативтік комиссияның төрағасы куәландыруы мүмкін.
223-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін қысқарту және ұзарту
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың бірлескен өтініші бойынша, тиісті құжаттармен (дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) расталған дәлелді себептер (жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде тіркеуші органның бастығы, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкері неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімін күнтізбелік он бес күн өткенге дейін қысқартады не бұл мерзімді ұзартады, бірақ ол күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.
Мерзiмдi қысқарту уақыты әрбiр жеке жағдайда нақты мән-жайларға байланысты айқындалады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жекелеген жағдайларда, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді күту мерзімі неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің бастамасы бойынша ұлғайтылуы мүмкін. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейін тіркеуші органның жұмыскері, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкері жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушіден күнтізбелік он бес күннен асыруға болмайтын белгіленген мерзімде тиісті құжаттық дәлелдемелер ұсынуды талап етуге міндетті.
Тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі мүдделі адамдардың өтінуі бойынша немесе өз бастамасымен қажетті тексеруді жүргізеді. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді кейінге қалдыру туралы неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген адамдар хабардар етіледі. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) заңды кедергілер болған кезде тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі оны мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
Егер мұндай кедергілер туралы мәліметтер расталмаса, некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу жалпы негіздерде жүргізіледі. Аталған мән-жайларды тексеру күнтізбелік он бес күн ішінде аяқталуға тиіс.
Күнтізбелік он бес күнді қысқарту немесе ұлғайту туралы рұқсатты - тіркеуші органның бастығы, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкері, ал олар болмаған кезде олардың міндетін атқарушы адам неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішке қарар түрінде береді.
Егер некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер дәлелді себептер бойынша белгіленген күні тіркеуші органға немесе Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне келе алмайтын болса, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі олардың өтінуі бойынша басқа уақытқа ауыстырылады.
224-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша беріледі. Белгіленген үлгідегі өтініш нысаны болмаған жағдайда, өтініштің мәтінінде көзделген мәліметтердің бәрі еркін түрде қамтылуға тиіс.
Өтініш нысанында қамтылған барлық сұрақтарға толық әрі дәл жауаптар берілуге тиіс.
2. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру кезінде:
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiн не паспортын; шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы - оның шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде есепке алынғаны туралы шетелдегi консулдық мекеменiң белгiсi бар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхатын ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік Қазақстан Республикасының iшкi iстер органы берген Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат ететін құжатын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам тұрғылықты жерi бойынша тiркелгендiгi туралы Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының белгiсi бар азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын азаматтығы жоқ адам оның жеке басын куәландыратын, өзі тұратын елдiң құзыреттi органдары берген және Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында белгiленген тәртiппен тiркелген құжатын ұсынады.