Осы тармаққа сәйкес қаржылық қамтамасыз етуді арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға қаржылық қамтамасыз етуді ұсыну кезінде іске асырылмай қалған жоба құнының бір бөлігіне ұсынады.»;
9) 19-бапта:
1-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Уәкілетті органның қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы өтінішті қарау қорытындылары бойынша тиісті шешім мен өтінішті уәкілетті орган қорытынды беру үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы өтінішке жобаның паспорты, жобаның әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалауды талдау және республикалық және жергілікті бюджеттердің шартты шығасыларының есеп-қисаптары қоса беріледі.
3. Қызмет түрлерін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы өтінішті қарау тәртібі мен мерзімі арнайы экономикалық аймақтардың аумағында жүзеге асырылатын басым қызмет түрлерінің тізбесін жүргізу қағидаларына сәйкес қаралады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы оң қорытынды берген жағдайда уәкілетті орган мәлімделген қызмет түрін арнайы экономикалық аймақтардың аумағында жүзеге асырылатын басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізеді.
Басым қызмет түрлерінің тізбесі бірыңғай үйлестіру орталығының ресми интернет-ресурсында жарияланады.»;
10) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға мәртебесінен айыру рәсімі
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға осы Заңның 18-бабының 16 және 17-тармақтарында көзделген талаптарды сақтамаған жағдайда осындай қатысушымен немесе тұлғамен жасалған қызметті жүзеге асыру туралы шарт немесе бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарт осы Заңда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта немесе бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген тәртіппен бұзылуға жатады.
2. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаның жобаны іске асыруға әсер ететін шарттың талаптарын және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындамағаны анықталған кезде арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы анықталған бұзушылықтарды жою үшін күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзім белгіленетін тиісті акт жасайды және оны осындай қатысушыға немесе тұлғаға жібереді.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға шарт бойынша міндеттемелерді елеулі бұзған мынадай жағдайларда:
1) қатысушы немесе тұлға шартта көзделген объектілерді жобалауды жүргізу, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру және пайдалануға беру мерзімдерін дәлелсіз себептермен қатарынан күнтізбелік алты айдан артық сақтамаса;
2) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен келісілмей қатысушының немесе тұлғаның қызметі күнтізбелік екі айдан астам мерзімге тоқтатыла тұрса;
3) қатысушы немесе тұлға шарт талаптарын және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды осы баптың 2-тармағында көзделген актіде айқындалған мерзімде жоймаса, қызметті жүзеге асыру туралы шартты немесе бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзады.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген негіздер бойынша шартты бұзу кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шартын немесе жер учаскесін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартын бұзуға да алып келеді.
5. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт немесе бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарт бұзылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік кіріс органын, бірыңғай үйлестіру орталығын, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органын хабардар етеді.»;
11) 24-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Өздеріне арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы жер учаскелерін кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы тиесілі арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы мен шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін беру үшін көзделген шектеулерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде оларды сатып алу құқығы бар.
Бұл ретте осындай арнайы экономикалық аймақтың аумағы - республикалық маңызы бар индустриялық аймақ мәртебесіне, оның басқарушы компаниясы - индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы мәртебесіне, ал осындай арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары мен қосалқы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар индустриялық аймақтың қатысушылары мәртебесіне ие болады.»;
12) 25-баптың 1-тармағындағы «басым қызмет түрлерін» деген сөздер «басым және (немесе) бейінді емес қызмет түрлерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 28-баптың 1-тармағындағы «техникалық-экономикалық негіздемесі мен» деген сөздер алып тасталсын;
14) 29-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) дайын өндірістік үй-жайлардың құрылысы туралы ақпарат;»;
15) 33-бап мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
«5-1. Жер учаскесінің меншік иесі мемлекеттік индустриялық аймақтың аумағында осы Заңның талаптарына сәйкес қызметін мемлекеттік индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте жер учаскесінің меншік иесімен мемлекеттік индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.»;
16) 37-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«37-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыреті
Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыретіне:
1) мемлекеттік органдармен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қатысушыларымен (акционерлерімен), басқарушы компанияларымен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларымен, бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалармен осындай қатысушылар мен тұлғаларды тіркеу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасу;
2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
3) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының мемлекетке тиесілі жарғылық капиталына қатысу үлестерін (акцияларын) сенімгерлік басқару;
4) арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
5) бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың бірыңғай тізілімін жүргізу;
6) тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлікті беру;
7) индустриялық аймақтардың бірыңғай тізілімін жүргізу;
8) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
9) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін мониторингтеу;
10) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының даму стратегиясында көрсетілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуін мониторингтеу;
11) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және ілгерілету бойынша қызметтер көрсету, оның ішінде:
басқару, ішкі бизнес-процестер моделі мен корпоративтік құжаттарды әзірлеу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына ендіру;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың даму стратегиясын, арнайы экономикалық аймақтар үшін жобаларды іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыруды жоспарлау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қаржыландыру жоспарларын әзірлеу (бюджетті жасау және шоғырландыру) бойынша ұсынымдарды (ұсыныстарды) тұжырымдау;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қызметкерлерін оқыту;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу бойынша нарыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына консультация беру;
нысаналы маркетинг жүргізу;
жобаларға талдау жүргізу;
отандық арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды халықаралық нарықта ілгерілетуді қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға әлеуетті инвесторларды тартуға жәрдем көрсету;
12) уәкілетті органның стратегиялық құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жәрдем көрсету жатады.»;
17) 38-бапта:
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Акционерлер (қатысушылар) басқарушы компанияның директорлар кеңесінің (байқаушы кеңесінің) құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған адамдар қатарынан, лауазымы бойынша директорлар кеңесінің басқарушы компанияны стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі комитетін басқаратын (байқаушы кеңестің төрағасы болып табылатын) тәуелсіз директорды (байқаушы кеңестің мүшесін), бірыңғай үйлестіру орталығы ұсынған адамдар қатарынан тәуелсіз директорды (байқаушы кеңестің мүшесін), сондай-ақ инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания ұсынған инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар адамдар қатарынан тәуелсіз директорды сайлайды.»;
12-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда арнайы экономикалық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.»;
18) 39-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«39-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функциялары
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларына:
1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
2) арнайы экономикалық аймақтың басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын қатысушыларына және қосалқы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға), кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға), уақытша пайдалануға (жалға) немесе уақытша кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беру;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің салынған объектісі мемлекеттік меншікке берілген жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптес болып табылатын арнайы экономикалық аймақ қатысушысының пайдасына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын иеліктен шығару;
4) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу және бұзу;
5) уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы есептілікті уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жыл сайынғы есептері негізінде ұсыну;
6) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларды тарту;
7) инфрақұрылым объектілерін салу және арнайы экономикалық аймақтардың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
8) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
9) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі үшін қабылдау орындарын ұйымдастыру;
10) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
11) арнайы экономикалық аймақта жаңа өндірістерді құру бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізу;
12) арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізу;
13) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын, өтініш берушілерді, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларын ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының, өтініш берушілердің, арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру;
14) арнайы экономикалық аймақта өнеркәсіптік-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту;
15) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларымен, өтініш берушілермен, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларымен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл жасасу мен жұмыс жүргізу және осы қағидатты іске асыру шеңберінде, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған кезде мемлекеттік органдармен және өзге көрсетілетін қызметтерді алған кезде өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мүдделерін білдіру;
16) коммуналдық, логистикалық және сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
17) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу;
18) бизнес-жоспарларды, техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы және өзге де жобалау құжаттамасын әзірлеу бойынша қызметтер көрсету;
19) арнайы экономикалық аймақтың аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру және арнайы экономикалық аймақ тың қатысушыларына немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осындай көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
20) арнайы экономикалық аймақтың аумағын абаттандыру және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
21) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға консалтингтік және маркетингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
22) арнайы экономикалық аймақтың аумағында тұрғызылатын инфрақұрылым және кәсіпкерлік қызмет объектілері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыру және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функциялар жатады.»;
19) мынадай мазмұндағы 41-1-баппен толықтырылсын:
«41-1-бап. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда белгіленген тәртіппен бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар:
1) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.»;
20) 42-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«42-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеуді:
арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары тұрақты түрде қызметті жүзеге асыру туралы шартты және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартты орындау шеңберінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың бастапқы құжаттамасы, сондай-ақ жыл сайынғы есептері негізінде;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары есептілік нысанында ұсынатын ақпарат, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары және бейінді емес қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат негізінде осы Заңға сәйкес жүргізеді.»;
21) 44-баптың 8-тармағы мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті индустриялық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.»;
22) 51-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары үшін салықтық жеңілдіктер беру шарттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жобаның құнына байланысты айқындалады.»;
23) 58-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Осы Заңның 51-бабы екінші бөлігінің ережелері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.».
59. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» 2021 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 2-баптың 15) тармақшасының үшінші абзацы «уәкілетті органмен» деген сөздерден кейін «және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы уәкілетті органмен» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 7-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) әлеуетті өнім беруші тапсырыс беруші сатып алатын технологиялардың, өнертабыстардың, пайдалы модельдердің, өнеркәсіптік үлгілердің және оларға техникалық құжаттаманың құқық иеленушісі (патент иеленуші) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткізілетін сатып алуға қатысуға құқылы емес.»;
3) 10-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «конкурстық» деген сөз «тендерлік» деген сөзбен ауыстырылсын;
4) 11-бапта:
1-тармақтың 6) тармақшасындағы «арқылы;» деген сөз «арқылы жүзеге асырылады.» деген сөздермен ауыстырылып, 7) тармақшасы алып тасталсын;
6-тармақ алып тасталсын;
8-тармақтың 1) тармақшасы төртінші абзацындағы «болуы жағдайларын қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларға нұсқау жасауға» деген сөздер «болуы» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
«мемлекеттік сараптаманың не аккредиттелген сараптама ұйымы сараптамасының оң қорытындысы бар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сәйкес мұнай өнімдері мен мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілердің тауарларды сатып алуы;
лицензиялық келісімдерге сәйкес технологиялық қондырғылар пайдаланылған жағдайда тауарларды сатып алу жағдайларын қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларға нұсқау жасауға;»;
5) 15-баптың 4-тармағында:
1) тармақшадағы «тендерге не аукционға» деген сөздер «сатып алуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) тапсырыс беруші ұсынған бұзушылықтар туралы мәліметтер.».
60-тармақ 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
60. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
2-баптың 2-тармағындағы «2023» деген цифрлар «2024» деген цифрлармен ауыстырылсын.
61. «Өнеркәсіптік саясат туралы» 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-баптың 15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«15) өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілері - өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыруға уәкілеттік берілген, даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық даму институттары, шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор, сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту қоры;»;
61-тармақтың 2) тармақшасы 2022 ж. 8 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) 8-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыруға уәкілеттік берілген, ұлттық даму институттарының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалардың, шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператордың тізбесін бекітеді;»;
3) 13-бапта:
4-тармақ алып тасталсын;
61-тармақтың 3) тармақшасының үшінші абзацы 2022 ж. 8 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5-тармақтың бірінші бөлігінің 8) тармақшасы алып тасталсын;
4) 25-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті және инновациялық қызметті қолдау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.»;
61-тармақтың 5) тармақшасы 2022 ж. 8 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) 43-баптың 2-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін сервистік қолдауды сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай операторды тарта отырып, мыналар арқылы жүзеге асырады:».
62-тармақ 2022 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді
62. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-баптың 3-тармағында:
11) тармақшада:
сегізінші абзац «тізіліміне» деген сөзден кейін «, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын қоспағанда,» деген сөздермен толықтырылсын;
он бірінші және жиырма екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Реттеушілік актілер кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес талаптар тізіліміне кәсіпкерлік қызметті реттеу кезінде оларды қолданатын реттеуші мемлекеттік органдардың ұсынуы бойынша енгізіледі.»;